Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Бағдарлама іс-шараларының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат, оның ішінде Бағдарламаны іске асыру шеңберінде бөлінетін қаражаттың пайдаланылуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 162 қаулысымен
бекітілген
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы
1. Бағдарлама паспорты
Атауы |
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасы |
Әзірлеу үшін негіздеме |
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы; |
Әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі |
Мақсаты |
Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, жұмыссыздықты қысқарту |
Міндеттері |
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы топтарына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту; |
Іске асыру мерзімдері және кезеңдері |
1-кезең – 2015 жыл |
Нысаналы индикаторлар |
2020 жылға қарай: |
Қаржыландыру көздері және көлемі |
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасын іске асыруға республикалық бюджетте 2015 жылға 37,3 млрд. теңге көзделген. |
2. Кіріспе
1. Мемлекет басшысы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында өнімді жұмыспен қамтудың қолжетімділігін кеңейту, еңбекке ынталандыруды жоғарылату және халықтың табысын өсіру мақсатында халықты жұмыспен қамту саясатын жаңғырту қажеттілігін көрсетті.
Бұл үшін қажетті шарттар Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің бүкіл барысында әзірленген. Елімізде серпінді дамып келе жатқан еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі және жұмыспен қамтылу деңгейі ұдайы арттырылуда.
Дағдарысқа қарсы реттеу тәжірибесі жинақталды. Жол картасы (2009 – 2010 жылдары) шеңберінде әзірленген жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ықпалына байланысты уақытша экономикалық қиындықтар жылдарында да жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді.
Соған қарамастан, әлемдік дамудың тұрақсыздығы және әлеуметтік жаңғырту жағдайларында серпінді өзгеріп отыратын ішкі болмыстар еңбек нарығын реттеуге және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жаңа талаптар қояды.
Осы бағдарлама – «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы (бұдан әрі – Бағдарлама) аталған талаптардың жауабы болып табылады. Ол 2009 және 2010 жылдардағы жол карталарын және «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады.
Бағдарламаға Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпандағы кеңейтілген отырысында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кеңейту және жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан босатуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау бөлігінде берген тапсырмаларын ескере отырып өзектілендірілді.
3. Ағымдағы ахуалды талдау
2. Мемлекет басшысының төрағалығымен 2015 жылғы 11 ақпанда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз тиімділігін дәлелдеген «Жұмыспен қамту 2020» жол картасын» сақтап қалу қажеттігін атап өтті.
Айталық, 2011 – 2014 жылдар аралығында оның шеңберінде табысы аз, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатынан 462 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Көзделген шараларды іске асыру нәтижесінде 472 мың адамға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді, оның ішінде 66 %-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды, ал 121 мыңнан астам адам жаңа кәсіп меңгеруге мүмкіндік алды, шамамен 29 мың ауыл тұрғыны жеңілдікті шарттармен микрокредит алды.
Бұл жұмыссыздық деңгейіне оң әсерін тигізді, оның деңгейі 2014 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша 5,0 %-ды құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 0,8 %-ға азайған.
Бұл ретте жұмыспен қамтылғандардың саны тиісінше 8,1 млн. адамнан 8,6 млн. адамға көбейді. Жұмыспен қамтылған тұрғындардың құрамындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың үлесі 33 %-дан (2010 жылы) 29,4 %-ға (2014 жылдың 4-тоқсаны) азайды.
2013 жылдың басымен салыстырғанда нәтижесіз жұмыспен қамтылған адамдардың саны 1,0 млн. адамнан 721 мың адамға төмендеді.
Жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындарын құру бағдарламаларын іске асыру жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге ықпал етті.
Оның көрсеткіші 4,0 % деңгейінде (15-28 жастағы) қалыптасты, бұл соңғы 20 жыл ішіндегі ең төмен көрсеткіш болып табылады.
Осылайша, Бағдарламаның іске асырылуы қабылданып жатқан қадамдардың, олардың оң әсері мен атаулылық бағытының дұрыстығын дәлелдейді.
Оны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен бөлініп отырған қаражат шалғай ауылдарға дейін жетіп, қоғамда қордаланған проблемаларды шешуге ықпал етуде.
Алайда, қабылданып жатқан шараларға және оң өзгерістерге қарамастан, ұлттық еңбек нарығы теңестірілмеген. 458,6 мың жұмыссыз бола тұра, олардың көпшілігі 34-ке дейінгі жаста, бос жұмыс орындары сақталуда. Еңбек ресурстары сапасының төмендігіне және өндіріс пен оқытудың нақты байланысының болмауына байланысты жұмыс күшінің тапшылығы, бірінші кезекте білікті кадрлардың, техникалық және қызмет көрсететін жұмыскерлердің тапшылығы байқалады.
Жұмыспен қамтылған халықтың шамамен үштен бірінің кәсіптік білімі жоқ. Жұмыспен қамтылған халық құрылымында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі басым. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде тұрады және жеке шаруашылығымен айналысады, олардың табысы көбінесе күнделікті тіршілігіне ғана жетеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесімен қамтылмаған.
Әлемдік практикада осындай проблемаларды шешу үшін еңбек нарығының белсенді бағдарламалары (бұдан әрі – ЕНББ) қолданылады.
Оларда:
1) еңбек ресурстарын дамыту (кәсіптік даярлау және қайта даярлау);
2) жұмыс күшіне сұранысты ұлғайту (жалақыны/жұмыспен қамтуды субсидиялау, жаңа жұмыс орындарын құру);
3) жұмыспен қамту саясатын институционалдық және ақпараттық қамтамасыз ету (жұмыспен қамту қызметтерін, ақпараттық жүйелерді құру, ақпараттандыруды ұйымдастыру);
4) еңбекке ынталандыруды күшейту (кәсіптік бағдар, келісілген әлеуметтік көмек көрсету) көзделеді.
Халықаралық тәжірибеде қолданылатын ЕНББ-нің көпшілікке танылған құрамдастары:
1) мемлекеттік жұмысқа орналастыру қызметтері (бұдан әрі – МЖҚ) қабылдап жатқан жұмыссыздық кезеңіндегі алдын алу шаралары және жұмыс іздеп жүрген адамдар мен МЖҚ консультанттарының арасындағы тығыз байланыс;
2) ұдайы есептілік және жұмыс орындарының болуы мен жұмыс іздестіру жөніндегі қызметке мониторинг жүргізу;
3) жұмыссыз клиенттерді бос жұмыс орындарына тікелей жіберу;
4) жұмысқа қайту туралы келісімдер немесе жеке іс-қимыл жоспарларын жасау;
5) кәсіптік дағдылардың төмендеуін, жұмыс табу немесе ұзаққа жалғасқан жұмыссыздық кезеңі салдарынан ынталандыру факторларының жоғалуын болдырмау үшін ЕНББ-ға жіберу болып табылады.
2015 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау мақсатында, сондай-ақ «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлемдік тәжірибені бейімдеу мүмкіндігі ескеріле отырып осы Бағдарлама әзірленді.
Ол дағдарысқа қарсы ден қою, еңбек нарығын реттеу тиімділігін арттыру, оның ішінде еңбек нарығының мониторингі, табысы аз, жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту тетіктерін қамтиды.
Бағдарламаның күшті жағы еңбек нарығының сын-талаптарына тез арада ден қою мүмкіндігінен тұрады. Бағдарламаның әлсіз жағы бюджет қаражаты қысқарған жағдайда нысаналы топтарды қамту бойынша негізгі индикаторлардың орындалмауына байланысты.
4. Бағдарламаның мақсаты, нысаналы индикаторлары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері
3. Бағдарламаның мақсаты
Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін қысқарту.
4. Бағдарламаның нысаналы индикаторлары
«Жұмыспен қамту 2020» жол картасында қойылған міндеттерді іске асыру барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:
2020 жылға қарай:
1) жұмыссыздық деңгейі 5,0 %-дан аспайтын болады;
2) әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5 %-дан аспайтын болады;
3) жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (15-28 жас) 4,6 %-дан аспайтын болады.
Бағдарлама шеңберінде 2015 жылы мыналар:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған адамдардың жалпы санынан – 6,1 %-ы;
2) жұмыссыздардың жалпы санынан – 21,0 %-ы;
3) атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан табысы аз отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінің жалпы санынан – 20,0 %-ы мемлекеттік қолдаумен қамтылатын болады.
5. Бағдарламаның негізгі міндеттері:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы тобына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту:
Бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған азаматтардың үлесі 2020 жылға қарай – 92,0 %;
әлеуметтік келісімшартқа қол қойған адамдар қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған әйелдердің үлесі 2020 жылға қарай – 44,6 %;
әлеуметтік келісімшартқа қол қойғандар қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған жасы 29-ға дейінгі жастардың үлесі 2020 жылға қарай – 43,5 %;
өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесі 2016 қарай – 64,5 %, 2020 жылға қарай – 66,5 % болады;
2) кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін дамыту:
Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы кәсіптік оқуды аяқтағандардың қатарындағы жұмысқа орналасқандардың үлесі 2016 жылға қарай – 70 %, 2020 жылға қарай – 71,0 % болады.
3) атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру:
атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамындағы еңбекке жарамды халықтың үлес салмағы – 30 %;
6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік және өзге де органдар болып табылады.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жолдары, тиісті шаралар
7. Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;
2) кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту;
3) жұмыс берушінің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқыту мен жұмысқа орналасуға және қоныс аударуға жәрдемдесу.
Бірінші бағыт: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
8. Аталған бағыт мынадай жұмыс және объектілер түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді:
1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері);
2) әлеуметтік-мәдени объектілерді (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін) күрделі және ағымдағы жөндеу. Сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық қауіпсіздікті күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі;
3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер);
4) ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу (ауылдағы авариялық, бейімделмеген және саман объектілердің проблемаларын шешетін объектілерге басым назар аударылады);
5) елді мекендерді абаттандыру (көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесі жоқ объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңшаларын жайластыру);
6) мүгедектердің және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-мәдени объектілерді, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды күрделі, ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
9. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерде іске асыру осы Бағдарламаның 8-тармағында көзделген барлық жұмыс түрлері мен объектілері бойынша, ал қалаларда – осы Бағдарламаның 8-тармағының 1), 2), 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте шағын қалаларда іске асырылып жатқан жобаларға басымдық беріледі.
Саяжай кенттерінде осы Бағдарламаның 8-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері коммуналдық меншіктегі объектілер бойынша іске асырылады.
10. Жергілікті атқарушы органдар жобаларды іріктеуді:
1) жеткізілген қаржыландыру лимиттері, бұл ретте бір жұмыс орнының құны жобалардың барлық түрлері бойынша 3 млн. теңге лимиттен аспайды;
2) мемлекеттік сараптамадан өткен объектілерді салуға және күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманың болуы;
3) жобалар шеңберінде орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру жоспарланып отырған ақаулар ведомосінің, сметалық құжаттаманың, орындалатын жұмыс көлемінің шығыстар сметасының болуы;
4) мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдері және отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мүмкіндігі;
5) жобаларды іске асыруды бастау және аяқтау мерзімдері;
6) жобалардың іске асырылуын жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыру мүмкіндіктері;
7) құрылатын жұмыс орындарының саны және ұсынылған жобалар бойынша есептелген орташа айлық жалақының мөлшері;
8) жобаларды іске асыруға әсер ететін өңірдің табиғи климаттық жағдайлары және басқа да ерекшеліктері негізінде дербес жүзеге асырады.
11. Халықты жұмыспен қамту орталықтары осы ауданда (қалада) тұратын, уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, Бағдарламаға қатысушыларды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші-мердігерлерге жібереді.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тетігі.
12. Жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы орталық уәкілетті органға (бұдан әрі – Бағдарлама операторы) – фельдшерлік-акушерлік пункттердің, дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы бойынша жобаларды, өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға Бағдарлама шеңберінде іске асыру ұсынылатын инфрақұрылымдық жобаларды, қолданыстағы заңнамада талап етілетін техникалық құжаттаманы, жобаны таңдауды, құрылатын жұмыс орындары мен орташа айлық жалақы көрсеткіштерін негіздей отырып, жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей ұсынады.
Тиісті техникалық құжаттамасыз және жобаның таңдалуы, құрылатын жұмыс орындарының саны мен орташа айлық жалақының көрсеткіштері негізделмей ұсынылған, сондай-ақ құны 3 млн. теңгеден асатын жұмыс орындарын құруды көздейтін жобалар қаралмайды.
13. Жобаларды қарау барысында өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган жобалардың осы Бағдарламаның 8-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері мен объектілерге, денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы орталық уәкілетті орган – 8-тармақтың 4) тармақшасына сәйкестігін тексереді.
14. Жобалар осы Бағдарламаның 8-тармағына сәйкес келмеген кезде өңірлік даму мәселелері жөніндегі, денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы орталық уәкілетті органдар жергілікті атқарушы органдарға бас тарту себептері көрсетілген уәждемелі жауап жібереді.
Осы Бағдарламаның 8-тармағына сәйкес келетін жобалардың тізбесін өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастырады және қаржыландыру көлемдерін, құрылатын жұмыс орындары санының және орташа айлық жалақы мөлшерінің күтілетін көрсеткіштерін қоса отырып, Бағдарлама операторына жібереді.
15. Бағдарлама операторы өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған құрылатын жұмыс орындары санының, орташа айлық жалақы мөлшерінің күтілетін көрсеткіштерін ескере отырып жобаларды қарайды.
16. Жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:
1) жаңа жұмыс орындарын құруды;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) тұратын, оның ішінде уақытша тіркелген Бағдарламаға қатысушыларға құрылыс кезінде – жұмыс орындарының кемінде 30 %-ын, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру кезінде жұмыс орындарының кемінде 50 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік және салалық бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде жобаларды іске асырған кезде халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) тұратын, оның ішінде уақытша тіркелген Бағдарламаға қатысушыларға құрылыс кезінде – жұмыс орындарының кемінде 30 %-ын, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру кезінде жұмыс орындарының кемінде 50 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған кезде аудандардың (қалалардың) жұмыспен қамту орталықтарының жазбаша келісімі болған жағдайда оны сырттан тартуға жол беріледі.
17. Жобаларды күрделі, ағымдағы жөндеу, абаттандыру бойынша бюджет қаражаты үнемделген жағдайда жергілікті атқарушы органдар өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша көрсетілген қаражатты Бағдарламаның осы бағыты бойынша іске асырылатын өзге де жобаларға немесе жобалардың түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға жұмсай алады.
18. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға – инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және абаттандыру бойынша, денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы орталық уәкілетті органға ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу бойынша есептерді ұсынады.
Есептерде:
1) басталған (аяқталған) жобалардың саны, жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі;
2) құрылған жұмыс орындарының саны және халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың саны, сондай-ақ олардың орташа айлық жалақысының мөлшері;
3) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі, уақтылы игерілмеудің себептері және төмен тұрған бюджеттен қаржыландыру көлемдері;
4) жіберілген бұзушылықтар және оларды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Бағдарлама операторына басталған (аяқталған) жобалардың саны, құрылған жұмыс орындары мен халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың саны, олардың орташа айлық жалақысының мөлшері туралы ақпаратты қосымша ұсынады.
19. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді және ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-күніне Бағдарлама операторына Бағдарламаның 18-тармағы 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының талаптарына сәйкес есептер ұсынады.
Инфрақұрылымдық жобаларға қатысу тетігі.
20. Іске асырылып жатқан жобаларға жұмысқа орналасуға ниет білдірген және мүмкіндігі бар Бағдарламаға әлеуетті қатысушылар халықты жұмыспен қамту орталықтарына Бағдарламаға қатысуға өтінішпен жүгініп, мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін (мекенжай анықтамасы, ауылдық әкімдердің анықтамасы), уақытша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
3) болған жағдайда, білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом) және/немесе оқу курстарынан өткенін растайтын басқа да құжаттар (куәлік, сертификат).
21. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігін есепке ала отырып, өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу туралы шешім қабылдайды және оларды іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде құрылатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін жібереді.
22. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысатын Бағдарламаға қатысушылар мен жұмыс берушілер туралы мәліметтер «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
23. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган мен Бағдарлама операторы өз құзыреттері шегінде Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді.
Екінші бағыт: кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту
24. Екінші бағыт жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды, тірек ауылдық елді мекендерді кешенді дамытуды көздейді. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру
25. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, даму әлеуеті орташа және жоғары ауылдарда, шағын қалаларда, қалалық әкімшілік бағыныстылық аумағындағы кенттерде жүзеге асырылады.
26. Кәсіпкерлік бастаманы мемлекеттік қолдауды іске асыру үшін тірек ауылдық елді мекендер басым елді мекендер болып табылады.
27. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері ұсынылады:
1) жол жүруге және тұруға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту және бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесу;
2) микрокредиттер беру;
3) бір жылға дейінгі мерзімге жобаларды сүйемелдеу жөніндегі сервистік қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) көрсету;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредиттер алған адамдарды қоспағанда, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу және/немесе жабдықтар сатып алу.
28. Қатысу және Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен айқындалады.
29. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі, микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерді іріктеу және кредит ресурстарын беру, Бағдарламаның осы бағыты шеңберінде бөлінген кредит ресурстарының мақсатты пайдаланылуын мониторингтеу жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларымен айқындалады.
