Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 762 қаулысы.

Жаңартылған

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 37-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу ережесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қазандағы № 1118 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 34, 369-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 ақпандағы № 99 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 5, 46-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев



Қазақстан Республикасы


Yкiметiнiң

2016 жылғы 2 желтоқсандағы

№ 762 қаулысымен

бекiтiлген

Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 37-бабының 2-тармағына сәйкес әзiрлендi және мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар ресми басылымдар болып табылатын Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің жинағына, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысына" қолданылмайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) конкурс – заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын беру мақсатында мерзiмдi баспа басылымдарын айқындау тәсiлi;

      2) конкурстық комиссия – конкурсқа ұсынылған құжаттардың конкурстың шарттарына сәйкестiгiн анықтау және тиiстi шешiм қабылдау мақсатында қарау үшiн конкурсты ұйымдастырушы құратын алқалы орган;

      3) мерзiмдi баспа басылымы – тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде үш айда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, оларға қосымшалар;

      4) конкурсты ұйымдастырушы – бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның ведомствосы;

      5) заңнамалық акт – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң, конституциялық заң, кодекс, шоғырландырылған заң, заң, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжiлiсiнің қаулылары;

      6) конкурстың қатысушысы – конкурсқа қатысуға өтiнiм берген мерзiмдi баспа басылымы.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Конкурс мынадай заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын беру мақсатында өткізіледі:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар;

      2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары;

      3) Қазақстан Республикасының кодекстері;

      4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, Қазақстан Республикасының заңдары;

      5) Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулылары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжілісінің қаулылары.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу тәртiбi

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығы берілетін мерзімді баспа басылымдарын келесі жылға айқындау мақсатында, конкурсты ұйымдастырушы ағымдағы жылдың қараша айынан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында конкурсты өткізу туралы хабарландыру жариялайды.

      6. Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу туралы хабарландыру (бұдан әрі – хабарландыру) конкурсты өткізілгенге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын орналастырылады.

      Хабарландыру мынадай мәлiметтердi қамтиды:

      конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi;

      конкурс өткiзілетін уақыты, күнi және орны;

      осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алу конкурсына қатысуға өтінімдер (бұдан әрі – өтінім) қабылданатын, конкурс туралы қосымша ақпарат берілетін мерзімдері мен орны, сондай-ақ өтiнiмдерi бар конверттер ашылатын орны, күнi және уақыты;

      тираж бен мерзімділік бойынша конкурсқа қатысушыға қойылатын талаптар;

      конкурстық өтiнiмдi жасау тiлiне қойылатын талаптар.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Құжаттарды мерзімді баспа басылымдарынан қабылдау хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырылады.

      8. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген мерзiмдi баспа басылымы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күні ішінде конкурсты ұйымдастырушыға баспа басылымдарын шығарудың тиражы мен мерзімділігін растайтын баспахана анықтамасымен қоса өтінімді мөрленген конвертте ұсынады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Хабарландыруда көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін келіп түскен өтінімдер қабылданбайды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Конкурстық комиссия өтiнiмдері бар конверттердi конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген күнi, уақытта және орында конкурсқа қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен ашады.

      Конверттi ашу кезiнде конкурстық комиссия мүшелерi алынған құжаттардың әр бетiн дәйектеуді жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайда өтінім қарауға жіберілмейді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Конкурстық комиссия хабарландыруда көрсетілген конкурс талаптарына сәйкес келетін мерзімді баспа басылымдарын айқындау мақсатында конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарайды.

      Өтінім хабарландыруда көрсетілген конкурс талаптарына сәйкес келмеген жағдайда конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдер ашылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей хаттамаға міндетті қосымша болып табылатын жазбаша негіздемемен өтінімдерді кері қайтарады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      12. Алып тасталды – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Конкурсқа қатысу өтінімдерін қарау нәтижесі бойынша өтінімдерді ашқан күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде заңнамалық актілерді жариялау құқығын иеленген мерзімді баспа басылымын айқындау конкурсы қорытындыларының хаттамасы ресімделеді.

      Конкурс қорытындысының хаттамасына конкурстық комиссияның төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссия мүшесі болып табылмайтын конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.

      14. Конкурс қорытындысының хаттамасы мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) конкурс ұйымдастырушысы қойған талаптарға олардың сәйкес келмейтіндігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, олардың өтінімдерін қабылдамаудың себептері толық баяндалған конкурсқа қатысу өтінімдері қабылданбаған мерзімді баспа басылымдары туралы;

      2) заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын иеленген мерзімді баспа басылымын айқындау туралы.

      15. Конкурс қорытындысының хаттамасы негізінде мерзімді баспа басылымына бес жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетiлген заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын беру туралы хабарлама-хат жіберіледі.

3-тарау. Конкурстық комиссияның және жұмыс органның жұмыс тәртiбi

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерiнен тұрады.

      17. Комиссия мүшелерiнiң құрамын, санын конкурс ұйымдастырушысы бекiтедi.

      Конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ санды (үштен жетiге дейiн) құрайды.

      Конкурстық комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, комиссияның отырыстарында төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды және оның шешiмдерiн iске асыруға жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.

      18. Комиссия отырыстары қажеттiлiгіне қарай өткiзiледi.

      19. Комиссия шешiмдерi ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы санының басым көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп саналады.

      20. Комиссия шешiмi хаттамамен ресiмделедi.

      21. Конкурсты ұйымдастырушының құрылымдық бөлiмшесi комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      22. Комиссияның жұмыс органы:

      1) осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес өтінімдерді белгіленген мерзімде қабылдайды;

      2) өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін келіп түскен өтінімдерді қарамай қайтарады;

      3) қажет болған жағдайда, ұсынылатын өтiнiмдерді қарауға және сараптаманы жүзеге асыруға қатысу үшiн тәуелсiз сарапшыларды және (немесе) өзге де мамандарды (консультанттарды) тартады;

      4) конкурсқа қатысушыларды конкурстың шарттарымен таныстырады;

      5) конкурсқа қатысушыларға конкурстың өткізілуіне қатысты қосымша ақпарат береді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4-тарау. Конкурстың нәтижелерін жарамсыз деп тану

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Барлық қатысушылар хабарландыруда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген немесе мерзімді баспа басылымдарынан өтінімдер болмаған жағдайда, конкурс өткізілмеді деп танылады.

      Конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы он жұмыс күні ішінде конкурсты қайта жүзеге асырады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Мерзімді баспа
басылымдарының заңнамалық
актілерді ресми жариялау
құқығын алуға конкурс өткізу
қағидаларына қосымша
  Нысан

Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алу конкурсына қатысуға өтінім

      Ескерту. Қағида қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 03.07.2019 № 472 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Толық атауы/ тегі, аты, әкесінің аты (бар болса):

      ____________________________________________

      2. Орналасқан жерінің мекенжайы/заңды мекенжайы:

      _____________________________________________

      3. Телефон, факс нөмірлері:

      _____________________________________________

      4. Мерзімді баспа басылымының атауы:

      _____________________________________________

      5. Мерзімді баспа басылымдарын есепке қою туралы куәлік:

      _________________________________________

      6. Баспа басылымдарын шығару тиражын және

      мерзімділігін растайтын баспахана анықтамасы (қосымша).

      __________________ ______________

      Меншік иесінің қолы

      немесе уәкілетті тұлғаның

      тегі, аты-жөні

      Мөрдің орны (бар болса)

      20__ жылғы "___" ___________