Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1119 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. "Кейбiр нұсқаулықтарды бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:
мынадай мазмұндағы 7-2-тармақпен толықтырылсын:
"7.2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының (оның міндеттерін атқарушы адамның) "назарға алынды" деген белгісі бар жоспарлы есептік ақпарат бойынша тапсырмалары бақылауға алынуға жатпайды.".
2. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 06.10.2016 № 568 қаулысымен.3. "Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік органының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 наурыздағы № 289 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік органының үлгі регламентінде:
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Мемлекеттік органдардан қағаз және электрондық жеткізгіштерде келіп түскен құжаттар біртекті және белгіленген үлгідегі тиісті елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімделуге әрі мынадай міндетті деректемелерді:
1) шығыс нөмірін және күнін;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының және оның орынбасарларының тиісті актілері мен тапсырмаларына сілтемені, сондай-ақ мемлекеттік органның сауалына жауап берген кезде оның нөмірі мен күнін;
3) ОМО-ның бірінші басшысының немесе оның орынбасарының не жауапты хатшының (не жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын ОАО лауазымды адамының) (бұдан әрі – ОМО басшылығы) қолын;
4) орындаушының тегін және оның телефон нөмірін қамтуға тиіс.
Ерекше маңызы бар мәселелер бойынша электрондық құжаттар қағаз жеткізгіштерде де ресімделуге тиіс (архивтер мен құжаттаманы басқарудың уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген сақтау мерзімі бар).
Бұл ретте, пайдаланушылар үшін қолжетімді ақпараттық жүйелерде немесе мемлекеттік органның сайттарында бар немесе мемлекеттік органнан келіп түскен ақпарат ұсыну туралы сұрау салуға жауап берілмейді, ол белгіленген тәртіппен осы ақпараттық жүйелерде орналастырылады. Мұндай сұрау салуларға жеке ақпарат беру талап етілмейді.
Жауапты орындаушысы және оның тікелей басшысы мемлекеттік органның сайттарында орналастырылатын ақпараттың анықтығына, өзектілігі мен қорғалуына ("ҚПҮ" белгісі бар таратылуы шектелген қызметтік ақпаратпен және мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілермен жұмыс жөніндегі талаптардың сақталуы) жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің хат-хабарларынан басқа, осы Регламенттің талаптарын бұза отырып ресімделген кіріс хат-хабарлар қабылданбайды және (немесе) ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі тиісті мемлекеттік органға сол күні қайтарады.";
14-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен ОМО-ға бақылаудағы емес құжаттар түскен кезде ОМО аталған құжаттарды бақылауға қоймайды және олар бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жауап жіберілмейді.";
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Шығыс хат-хабарларға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жіберу үшін қол қою алдында онда тапсырмаға сілтемелердің болуы және олардың дұрыс ресімделуі, оның ішінде іс-шаралар жоспарларына және оларды бекіту туралы актілерге сәйкестігі мәніне ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі (бақылау қызметі) бұрыштама қоюға тиіс.";
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Өзге мемлекеттік органдардың ерекше құзыретіне жататын мемлекеттік органдардың шығыс хат-хабарлары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жіберілмейді.";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Мемлекеттік органдардың интранет-порталы (бұдан әрі – МОИП) арқылы ОМО-ға келісуге келіп түскен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 сәуірдегі № 430 қаулысымен бекітілген Электрондық құжат айналым ережесінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – МОКО ЭЦҚ) қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі өкімдерінің, бұйрықтардың, заңнамалық актілердің жобаларын (бұдан әрі – жобалар) құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі жобаның өтуіне жауапты бөлімшені және олардың құзыретіне қарай ОМО-ның мүдделі бөлімшелерін айқындайтын міндеттердің бөлінуіне сәйкес ОМО басшылығына, оның ішінде барлық жобалар міндетті түрде келісілетін ОМО-ның заң қызметіне де жібереді. Жобалар жіберілетін ОМО бөлімшелері арасында жобаларды келісу МОКО ЭЦҚ пайдаланыла отырып, МОИП арқылы электрондық құжаттар нысанында жүргізіледі.
Жобаларды қараудың жалпы мерзімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде, сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тапсырмаларында айқындалады.
Жауапты құрылымдық бөлімшенің орындаушысы мүдделі бөлімшелердің пікірлерін қорытады және әзірлеуші органға заңнамаға сәйкес жауаптың жобасын дайындайды, оған жобаның өтуіне жауапты бөлімшенің басшысы, мүдделі бөлімшелердің басшылары бұрыштама қояды, міндеттердің бөлінуіне сәйкес ОМО басшылығының МОКО ЭЦҚ-мен куәландырылады, содан кейін ОМО бірінші басшысының не оның міндетін атқарушы адамның МОКО ЭЦҚ-мен куәландырылады.";
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі өкімдерінің, заң жобаларын қоспағанда, жобаны ескертулерсіз келісу (бұрыштама қою) мүмкіндігі туралы қорытынды дайындалған жағдайда, әзірлеуші орган жұмыс тәртібімен келісуші ОМО-ның бөлімше басшысының шешімі бойынша жобаның төлнұсқасын бұрыштама қоюға ұсынады, бұл туралы бұрын ұсынылған ілеспе хатта белгі (алушының Т.А.Ә., күні, қолы) қойылады.";
үшінші және төртінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
"Келісуші ОМО жобаларды МОИП-да ескертулерсіз келіскен жағдайда, әзірлеуші орган жобаның төлнұсқасын электрондық құжаттың қағаз көшірмесі түрінде ОМО басшысына бұрыштама қоюға, содан кейін келісуші ОМО-ға ұсынады.
МОИП-да келісу нәтижесі келісуші ОМО-ның жобаның өтуіне жауапты бөлімше басшысының МОКО ЭЦҚ-мен куәландырылады және 2 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мүдделі бөлімшелер басшыларының, міндеттердің бөлінуіне сәйкес ОМО басшылығының ЭЦҚ-мен куәландырылады.";
23-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Жобаларды қоспағанда, келісуші ОМО-да әзірлеуші толығымен келісетін ескертулер болған кезде жоба жұмыс тәртібімен пысықтауға қайтарылады, бұл туралы әзірлеуші мемлекеттік органның бұрын ұсынылған ілеспе хатында белгі (алушының Т.А.Ә., күні, қолы) қойылады. Жобаны пысықтау мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды. Пысықталуына қарай келісуші ОМО бір мезгілде орын алған ескертулерді жойған жағдайда жобаны келісу (бұрыштама қою) мүмкіндігі туралы қорытынды дайындайды.
Келісуші ОМО-да әзірлеуші толығымен келісетін ескертулер болған кезде жоба МОИП арқылы жіберілген хабарламамен бірге әзірлеуші мемлекеттік органға пысықтауға қайтарылады. Бұл ретте әзірлеуші МОИП-да жобаның пысықталған нұсқасын орналастырады және мемлекеттік органдарға келісуге қайта жолдайды. Бар ескертулерді жойған жағдайда келісуші мемлекеттік орган МОИП-да келісуші мемлекеттік орган басшысының ЭЦҚ-мен куәландырылған ескертулерсіз келісу туралы белгі қояды.".