30. Микрокредит беру шарттары:
1) республикалық бюджеттен бюджеттік кредит жергілікті атқарушы органға қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық қағидаттарында 0,01 % жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға беріледі;
2) бюджеттiк кредиттiң нысаналы мақсаты – жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту;
3) микрокредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға берiлмейдi;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит беру мерзiмi – 3 жылдан аспайды, 500 мың теңгеден жоғары сомаға – 5 жылдан аспайды;
5) микрокредиттiң ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды;
6) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит алған қарыз алушыларды қоспағанда, түпкілікті қарыз алушыға, микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге микрокредит бойынша негiзгi борышты өтеу бойынша микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге жеңiлдiктi кезең ұсынылуы мүмкiн;
7) 500 мың теңгеге дейін микрокредит бойынша түпкілікті қарыз алушыға негiзгi борышты өтеу бойынша алты айдан аспайтын мерзімге жеңiлдiктi кезең ұсынылады;
8) микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары және/немесе кредиттiк серiктестiктер үшiн уәкiлеттi өңiрлiк ұйым ұсынатын микрокредиттер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі өңiрлiк комиссиямен келiсу бойынша уәкiлеттi өңiрлiк ұйым үшiн белгiленген микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі мен оның микрокредит берудi ұйымдастыруға байланысты жоспарланған шығыстарын негізге ала отырып белгіленеді;
9) соңғы қарыз алушы үшiн кредиттiк ресурстар бойынша ең жоғары жылдық тиiмдi мөлшерлемені өңiрлiк комиссиямен келiсу бойынша уәкiлеттi өңiрлiк ұйым белгiлейдi;
10) соңғы қарыз алушы үшін қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым ұсынатын микрокредиттер бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі өңірлік комиссиямен келісу бойынша белгіленеді. Бұл ретте 500 мың теңгеге дейінгі микрокредиттер бойынша соңғы қарыз алушы үшін ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5 %-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді;
11) микрокредиттерін мерзімінен бұрын өтеген Бағдарламаға қатысушылардың жеке ісін кеңейту үшін микрокредит алуға қайта өтініш беруге және 5 млн. теңгеге дейін микрокредит алуға құқығы бар;
12) соңғы қарыз алушылардың бұрын берілген кредиттік ресурстар бойынша қайтарған қаражаты есебінен осы Бағдарламаның шарттарына сәйкес қайта кредит беруге жол беріледі.
31. Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жабдық сатып алу шарттары:
1) инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және/немесе салу Бағдарламаға қатысушылар iске асыратын жобалар үшiн қолданыстағы жүйелерге: жолдарға, кәрiзге, жылумен және сумен, газбен жабдықтауға, телефон және электр желiлерiне жетiспейтiн инфрақұрылым жүргізуді болжайды.
Жетiспейтiн инфрақұрылымды жүргізу елдi мекендi дамытудың бас жоспарына (ауылда – инженерлiк-коммуникациялық желiлердiң жергiлiктi схемаларына) сәйкес келуге тиiс және бiр немесе бiрнеше жобаны қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкiн.
Жүргізілген инженерлік инфрақұрылым жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінің теңгеріміне беріледі.
Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады;
2) Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін жабдық сатып алу кәріз, жылумен және сумен, газбен жабдықтау желілерін, телефон және электр желiлерiн алмастыратын жабдықпен, сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін блок модульдермен (арнайы жабдықталған жылжымалы үйлер) жарақтандыруды білдіреді.
Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін сатып алынатын жабдық қабылдау-беру актісі арқылы Бағдарламаға қатысушының меншігіне беріледі. Бұл ретте микрокредитті қайтару мерзімі ішінде Бағдарламаға қатысушы жабдықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етеді және растайды.
32. Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе жетіспейтіндерін салуды және жабдықтар сатып алуды жергілікті атқарушы органдар республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен жүзеге асырады.
33. Нысаналы трансферттерді жергілікті атқарушы органдар айқындалған техникалық шарттарға немесе «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға және бизнес-ұсыныстарға сәйкес пайдаланады.
34. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу және жабдықты сатып алу жөніндегі уәкілетті органды өз бетінше айқындайды.
Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салудың және/немесе сатып алынатын жабдықтың құны жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны мен мемлекеттік сараптама жүргізу құны есепке алынбай берілетін микрокредиттің сомасына қарамастан, Бағдарламаның бір қатысушысына 3 млн. теңгеден аспауға тиіс.
Шартта көзделген инфрақұрылымдық жобаның iске асырылуын мониторингтеу инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органға жүктеледi.
35. Микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына, кредиттік серіктестіктерге және қаржы агенттігі мәртебесіне ие ұйымдарға кредиттік ресурстар беру тетігі:
1) Бағдарлама операторы жергiлiктi атқарушы органға бюджеттiк кредит бередi;
2) аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасын ескере отырып, Кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлейді және оны облыстың кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі уәкілетті органымен келісу бойынша бекітеді.
Кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітілгенге дейін Бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру өңірлік комиссиялар айқындаған өңірде кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына сәйкес жүзеге асырылады;
3) облыстардың жергілікті атқарушы органдары микрокредит беруді ұйымдастыру үшін уәкілетті өңірлік ұйымдарды айқындайды;
4) уәкiлеттi өңiрлiк ұйымдар жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге кредит беру қағидаларына сәйкес Бағдарламаға қатысу үшiн микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарын және/немесе кредиттiк серiктестiктердi iрiктеу бойынша конкурс өткiзедi.
Микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктер арасында конкурс өткізбей, соңғы қарыз алушыларға микрокредит беруді қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымның өзі жүзеге асыруы мүмкін;
5) уәкiлеттi өңiрлiк ұйым мен микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарының және/немесе кредиттiк серiктестiктердiң арасында кредит беру туралы шарт жасалады.
Уәкілетті өңірлік ұйымның қаржы агенттігі мәртебесі болған жағдайда, микрокредит ұсыну туралы шарт тікелей соңғы қарыз алушымен жасалады.
36. Бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі:
1) Бағдарламаның екiншi бағытының бірінші құрамдас бөлігіне қатысуға ниет бiлдiрушiлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді, онда оларға Бағдарлама шеңберінде микрокредит алудың ықтимал нұсқалары туралы консультация беріледі;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаның екінші бағытына қатысушылар құрамына енгізілген адамдармен әлеуметтік келісімшарттар жасайды;
3) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйымға жібереді, онда оларды кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесу қамтамасыз етіледі.
Уәкілетті жұмыспен қамту органдары Бағдарламаға қатысушыға тұруына және жол жүруіне материалдық көмек төлеуді қамтамасыз етеді.
Жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейтетін немесе бұдан бұрын кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен адамдар не микрокредит алар алдындағы үш жылдан аспайтын мерзім ішінде кәсіпкерлік негіздеріне оқудың тиісті курстарынан өткені туралы растайтын құжаттары бар адамдар кәсіпкерлік негіздеріне оқытусыз микрокредит алуға үміткер бола алады;
4) микрокредиттер беру:
Бағдарламаға қатысушы сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымның жәрдем көрсетуімен бизнес-жоспар әзірлейді және Бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру құқығын алған қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымға не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымына микрокредит алуға өтініммен жүгінеді.
Микрокредитті кредиттік серіктестік арқылы алған жағдайда, Бағдарламаға қатысушы жобаның бизнес-жоспарын әзірлейді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларына сәйкес уәкілетті өңірлік ұйым өткізетін кредиттік серіктестіктерді іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысатын кредиттік серіктестікке жүгінеді;
5) Бағдарламаға қатысушы микрокредит алуға оң қорытынды алғаннан кейін сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйыммен бір жылға дейінгі мерзімге жобаны сүйемелдеу жөніндегі қосымша қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлерін) ұсынуға шарт жасасуға құқылы;
6) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту:
халықты жұмыспен қамту орталықтары қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымнан не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымынан немесе кредиттік серіктестіктен оң қорытынды алған кезде инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе жетіспейтіндерін салуды және/немесе жабдық сатып алуды талап ететін Бағдарламаға қатысушылардың тізімдерін жібереді;
Бағдарламаға қатысушылар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жетіспейтін объектілерін дамыту үшін қажет болса, техникалық паспортты, жер актісін, жер учаскесін бөліп беруді және техникалық шарттарды ұсынады;
инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті орган Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қаржыландыру немесе жабдықтар сатып алу мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) және қажетті қаржыландыру көлемі туралы қорытынды дайындайды және қабылданған шешім туралы халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етеді;
7) оң қорытынды алған жобалар бойынша Бағдарламаға қатысушы мен инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органның арасында тиiстi шарт жасалады.
