Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 860 қаулысы

Қолданыстағы

      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің           
2014 жылғы 31 шілдедегі    
№ 860 қаулысымен         
бекітілген            

Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен
операциялар жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік материалдық резервтің (бұдан әрі – мемлекеттік резерв) материалдық құндылықтарын жеткізудің, сақтаудың және шығарудың тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарымен операция жүргізу жоспары – мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын жеткiзудi, сақтауды және шығаруды реттейтiн құжат (бұдан әрi – Операция жүргізу жоспары);
      2) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия – азаматтық қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылатын азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіндегі консультациялық-кеңесші орган;
      3) уәкiлеттi орган – азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты басқаруды және салааралық үйлестіруді, дайындауды және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      4) уәкілетті органның мемлекеттік резерв саласындағы құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) – уәкілетті органның мемлекеттік резерв саласындағы іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы.
      3. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шығару:
      1) жаңартуға байланысты;
      2) қарызға беру тәртібімен;
      3) броннан шығару тәртібімен жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымдарынан (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) немесе мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пунктінен (бұдан әрі – сақтау пункті) шығару кезінде материалдық құндылықтарды беру наряд негізінде жүзеге асырылады.
      Нарядтың нысаны мен беру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

2. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервке
жеткізу және сақтау

      5. Мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткізіп беруге тапсырыстар оларды жеткізіп берушілер арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражатының есебінен орналастырылады.
      6. Уәкілетті орган мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткізіп беруге тапсырыс беруші ретінде әрекет етеді.
      7. Мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткізу мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасына сәйкес жүргізіледі.
      8. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын тиеп жіберу және жеткізу шарттары ИНКОТЕРМС талаптарын есепке ала отырып жеткізу шарттарында қамтылады.
      9. Мемлекеттік резервке (резервтен) материалдық құндылықтарды әрбір жеткізу (тиеп жіберу) уәкілетті тұлғалар қол қойған және ведомстволық бағынысты ұйымның немесе сақтау пунктінің мөрі басылған шартпен және қабылдау актісімен расталады.
      10. Мемлекеттік резервке жеткізілетін материалдық құндылықтар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес болуы, ұзақ уақыт сақтауға дайын болуы, ал олардың сапалық жағдайы өнімнің сертификаттарымен, паспорттарымен, сынақ хаттамаларымен немесе тауар сапасын растайтын басқа да тиісті құжаттармен расталуы тиіс.
      11. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары ведомстволық бағынысты ұйымдарда және сақтау пункттерінде шарт негізінде сақталады.
      12. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
      13. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын күтіп ұстау және сақтау шарттары жөніндегі техникалық талаптар уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау нормативтерінде айқындалады.
      14. Ведомстволық бағынысты ұйымдар және сақтау пункттері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының бар болуы және қозғалысы туралы есеп береді.

3. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару

Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды
жаңарту тәртібімен шығару

      15. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды жаңарту тәртібімен шығару номенклатурасы мен сақтау көлемдеріне сәйкес материалдық құндылықтардың сақтау мерзiмдерi өткенге дейiн материалдық құндылықтарды бiр мезгiлде немесе уақыт өткiзiп салу арқылы жүргізіледі.
      16. Уәкілетті орган Операция жүргізу жоспарына сәйкес мемлекеттік резерв жүйесінің материалдық құндылықтарын жаңарту тәртібімен шығару туралы шешім қабылдайды.
      17. Мемлекеттік резервтің жаңартылуға жататын материалдық құндылықтарын басқа мемлекеттік органдардың балансына беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      18. Басқа мемлекеттік органдардың балансына берілген мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының құнын өтеу тиісті жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      19. Мемлекеттік органдар өздерінің балансына мемлекеттік резервтен жаңартылуға жататын материалдық құндылықтарды берген сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде республикалық бюджеттің кірісіне берілген материалдық құндылықтардың құнын салу бағасынан төмен емес баға бойынша өтеуді қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды
қарызға беру тәртібімен шығару

