Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 желтоқсандағы № 862 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев



  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2016 жылғы 27 желтоқсандағы
  № 862 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешiмдерiне енгізілетін өзгерістер

      1. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 21.08.2020 № 530 қаулысымен.

      2. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 58, 791-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен зейнетақы жинақтары бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өздері өтініш жасаған кезде БЖЗҚ-ға:

      1) өтініш;

      2) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік паспорттың көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын;

      3) алушының банк шоты туралы мәліметтерді ұсынады.

      Жоғарыда көрсетілген құжаттарды алған кезде БЖЗҚ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелерінен өтініш жасаған шетелдікте немесе азаматтығы жоқ адамда Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының не азаматтығы жоқ адамның куәлігінің бар-жоғы және оның жарамдылығы туралы мәліметтерді сұратады.

      Өтініш жасаған шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының не азаматтығы жоқ адамның куәлігінің жарамсыздығы туралы мәліметтер алынған жағдайда БЖЗҚ осы Қағидалардың 19-тармағында белгіленген мерзімдерде зейнетақы төлемін жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының не азаматтығы жоқ адамның куәлігінің бар екендігі және оның жарамдылығы туралы мәліметтер алынған, сондай-ақ өтініш жасаған шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткені туралы мәліметтер болмаған жағдайда БЖЗҚ өтінішті осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген мерзімдерде оны қабылдаудан не орындаудан бас тартады.".

      3. "Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1116 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 60, 828-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерінде:

      5-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін – алатын табысы.

      Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу мақсаттары үшін адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін алынатын табыс Заңның 25-бабының 4-тармағында белгіленген мөлшерлер шегінде, бірақ Салық кодексіне сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын табыстан аспайтын, олар дербес айқындайтын сома болып табылады.

      Табыс болмаған жағдайда адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен 10 пайыз есебінде БЖЗҚ-ға өзінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы;";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше көзделмесе, агент міндетті зейнетақы жарналарын аударуды қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жүргізеді.

      Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда (бұдан әрі – банктер) шоттары жоқ адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер осы Қағидалардың 9-тармағында айқындалған тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін оларды банкке қолма-қол ақшамен енгізеді.

      Міндетті зейнетақы жарналарын қолма-қол ақшамен не қолма-қол емес тәсілмен төлеу банктер арқылы "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Міндетті зейнетақы жарналарын Мемлекеттік корпорацияға аударған кезде агент үш данада қағаз жеткізгіштегі төлем тапсырмасын және екі данада жеке тұлғалардың тізімін банкке ұсынады. Төлем тапсырмасының бірінші данасы мен тізімнің бірінші данасы банкте қалады, төлем тапсырмаларының екінші және үшінші даналары мен тізімнің бір данасы банктің қабылдағаны туралы белгімен агентке қайтарылады.

      Жеке тұлғалардың тізімі әрбір жеке тұлға бойынша: жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН), тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), туған күнін, жарна сомасын және міндетті зейнетақы жарналары аударылатын кезеңді (айды, жылды) қамтиды.

      Арнайы салық режимін қолданатын агенттер, шаруа немесе фермер қожалықтары міндетті зейнетақы жарналарын Мемлекеттік корпорацияға Салық кодексінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде МТ-102 форматындағы бір төлем тапсырмасымен "ААЖЖЖЖ" форматында міндетті зейнетақы жарналары төленетін кезеңдерді (ай/айлар, жыл) көрсете отырып, аударады.

      Агенттер міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармаған жағдайда жеке тұлғалардың тізімін қоса бере отырып, МТ-102 форматындағы төлем тапсырмасын қалыптастыру арқылы аудару әрбір ай үшін жеке жүргізіледі.

      Агенттер міндетті зейнетақы жарналары аударылатын кезеңді төлемдер банк шотын ашпай жүргізілген кезде "Кезең" деген жолда, төлемдер агенттің банк шотынан ақшаны есептен шығару жолымен жүргізілген кезде "Төлемнің мақсаты" деген бағанда, ал МТ-102 форматындағы электрондық төлем тапсырмаларында "PERIOD" деген негізгі сөзде көзделген "ААЖЖЖЖ" форматында қағаз жеткізгіштерде жасалатын төлем құжаттарында көрсетеді.".