Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларын

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 30 сәуірдегі № 262 қаулысы

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      «2016 – 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері:
      1) бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің уақтылы және мақсатты пайдаланылуын;
      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейін бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары бюджеттерінің республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалануын мониторингтеуді қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
      Үкіметінің     
2016 жылғы 30 сәуірдегі
№ 262 қаулысымен 
бекітілген  

Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары

      1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 099 «Сапалы мектеп біліміне қолжетімділікті қамтамасыз ету» республикалық бюджеттік бағдарламасы 110 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер» кіші бағдарламасы бойынша облыстардың бюджеттеріне республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы ағымдағы трансферттерді (бұдан әрі – нысаналы трансферттер) пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) білім беру процесі – білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйым іске асыратын білім беру бағдарламаларын іске асыру шеңберінде педагогикалық тұрғыда негізделген оқыту, тәрбиелеу және дамыту процесі;
      2) ынталандыру құрауышы – жан басына нормативтік қаржыландырылатын орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне көрсетілетін білім беру қызметінің сапасы мен қызмет нәтижелеріне қарай сыйлықақылар төлеуге және ынталандыру үстемеақылары белгілеуге, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының білім беру процесіне байланысты басқа да қажеттіліктерді өтеуге көзделген республикалық бюджет қаражаты.
      3. Облыстық бюджеттерге орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Нысаналы трансферттер:
      1) жұмыс берушінің жарналарын ескере отырып, жан басына қаржыландырылатын орта білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы төлеуге;
      2) жан басына қаржыландырылатын орта білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына бір лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сауықтыруға арналған жәрдемақыларды төлеуге жұмсалатын шығыстарға;
      3) 1-11-сыныптардың бір оқушысына ағымдағы қаржы жылына белгіленген кемінде нөл бүтін оннан тоғыз айлық есептік көрсеткіш есебінен оқу шығыстарын (зертханалық ыдыстар, қағаздар, химикаттар мен металдар, еңбекке оқытуға арналған материалдар, оқу тақталары және тағы сол сияқты) төлеуге;
      4) 1-11-сыныптардың бір оқушысына ағымдағы қаржы жылына белгіленген кемінде нөл бүтін оннан үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде оқушылардың ғылыми, спорттық және зияткерлік конкурстар мен іс-шараларға дайындалуына және қатысуына байланысты шығыстарды төлеуге;
      5) пошта және телефон байланысы қызметін төлеуге;
      6) ғимараттарды, құрылыстарды, технологиялық жабдықтарды, компьютерлік және ұйымдастыру техникасын ағымдағы жөндеуді жүргізуге, ұстауға және оларға қызмет көрсетуге;
      7) білім беру ұйымының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті, білім беру процесінде қолданылмайтын, құндық мәні ағымдағы қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің қырық еселік мөлшерінен аспайтын тауарларды сатып алуға;
      8) осы Қағидаларда көзделген шығыстарды жүргізуге байланысты банктік (қаржылық) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге пайдаланылады.
      Жалақы мен жұмыс берушінің жарналары бойынша жыл бойына қалыптасқан үнем бекітілген көлемнің үстінен оқу шығыстарын ұлғайтуға ғана пайдаланылуы мүмкін.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.12.2016 № 788 (01.09.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен төлемдер бойынша және қаржыландыру жоспарлары негізінде республикалық бюджеттен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударуды жүргізеді.
      6. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдары:
      1) жеке қаржыландыру жоспарларына және осы Қағидаларға сәйкес республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын нысаналы мақсаты бойынша пайдаланады;
      2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге орта білім беру ұйымдарының жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізуге бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы ай сайын есеп береді.