"Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 ақпандағы № 54 қаулысы

Қолданыстағы

 

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 254 бұйрығын қараңыз.


      «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 37, 508-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларында:
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары шығуға арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.»;
      7-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету үшiн Қазақстан Республикасы азаматтарының өздерi немесе олардың заңды өкiлдерi тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттарды ұсынады:»;
      мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      «7) бюджетке мемлекеттiк баждың төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi.
      Кету жөнінде өтініш білдірген адамның өтініші бойынша осы тармақтың 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдарда Қазақстан Республикасының аумағында тіркеудің жоқ екені туралы ақпарат «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қоры мәліметтерінің негізінде ұсынылады.»;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «8 Өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарда Қазақстан Республикасының шегінен тыс кетуіне бас тарту үшін негiздердiң жоқ екендігіне тексеру жүргiзедi.
      Мүдделi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сұрау салуларын мемлекеттік органдарға сұрау салу түскен сәттен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарайды.»;
      9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты ресімделеді. Олардың жеке куәліктері Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеген ішкі істер органына тапсырылады.»;
      10-тармақтың тоғызыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері құжаттар қоса берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу үшін өтініш берушінің Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жері бойынша уәкілетті органға жібереді. Ішкі істер органы келіп түскен құжаттарды қарайды және өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының аумағында өтініш берушінің тұрақты тіркеуінің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсатты ресімдеу туралы шешім қабылдайды.»;
      2) «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:
      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «14. Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттерді орындамаған жағдайда, ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың өтініш хаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды.»;
      3) «Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 5, 93-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларында:
      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;».
      3. Мыналардың:
      1) «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 ақпандағы № 199 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 22, 278-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 ақпандағы № 199 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 қаңтардағы № 21 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 1, 207-құжат) күші жойылды деп танылсын
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2014 жылғы 4 ақпандағы
№ 54 қаулысымен  
бекітілген     

«Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге
кетуге арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік көрсетілетін
қызмет стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
      3. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті Министрліктің аумақтық көші-қон полициясының бөлімшелері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша көрсетеді.

2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері:
      1) көрсетілетін қызметті берушіге құжаттардың топтамасын тапсырған сәттен бастап – күнтізбелік 30 (отыз) күн;
      2) құжаттардың топтамасын тапсыру үшін рұқсат етілетін ең ұзақ күту уақыты – 30 (отыз) минут;
      3) рұқсат етілетін ең ұзақ қызмет көрсету уақыты – 10 (он) минут.
      5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысаны – қағаз түрінде.
      6. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі – көрсетілетін қызметті алушы паспортының визалар үшiн көзделген беттерiнде белгiленген үлгiдегi мөртабан қою, ол визалық мөрмен және Министрліктің Ішкі істер департаменті Көшi-қон полициясы басқармасы бастығының қол қоюымен бекiтiледі.
      7. Мемлекеттік қызмет ақылы көрсетіледі. Мемлекеттiк қызмет көрсетiлгенi үшiн мемлекеттік баж алынады, ол «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» (Салық кодексi) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексiнiң 538-бабына сәйкес мемлекеттiк баж төлеу күніне белгiленген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінен 100 пайызды құрайды.
      Мемлекеттiк баж Қазақстан Республикасының банк мекемелерi арқылы төленедi, олар төлемнiң мөлшерi мен күнiн растайтын құжат (түбiртек) береді.
      8. Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі – дүйсенбiден бастап сенбiні қоса алғанда (дүйсенбi – жұма, сағат 13-00-ден 14-30-ға дейiн түскi үзiлiспен сағат 9-00-ден 18-00-ге дейiн, сенбi сағат 9-00-ден 13-00-ге дейiн), демалыс – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жексенбі және мереке күндері. Мемлекеттiк көрсетілетін қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусiз кезек тәртiбiмен көрсетіледі.
      9. Көрсетілетін қызметті алушы (балалар және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, олардың заңды өкiлдерi (ата-анасы, қамқоршылары, қорғаншылары үшін) жеке өтініш білдірген кезде мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:
      1) өтiнiш-сауалнама;
      2) көрсетілетін қызметті алушының жеке куәлiгi, паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі;
      3) кететін адамдардан заң бойынша алименттер алуға құқығы бар Қазақстан Республикасында тұратын адамдардан (ата-анасы және егер бiрлескен некеден кәмелетке толмаған балалары болса, бұрынғы жұбайлары) олардың шығуына қарсылығы жоқ екенi туралы нотариат куәландырған өтiнiш. Көрсетілетін қызметті алушы қандай да бiр себептермен мұндай өтiнiштердi ала алмаған жағдайларда мәселе сот тәртiбiмен шешiледi;
      4) әскери есептен шығарылғаны және әскери билетiн тапсырғаны туралы анықтама;
      5) он жасқа толған баланың ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен кетуі туралы шешiм қабылдау кезiнде оның пiкiрiн есепке алу туралы қамқоршылық және қорғаншылық органдарының қорытындысы;
      6) он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасы азаматтарының ата-анасының (қамқоршысының, қорғаншысының) бiрiмен тұрақты тұрғылықты жерге бiрге шығуы кезiнде – Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екiншi ата-анасының нотариат куәландырған келiсiмi. Ата-анасының бiрiнiң келiсiмi болмаған кезде кәмелетке толмаған баланың шығуы сот тәртiбiмен шешiлуi мүмкiн;
      7) бюджетке мемлекеттiк баж төлегенiн растайтын құжаттың көшiрмесі.
      Көрсетілетін қызметті алушының өтiнiшi бойынша осы тармақтың 3) және 6) тармақшаларында көрсетiлген адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында тiркеуi жоқ екенi туралы ақпаратты «Жеке тұлғалар» мемлекеттiк деректер қорының мәлiметтерi негiзiнде көрсетілетін қызметті беруші ұсынады.
      Барлық құжаттар қабылданғаннан кейін көрсетілетін қызметті алушыға осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды қабылдау туралы қолхат беріледі.
      Бұл ретте олардың жеке тұлғалары куәландырылғаннан кейін көрсетілетін қызметті алушының жеке куәлігі, паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері қайтарылады.
      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу үшін келетін күні көрсетілетін қызметті алушыға өтініш-сауалнамада көрсетілген байланыс телефондары арқылы хабарланады.
      10. Егер:
      1) мемлекеттiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi бiлсе және өзiнiң Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу фактiсi туралы тиiстi уәкiлеттi органдарға хабарламаса – осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейiн;
      2) қылмыс жасаған деген күдiкпен ұсталса не айыпталушы ретiнде жауапқа тартылса – iс бойынша шешiм шығарылғанға немесе сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн;
      3) қылмыс жасағаны үшiн сотталса – жазасын өтегенге немесе жазадан босатылғанға дейiн;
      4) өзiне сот жүктеген мiндеттердi орындаудан жалтарса – осы мiндеттемелер тоқтатылғанға дейiн;
      5) мерзiмдi әскери қызметiн өткерiп жатса – осы қызметтi өткеру аяқталғанға дейiн немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейiн;
      6) Қазақстан Республикасынан шығу үшiн құжаттарды ресiмдеу кезiнде өзi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер хабарласа – бас тарту үшiн негiз болған себептердi жойғанға және шынайы мәлiметтер ұсынғанға дейiн;
      7) азаматтық сот iсiн жүргiзуде жауапкер болып табылса – сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн;
      8) салықтық берешегi болса, оған мемлекеттiк қызметтi көрсетуден бас тарту үшін негіздер болып табылады.

3. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін
қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
шағымдану тәртібі

      11. Көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданған жағдайда, шағым мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 14-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына не мына мекенжай бойынша Министрлік басшысының атына беріледі 010000, Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы 1, телефон: 8 (7172) 71-40-33, 71-40-03.
      Шағым пошта арқылы жазбаша нысанда немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда электрондық түрде не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесі арқылы жұмыс күндері қолма қол беріледі.
      Қабылданған шағым ішкі істер органдарының жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштерін есепке алу журналында тіркеледі. Шағымның қабылданғанын растайтын құжат күні мен уақыты, өтінішті/шағымды қабылдаған адамның тегі және аты-жөні, сондай-ақ берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орны және шағымды қарау барысы туралы білуге болатын лауазымды адамдардың байланыс деректері көрсетілген талон болып табылады.
      Көрсетілетін қызметті алушының шағымында:
      жеке тұлға – оның тегі, аты, әкесінің аты, пошталық мекенжайы;
      заңды тұлға – оның атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі және күні көрсетіледі. Өтінішке көрсетілетін қызметті алушы қол қоюға тиіс.
      Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымды қарау нәтижелері туралы дәлелді жауап көрсетілетін қызметті алушыға пошта бойынша жолданады не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде қолма қол беріледі.
      Көрсетілген мемлекет қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.
      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.
      12. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайларда, көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

4. Мемлекеттік қызметті көрсетудің ерекшеліктері ескерілген
өзге де талаптар

      13. Денсаулық жағдайына байланысты көрсетілетін қызметті берушіге жеке өзі келуіне мүмкіндігі жоқ көрсетілетін қызметті алушылардан мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттарды қабылдау және Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге шығу үшін құжаттар беру көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты жеріне барып жүргізіледі.
      14. Мемлекеттiк қызмет көрсету орындарының мекенжайлары Министрліктің mvd.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылады.
      15. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс-орталығы арқылы қашықтықтан қолжетімділік режимінде алуға мүмкіндігі бар.
      16. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығының 1414 телефоны бойынша, Министрліктің mvd.gov.kz интернет-ресурсында көрсетілген көрсетілетін қызметті берушілердің телефондары бойынша не Министрліктің 8 (7172) 71-56-08, 71-44-98 телефондары бойынша алуға болады.

«Қазақстан Республикасының шегінен   
тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге   
арналған құжаттарды ресімдеу»      
мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына
қосымша                  

Көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды қабылдау туралы
қолхат

      Осы қолхат _______________________________ (Т.А.Ә. көрсетілсін)
берілді және «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты
тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік
көрсетілетін қызмет стандартымен бекітілген тізбеге сәйкес Қазақстан
Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған
рұқсатты ресімдеу үшін құжаттардың қабылданғанын растайды.
      Осы қолхат әр тарап үшін бір-бірден 2 данада жасалды.

Орындаушы: Т.А.Ә. ___________________________________________________
Телефоны ____________________________________________________________
Алдым: Т.А.Ә. _____________________ көрсетілетін қызмет алушының қолы

20__ жылғы «___» __________________