Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәселелері жөніндегі комиссия құру және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдері мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі өкімінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 16 сәуірдегі № 365 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес құрамда Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі өкімінің күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2013 жылғы 16 сәуірдегі
№ 365 қаулысымен   
бекітілген      

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттік
жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәселелері
жөніндегі комиссия туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәселелері жөніндегі Комиссия (бұдан әрі – Комиссия) квазимемлекеттік секторды қысқарту және мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілерін тиімді пайдалану мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылды.
      2. Комиссия Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, осы Ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері

      4. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) тексеру нәтижелері бойынша анықталған мемлекеттік жылжымайтын мүліктің артық аудандары;
      2) мыналардың:
      бәсекелестікті шектеуге жол бермеу мақсатында олар қызмет ететін тауар нарықтарын тексеруді талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген тұлғалардың;
      құрылтайшысы мен акционері мемлекет болып табылатын басқарушы ұлттық холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ акцияларының (үлестерінің) елу пайызынан астамы оларға тиесілі еншілес, тәуелді өзге де заңды тұлғалардың алдағы қызметі бойынша;
      3) квазимемлекеттік сектор субъектілерін және стратегиялық емес сипаттағы өзге де ұйымдарды жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қолданыстағы заңнамада көзделген шарттармен беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссия өз құзыреті шегінде:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдіктеріне осы Ереженің 4-тармағында көзделген мәселелер жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамалар мен консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдардан, оның ішінде меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың мемлекеттік басқару органдарынан тиісті бейіндегі сарапшыларды, мамандарды тартуға, сондай-ақ қажет болған кезде жұмыс топтарын ұйымдастыруға;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан және меншік нысанына қарамастан, ұйымдардан Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат сұратуға және алуға;
      4) Комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

4. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссияны оның төрағасы басқарады.
      Комиссия төрағасы:
      1) оның қызметіне жетекшілік етеді;
      2) күн тәртібін, сондай-ақ Комиссияның отырыстары өткізілетін орын мен уақытты белгілейді.
      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.
      7. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары отырысқа дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей Комиссияның әрбір мүшесінің назарына жеткізіледі.
      8. Комиссияның жұмыс органының функциялары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жүктеледі.
      9. Комиссия хатшысы комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды және оның өткізілуінен кейін хаттаманы ресімдейді.
      Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      10. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды болып саналады.
      11. Комиссияның шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен ашық дауыс беру жолымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда төрағаның даусы шешуші болып табылады. Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда жазбаша түрде жазылуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.
      Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.
      12. Комиссия отырыстарының нәтижелері бойынша міндетті түрде Комиссияның қатысып отырған мүшелерінің барлығы қол қоятын хаттама жасалады.
      Хаттаманың көшірмелері Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін күнтізбелік үш күн ішінде Комиссия мүшелеріне жіберіледі.

5. Комиссияның қызметін тоқтату

      13. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Комиссияның қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2013 жылғы 16 сәуірдегі
№ 365 қаулысына   
1-қосымша      

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттік
жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәселелері
жөніндегі комиссияның
құрамы

Ахметов
Серік Нығметұлы

-

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі,
төраға

Келімбетов
Қайрат Нематұлы

-

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
орынбасары, төрағаның орынбасары

Құсайынов
Марат Әпсеметұлы

-

Қазақстан Республикасының Экономика және
бюджеттік жоспарлау вице-министрі, хатшы

Әбденов
Серік Сақбалдыұлы

-

Қазақстан Республикасының Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрі

Досаев
Ерболат Асқарбекұлы

-

Қазақстан Республикасының Экономика және
бюджеттік жоспарлау министрі

Жәмішев
Болат Бидахметұлы

-

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

Жұмағұлов
Бақытжан Тұрсынұлы

-

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым
министрі

Қайырбекова
Салидат Зекенқызы

-

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау
министрі

Мамытбеков
Асылжан Сарыбайұлы

-

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы
министрі

Қуандықов
Болатбек Баянұлы

-

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті
қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы
агенттік) төрағасы

Шөкеев
Өмірзақ Естайұлы

-

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»
акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы
(келісім бойынша)

Мырзахметов
Абылай Исабекұлы

-

«Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық
экономикалық палатасы» заңды тұлғалар
бірлестігі басқармасының төрағасы
(келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2013 жылғы 16 сәуірдегі
№ 365 қаулысына   
2-қосымша      

Күші жойылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір
шешімдері мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
өкімінің тізбесі

      1. «Квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру және бәсекелес ортада олардың қызметін ретке келтіру мәселелері жөнінде комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1513 қаулысы.
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне және «Ішкі және сыртқы нарықтарда азық-түлік тауарларына баға бойынша ахуалдың мониторингі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау және азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2008 жылғы 11 қаңтардағы № 6-ө өкіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 тамыздағы № 911 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне және «Ішкі және сыртқы нарықтарда азық-түлік тауарларына баға бойынша ахуалдың мониторингі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау және азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2008 жылғы 11 қаңтардағы № 6-ө өкіміне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 3-тармағы.
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 41 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне енгізілетін өзгерістердің 10-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 23, 320-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 2009 жылғы 27 қазандағы № 151-ө өкiмiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 2 ақпандағы № 194 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2009 жылғы 27 қазандағы № 151-ө өкіміне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 11-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 31, 412-құжат).
      5. «Квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру және бәсекелес ортада олардың қызметін ретке келтіру мәселелері жөнінде комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1513 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 шілдедегі № 947 қаулысы.
      6. «Ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды және мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобын құру туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 239-ө өкімі.