Тірек ауылдарды кешенді дамыту
37. Тірек ауылдарды кешенді дамыту ауылдарды мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландыру есебінен тірек ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
38. Тірек ауылдық елді мекен – бұл дамыған әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымы бар, ауылдық елді мекендердің белгіленген тобына мемлекеттік, білім беру, медициналық, қаржылық-делдалдық, мәдени-демалыс және сервистік қызметтердің кең ауқымын көрсететін жайластырылған елді мекен.
39. Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесін өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
40. Әзірленген әдістемеге сәйкес жергілікті атқарушы органдар тірек ауылдарды айқындау әдістемесінде айқындалған критерийлерге сәйкес бағалау, келісу және тиісті қорытынды беру үшін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органға тиісті негіздемелерді қоса отырып, тірек ауылдар тізбесінің жобасын жібереді.
41. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға енгізу үшін және пилоттық тірек ауылдық елді мекендерді кешенді дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу үшін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісілген тірек ауылдық елді мекендердің тізбесінен тірек ауылдарды таңдап алады.
42. Тірек ауылдың мастер-жоспары тірек ауылдық елді мекенді дамытудың кешенді жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады, ол кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау арқылы экономикалық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану есебінен азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған.
Тірек ауылдың мастер-жоспары:
1) тірек ауылдың ағымдағы экономикалық даму жай-күйін және оның халқын нәтижелі жұмыспен қамтуға талдауды;
2) тірек ауылдың экономикалық қызметтің нақты түріне мамандануын ескере отырып, оны дамыту мүмкіндіктері мен шарттарын айқындауды;
3) қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ жеке инвестицияларды қамтитын мастер-жоспарды іске асыру тетіктері мен құралдарын;
4) инвестицияларды тартуды көздейтін тірек ауылды дамыту жөніндегі шараларды іске асырудың қадамдық жоспарларын, шикізат базасын, қайта өңдеуді дамытуды, ілеспе және қосалқы өндірістерді, инфрақұрылымды дамытуды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және табысы аз азаматтарды ауылды дамыту жөніндегі жұмыстарға тартуды;
5) қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларының көлемін және қаржыландырудың басқа көздерін, іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушыларды айқындауды қамтиды.
43. Тірек ауылдың мастер-жоспарында көзделген іс-шараларды қаржыландыру Бағдарламаны, сондай-ақ қолданыстағы басқа мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген жалпы лимиттер шегінде жүзеге асырылады.
Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әрбір өңірде бір тірек ауылдан) тірек ауылдарды дамытудың пилоттық режимде әзірленген мастер-жоспарларын қаржыландыруға арналған қаражат жеткізілген лимиттердің жалпы сомасының 10 пайызынан аспайтын мөлшерде қосымша жоспарланады.
Тірек ауылдарды дамытуды қаржыландыру үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бөлінген қаражатты өңірлер арасында бөлу тиісті республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісінің тірек ауылдарды дамытудың бекітілген мастер-жоспарларының негізіндегі өтінімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК) шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
44. Тірек ауылдың мастер-жоспарын іске асыру барысында Бағдарламада көзделген құралдар шектеусіз қолданылатын болады.
45. Тірек ауылдардағы жобаларды іске асыруға қатысатын Бағдарламаға қатысушыларды қосымша ынталандыру:
1) 5 жылдан аспайтын мерзімге 5 млн. теңгеге дейінгі сомада микрокредит беру;
2) жол жүруге және тұруға материалдық көмек бере отырып, бір айға дейінгі мерзімге кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспар даярлауға көмек көрсету, жобаларды сүйемелдеу жөніндегі сервистік қызметтер және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін жабдық сатып алу;
3) тірек ауылдарда Бағдарлама қаражатынан тыс жобаларды іске асырып жатқан адамдарға берілген екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
4) тірек ауылдарда тұратын және Бағдарламаға қатысушы болған адамдарға өздері таңдаған Бағдарлама бағыттарына сәйкес мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары ұсынылады.
46. Тірек ауылдарда іске асырылатын жобалар үшін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі функцияларды іске асыруды қаржы агенті – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы жүзеге асырады.
47. Тірек ауылдарда тұратын адамдардың екінші деңгейдегі банктер кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды қаржыландыру тетігі, тәртібі, шарттары мен көздері «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
48. Мастер-жоспарды әзірлеу тәртібі:
1) ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен ауыл округтерінің әкімдері тірек ауылдардың мастер-жоспарын әзірлейді;
2) тірек ауылдың мастер-жоспары жергілікті қоғамдастық жиынына талқылауға шығарылады және жеке және заңды тұлғалар ынтымақты жауапкершілік қағидаттарында іске асырады;
3) жергілікті қоғамдастық жиынында мақұлданған тірек ауылдың мастер-жоспары аудандық комиссияның қарауына шығарылады және оң қорытынды алынғаннан кейін өңірлік комиссияның қарауына жіберіледі;
4) өңірлік комиссияның оң қорытындысын алған тірек ауылдың мастер-жоспары бағалау, тиісті орталық уәкілетті органдармен бірлесіп қаржыландыру жөнінде қорытынды беру және ВАК-тың қарауына енгізу үшін Бағдарлама операторына жіберіледі;
5) ВАК мақұлдаған мастер-жоспарды аудан (қала) мәслихаты бекітеді және жергілікті атқарушы органдар іске асырады.
49. Бағдарлама операторы өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, тірек ауылдардың мастер-жоспарларының іске асырылуына мониторинг жүргізеді әрі бақылауды жүзеге асырады және олардың орындалу барысы туралы ақпаратты ВАК-қа ұсынады.
50. Тірек ауылды дамыту жөнінде ұсынылатын шаралар Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әрбір өңірде бір тірек ауылдан) пилоттық режимде сынақтан өткізілетін болады.
Үшінші бағыт: жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
51. Үшінші бағыт жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыру жолымен халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
52. Үшінші бағыттың мынадай құрауыштары бар:
1) оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
2) аумақтық ұтқырлықты арттыру.
Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
53. Аталған бағыт шеңберінде Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері ұсынылады:
1) кәсіптік бағдарлану, кәсіп таңдауда көмек көрсету, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультация, психологиялық бейімдеу жөніндегі қызметтер;
2) біліктілікті арттырудың, кәсіптік даярлаудың және қайта даярлаудың тегін курстарына (бұдан әрі – кәсіптік оқыту), оның ішінде практикалық дағдылар алу үшін қысқа мерзімді курстарға (бұдан әрі – оқыту шеберлік сыныптары) жіберу;
3) практикалық дағдылар алу үшін қысқа мерзімді курстарды қоспағанда, кәсіптік оқуға материалдық көмек беру;
4) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына орналасуға жәрдемдесу;
5) әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялау;
6) жастар практикасына жіберілген жеке тұлғаларға еңбекақы төлеу.
Үміткерлерді кәсіптік бағдарлау.
54. Кәсіптік бағдарлау кәсіпті саналы түрде таңдау үшін 50 жастан асқан адамдарды қоса алғанда, үміткерлердің бейімділіктерін, қабілеттерін айқындауға бағытталған. Кәсіптерді таңдау Жалпыұлттық дерекқордағы мәліметтерді ескере отырып жүзеге асырылады.
55. Кәсіптік бағдарлауды халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз топтары, орта білім беру ұйымдарының 9, 11-сыныптарының оқушылары арасында білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлеген әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырады.
56. Кәсіптік бағдарлауды жүргізуді жұмыспен қамту орталықтары, оның ішінде мемлекеттік сатып алу және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес тартылатын жеке жұмыспен қамту агенттіктері және (немесе) үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырады.
57. Кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтер «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырылады.
58. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, кәсіптік қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
59. Оқуға үміткерлерді жұмыс беруші Бағдарламаға қатысушылар қатарынан да, Бағдарламаның тиісті критерийлеріне сәйкес келетін, жеке жұмыспен қамту агенттіктері және бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері арқылы өз бетінше іздеу негізінде тартылатын басқа да үміткерлер қатарынан да іріктейді.
Бағдарламаға қатысушы жұмыс берушімен келісу бойынша кәсіптік оқу түрін және білім беретін ұйымды өз бетінше таңдайды.
Оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымын таңдау, тізбесі Бағдарлама операторының, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның және халықты жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурсына орналастырылған ұйымдардың және жұмыс берушілердің оқу орталықтарының қатарынан жүргізіледі.
60. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту кәсіптік даярлық деңгейін бағалау жөніндегі біліктілік емтиханынан өткен адамдарға белгіленген үлгідегі куәлік (сертификат) берілген жағдайда не «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілік беру ғылыми-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамында куәлік (сертификат) алуға жәрдемдесу кезінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Кәсіптік оқыту кадрларды даярлаудың дуальді моделі қағидаттарында жүргізілуге тиіс.
