Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 762 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 37-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу ережесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қазандағы № 1118 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 34, 369-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 ақпандағы № 99 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 5, 46-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев



Қазақстан Республикасы


Yкiметiнiң

2016 жылғы 2 желтоқсандағы

№ 762 қаулысымен

бекiтiлген

Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 37-бабының 2-тармағына сәйкес әзiрлендi және мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар ресми басылымдар болып табылатын Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің жинағына, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысына" қолданылмайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) конкурс – заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын беру мақсатында мерзiмдi баспа басылымдарын айқындау тәсiлi;

      2) конкурстық комиссия – конкурсқа ұсынылған құжаттардың конкурстың шарттарына сәйкестiгiн анықтау және тиiстi шешiм қабылдау мақсатында қарау үшiн конкурсты ұйымдастырушы құратын алқалы орган;

      3) мерзiмдi баспа басылымы – тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде үш айда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, оларға қосымшалар;

      4) конкурсты ұйымдастырушы – бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның ведомствосы;

      5) заңнамалық акт – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң, конституциялық заң, Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар жарлығы, кодекс, шоғырландырылған заң, заң, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлығы, Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулысы, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының және Мәжілісінің қаулылары;

      6) конкурстың қатысушысы – конкурсқа қатысуға өтiнiм берген мерзiмдi баспа басылымы.

      4. Конкурс мынадай заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын беру мақсатында өткізіледі:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;

      2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары және Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтары;

      3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;

      4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, заңдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтары;

      5) Қазақстан Республикасы Парламентiнің қаулысы, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының және Мәжілісінің қаулылары.

2. Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу тәртiбi

      5. Заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығы берілетін мерзімді баспа басылымдарын келесі жылға айқындау мақсатында, конкурсты ұйымдастырушы ағымдағы жылдың қараша айынан кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында конкурсты өткізу туралы хабарландыру жариялайды.

      6. Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу туралы хабарландыру конкурсты өткізуге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын орналастырылады.

      Хабарландыру мынадай мәлiметтердi қамтиды:

      1) конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi;

      2) конкурсты өткiзу уақыты, күнi және орны;

      3) конкурстық өтiнiмдердi және өзге де құжаттарды қабылдау, конкурс туралы қосымша ақпараттарды беру мерзiмi мен орны, сондай-ақ конкурстық өтiнiмдерi мен басқа да құжаттары бар конверттердi ашу орны, күнi және уақыты;

      4) тиражды және мерзімділікті қоса алғанда, конкурсқа қатысушыға қойылатын талаптар;

      5) конкурстық өтiнiмдi және басқа да құжаттарды жасау тiлiне қойылатын талаптар.

      7. Құжаттарды мерзімді баспа басылымдарынан қабылдау хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырылады.

      8. Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген тұлға конкурстық өтiнiмдердi қабылдаудың соңғы мерзiмi аяқталғанға дейiн конкурсты ұйымдастырушыға желiмделген конвертте ұсынылатын құжаттардың тізілімі қоса берілетін конкурстық өтінімді ұсынады.

      9. Конкурсқа қатысуға конкурстың талаптарына сай келетiн, конкурстық өтiнiмдi уақытында берген және тиiстi түрде ресiмделген құжаттарды ұсынған мерзiмдi баспа басылымдары жiберiледi.

      10. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдері бар конверттердi конкурсты өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген күнi, уақытта және орында конкурсқа қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен ашады.

      Конверттi ашу кезiнде конкурстық комиссия мүшелерi алынған құжаттардың әр бетiне қол қоюды жүзеге асырады.

      11. Конкурстық комиссия конкурстың талаптарына сай келетін мерзімді баспа басылымдарын айқындау мақсатында өтінімдерді қарайды.

      12. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді ашқан күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссияға мерзімді баспа басылымдары ұсынған құжаттарды қарау үшін береді.

      13. Конкурсқа қатысу өтінімдерін қарау нәтижесі бойынша өтінімдерді ашқан күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде заңнамалық актілерді жариялау құқығын иеленген мерзімді баспа басылымын айқындау конкурсы қорытындыларының хаттамасы ресімделеді.

      Конкурс қорытындысының хаттамасына конкурстық комиссияның төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссия мүшесі болып табылмайтын конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.

      14. Конкурс қорытындысының хаттамасы мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) конкурс ұйымдастырушысы қойған талаптарға олардың сәйкес келмейтіндігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, олардың өтінімдерін қабылдамаудың себептері толық баяндалған конкурсқа қатысу өтінімдері қабылданбаған мерзімді баспа басылымдары туралы;

      2) заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын иеленген мерзімді баспа басылымын айқындау туралы.

      15. Конкурс қорытындысының хаттамасы негізінде мерзімді баспа басылымына бес жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетiлген заңнамалық актiлердi ресми жариялау құқығын беру туралы хабарлама-хат жіберіледі.

3. Конкурстық комиссияның жұмыс тәртiбi

      16. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерiнен тұрады.

      17. Комиссия мүшелерiнiң құрамын, санын конкурс ұйымдастырушысы бекiтедi.

      Конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ санды (үштен жетiге дейiн) құрайды.

      Конкурстық комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, комиссияның отырыстарында төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды және оның шешiмдерiн iске асыруға жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.

      18. Комиссия отырыстары қажеттiлiгіне қарай өткiзiледi.

      19. Комиссия шешiмдерi ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы санының басым көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп саналады.

      20. Комиссия шешiмi хаттамамен ресiмделедi.

      21. Конкурсты ұйымдастырушының құрылымдық бөлiмшесi комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      22. Конкурстық комиссия:

      1) конкурстың талаптарына сай келмейтін конкурстық өтінiмдер мен басқа да құжаттарды қараусыз қайтарады;

      2) қажет болған жағдайда, ұсынылатын конкурстық өтiнiмдер мен басқа да құжаттарды қарауға және сараптаманы жүзеге асыруға қатысу үшiн тәуелсiз сарапшыларды және/немесе өзге де мамандарды (консультанттарды) тартады;

      3) конкурсқа қатысу үшiн қажеттi конкурстық өтiнiмдер мен басқа да құжаттарды белгiленген мерзiмде қабылдайды;

      4) конкурсқа қатысушыларды конкурстың шарттарымен таныстырады;

      5) конкурсқа қатысушыларға конкурстық iрiктеудi жүргiзуге қатысты қосымша ақпарат береді.

4. Конкурстың қорытындысын жарамсыз деп тану

      23. Барлық қатысушылардың өтінімдері уәкілетті органның қойған талаптарына сәйкес келмеген немесе мерзімді баспа басылымдардың өтінімдері болмаған жағдайда, конкурс өтпеген болып саналады.

      Конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда, конкурсты ұйымдастырушы 10 жұмыс күні ішінде конкурсты қайта жүзеге асырады.