«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 64-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1198 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 64-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібін белгілейді.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) уәкілетті комиссия – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарайтын комиссия, оның ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
2) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының шетелдік жұмыскері – (бұдан әрі – шетелдік жұмыскер) – Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына еңбек шарты бойынша тартылған шетелдік.
3. Шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары уәкілетті комиссиямен келісу бойынша белгілейді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қабылдайтын шетелдік жұмыскерлер қызметінің сапасы үшін дербес жауапкершілік мемлекеттік органдардың басшыларына жүктеледі.
Шетелдік жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және лауазымды тұлғалар бола алмайды.
4. Шетелдік жұмыскерлерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында айқындалады.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей шетелдік жұмыскерлер қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты жыл сайын уәкілетті комиссияға ұсынады.
2. Шетелдік жұмыскерлерді жұмысқа қабылдау, еңбек шартын жасасу және бұзу тәртібі
6. Шетелдік жұмыскерді қабылдау кезеңдері:
1) шетелдік жұмыскерден Қағидалардың 7-тармағында көзделген құжаттарды қабылдау;
2) шетелдік жұмыскерлердің құжаттарын Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына міндетті арнайы тексеру үшін жіберу;
3) шетелдік жұмыскерді жұмысқа қабылдауды уәкілетті комиссиямен келісу;
4) еңбек шартын жасасу.
7. Шетелдік жұмыскер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына мынадай құжаттарды:
1) қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен қоса жұмысқа қабылдау туралы еркін нысандағы өтінішті;
2) жеке басты куәландыратын құжаттар мен олардың нотариат куәландырған аудармаларын;
3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тану немесе нострификациялау рәсімінен өткен бiлiм туралы құжаттардың нотариат куәландырған аудармаларын (қазақ немесе орыс тілінде);
4) еңбек қызметін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін, сондай-ақ олардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын;
5) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген № 086/у нысанындағы медициналық анықтаманы;
6) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жұмысқа қабылдау кезінде шетелдік қызметкерлерге Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеру жүргізу қағидаларында көзделген талаптарға сәйкес өзге де құжаттарды ұсынады.
8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына ұсынылатын құжаттардың қазақ не орыс тілдеріндегі аудармасын шетелдік жұмыскер қамтамасыз етеді.
9. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде міндетті арнайы тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарды қалыптастырады және оларды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді.
10. Міндетті арнайы тексерудің оң нәтижесі алынған жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы бес жұмыс күні ішінде Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген шетелдік жұмыскердің құжаттарын Ұлттық комиссияға келісуге жібереді.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органының міндетті арнайы тексеруінің теріс нәтижесі шетелдік жұмыскерді жұмысқа қабылдау құжаттарын уәкілетті комиссияға келісуге жіберуден бас тартудың негіздемесі болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы үш жұмыс күні ішінде шетелдік жұмыскерді міндетті арнайы тексерудің нәтижелері туралы хабардар етеді.
11. Уәкілетті комиссия ұсынылған кандидатураны және еңбек шартын жасасу мерзімін келіседі не оны келісуден бас тартады. Уәкілетті комиссияның шешімі бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына жіберіледі.
12. Уәкілетті комиссияның оң қорытындысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына шетелдік жұмыскерді жұмысқа қабылдау үшін негіздеме болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы үш жұмыс күні ішінде шетелдік жұмыскерді уәкілетті комиссияның қабылданған шешімі туралы хабардар етеді.
13. Уәкілетті комиссияның оң қорытындысы алынғаннан кейін орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен тиісті өкілеттіктер жүктелген лауазымды тұлға, ал жауапты хатшы немесе көрсетілген лауазымды тұлға болмаған жағдайда орталық мемлекеттік органның басшысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы атынан шетелдік жұмыскермен еңбек шартын уәкілетті комиссиямен келісу бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының басшысы айқындайтын мерзімге жасасады.
14. Еңбек шартын тоқтату Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздемелер бойынша жүзеге асырылады.