"Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі № 320 қаулысы

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) жарғылық капиталдарына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – "ҚМУ" КеАҚ) және "Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – "ЕГКАҰО" КеАҚ) бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. "ҚМУ" КеАҚ қызметінің негізгі нысанасы болып жоғары білім беру, кең бейінді ауруханалар мен мамандандырылған ауруханалардың қызметі, фармацевтикалық препараттар өндірісі, инфекцияға қарсы препараттар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы өзге де зерттеулер мен әзірлемелер айқындалсын.

      3. "ЕГКАҰО" КеАҚ қызметінің негізгі нысанасы болып кең бейінді ауруханалар мен мамандандырылған ауруханалардың қызметі, инфекцияға қарсы препараттар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер, жоғары білім беру, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы өзге де зерттеулер мен әзірлемелер, техникалық сынақтар мен талдауды жүзеге асыратын өзге де мекемелердің қызметі, басқа топтамаларға енгізілмеген білім беру саласындағы өзге де қызмет айқындалсын.

      4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) қайта ұйымдастырылатын қоғамның меншікті капиталының мөлшерi есебінен "ҚМУ" КеАҚ-ның және "ЕГКАҰО" КеАҚ-ның жарғылық капиталын қалыптастыруды;

      2) "ҚМУ" КеАҚ-ның, "ЕГКАҰО" КеАҚ-ның жарғыларын бекітуді және олардың Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      3) "ҚМУ" КеАҚ, "ЕГКАҰО" КеАҚ акцияларының пакетін иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне беруді;

      4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 24 сәуірдегі
№ 320 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Қарағанды облысы" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 214-19-жол алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірлері 214-24 және 214-25-жолдармен толықтырылсын:

      "214-24. "Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      214-25. "Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне" деген бөлімде:

      "227-22. Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы" деген жол алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірлері 227-30 және 227-31-жолдармен толықтырылсын:

      "227-30. "Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы"

      227-31. "Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      3. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:

      Министрліктің қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:

      реттік нөмірі 24-жол алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірлері 32 және 33-жолдармен толықтырылсын:

      "32. "Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      33. "Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".".

      4. "Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 927 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесінде:

      17-1-тармақта:

      отыз бірінші абзац алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы отыз тоғызыншы абзацпен толықтырылсын:

      "Қарағанды медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".".