Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 915 Қаулысы.

      "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 5-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 915 қаулысымен
бекітілген

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 5-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға бағытталатын резервін қалыптастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері көрсетілетін қызметтерді медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      2) күтпеген шығыстарды жабу кезеңі (бұдан әрі – жабу кезеңі) – "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайды тоқтатқан немесе күшін жойған күннен бастап 6 айдан аспайтын кезең;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтердің сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;

      5) күтпеген шығыстар – тиісті қаржы жылына шығыстарды қалыптастыру кезінде олардың күтілмеуіне байланысты жоспарлау мүмкін болмағанда және тиісті қаржы жылында кейінге қалдырылмай қаржыландыруды талап ететін әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдары жойылғаннан кейін халықтың медициналық қызметтерге қажеттілігінің өсуімен байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша шығыстар мен іс-шараларға төлемді жабу кезеңінде бағытталатын шығыстар;

      6) қордың резерві – ай сайынғы негізде қалыптастырылатын жабу кезеңінде күтпеген шығыстарды қаржыландыру үшін қордың ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражаты.

2-тарау. Қордың резервін қалыптастыру

      3. Күтпеген шығыстарды жабу үшін қор ай сайын әр айдың бірінші күні мынадай формула бойынша қор резервінің есебін жүзеге асырады:



      мұнда:

      RRF – есепті күнге қор резерві;

      OT – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі аударымдар түсімдерінің көлемі;

      VZ – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жарналар түсімдерінің көлемі;

      R – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін қор резервінің шекті пайыздық мөлшерлемесі.

      OT, VZ, параметрлері есепті күннің алдындағы соңғы 12 (он екі) айға есептеледі.

      Ай сайынғы резервтің аудару сомасы есепті күнгі резервтің және алдыңғы күнгі резервтің есептік мәндерінің арасындағы айырмаға тең.

      Қордың резервін есептеу жүргізілетін айдың бiрiнші күні есепті күн болып табылады. Қор резервінің есептеуі жүргізілетін айдың алдындағы айдың бірінші күні алдыңғы күн болып табылады.

      4. Күтпеген шығыстарды жабу үшін қор резервінің пайдаланылған сомасы осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес ай сайын аудару арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерге дейін толтырылады және ол пайдаланылған айдан кейiнгi айдан бастап аударылады.

      5. Ағымдағы қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған күтпеген шығыстарға арналған резерв қаражаты келесі қаржы жылына ауысады.

3-тарау. Қордың резервін пайдалану

      6. Денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайды тоқтатқан немесе күшін жойған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде халықтың медициналық көрсетілген қызметтерге қажеттілігінің өсуімен байланысты медициналық қызметтердің осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қосымша көлеміне ақы төлеуге өтінім (бұдан әрі – өтінім) қалыптастырады және оны облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарына келісуге жібереді. Өтінімге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің түрлері мен көлемдері бойынша қажеттілік сомасының есебі қоса беріледі.

      7. Жергілікті атқарушы органдар өтінім түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде оны келіседі немесе медициналық көмектің түрлері мен көлемі бойынша келісуден бас тарту негізін көрсете отырып, келіспей қайтарады.

      Денсаулық сақтау субъектілері ескертулерді жойғаннан кейін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарына өтінімді келісуге қайта жібереді.

      8. Денсаулық сақтау субъектілері облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келіскеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайды тоқтатқан немесе күшін жойған күннен бастап бір айдан кешіктірмей қорға өтінім жолдайды.

      9. Қор осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген өтінімді ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қор резервін пайдалану туралы шешім қабылдайды.

      Қор резервін пайдалану туралы шешім мынадай жағдайларда қабылданады:

      төтенше жағдай енгізілген мерзімі аяқталғанда;

      денсаулық сақтау субъектілері өтінімі/өтінімдері болғанда;

      өтініш білдірілген медициналық көмектің түрлері мен көлемінің Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған төтенше жағдаймен себепті байланысы негізделгенде;

      әлеуметтік, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жойғаннан кейін халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігі әрбір денсаулық сақтау субъектісі бойынша қаржы жылының тиісті кезеңіне жоспарланған медициналық қызметтің көлемінен кемінде 15%-ға өскенде;

      10. Қор тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде уәкілетті орган бекіткен медициналық көмекті көрсету үшін денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілген қызметтерді сатып алу қағидаларында көзделген тәртіппен денсаулық сақтау субъектілерінің арасында қор резервінің қаражатын бөледі.

      Денсаулық сақтау субъектілері күтпеген шығыстарды жабу үшін бөлінген қор резервінің қаражатын жабу кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсетумен байланысты шығыстарды жабуға ғана пайдаланады.

 
  Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қорының күтпеген
шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру
және пайдалану қағидаларына
қосымша
  Нысан

Өтінім

Жабу кезеңі:

басталу және аяқталу күні

Төтенше жағдайды енгізу туралы нормативтік құқықтық акт:

атауы, күні және нөмірі

Төтенше жағдайды тоқтатқаны немесе күшін жойғаны туралы нормативтік құқықтық акт:

атауы, күні және нөмірі

Күтпеген шығыстардың сомасы:

теңгедегі сома жазбаша

 
Қосымша:

1) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының келісуі;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек түрлері мен көлемдері бойынша қажеттілік сомасының есебі - __ парақ.

      Денсаулық сақтау субъектісінің басшысы: ______________________________
(қолы, Т.А.Ә. (бар болса), күні)

      М.О.