Жалдамалы қызметкерлерді өндірістен қол үзіп немесе қол үзбей кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру Бағдарламаға қатысушының жұмыс орнының сақталуы шартымен жұмыс берушілердің өтінімі бойынша жүзеге асырылады.
61. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады және ол оқу курсының мазмұнына қарай ұзақтығы:
1) кәсіптік даярлау жүргізу кезінде – он екі айдан аспайды;
2) қайта даярлау кезінде – алты айдан аспайды;
3) біліктілікті арттыру кезінде – үш айдан аспайды.
62. Жергілікті атқарушы органдар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту құнын жыл сайын білім беру процесіндегі шығыстарды есепке ала отырып, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандық пен біліктілік деңгейіне байланысты белгілейді.
Жұмыс берушілердің оқу орталықтарындағы кәсіптік оқыту құнын халықты жұмыспен қамту орталығымен, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органмен және өңірлік комиссиямен келісу бойынша оқу орталығы айқындайды.
63. Кәсіптік оқу аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды жұмыс беруші мәлімдеген жұмыс орнына жібереді.
64. 2013 жылға дейін кәсіптік даярлауға қабылданған адамдардың оқуын қаржыландыруды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі көрсетілген адамдар оқуын толық аяқтағанға дейін жүзеге асыратын болады.
Жастар практикасына және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу
65. Оқуды аяқтағаннан кейінгі үш жыл ішінде бітірушілер қатарындағы жастар практикасына қатысушылардың жалақысын субсидиялау 6 айдан асырмай жүзеге асырылады.
Экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, субсидия мөлшері айына 18 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып) құрайды.
Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыруға жол беріледі. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысын мемлекеттің ішінара субсидиялауы жұмысқа орналасқан күннен бастап 12 ай ішінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
Әлеуметтік жұмыс орындарында және жастар практикасында уақытша жұмыспен қамтылу шарттары «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысында айқындалған.
66. Жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды және/немесе жұмысқа орналастыруды өз бетінше не мемлекеттік сатып алу және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктерін және/немесе үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы жүргізеді.
67. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушылар үшін ұзақтығы екі айдан аспайтын мерзімге оқыту шеберлік сыныптарын ұйымдастырады.
Оқыту шебер сыныптары практикалық сабақтар қолданыла отырып өткізіледі.
Оқыту шеберлік сыныптарын өткізу үшін практикалық жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар, оның ішінде табысты жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті шетелдік мамандар тартылады.
68. Бағдарлама шеңберінде азаматтардың қатысу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары, кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
69. Іске асыру тетігі:
1) үміткерлер тұрғылықты жерінде ауданның, қаланың халықты жұмыспен қамту орталықтарына Бағдарламаға қатысуға өтінішпен жүгінеді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес құжаттарды ұсынады;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтары:
ұсынылған құжаттарды қарайды және ұсынылған құжаттардың Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру негізінде Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (не одан бас тарту) туралы шешім қабылдайды және дерекқорда бар бос жұмыс орындарына не жұмыс берушілер өз бетінше немесе жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы мәлімдеген жұмыс орындарына, жалақыны ішінара субсидиялаумен әлеуметтік жұмыс орындарына, сондай-ақ жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді;
3) қажетті біліктілігі болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүрген Бағдарламаға қатысушылар жұмыс берушілер мәлімдеген мамандықтар бойынша кәсіптік оқуға жіберіледі;
4) Бағдарламаға қатысушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқуға жіберген кезде білім беру ұйымы мен жұмыс беруші де әлеуметтік келісімшарт тараптары болады.
Жұмыс беруші мен білім беру ұйымы әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы басшының не қол қоюға құқығы бар жауапты лауазымды адамның қолымен және мөрмен куәландырылған жазбаша өтініш (хабарлама) беру арқылы әлеуметтік келісімшарт жасалғанын растайды.
Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілер өтініште (хабарламада) Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарды және оқу шарттарын, оларды оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отырған мамандық (кәсіп), білім беру ұйымын, өндірістік практикадан өту орнын және оқу аяқталғаннан кейін жұмыс істеу кезеңін көрсетеді.
Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары өтініште (хабарламада) мамандығы (кәсібі), оқытудың ұзақтығы мен құны, өндірістік практикадан өтетін ықтимал орны мен шарттары туралы ақпаратты көрсетеді;
5) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын Бағдарламаға қатысушылар, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары тарапынан – халықты жұмыспен қамту орталықтары, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан ауданның (қаланың) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органы бақылайды.
Аумақтық ұтқырлықты арттыру
70. Бағдарлама шеңберінде аумақтық ұтқырлықты арттыру:
1) жұмыс берушілердің қажеттілігін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға;
2) 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендерінде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға қатысты жүзеге асырылады.
Жұмыс берушілер мен әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден өз еркімен қоныс аударатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандардың Бағдарламаға қатысу және олардың мемлекеттік қолдау алу тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында айқындалады.
Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендері тұрғындарының қоныс аударуы және оларға мемлекеттік қолдау көрсету өңірлік комиссия шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендері тұрғындарының қоныс аударуын және оларға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру үшін облыс шегінде тұрғын үй салу (сатып алу), реконструкциялау көзделеді.
71. Бағдарламаға қатысушылардың әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына көшуі:
1) бір ауданның ішінде;
2) бір облыс шегіндегі бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға);
3) бір облыстан басқа облысқа жүзеге асырылады.
72. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендерді айқындау критерийлерін өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Олардың негізінде жергілікті атқарушы органдар өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің тізбесін айқындайды және оны Бағдарлама операторына жібереді.
73. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қоныс аударатын Бағдарламаға қатысушылар үшін сейсмологиялық аймақтар мен сипаттамаларды ескере отырып, тұрғын үйдің (жеке немесе көппәтерлі) үлгілік жобаларын әзірлейді.
74. Бағдарлама шеңберінде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау:
1) көшуге байланысты шығыстарды өтейтін субсидия беруді;
2) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын адамдарға тұрғын үй – қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін жатақханалардан бөлме беруді қамтиды.
Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:
1) қажеттілігіне қарай кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқыту;
2) жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.
75. Көшуге субсидияны, тұрғын үй салуды (сатып алуды) қаржыландыру және жұмыс берушінің қатысумен бөлу тетігі, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын азаматтарды қоныстандыру үшін қызметтік тұрғын үй мен жатақханалар беру және оны пайдалану тәртібі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында айқындалады.
Жиырма тоғыз жасқа дейінгі еңбекші жастарға (оның ішінде, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар) олардың бұрынғы тұрған жеріне, оның ішінде облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалада және астанада тұрғанына қарамастан жатақханалардан бөлме беріледі.
Мұндай адамдарды әскери қызметке шақыру кезінде олардың жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады.
76. Жұмыс берушілердің Бағдарламаға қатысу тетігі:
1) халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерге әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын азаматтар қатарынан қоныс аударуға және жұмысқа орналасуға қатысуға үміткерлерді таңдау тәртібі мен шарттары туралы консультация береді;
2) Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту орталықтарына:
мамандықтар (кәсіптер) бөлінісінде қажетті жұмыс күшінің санын көрсете отырып;
Бағдарламаға қатысушылар үшін тұрғын үй салу (сатып алу) мүмкіндігін және Бағдарламаға қатысушыларды (қоса қаржыландыру шартымен) тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мүмкіндігін не Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін оларды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру туралы жазбаша міндеттемені растай отырып өтінім береді;
3) жергілікті атқарушы органдар заңнамаға сәйкес тұрғын үй құрылысы үшін жер бөледі, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді, мемлекеттік сараптама жүргізеді, жергілікті бюджет қаражаты есебінен аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына және құрылыс салу жоспарына сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылуға, сондай-ақ жүргізуге және қосылуға техникалық талаптар қояды;
4) жеке тұрғын үйлерді салу кезінде жобаны жергілікті жерге байланыстыру жергілікті бюджет және жұмыс берушінің барабар түрде салған қаражаты есебінен немесе келісу бойынша жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады.
Көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде жобаны жергілікті жерге байланыстыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе келісу бойынша жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады;
5) облыстардың жергілікті атқарушы органдары мен жұмыс беруші мынадай міндеттемелерді көздейтін ниет шартын жасасады:
тұрғын үйді бірлесіп салу және сатып алу тәртібі;
қоныс аударатын азаматтарды міндетті түрде жұмысқа орналастыру;
жұмыс берушінің қоса қаржыландыру мөлшері;
жұмыс беруші тарапынан қоса қаржыландырылған жағдайда, құрылыс салатын жерді, салынатын тұрғын үйдің ықтимал нұсқаларын таңдау, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу оның қатысуымен жүзеге асырылады;
6) салынған және пайдалануға тапсырылған тұрғын үй мемлекет пен жұмыс беруші арасында осы тұрғын үй құрылысына салынған қаражатқа барабар бөлінеді.
77. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударатын адамдардың Бағдарламаның үшінші бағытына қатысу тетігі:
1) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын қатысуға үміткерлер көшуге арналған өтінішпен халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында көзделген құжаттарды қоса береді;
2) жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің қажеттілігін ескере отырып, құжаттарды қатысуға іріктеу критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан қарайды, өтініш берушілермен көшудің ықтимал нұсқаларын келіседі және көшетін жеріне қарай құжаттарды өңірлік немесе аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды;
3) құжаттарды қарау қорытындысы бойынша:
өңірлік комиссиялар облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға қоныс аударатын азаматтарға қатысты, сондай-ақ басқа облысқа қоныс аударатын азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды;
аудандық/қалалық комиссиялар бір аудан шегінде көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды;
4) өңірлік не аудандық/қалалық комиссия ұсынымының негізінде халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
Бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұрақты тұру критерийлері басқа облыстарға қоныс аударатын үміткерлерге қолданылмайды;
5) өңірлік комиссияның шешімі негізінде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтарының шегінде тұратын адамдар қатарындағы Бағдарламаға қатысушыларды құрылысы 2013 жылғы 1 шілдеге дейін басталған қызметтік тұрғын үйлерге көшіруге рұқсат беріледі;
6) Бағдарламаға қатысушылар тізіміне енгізілген адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы (келген жерінің) арасында әлеуметтік келісімшартқа қол қойылады. Әлеуметтік келісімшарт көшу бойынша әлеуметтік қолдаумен қатар, жаңа жерде жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды;
7) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.
Бағдарламаға қатысушылар
78. Жұмыссыз, ішінара жұмыспен қамтылған, табысы аз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ оралмандар және қатысу басымдылығы Бағдарламада белгіленген азаматтардың өзге де санаттары Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
79. Бағдарламаға қатысу үшін басым құқық:
1) оқуды аяқтағаннан кейін үш жыл ішінде жалпы білім беру мектептерінің 9, 11-сыныптарын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітірушілерді және оқушыларын қоса алғанда, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастарға;
2) он сегізден жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
3) еңбек қызметімен айналысу үшін денсаулық жағдайы бойынша қарсы айғақтары жоқ мүгедектерге;
4) ауылдық жерлерде тұратын әйелдерге;
5) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 50 жастан асқан адамдарға;
6) жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына дейін зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерге;
7) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бұрын істеген және мемлекеттік жәрдемақыларды алушы болып табылатын адамдарға;
8) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан босатылған адамдарға;
9) бас бостандығынан айыру орындарынан және (немесе) мәжбүрлі емдеуден босатылған адамдарға;
10) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына, жұмыс беруші – жеке тұлға қызметін тоқтатқанға байланысты немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша жұмыстан босатылған адамдарға беріледі.
Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізу кезінде дәйексіз деректер ұсынған адамдар Бағдарламаға қатысушылар құрамынан шығарылады және мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге жұмсалған мемлекеттік шығыстар сомаларын бюджетке ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда – сот тәртібімен өтейді.
Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізілген және кәсіптік оқыту, микрокредит беру және қоныс аудару бойынша мемлекеттік қолдауды алатын адамдармен тараптардың құқықтары мен міндеттері айқындалатын әлеуметтік келісімшарттар жасалады.
Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты мониторингтеу жөніндегі шаралар
80. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты мониторингтеу үшін:
1) нормативтік құқықтық базаны жетілдіру;
2) мемлекеттік, салалық бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жеке сектор бастамасы шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді қамтитын жалпыұлттық дерекқорды (бұдан әрі – жалпыұлттық дерекқор) қалыптастыру және дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.
Жалпыұлттық дерекқор нақты кәсіпорындар мен мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос жұмыс орындарын қамтитын болады.
Ағымдағы бос жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар туралы мәліметтерді ұсыну нысандарын Бағдарлама операторы мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісу бойынша бекітеді.
Мемлекеттік, салалық бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберіндегі жобаларды іске асыруға жауапты жергілікті атқарушы органдар Бағдарлама операторына құрылыс кезеңінде және оларды пайдалануға бергеннен кейін құрылатын жұмыс орындарының болжамды санын салалар, жобалар мен мамандықтар/лауазымдар бөлінісінде ұсынады.
Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар
81. Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру еңбек белсенділігі мен атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсету арасында оңтайлы байланыс орнатуға бағытталған.
Осы мақсатта шартты әлеуметтік көмекті енгізу көзделуде. Ол атаулы қолдаудың шартсыз нысанынан «өзара міндеттемелер» (отбасыны жандандырудың әлеуметтік келісімшарт жүйесі) қағидатына өтуді болжамдайды.
Отбасын жандандырудың әлеуметтік келісімшарты еңбек әлеуетін жандандыру және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану, екі тараптың өзара міндеттемелерін, әрекеттерін көрсете отырып, әлеуметтік және кәсіптік бейімдеу бойынша қызметтер көрсету есебінен отбасының өмірлік қиын жағдайлардан шығуының жеке жоспарын қамтитын болады.
Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, азаматтардың әлеуметтiк келiсiмшарттың талаптарын орындауына бақылау жүргiзедi және ұсынылған көмектiң тиiмдiлiгiн бағалайтын болады.
Құрамында еңбекке жарамды жастағы мүшелерi (мүгедектер, әлеуметтiк мәнi бар аурулармен ауыратын адамдар) бар күнкөрісі төмен отбасыларға АӘК «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берiлетiн болады.
Бағдарламаны институционалдық ұйымдастыру
82. Бағдарламаның іске асырылуы жоғарыдан төмен басқару құрылымымен басқарылады, оның құрамына ВАК, Бағдарламаның операторы, Бағдарламаны жергілікті деңгейде іске асыру жөніндегі өңірлік және аудандық (қалалық) комиссиялар, орталық және облыстық, аудандық және ауылдық маңызы бар жергілікті атқарушы органдар кіреді.
83. Бағдарламаның іске асырылуын басқаруды:
республикалық деңгейде:
1) ВАК;
2) Бағдарлама операторы;
облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган;
аудандық (қалалық) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен халықты жұмыспен қамту орталықтары;
кент, ауыл және ауылдық округтер деңгейінде – кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдері жүзеге асырады.
84. ВАК мынадай негізгі өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) өңірлер бойынша қаржыландыру лимиттерін және қаражатты бөлуді келіседі;
2) Бағдарламаның орындалуының негізгі қорытындыларын қарайды және орталық және жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаны, сондай-ақ салалар бойынша және өңірлерде жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жұмысқа орналастыру бөлігінде тиісінше мемлекеттік, салалық бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру бойынша есептерін тыңдайды;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Бағдарламаны іске асыруға байланысты мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді;
4) Бағдарлама шеңберінде кешенді дамыту үшін айқындалған тірек ауылдық елді мекендердің тізбесін және тірек ауылдарды дамытуды қаржыландыруға арналған қаражатты өңірлер арасында бөлуді қарайды және келіседі.
85. Бағдарлама операторы уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып:
1) Бағдарламаны нормативтік құқықтық, әдістемелік және ақпараттық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
2) ВАК-пен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен өңірлер бөлінісінде қаржыландыру лимиттерін белгілеу және Бағдарлама бағыттары бойынша қаражат бөлу туралы ұсыныстар дайындайды;
3) Бағдарламаның іске асырылуына мониторингті қамтамасыз етеді;
4) жалпыұлттық дерекқорды қалыптастыру тәртібін және ағымдағы бос жұмыс орындары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қажет ететін мамандықтар туралы мәліметтерді беру үшін нысандарды әзірлейді;
5) өңірлік, аудандық (қалалық) комиссияның үлгілік ережелерін, әлеуметтік келісімшарттың, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы өтініштерінің (хабарламаларының) нысандарын әзірлейді және бекітеді;
6) Бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.
86. Өңірлік комиссиялар:
1) Бағдарламаға қатысушылардың тізімін келіседі;
2) кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарын келіседі;
3) Бағдарламаны бағыттары бойынша аудандар мен қалалар бөлінісінде қаржыландыру лимиттерін келіседі;
4) уәкілетті өңірлік ұйым микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге беретін кредиттер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін келіседі;
5) соңғы қарыз алушы үшін микрокредиттер бойынша ең жоғары жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеменің мөлшерін келіседі;
6) тірек ауылдарды кешенді дамытудың мастер-жоспарын келіседі;
7) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға, бір облыстан басқа облысқа қоныс аударатын адамдарға қатысты Бағдарлама қатысушыларының құрамына енгізу (енгізуден бас тарту) туралы ұсынымдар әзірлейді;
8) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің оқу орталықтарында кәсіптік оқытудың құнын келіседі;
9) облыстық, қалалық және аудандық маңызы бар жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаның іске асырылуы туралы есептерін тыңдайды;
10) Бағдарламаның іске асырылуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар дайындайды;
11) Ақмола облысының Калачи және Красногорский елді мекендерінің тұрғындарын көшіру және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы шешім қабылдайды.
