"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңын одан әрi iске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 397 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 1035 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңын одан әрi iске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 397 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 16, 208-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған:
      1) Аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеу және келісу қағидалары;
      2) Өңiрлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары бекітілсін.»;
      2) көрсетілген қаулымен бекітілген Аумақты дамытудың өңіраралық схемаларын әзірлеу және келісу қағидалары осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
      3) көрсетілген қаулымен бекітілген Өңiрлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің         
2015 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 1035 қаулысына      
1-қосымша          

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2004 жылғы 9 сәуірдегі
№ 397 қаулысымен    
бекiтiлген       

Аумақты дамытудың өңiраралық схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары

      1. Осы Аумақты дамытудың өңiраралық схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 19-бабының 3-3) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және екi және одан да көп облыс (не олардың бөлiктерi), агломерациялар, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң шекараларын есептемегенде, әлеуметтiк-экономикалық немесе экологиялық аудандар үшiн аумақты дамытудың өңiраралық схемаларын әзiрлеу және келiсу тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Аумақты дамытудың өңiраралық схемасы Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына сәйкес әзiрленедi, екі және одан көп облыс (не олардың бөліктері), агломерациялар, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердің шекараларын есептемегенде, әлеуметтік-экономикалық немесе экологиялық аудандар аумақтарындағы өзара келісілген (топтастырылған) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi үшiн қызмет етедi және:
      1) жоспарланатын аумақты аймаққа бөлуді;
      2) аумақтың қала құрылысын игеруді және дамытуды;
      3) қоныстандыру, өңірлік және өңіраралық маңызы бар өндіргіш күштерді, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды орналастыру жүйесін кешенді дамыту жөніндегі шараларды;
      4) табиғатты ұтымды пайдалану, ресурстармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды айқындайды.
      3. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрі – тапсырыс беруші) жергілікті атқарушы органмен бірге аумақты дамытудың өңiраралық схемаларын әзiрлеу жөнінде тапсырыс беруші болып табылады. Тапсырыс беруші әзiрлеушiні (бac жобалаушыны) айқындайды.
      4. Тапсырыс беруші әзiрлеушiнің (бac жобалаушының) қатысуымен жобалауға арналған тапсырманы жасайды.
      Жобалауға арналған тапсырмада аумақты дамытудың өңiраралық схемасының құрылымы, бастапқы деректердi алу тәртiбi және жұмыстардың басқа да шарттары айқындалады, аумақты дамытудың өңіраралық схемасы келiсуден және жобаларды кешендi қала құрылысы сараптамасынан өткiзу тәртiбi нақтыланады.
      Шегінде аумақты дамытудың өңiраралық схемасы әзірленетін аумақтың шекарасы жобалауға арналған тапсырмада белгіленеді.
      5. Аумақты дамытудың өңiраралық схемасын жобалауға арналған тапсырманы сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекiтедi.
      6. Аумақты дамытудың өңiраралық схемасын жобалауға арналған бекiтiлген тапсырма негiзiнде әзiрлеушi (бac жобалаушы) негiзгi орындаушылар мен қосалқы орындаушылардың жұмыстарды орындауының кезеңдері, дәйектілігі мен мерзiмдерi айқындалатын жұмыстардың жоспарын дайындайды.
      7. Әзірлеу процесінде әзірлеуші (бас жобалаушы) аумақты дамытудың өңiраралық схемасының жобасын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен алдын ала келісуді жүзеге асырады.
      8. Алдын ала келісудің нәтижелері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган аумақты дамытудың өңіраралық схемасының жобасын белгіленген тәртіппен мүдделі орталық атқарушы органдарға түпкілікті қарауға және келісуге жолдайды, олар материалдарды алғаннан кейін он күн мерзімде өз қорытындыларын жолдайды.
      9. Аумақты дамытудың өңiраралық схемасын әзірлеуге арналған бастапқы материалдарды мүдделi орталық атқарушы органдар, сондай-ақ тиiстi жергіліктi атқарушы органдар жобалауға арналған тапсырмаға сәйкес дайындайды және жұмыстар жоспарында белгiленген мерзiмдерде әзiрлеушiге (бас жобалаушыға) бередi.
      10. Аумақты дамытудың өңiраралық схемаларының жобасы Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзілгенге дейiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлетті орган Заңның 20-бабының 11-8) тармақшасына сәйкес бекітетін қағидаларға сәйкес кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтедi.
      11. Аумақты дамытудың өңіраралық схемаларының жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлетті орган құратын сараптама комиссиясының міндетті кешендi қала құрылысы сараптамасынан өтеді.

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2015 жылғы 23 желтоқсандағы 
№ 1035 қаулысына       
2-қосымша         

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2004 жылғы 9 сәуірдегі
№ 397 қаулысымен   
бекiтiлген      

Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары

      1. Осы жекелеген өңiрлер (облыстың немесе оның қандай да бiр бөлiгi) аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу қағидалары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 44-бабының 4-тармағына сәйкес әзiрлендi және облыс не оның бiр бөлiгi аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы орган өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзірлеу бойынша тапсырыс беруші (бұдан әрі – Тапсырыс беруші болып табылады. Тапсырыс беруші әзірлеушіні (бас жобалаушыны) айқындайды.
      3. Ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары (аудандық жоспарлау жобалары) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына және аумақты дамытудың тиісті өңіраралық схемасына (сол аумақ үшін бар болса) сәйкес әзірленеді.
      4. Ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары (аудандық жоспарлау жобалары) сол өңір аумағындағы әлеуметтік-экономикалық, өндірістік-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайларды, оның аймаққа бөлінуін ескере отырып, мемлекеттік қала құрылысы саясатының мақсаттарын айқындайды, сондай-ақ мынадай негізгі бағыттарды белгілейді:
      1) қоныстандыру жүйесін жетілдіру;
      2) елді мекендерді, өндірістік, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамыту;
      3) аумақтарды табиғи және антропогендік, техногендік құбылыстар мен процестердің қауіпті (зиянды) әсерлерінен қорғау;
      4) қала құрылысы құралдарымен және әдістерімен экологиялық ахуалды жақсарту;
      5) тарихи-мәдени мұра объектілерін және (немесе) қорғалатын ландшафттық объектілерді сақтау;
      Аумақтарды пайдалануға қойылатын шектеулерді ескере отырып, аумақтардың функционалдық аймаққа бөлінуі және оларды пайдаланудың қарқындылығы айқындалады.
      Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары сол өңірдегі елді мекендердің, қала маңы аймақтарының шекараларын белгілеу, резервтік аумақтарды қоса алғанда, аумақтарды кешенді дамыту үшін ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды, сондай-ақ аумақтық көліктік жоспарлау мен жол қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды қамтуға тиіс.
      5. Ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын) жасау кезінде пайдаланылатын арнайы (салалық) немесе өзге қала реттеуші құжаттаманы әзірлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтерге, сондай-ақ арнайы нұсқаулықтар мен салалық нормативтердiң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Тиісті облыстың жергілікті атқарушы органдары тапсырыс беруші ретінде облыстың ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктері аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларының) әзірлеуді ұйымдастырады және әзірлеушіні (бас жобалаушыны) айқындайды.
      7. Тапсырыс беруші әзiрлеушiнің (бас жобалаушының) қатысуымен жобалауға арналған тапсырманы жасайды.
      Жобалауға арналған тапсырмаға қойылатын жалпы талаптар мен бастапқы деректердiң тiзбесi сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтерде (құрылыс нормаларында және қағидаларында) белгiленедi.
      Тапсырыс беруші бұрын берiлген жобалауға арналған тапсырманы немесе бастапқы деректердi өзгерткен кезде осы уақытқа дейiн толық немесе iшiнара орындалған жобалау жұмыстарын ескере отырып, тапсырыс беруші қосымша шарт (келiсiм) бойынша осы жұмыстардың төлемін жүргізеді.
      8. Заңнамада белгiленген тәртiппен айқындалған әзiрлеушi (бac жобалаушы) ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларының (аудандық жоспарлау жобаларының) құрамында арнайы бөлiмдердi әзiрлейтін жобалау ұйымдары-қосалқы мердiгерлер үшiн тапсырыс беруші болып табылады.
      9. Ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын) әзiрлеу кезiнде әзiрлеушi (бac жобалаушы) тиiстi облыстың не оның бөлiгiнiң аумағындағы тарих, археология, қала құрылысы және сәулет, монумент өнерi ескерткiштері орналасқан карта-схемаларды жасайды.
      Ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларында (аудандық жоспарлау жобаларында) тарих пен мәдениеттің жылжымайтын ескерткiштерi және мемлекеттiк табиғат-қорық қоры объектiлерiн қорғау аймақтары (қорғалатын аймақтар, құрылысты реттейтiн аймақтар және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары) ескерiлуге тиiс. Бұл мақсатпен жобалардың құрамында орындалатын графикалық материалдарға ескерткiштердi қорғау аймақтарының қажеттi элементтерi енгiзiлуге, ал түсiндiрме жазбаларда осы аймақтарда белгiленген режимдi қамтамасыз ететiн талаптар көрсетiлуге тиiс.
      10. Қалалар мен ауылдық елді мекендер қолайсыз табиғи жағдайлары бар аумақтарда орналасқан жағдайда, ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларының (аудандық жоспарлау жобаларының) құрамында аумақты инженерлiк дайындау, аумақ пен көрсетiлген елдi мекендердi табиғи, сол сияқты адамның шаруашылық қызметiнен туындаған қауiптi геологиялық және гидрогеологиялық процестерден қорғау жөнінде жобалық шешiмдер әзiрленедi.
      11. Курорттық ресурстары бар облыстар мен аудандарға, курорттық қалаларға және курорттық үлгідегi басқа да елді мекендерге арналған жобалау жұмыстары аумақты функционалдық медициналық аймақтарға бөлу, курорттық және рекреациялық ресурстарды бағалау жөніндегі материалдарды, сондай-ақ курорттарды санитариялық қорғаудың белгiленген округтарын ескере отырып орындалуға тиiс.
      12. Тапсырыс беруші ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын (аудандық жоспарлау жобаларын) әзiрлеу барысында жобалау аумағы мен объектiлерiне зерттеп-қарау жүргiзуде, қосымша бастапқы деректердi жинауда, сондай-ақ аяқталған жобаларды келiсуден өткiзуде әзірлеушіге (бac жобалаушыға) көмек көрсетедi.
      Тапсырыс беруші жобалау барысын бақылауды жүзеге асырады, эскиздік материалдарының сапасын бақылау мақсатында жобаларды зерделейді, екі жақты актілерді мiндеттi түрде ресiмдей және әзiрлеушiмен (бac жобалаушымен) жобалық өнiмдердiң орындалған көлемi үшiн тиісті есеп айырысуды жүргiзе отырып, жобалау жұмыстарын шартқа сәйкес тоқтата тұрады, белгiленген тәртiппен жобалау материалдарына сараптама жүргiзедi.
      13. Ведомстволық бағыныстағы әкімшілік-аумақтық бірліктер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары (аудандық жоспарлау жобалары) тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын сараптама тобы жүзеге асыратын міндетті кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтедi.