Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 маусымдағы № 595 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 тамыздағы № 487 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.08.2016 № 487 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі туралы ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2013 жылғы 11 маусымдағы
№ 595 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері
министрі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі – Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды тұлға.
      2. Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Президент пен Үкіметтің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі өз құзыретінің шегінде шешімдер қабылдауда дербес және өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында дербес жауапты болады.

2. Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері
министрінің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

      5. Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрінің негізгі міндеттері:
      1) сыртқы сауда саясатын реттеу және дамыту саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру, оның ішінде Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысуы мәселелері бойынша және оларды мемлекеттік билік органдарының іске асыруы жөніндегі жұмысты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысу;
      2) халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық интеграциялық бірлестіктерге қатысуы мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысу болып табылады.
      6. Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) сыртқы сауда саясатын реттеу және дамыту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      2) өз құзыреті шегінде халықаралық ұйымдармен келіссөздер ұйымдастырады және жүргізеді;
      3) Дүниежүзілік сауда ұйымы, Кеден одағы, ЕурАзЭҚ шеңберінде Бірыңғай экономикалық кеңістік, сондай-ақ өзге де халықаралық экономикалық интеграциялық бірлестіктер шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және халықаралық шарттар әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізеді;
      4) мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруге қатысады және Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына, Кеден одағына және ЕурАзЭҚ шеңберінде, Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру кезінде, сондай-ақ өзге де халықаралық экономикалық интеграциялық бірлестіктеріне қатысу мәселелері жөніндегі қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді;
      5) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша қызметін және оны үйлестіру, ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру туралы хабардар етеді;
      6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшелерімен, БҰҰ бөлімшесі мен Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері бойынша бөлімімен, шетелдегі дипломатиялық миссиялар елдеріндегі сауда кеңесшілерімен және Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Сауда өкілдігімен өзара іс-қимыл жасайды;
      7) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларына бұрыштама қояды.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.09.2014 № 1011 қаулысымен.
      7. Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі өзінің негізгі міндеттерін іске асыру және функцияларын жүзеге асыру мақсатында заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдар сұратуға және алуға;
      2) мемлекеттік, оның ішінде үкіметтік байланыс және коммуникация жүйелерін пайдалануға;
      3) мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен және ұйымдармен өз құзыретінің мәселелері бойынша қызметтік хат алмасулар жүргізуге;
      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырыстарына, орталық атқарушы органдардың алқаларына қатысуға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздерде және/немесе консультацияларда қазақстандық делегацияны басқаруға;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының екіжақты және көпжақты сауда-экономикалық шарттарын жасасу мәселелері бойынша келіссөздерге, консультацияларға, сондай-ақ ЕурАзЭҚ және өзге де халықаралық интеграциялық бірлестіктер шеңберінде Кеден одағын, Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру және олардың жұмыс істеу мәселелері бойынша Кеден одағын басқару органдарының отырыстарына қатысуға және қажет болған жағдайда қазақстандық делегацияны басқаруға;
      7) Қазақстан Республикасының мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдары мен ұйымдары өкілдерінің қатысуымен кеңестер өткізуге, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне және ЕурАзЭҚ, өзге де халықаралық экономикалық интеграциялық бірлестіктер шеңберінде Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруға байланысты іс-шараларға қатысуға;
      8) өз құзыреті шегінде қызметтік құжаттамаға қол қоюға;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

3. Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері
министрінің қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету

      8. Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері министрінің қызметін ұйымдастыру Министрліктің регламентінде айқындалады.
      9. Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері министрінің хатшылығы болады.
      10. Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері министрінің қызметін қамтамасыз етуді Министрлік жүзеге асырады.
      11. Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері министрінің қызметін қаржыландыруды Министрлік жүзеге асырады.