87. Аудандық (қалалық) комиссиялар:
1) Бағдарламаға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынатын ақпараттар мен құжаттар негізінде Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына іріктеу жүргізеді және тиісті ұсыныстарды қарау үшін өңірлік комиссияларға жібереді;
2) екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды және тірек ауылдарды кешенді дамытудың мастер-жоспарын келіседі;
3) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде бір аудан шегінде қоныс аударатын адамдарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар әзірлейді;
4) Бағдарламаның іске асырылуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар әзірлейді.
88. Облыстық маңызы бар жергілікті атқарушы органдар:
1) аудандар мен қалалардың әкімдері ұсынған жобалар мен іс-шаралар жоспарларын, Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын тірек ауылдарды кешенді дамытудың мастер-жоспарын келіседі;
2) Бағдарламаның өңірлік құрамдас бөліктерін қаржыландыру лимиттері жөніндегі ұсыныстарды өңірлік комиссияның және Бағдарлама операторының қарауына енгізеді;
3) өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендердің, тірек ауылдық елді мекендердің тізбесiн айқындайды, Бағдарламаға қатысушылардың көшу жоспарын бекітеді.
89. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының негiзгi мiндеттерi:
1) жалпы рәсiмдердi жүргiзу: Бағдарламаға қатысу мәселесi бойынша азаматтарды хабардар ету және консультациялық қызметтер көрсету, құжаттарды дайындауда көмек көрсету, үмiткерлердiң қажеттiлiктерiн зерттеу мақсатында оларға консультация беру, үмiткерлердiң әлеуметтiк қолдауға мұқтаждығына бағалау жүргiзу, Бағдарламаға қатысуға үмiткерлердiң құжаттарын қабылдау;
2) Бағдарламаға әлеуеттi қатысушыларды, олардың мәртебесiне, кәсіптері мен әлеуметтiк қолдауға мұқтаждығына қарай санаттар бойынша iрiктеу және бөлу;
3) Бағдарламаға қатысушылармен әлеуметтiк келiсiмшартқа қол қою, оның орындалуына мониторингті жүзеге асыру және заңнамаға сәйкес оның талаптары орындалмаған жағдайда санкция қолдану;
4) жергілікті еңбек нарығында кадрларға қажеттілікке мониторинг жүргізу және оны айқындау;
5) мемлекеттік (салалық) бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын жобаларға жұмысқа орналасуға жіберу.
90. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының ауылдық округтерде Бағдарламаны iске асыру мәселелерiмен, жұмыс берушiлермен, бiлiм беру ұйымдарымен және жеке меншiк жұмыспен қамту агенттiктерiмен өзара iс-қимылды үйлестiрумен айналысатын өкiлдiктерi, бөлiмшелерi (немесе мамандары) болуы мүмкiн.
Бағдарламаны ақпараттық-әдіснамалық қамтамасыз ету
91. Бағдарламаны іске асыруды ақпараттық-әдіснамалық қамтамасыз ету мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
1) кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін дамыту;
2) тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін әзірлеуді қоса алғанда, жұмыспен қамту орталықтарының қызметін әдіснамалық қамтамасыз ету;
3) Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің (бұдан әрi – ӘЕСБАЖ), оның ішінде нақты уақыт режимінде жалпыұлттық дерекқорды пайдалану үшін Бағдарлама шеңберінде орындалатын бизнес-процестерді автоматтандыру базасында Бағдарламаның іске асырылуына кешенді мониторинг жүргізу; жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қолдау үшін өтініш берген адамдарды, оның ішінде Бағдарламаға қатысушыларды автоматтандырылған есепке алуға өзгерістер енгізу; Бағдарламаға қатысушылардың табысын айқындау үшін «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК тиісті дерекқорын пайдалану, бұл бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын болғызбайды;
4) «Жастардың еңбек биржасы» бірыңғай ақпараттық порталын және «Жұмыс» ақпараттық порталын қолдау;
5) Бағдарлама шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы, сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдар, қызметтер және оқу орындарының тізбесі туралы ақпарат Бағдарлама операторының, білім беру саласындағы уәкілетті органның, Бағдарлама операторының жанындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның және халықты жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурстарында орналастырылады;
6) халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында елді мекендердің даму әлеуетін айқындау жөніндегі зерттеу;
7) дайындық бейініне сәйкес оқыту орталықтары арқылы әдістемелік қамтамасыз етуді ескере отырып, нысаналы топтың қаржылық сауаттылығының деңгейін арттыру.
Бағдарлама операторының көрсетілген бағыттарды іске асыруы үшін Бағдарламаны ақпараттық-әдіснамалық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым айқындалатын болады.
92. Бағдарлама шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы, сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымдар, көрсетілетін қызметтер және оқу орындарының тізбесі туралы ақпарат Бағдарлама операторының, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның, Бағдарлама операторының жанындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардың және халықты жұмыспен қамту орталықтарының интернет-ресурстарында орналастырылады.
6. Бағдарламаны iске асыру кезеңдерi
93. Бағдарламаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады: бірінші кезең – 2015 жыл, екінші кезең – 2016 – 2020 жылдар.
94. Бiрiншi кезеңде пилоттық режимде үшiншi бағытта (экономикалық өсу орталықтарына және әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi жоғары елдi мекендерге көшу) қызметтік тұрғын үйлерді сатып алу және қоныстандыру жұмыс берушінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Халықты жұмыспен қамтуды және жұмыссыздық деңгейін бақылауды қамтамасыз ету мақсатында қалаларда және ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен жұмыс орындарын жедел құру шаралары пысықталады.
Тірек елді мекендерді кешенді дамыту тетіктері пысықталады, кредиттер бойынша субсидиялау және үміткерлерді кәсіптік бағдарлау тетіктері енгізіледі.
95. Екінші кезеңде: 2016 – 2020 жылдары – өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып, Бағдарламаның негізгі құрамдас бөліктері әзірленетін, келісілетін болады және орындалуға қабылданады; еңбек нарығында туындайтын қатерлерді басқару және жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесу Бағдарламада ұсынылған тетіктер мен құралдар негізінде жүзеге асырылады.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 2020 жылға дейін бір жарым миллион адамға дейiн қамтылатын болады.
Жұмыспен нәтижесiз қамтудың үлес салмағы төмендейдi, жұмыссыздық азаяды, еңбек өнiмдiлiгi, сондай-ақ халықтың табысы артады.
7. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
96. Бағдарламаны іске асыру республикалық бюджетте 2015 жылға көзделген 37,3 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражат шегінде іске асырылады.
1) 2015 жылға – 37,3 млрд. теңге қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Келесі жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі жоспарланатын жылға арналған тиісті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.
97. Бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету үшін Бағдарлама операторы мемлекеттің қаржы-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, жыл сайын 1 ақпанға дейін алдағы үш жылға арналған қаржыландыру лимиттерін айқындайды және қаражатты өңірлер бойынша бөлу жөнінде ВАК-қа ұсыныстар енгізеді.
Қаржыландыру лимиттері өңірлер арасында статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша бөлу алдындағы тоқсандағы жағдайға сәйкес экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың санына барабар бөлінетін болады.
Жергілікті атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығының көрсеткіштеріне қарай қаражатты Бағдарламаның бағыттары арасында дербес бөледі.
Бұл ретте, Астана және Алматы қалаларын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар жеткізілген лимиттің жалпы сомасының кемінде 70 %-ын ауылдық жерлерге жіберуге тиіс.
Өңірлерге бөлінген қаржыландыру лимиттерін нақтылау және түзету экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың санын есепке алмай жүзеге асырылады.
Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әрбір өңірде бір тірек ауылдан) пилоттық режимде әзірленген тірек ауылдарды дамытудың мастер-жоспарлары шеңберінде тірек ауылдарды дамытуды қаржыландыруға арналған қаражат жеткізілген қаржыландыру лимиттерінің сомасына кірмейтін болады және аталған қаражаттың (жеткізілген лимиттердің) 10 %-ынан аспайтын мөлшерде қосымша жоспарланатын болады.
Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жобаның жалпы құнының кемінде 10 %-ы жергілікті бюджет есебінен қоса қаржыландырылған жағдайда жүзеге асырылады.
