Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын, шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасын, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы № 607 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 752 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 752 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидалары;

      2) шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасы;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасы бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидалары "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 10-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу тәртібін реттейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы шот – Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шот;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі (бұдан әрі – жүйе) – Қазақстан Республикасының азаматтары, турагенттер, туроператорлар, туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі және Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін уәкілетті орган арасындағы құқықтық қатынастар жиынтығы;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, жалғыз қызмет түрі Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің (бұдан әрі – жүйенің әкімшісі) функцияларын жүзеге асыру болып табылатын заңды тұлға;

      4) туристік код – шығу туризмі саласындағы туроператор туриске беретін, ұйымдастырылған шығу туризмі шеңберінде туроператордың міндеттемелеріне кепілдік беретін бірегей нөмір;

      5) уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Жүйенің жұмыс істеу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Жүйенің субъектілері:

      1) шығу туризмі саласындағы қызметті жүзеге асыратын туроператорлар (бұдан әрі – туроператорлар);

      2) шығу туризмі саласындағы қызметті жүзеге асыратын туроператорлар – әуе кемесімен жалданушылар (бұдан әрі – туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар);

      3) шығу туризмі саласындағы қызметті жүзеге асыратын турагенттер (бұдан әрі – турагенттер);

      4) жүйе әкімшісі болып табылады.

      4. Туроператорлар және туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар Заңның 27-3-бабының 1-тармағында көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүйе әкімшісіне мыналарды:

      1) туроператорлармен және туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылармен Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкімен жасасқан Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен сомадағы ақшаны банктік кепілдік шартының түпнұсқасын не нотариат куәландырған көшірмесін;

      2) туроператормен немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушымен арнайы шотқа турагент Қазақстан Республикасының азаматына өткізген әрбір туристік өнімнен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ақша сомасын аударған туралы мәліметтерді береді.

      5. Арнайы шотқа Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен сомада ақшаны аудару туралы мәліметті жүйе әкімшісі белгіленген нысан бойынша туроператорлармен және/немесе туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылары ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5 күнінен кешіктірмей жүйе әкімшісіне береді.

      Жүйе әкімшісі ай сайын туроператорлармен және/немесе туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылармен Қазақстан Республикасының азаматтарына өткізген туристік өнімдер мәліметтері және арнайы шотқа аударылуға тиіс ақша сомалары бойынша салыстыруды жүргізеді.

      6. Жүйенің әкімшісі:

      1) шығу туризмі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарына туристік код беру тетігін әкімшілендіруді;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған кепілдік берудің сараланған сомасын қабылдауды;

      3) туроператормен және туроператор-әуе кемесімен жалданушымен Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкімен жасасқан Қазақстан Республикасының азаматына өткізген әрбір туристік өнімнен аударылатын ақша сомаларының және банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын сомалардың мөлшерін индекстеу бойынша уәкілетті органға ұсыныстарды дайындау үшін талдамалық және зерттеу жұмыстарын жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6-1. Жүйе Қазақстан Республикасы азаматтарының турагенттермен, туроператорлармен, туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылармен, жүйенің әкімшісімен және уәкілетті органмен іскерлік сипаттағы сапарларға байланысты құқықтық қатынастарына қолданылмайды.

      Іскерлік сипаттағы сапарларға кәсіби-іскерлік мақсаттарда уақытша болатын елге (жерге) ақылы қызметпен айналысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының баруы жатады.

      Ескерту. 2-тарау 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Жүйе әкімшісі жыл сайын өз қызметі туралы есепті жүйе әкімшісінің интернет-ресурсында орналастырады және оларды есептік кезеңнен кейінгі күнтізбелік 30 күн өткен соң Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарын жариялайды.

2-1-тарау. Енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтару және аударымдарды есепке жатқызу әдісінің қолданылу тәртібі

      Ескерту. Қағидалар 2-1-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7-1. Жүйенің әкімшісі Заңның 27-2-бабына сәйкес:

      1) жүйе туроператоры немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысы шығу туризмі саласындағы туроператорлық қызметтің түрін тоқтатқан жағдайда олардың кінәсінен Қазақстан Республикасының азаматтарын әкету фактілерінің болмауы шартымен жүйе туроператорына немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысына енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтаруға;

      2) банк кепілдігінің шекті сомасына қол жеткізілген кезде жүйе туроператоры немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысы енгізген банк кепілдігін осы туроператорға немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушыға қайтаруды жүзеге асырылады.

      Енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтару үшін туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы жүйенің әкімшісіне еркін нысанда жазбаша өтініш жібереді.

      7-2. Жүйе әкімшісі 10 жұмыс күні ішінде туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы аударған қаражатты салыстыруды жүргізеді, туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының кінәсінен Қазақстан Республикасының азаматтарын әкету фактілерінің болмауын тексереді, сондай-ақ туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының туристерін әкету қажеттігінің бар немесе жоқ екенін ескереді.

      7-3. Жүргізілген салыстырудан кейін жүйе әкімшісі 5 жұмыс күні ішінде:

      1) осы Қағидалардың 7-1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, енгізілген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты;

      2) осы Қағидалардың 7-1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, енгізілген банк кепілдігін қайтару немесе қайтарудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      7-4. Банк кепілдігін қайтаруды жүйе әкімшісі 15 жұмыс күні ішінде банк кепілдігін қабылдау тапсыру-актісін жасау арқылы жүзеге асырады.

      Өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтаруды жүйе әкімшісі 15 жұмыс күні ішінде қаражатты туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының банктік шотына аудару арқылы жүзеге асырады.

      7-5. Осы Қағидалардың 7-1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген банк кепілдігі қайтарылған жағдайда, өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражат сомасы тиісті қаржы жылында банк кепілдігімен қамтамасыз етілуге жататын ақша сомасынан төмен болған жағдайда, туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы осы соманы 5 жұмыс күні ішінде толықтырады не күнтізбелік 30 күн ішінде жүйе әкімшісіне банктік кепілдік шартының түпнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.

      7-6. Банк кепілдігін және өткізілген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтарған кезде, сондай-ақ банк кепілдігі шекті сомаға жеткен кезде комиссиялық алым және осы туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының кінәсінен Қазақстан Республикасының азаматтарын әкетуге жұмсалған қаражат Заңның 27-3-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес аударылуға жататын ақша сомасынан ұсталады.

      7-7. Жүйе әкімшісінің қызметіне бөлінген комиссия сомасын қоспағанда, жүйе әкімшісі осы туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы жүйеге кірген сәттен бастап үш жылдан кейін жүйенің туроператоры немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушысы үшін келесі күнтізбелік жылға аударымдарды есепке жатқызу әдісінің қолданылуын қамтамасыз етеді.

3-тарау. Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдары (бұдан әрі – азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс-қимылдар) мыналарды қамтиды:

      1) турист болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болатын елдегі (жердегі) аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына авиакөлігі, теміржол көлігі, автокөлік немесе су көлігі арқылы қайтару;

      2) турист болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының аумағына қайтаруға дейінгі уақытта, оларды қонақ үй немесе басқа да орналастыру орындарына орналастыруды (уақытша тұру) қамтамасыз ету (егер қайтаруды еріксіз күту мерзімі күндізгі уақытта 8 сағаттан көп, ал түнгі уақытта 6 сағаттан көп болса);

      3) турист болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болған мемлекеттегі болған орынынан Қазақстан Республикасының аумағына қайтару жүзеге асырылатын орынға дейін жеткізу;

      4) турист болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының тамақтандыруларын ұйымдастыру (егер қайтаруды еріксіз күту мерзімі 4 сағаттан көп болса).

      9. Азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру туралы шешімді жүйе әкімшісі уәкілетті органмен келісу бойынша мынадай жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтары бұзылған жағдайда, оның жазбаша немесе ауызша өтініші болғанда;

      2) шығу туризмі саласындағы туристік қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері бойынша мемлекеттік органдардың өтініші болғанда;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын бұзу фактілері бойынша туристер бірлестігінің (бірлестіктерінің) жазбаша өтініші болғанда;

      4) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын бұзу фактілері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өтініші болғанда;

      5) шығу туризмі саласында Қазақстан Республикасы азаматтарының өміріне және денсаулығына зиян келтіру қаупі туындаған өзге де жағдайларда қабылдайды.

      10. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген жағдайлар орын алған кезде жүйе әкімшісі бір тәулік ішінде мынадай шараларды қабылдайды:

      1) мәліметтердің дұрыстығын, орындау мүмкін еместігі, туристік қызмет көрсету шарты бойынша туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының міндеттемелерді орындауына мүмкіндіктің болмауын, орындамауын немесе дұрыс орындамауын анықтайды;

      2) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген жағдайларда мәліметтер расталса, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру туралы шешімді уәкілетті органмен келісіп қабылдайды;

      3) уәкілетті органмен келісу бойынша қабылданған шешім туралы туроператор және (немесе) туроператор-әуе кемесімен жалданушы басшысын, туристер болған елдегі Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесін хабардар етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдар жүйе әкімшісінің осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген қызметтер көрсететін үшінші тұлғалармен (олардың бірлестіктерімен) жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін жүйе әкімшісінің арнайы шотындағы қаражат жетпеген жағдайда, сондай-ақ арнайы шоттан пайдаланылған қаражатты өтеу үшін жүйе әкімшісі туристік қызметтер көрсету шарты бойынша міндеттемелерін орындамаған туроператордың және/немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының банктік кепілдемесінің міндеттемелерін орындау бойынша екінші деңгейдегі банкке талап қояды.

      Екінші деңгейдегі банктер жүйе әкімшісі талабының негізінде талап түскен сәттен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде жүйе әкімшісінің немесе жүйе әкімшісі белгілеген үшінші тұлғалардың (олардың бірлестіктерінің) пайдасына банктік кепілдіктермен қамтамасыз етілген сомалар шегінде ақша төлеуді қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 609 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген

Шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасы

Р/с

Шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын субъектілер

Банктік кепілдіктермен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасы

1.

Туроператор

5000 АЕК

2.

Туроператор-әуе кемесімен жалданушы

15000 АЕК

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 607 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісі үшін арнайы ашылған банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасы

Р/с

Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің субъектісі

Өткізген әрбір туристік өнімнен банктік шотқа аударылуы тиіс ақша сомасы

1.

Туроператор

0,5 АЕК

2.

Туроператор-әуе кемесімен жалданушы

0,5 АЕК