      20. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын қарызға беру тәртібімен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      21. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртiбiмен шығарған кезде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен екiншi деңгейдегi банктердiң кепiлдiк беруi міндетті шарт болып табылады.
      22. Егер материалдық құндылықтарды алушының:
      1) мемлекеттік бюджет алдында берешегі болған;
      2) өзі бұрын алған мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын қайтармаған;
      3) банкроттық сатысында тұрған жағдайларда, мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын қарызға беру тәртiбiмен шығаруға болмайды.
      23. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртiбiмен шығарған кезде құрылымдық бөлімше алушымен тиiстi шарт (келiсiмшарт) жасасады.
      24. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртібімен шығарған кезде алушы қарызға беру шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында салу бағасының жалпы сомасының үш пайызын төлейді.
      Қарызға беру шартын орындауды қамтамасыз ету алушыға қарызға беру шарты толық және тиісінше орындалғаннан кейін қайтарылады.
      25. Қарызға берілген материалдық құндылықтарды кейіннен мемлекеттік резервке қайтару шарттары номенклатура және сақтау көлемдеріне сәйкес қарызға беру шартында айқындалады.

Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды
броннан шығару тәртібімен шығару

      26. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды броннан шығару тәртібімен шығару:
      1) гуманитарлық көмек көрсету кезінде;
      3) босқындарға көмек көрсету кезінде;
      4) нарыққа реттеушілік ықпал ету кезінде;
      5) материалдық құндылықтарды жою (кәдеге асыру) кезінде жүзеге асырылады.
      27. Уәкілетті органның шешімімен мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды броннан шығару тәртібімен шығару:
      1) төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қабылдау кезінде;
      2) мемлекеттік резерв номенклатурасы өзгерген кезде жүзеге асырылады.
      28. Гуманитарлық көмек көрсету мақсатында тиiстi орталық мемлекеттік орган Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссия ұсынымдарының негiзiнде Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмек көрсетуіне арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі шешiмiнiң жобасын әзiрлейдi және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгiзедi.
      29. Босқындарға көмек көрсету қажет болған жағдайда уәкілетті орган заңнамада белгіленген құзыреттері шегінде босқындар мәселелері жөніндегі қатынастар саласында реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен бірге Қазақстан Республикасының Үкіметіне босқындарға көмек көрсету үшін мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын енгізеді.
      30. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын кәдеге жарату (жою) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару және кәдеге жарату (жою) қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      31. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін шығару Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде жүргізіледі.
      32. Сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкілетті орган және агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкілетті орган тауарлар бағасына мониторинг жүргiзедi.
      Бағаның нарыққа реттеушiлiк ықпал етуі орынды болатын деңгейге жеткен жағдайда көрсетілген мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келісе отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметiне шығарылатын материалдық құндылықтарды алушыларды – сауда қызметiнiң субъектiлерiн, сауда үстемесiнiң көлемiн, бағасын және мөлшерiн көрсете отырып, нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау үшін мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару қажеттiгi туралы ұсыныс жібереді.
      33. Сауда қызметінің субъектілерін іріктеу «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған критерийлерге сәйкес жүзеге асырылады.
      34. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiмiнiң негiзiнде сауда қызметiнiң субъектiлерiмен шарт жасасу арқылы жүзеге асырады. Нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау үшін мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды шығарудан түскен ақша бюджет кірісіне аударылады.
      Нарыққа реттеушiлiк ықпал ету үшін мемлекеттiк резервтен шығарылған материалдық құндылықтарды сатуды сауда қызметiнiң субъектiлерi бөлшек сауда арқылы жүзеге асырады.
      35. Төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және жою жөніндегі шараларды қабылдау үшін мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару қажет болған кезде материалдық құндылықтардың атауын, санын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия айқындайды және уәкілетті органға енгізеді.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2014 жылғы 31 шілдедегі  
№ 860 қаулысына     
қосымша         

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтармен операция жасау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 21 ақпандағы № 237 қаулысы.
      2. «Тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандырудың жекелеген мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 қаңтардағы № 17 қаулысының 3-тармағы.
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 21 ақпандағы № 237 қаулысына толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 59 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 25-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 21 ақпандағы № 237 және 2010 жылғы 24 сәуірдегі № 348 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 29 сәуірдегі № 368 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы.
      5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы № 1050 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы.