Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1457 қаулысы

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан Мемлекеттік шекара комиссиясы құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясы туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1457 қаулысымен    
бекітілген        

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара
комиссиясы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік шекара комиссиясы Қазақстан Республикасының шекара саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылған.
      2. Мемлекеттік шекара комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен өкімдерін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері мен құқықтары

      4. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерді бейтараптандыру бойынша кешенді шараларға ұсыныстар әзірлеу;
      2) шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғаудың басымдықтарын айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      3) жүргізілетін сыртқы және ішкі саясат, сондай-ақ оларды іске асыру бойынша шаралар жүйесінің шеңберінде Қазақстан Республикасының шекара саясатының негізін айқындау үшін ұсыныстар дайындау;
      4) мемлекеттің экономикалық, қаржылық және өзге де мүмкіндіктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы шекара саясатының негізгі бағыттарын іске асырудағы басымдықтарды айқындау бойынша ұсынымдар әзірлеу;
      5) Қазақстан Республикасы шекара саясатының негізгі бағыттарын іске асыру кезінде туындайтын проблемаларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      6) уәкілетті органдар мен ұйымдардың шекара саясатын іске асыру және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар дайындау;
      7) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының учаскелерін қорғау мен жайластыруды жетілдіруге бағытталған нысаналы мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлардың жобалары бойынша ұсынымдар әзірлеу;
      8) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыртқы шекарасындағы ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын айқындау үшін ұсыныстар дайындау;
      9) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетуді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың шекара саясатын іске асырудағы қызметін қамтамасыз ету мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу бойынша ұсыныстар дайындау;
      10) Қазақстан Республикасы уәкілетті органының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының учаскелерін санаттарға бөлу бойынша ұсынымдар әзірлеуі болып табылады.
      5. Комиссия өзінің міндеттеріне сәйкес:
      1) орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларын Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комиссия отырысына шақыруға және тыңдауға;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік және өзге де ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының өкілдерін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін Комиссияның міндеттерін шешуге тартуға;
      5) Комиссия жанынан тиісті жұмыс топтарын құруға;
      6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі талап етілетін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізуге;
      7) Комиссияның назарға алынған шешімдерін іске асыруды сүйемелдеуге құқылы.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссия төрағасы оның қызметін басқарады, Комиссияның отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімін іске асыру бойынша жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комиссияның жүзеге асыратын қызметін, шығаратын шешімі үшін жауапты болады, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.
      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      Комиссияның жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      8. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      9. Комиссия отырысы қажеттілікті ескере отырып, тоқсан сайын өткізіледі.
      Комиссия отырыстары Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып есептеледі.
      10. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен жүргізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда ол жазбаша түрде баяндалуға және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      11. Дауыс беру парақтарымен қоса комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      12. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      13. Комиссия отырысының хаттамасын жұмыс органы Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолдайды.
      14. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тоқтатады.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2013 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1457 қаулысына     
қосымша          

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара
комиссиясының құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры (келісім бойынша), төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Бас штабы Мемлекеттік шекара күзеті Бас басқармасы бастығының орынбасары- 1-басқарманың бастығы (келісім бойынша), хатшы
      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министрі
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары
      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі