Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын, шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасын, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы № 607 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидалары;

      2) шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасы;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасы бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидалары "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу тәртібін реттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы шот – Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шот;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі – Қазақстан Республикасының азаматтары, турагенттер, туроператорлар, туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің (бұдан әрі – жүйе) әкімшісі және Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін уәкілетті орган арасындағы құқықтық қатынастар жиынтығы;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, жалғыз қызмет түрі Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің (бұдан әрі – жүйе әкімшісі) функцияларын жүзеге асыру болып табылатын заңды тұлға;

      4) уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2. Жүйенің жұмыс істеу тәртібі

      3. Жүйенің субъектілері:

      1) шығу туризмі саласындағы қызметті жүзеге асыратын туроператорлар (бұдан әрі – туроператорлар);

      2) шығу туризмі саласындағы қызметті жүзеге асыратын туроператорлар – әуе кемесімен жалданушылар (бұдан әрі – туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар);

      3) шығу туризмі саласындағы қызметті жүзеге асыратын турагенттер (бұдан әрі – турагенттер);

      4) жүйе әкімшісі болып табылады.

      4. Туроператорлар және туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар Заңның 27-3-бабының 1-тармағында көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүйе әкімшісіне мыналарды:

      1) туроператорлармен және туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылармен Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкімен жасасқан Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен сомадағы ақшаны банктік кепілдік шартының түпнұсқасын не нотариат куәландырған көшірмесін;

      2) туроператормен немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушымен арнайы шотқа турагент Қазақстан Республикасының азаматына өткізген әрбір туристік өнімнен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ақша сомасын аударған туралы мәліметтерді береді.

      5. Арнайы шотқа Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен сомада ақшаны аудару туралы мәліметті жүйе әкімшісі белгіленген нысан бойынша туроператорлармен және/немесе туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылары ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5 күнінен кешіктірмей жүйе әкімшісіне береді.

      Жүйе әкімшісі ай сайын туроператорлармен және/немесе туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылармен Қазақстан Республикасының азаматтарына өткізген туристік өнімдер мәліметтері және арнайы шотқа аударылуға тиіс ақша сомалары бойынша салыстыруды жүргізеді.

      6. Жүйе әкімшісі өз функцияларын орындау кезінде туроператормен және туроператор-әуе кемесімен жалданушылармен Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкімен жасасқан Қазақстан Республикасының азаматына өткізген әрбір туристік өнімнен аударылатын ақша сомаларының және банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын сомалардың мөлшерін индекстеу бойынша уәкілетті органға ұсыныстарды дайындау үшін талдамалық және зерттеу жұмыстарын жүзеге асырады.

      7. Жүйе әкімшісі жыл сайын өз қызметі туралы есепті жүйе әкімшісінің интернет-ресурсында орналастырады және оларды есептік кезеңнен кейінгі күнтізбелік 30 күн өткен соң Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарын жариялайды.

3. Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру тәртібі

      8. Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдары (бұдан әрі – азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс-қимылдар) мыналарды қамтиды:

      1) турист болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болатын елдегі (жердегі) аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына авиакөлігі, теміржол көлігі, автокөлік немесе су көлігі арқылы қайтару;

      2) турист болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының аумағына қайтаруға дейінгі уақытта, оларды қонақ үй немесе басқа да орналастыру орындарына орналастыруды (уақытша тұру) қамтамасыз ету (егер қайтаруды еріксіз күту мерзімі күндізгі уақытта 8 сағаттан көп, ал түнгі уақытта 6 сағаттан көп болса);

      3) турист болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болған мемлекеттегі болған орынынан Қазақстан Республикасының аумағына қайтару жүзеге асырылатын орынға дейін жеткізу;

      4) турист болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының тамақтандыруларын ұйымдастыру (егер қайтаруды еріксіз күту мерзімі 4 сағаттан көп болса).

      9. Азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру туралы шешімді жүйе әкімшісі уәкілетті органмен келісу бойынша мынадай жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтары бұзылған жағдайда, оның жазбаша немесе ауызша өтініші болғанда;

      2) шығу туризмі саласындағы туристік қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері бойынша мемлекеттік органдардың өтініші болғанда;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын бұзу фактілері бойынша туристер бірлестігінің (бірлестіктерінің) жазбаша өтініші болғанда;

      4) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын бұзу фактілері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өтініші болғанда;

      5) шығу туризмі саласында Қазақстан Республикасы азаматтарының өміріне және денсаулығына зиян келтіру қаупі туындаған өзге де жағдайларда қабылдайды.

      10. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген жағдайлар орын алған кезде жүйе әкімшісі бір тәулік ішінде мынадай шараларды қабылдайды:

      1) мәліметінің дұрыстығын, орындау мүмкін еместігі, туристік қызмет көрсету шарты бойынша туроператор мен туроператор-әуе кемесімен жалданушының міндеттемелерді орындамауын және/немесе дұрыс орындамауын анықтайды;

      2) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мәліметтер рас болған жағдайда азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру туралы шешімді уәкілетті органмен келісіп қабылдайды;

      3) уәкілетті органмен келісу бойынша қабылданған шешім туралы туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы басшысын, туристер болған елдегі Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесін ескертеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді.

      11. Азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдар жүйе әкімшісінің осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген қызметтер көрсететін үшінші тұлғалармен (олардың бірлестіктерімен) жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін жүйе әкімшісінің арнайы шотындағы қаражат жетпеген жағдайда, сондай-ақ, арнайы шоттан пайдаланылған қаражатты өтеу үшін жүйе әкімшісі туристік қызметтер көрсету шарты бойынша міндеттемелерін орындамаған туроператордың және/немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының банктік кепілдемесінің міндеттемелерін орындау бойынша талап қояды.

      Екінші деңгейдегі банктер жүйе әкімшісі талабының негізінде, талап түскен сәттен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде жүйе әкімшісінің пайдасына немесе жүйе әкімшісі белгілеген үшінші тұлғаларға банктік кепілдіктермен қамтамасыз етілген сомалар шегінде ақшаны төлеуді қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген

Шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасы

Р/с

Шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын субъектілер

Банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасы

1.

Туроператор

5000 АЕК

2.

Туроператор-әуе кемесімен жалданушы

15000 АЕК

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасы

Р/с

Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің субъектісі

Өткізген әрбір туристік өнімнен банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасы

1.

Туроператор

0,5 АЕК

2.

Туроператор-әуе кемесімен жалданушы

0,5 АЕК