Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 30 сәуірдегі № 262 қаулысы

Қолданыстағы

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      «2016 – 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері:
      1) бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің уақтылы және мақсатты пайдаланылуын;
      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейін бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары бюджеттерінің республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалануын мониторингтеуді қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
      Үкіметінің     
2016 жылғы 30 сәуірдегі
№ 262 қаулысымен 
бекітілген  

Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары

      1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 099 «Сапалы мектеп біліміне қолжетімділікті қамтамасыз ету» республикалық бюджеттік бағдарламасы 110 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер» кіші бағдарламасы бойынша облыстардың бюджеттеріне республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы ағымдағы трансферттерді (бұдан әрі – нысаналы трансферттер) пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) білім беру процесі – білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйым іске асыратын білім беру бағдарламаларын іске асыру шеңберінде педагогикалық тұрғыда негізделген оқыту, тәрбиелеу және дамыту процесі;
      2) ынталандыру құрауышы – жан басына нормативтік қаржыландырылатын орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне көрсетілетін білім беру қызметінің сапасы мен қызмет нәтижелеріне қарай сыйлықақылар төлеуге және ынталандыру үстемеақылары белгілеуге, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының білім беру процесіне байланысты басқа да қажеттіліктерді өтеуге көзделген республикалық бюджет қаражаты.
      3. Облыстық бюджеттерге орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Нысаналы трансферттер:
      1) жұмыс берушінің жарналарын ескере отырып, жан басына қаржыландырылатын 10-11-сыныптарда білім беру процесіне қатысатын орта білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы төлеуге;
      2) 10-11-сыныптарда білім беру процесіне қатысатын қызметкерлердің жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына бір лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сауықтыруға арналған жәрдемақыларды төлеуге жұмсалатын шығыстар;
      3) 10-11-сыныптардың бір оқушысына ағымдағы қаржы жылына белгіленген кемінде бір айлық есептік көрсеткіш есебінен оқу шығыстарын (қосымша оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, оқу, көрнекілік материалдар және құралдар) төлеуге;
      4) Қағидалардың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген қаржыландырудың жалпы көлемінің он пайызы мөлшерінде ынталандыру құрауышының есебінен 10-11-сыныптарда білім беру процесіне қатысатын педагог қызметкерлерге көрсетілетін білім беру қызметінің сапасы мен қызмет нәтижелеріне қарай ынталандыру үстемеақылары мен сыйлықақыларды төлеуге және орта білім беру ұйымдарының 10-11-сыныптардағы білім беру процесіне байланысты мұқтаждықтарын өтеуге пайдаланылады. Орта білім беру ұйымының білім беру процесімен байланысты мұқтаждықтарына шығыстардың мөлшері ынталандыру құрауышының жалпы көлемінің елу пайызынан кем болмауға тиіс. Орта білім беру ұйымының білім беру процесімен байланысты мұқтаждықтарына:
      педагог қызметкерлердің ел ішінде біліктілігін арттыруға және сонымен байланысты іссапар шығыстарына;
      ғылыми жобалар конкурстарын (ғылыми жарыстар), спорттық жарыстар, зияткерлік және өзге де конкурстар, көрмелер мен басқа да іс-шаралар өткізуге және оларға оқушылардың қатысуына;
      оқу сабақтарын (дәрістерін) өткізуге, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шақырылатын білім беру ұйымының штатында жоқ қызметкерлердің қашықтықтан оқытуды өткізуіне;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оқу жабдықтарын сатып алуға;
      білім және ғылым саласындағы мерзімді басылымдарға жазылуға;
      білім беру процесін жергілікті бюджеттерде көзделген көлемдерден асыра қамтамасыз ету үшін Интернет қызметтерін төлеуге арналған шығыстарға орта білім беру ұйымының қажеттіліктері жатады;
      5) осы Қағидаларда көзделген шығыстарды жүргізуге байланысты банк (қаржылық) қызметтеріне ақы төлеуге пайдаланылады.
      Жалақы мен жұмыс берушінің жарналары бойынша жыл бойынша қалыптасқан үнем бекітілген көлемнің үстінен оқу шығыстарын ұлғайтуға ғана пайдаланылуы мүмкін.
      5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен төлемдер бойынша және қаржыландыру жоспарлары негізінде республикалық бюджеттен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуды жүргізеді.
      6. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдары:
      1) жеке қаржыландыру жоспарларына және осы Қағидаларға сәйкес республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын нысаналы мақсаты бойынша пайдаланады;
      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге орта білім беру ұйымдарының жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізуге бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы ай сайын есеп береді.