Көппәтерлі тұрғын үйді, сондай-ақ жеке, екі (үш және одан көп) пәтерлі тұрғын үйлерді салу және сатып алу кезінде жұмыс беруші тұрғын үйдің жалпы сметалық құнының кемінде 10 %-ы мөлшерінде қоса қаржыландыруды жүзеге асырады.
Қызметтік тұрғын үйлер мен жатақханалар салуды және (немесе) сатып алуды қаржыландыру Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес айқындалатын жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үйдің 1 шаршы метрі құнының мөлшерін негізге ала отырып, республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында айқындалған құннан асатын шығыстар жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен қаржыландырылады.
98. Жергілікті атқарушы органдар белгіленген лимиттерді негізге ала отырып, Бағдарламаның негізгі параметрлері бойынша күтілетін нәтижелерді (нысаналы индикаторларды) түсіндірме жазбада көрсетіп, Бағдарламаның бағыттары, бюджет заңнамасында белгіленген нысандар бойынша алдағы қаржы жылына арналған бюджеттік өтінімді қалыптастырады және жыл сайын 15 сәуірге дейінгі мерзімде тиісті орталық мемлекеттік органдарға ұсынады.
Тиісті орталық мемлекеттік органдар Бағдарламаның негізгі параметрлері бойынша күтілетін нәтижелерді (нысаналы индикаторларды) түсіндірме жазбада көрсете отырып, Бағдарлама операторына бюджет заңнамасында белгіленген нысандар бойынша бюджеттік өтінімдерді жыл сайын 1 мамырға дейінгі мерзімге ұсынады.
Бағдарлама операторы жыл сайын 15 мамырға дейінгі мерзімде бюджеттік өтінімдерді бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
99. Облыстық бюджеттерге, төмен тұрған бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерінің сомаларын бөлуді қоса алғанда, Бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға республикалық бюджетте тиісті кезеңге көзделген қаражатты республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін төмен тұрған бюджеттерге аударуды бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өңірлер бөлінген және (немесе) бөлінетін қаражаттан бас тартқан, сондай-ақ инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға тиісті құжаттаманы ұсынбаған жағдайда, Бағдарлама операторы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тиісті құжаттама қоса берілген қосымша өтінімдерінің негізінде экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны бойынша критерийлерді есепке алмай, ВАК-тың қарауына қаражатты қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізеді.
Республикалық бюджетті нақтылау кезінде жоғарыда көрсетілген рәсімдер сақталады, бюджеттік өтінімдерді ұсыну мерзімін Бағдарлама операторы белгілейді.
100. Лимит бойынша ұсынылған қаражатты мақсатты пайдалануды және Бағдарламада көзделген нәтижелерге (нысаналы индикаторларға) қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бағдарлама операторы мен жергілікті атқарушы органдар арасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары шеңберінде мынадай негізгі параметрлер бойынша меморандумдар жасалады:
1) жұмыссыздық деңгейі;
2) тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылғандардың қатысушылардың жалпы санындағы үлес салмағы;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесін ұлғайту;
4) еңбек етуге жарамды азаматтардың табысы аз халық құрамындағы үлесін қысқарту;
5) Бағдарлама бағыттарының әрқайсысында мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған Бағдарламаға қатысушылардың саны;
6) әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасына жұмысқа орналастырылған, оның ішінде Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқудан өткен адамдар қатарынан Бағдарламаға қатысушылардың саны;
7) инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылатын жұмыс орындарының саны және орташа айлық жалақының мөлшері.
8. «Жұмыспен қамту 2020» жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
р/с |
Атауы |
Өлшем бірлігі |
Орындау мерзімі |
Аяқталу нысаны |
Жауапты орындаушылар |
Оның ішінде жылдар бойынша |
Қаржыландыру көздері |
||||||
2015 |
2016 |
2017 |
2018 |
2019 |
2020 |
Барлығы |
|||||||
1 |
2 |
3 |
4 |
5 |
6 |
7 |
8 |
9 |
10 |
11 |
12 |
13 |
14 |
Мақсаты. Халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, әл-ауқатының артуына жәрдемдесу, жұмыссыздықты қысқарту |
|||||||||||||
Нысаналы индикатор |
|||||||||||||
1 |
Жұмыссыздық деңгейі |
% |
2015-2020 |
статистикалық есеп, тоқсан сайын |
ҰЭМ, ДСӘДМ, ЖАО |
5,0 |
5,0 |
5,0 |
5,0 |
5,0 |
5,0 |
талап етілмейді |
|
2 |
Әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі |
% |
2015-2020 |
статистикалық есеп, тоқсан сайын |
ҰЭМ, ДСӘДМ, ЖАО |
5,7 |
5,5 |
5,5 |
5,5 |
5,5 |
5,5 |
талап етілмейді |
|
3 |
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (15-28 жас) |
% |
2015-2020 |
статистикалық есеп, тоқсан сайын |
ҰЭМ, ДСӘДМ, ЖАО |
4,7 |
4,6 |
4,6 |
4,6 |
4,6 |
4,6 |
талап етілмейді |
|
1-міндет. Өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы тобына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту |
|||||||||||||
Нәтижелер көрсеткіші |
|||||||||||||
1) |
Бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер қатарындағы оның іс-шараларымен қамтылған азаматтардың үлесі |
% |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
79,0 |
92,0 |
92,0 |
92,0 |
92,0 |
92,0 |
талап етілмейді |
|
2) |
Әлеуметтік келісімшартқа қол қойған адамдар қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған әйелдердің үлесі |
% |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
44,6 |
44,6 |
44,6 |
44,6 |
44,6 |
44,6 |
талап етілмейді |
|
3) |
Әлеуметтік келісімшартқа қол қойғандар қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған жасы 29-ға дейінгі жастардың үлесі |
% |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
43,5 |
43,5 |
43,5 |
43,5 |
43,5 |
43,5 |
талап етілмейді |
|
4) |
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесі |
% |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
62,5 |
64,5 |
65,5 |
66,5 |
66,5 |
66,5 |
талап етілмейді |
|
Іс-шаралар |
|||||||||||||
1) |
Инфрақұрылымды және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету |
млрд. теңге |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ҰЭМ, АШМ, БҒМ, Қаржы-мині, МСМ, ЭМ, ЖАО |
13,8 |
- |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
2) |
Кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру |
млрд. теңге |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ҰЭМ, АШМ, Қаржы-мині, ЖАО |
10,2 |
- |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
3) |
Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныстандыру арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу |
млрд. теңге |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ҰЭМ, БҒМ, Қаржы-мині, ЖАО |
9,0 |
- |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
4) |
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары туралы халыққа насихаттау және хабардар ету |
млн. теңге |
2015-2020 |
есеп, ай сайын, айдың 10-күніне |
ДСӘДМ, ЖАО |
273,9 |
- |
- |
- |
- |
- |
РБ |
|
2-міндет. Кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін дамыту |
|||||||||||||
Нәтижелер көрсеткіші |
|||||||||||||
1) |
Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы кәсіптік оқуды аяқтағандардың қатарындағы жұмысқа орналасқандардың үлесі |
% |
2015-2020 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, ЖАО |
69,5 |
70,0 |
70,5 |
71,0 |
71,0 |
71,0 |
талап етілмейді |
|
Іс-шаралар |
|||||||||||||
1) |
Ағымдағы бос жұмыс орындарының жалпыұлттық дерекқорын қалыптастыру |
- |
2015-2020 |
дерекқор |
ДСӘДМ, ЖАО |
- |
- |
- |
- |
- |
- |
талап етілмейді |
|
2) |
Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқудан өтетін адамдарға мемлекеттік қолдау көрсету |
млрд. теңге |
2015-2020 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, БҒМ, ЖАО |
3,7 |
РБ |
||||||
3-міндет. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру |
|||||||||||||
Нәтижелер көрсеткіші |
|||||||||||||
1) |
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамындағы еңбекке жарамды халықтың үлес салмағы |
% |
2015-2020 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, ЖАО |
30,0 |
30,0 |
30,0 |
30,0 |
30,0 |
30,0 |
талап етілмейді |
|
Іс-шаралар |
|||||||||||||
1) |
Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге бағытталған заңнаманы және бағдарламалық құжаттарды жетілдіру |
- |
2015-2020 |
ДСӘДМ-ге ақпарат |
ДСӘДМ, ЖАО |
- |
- |
- |
- |
- |
- |
талап етілмейді |
|
2) |
Халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыру |
млн. теңге |
2015-2020 |
халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу |
ДСӘДМ, ЖАО |
273,9 |
- |
- |
- |
- |
- |
РБ |
Ескерту: аббревиатуралардың толық жазылуы:
ДСӘДМ – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
ҰЭМ – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
ИДМ – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі
Қаржымині – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
АШМ – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
БҒМ – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
МСМ – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
ЖАО – жергілікті атқарушы органдар
ҰКП – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
РБ – республикалық бюджет