Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1457 қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан Мемлекеттік шекара комиссиясы құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясы туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1457 қаулысымен    
бекітілген        

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара
комиссиясы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік шекара комиссиясы Қазақстан Республикасының шекара саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылған.
      2. Мемлекеттік шекара комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен өкімдерін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері мен құқықтары

      4. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерді бейтараптандыру бойынша кешенді шараларға ұсыныстар әзірлеу;
      2) шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғаудың басымдықтарын айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      3) жүргізілетін сыртқы және ішкі саясат, сондай-ақ оларды іске асыру бойынша шаралар жүйесінің шеңберінде Қазақстан Республикасының шекара саясатының негізін айқындау үшін ұсыныстар дайындау;
      4) мемлекеттің экономикалық, қаржылық және өзге де мүмкіндіктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы шекара саясатының негізгі бағыттарын іске асырудағы басымдықтарды айқындау бойынша ұсынымдар әзірлеу;
      5) Қазақстан Республикасы шекара саясатының негізгі бағыттарын іске асыру кезінде туындайтын проблемаларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      6) уәкілетті органдар мен ұйымдардың шекара саясатын іске асыру және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар дайындау;
      7) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының учаскелерін қорғау мен жайластыруды жетілдіруге бағытталған нысаналы мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлардың жобалары бойынша ұсынымдар әзірлеу;
      8) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыртқы шекарасындағы ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын айқындау үшін ұсыныстар дайындау;
      9) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетуді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың шекара саясатын іске асырудағы қызметін қамтамасыз ету мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу бойынша ұсыныстар дайындау;
      10) Қазақстан Республикасы уәкілетті органының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының учаскелерін санаттарға бөлу бойынша ұсынымдар әзірлеуі болып табылады.
      5. Комиссия өзінің міндеттеріне сәйкес:
      1) орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларын Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комиссия отырысына шақыруға және тыңдауға;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік және өзге де ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының өкілдерін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін Комиссияның міндеттерін шешуге тартуға;
      5) Комиссия жанынан тиісті жұмыс топтарын құруға;
      6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі талап етілетін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізуге;
      7) Комиссияның назарға алынған шешімдерін іске асыруды сүйемелдеуге құқылы.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссия төрағасы оның қызметін басқарады, Комиссияның отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімін іске асыру бойынша жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комиссияның жүзеге асыратын қызметін, шығаратын шешімі үшін жауапты болады, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.
      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Комиссияның жұмыс органы болып табылады, ол Комиссияның қызметін ұйымдастырушылық-ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      8. Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды және Комиссия отырысына қажетті өзге де материалдарды дайындауды Комиссияның хатшысы жүзеге асырады, ол ұсыныстарды Комиссия мүшелеріне отырысқа дейін кемінде жеті жұмыс күні бұрын жолдайды.
      Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      9. Комиссия отырысы қажеттілікті ескере отырып, тоқсан сайын өткізіледі.
      Комиссия отырыстары Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып есептеледі.
      10. Комиссия шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Егер дауыстар тең болса, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      11. Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы, ол білдірілген жағдайда, жазбаша түрде баяндалуы және Комиссия хаттамасына қоса берілуі қажет.
      12. Комиссия отырыстарын өткізу нәтижесі бойынша он жұмыс күні ішінде Комиссия хатшысы хаттама жасайды және белгіленген тәртіппен Комиссия төрағасына қол қоюға енгізеді, оған міндетті түрде отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері қол қояды.
      13. Комиссия отырысының хаттамасын жұмыс органы Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолдайды.
      14. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тоқтатады.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1457 қаулысына     
қосымша          

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара
комиссиясының құрамы

Сағынтаев
Бақытжан Әбдірұлы

-

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға

Жоламанов
Нұрлан Айтманұлы

-

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры (келісім бойынша), төрағаның орынбасары

Төлебаев
Жәнібек Қошқарұлы

-

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Бас штабы Мемлекеттік шекара күзеті Бас басқармасы бастығының орынбасары – 1-басқарма бастығы (келісім бойынша), хатшы

Рау
Альберт Павлович

-

Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі

Өскенбаев
Қайырбек Айтпайұлы

-

Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары

Сарыбай
Қайрат Шораұлы

-

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

Сапаров
Оқас Базарғалиұлы

-

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары

Тұрғынбаев
Ерлан Заманбекұлы

-

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

Исаева
Гүлмира Сұлтанбайқызы

-

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

Дәленов
Руслан Ерболатұлы

-

Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

Нысанбаев
Ерлан Нұралыұлы

-

Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі

Петров
Валерий Викторович

-

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі

Бектұров
Азат Ғаббасұлы

-

Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі

Мусинов
Серікбол Рахымқанұлы

-

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы

Шабақбаев
Марат Несіпбекұлы

-

Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

Шойкин
Ғалым Нұрмағамбетұлы

-

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары