"Биржа саудасының үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2009 жылғы 8 желтоқсандағы № 2042 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 қаңтардағы № 59 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) № 852 қаулысымен.

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 26.12.2016 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) № 852 қаулысымен.

     Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. «Биржа саудасының үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2009 жылғы 8 желтоқсандағы № 2042 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 57, 498-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Биржа саудасының үлгі ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2013 жылғы 29 қаңтардағы
№ 59 қаулысына   
қосымша      

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 2042 қаулысымен 
бекітілген    

Биржа саудасының үлгі ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Биржа саудасының үлгі ережесі (бұдан әрі - Үлгі ереже) «Тауар биржалары туралы» 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және биржалық тауарлармен биржалық мәмілелерді жасау кезіндегі тауар биржасының мүшелері қызметінің тәртібін айқындайды.
      2. Үлгі ереже негізінде әрбір тауар биржасы өзінің Биржа саудасының ережесін (бұдан әрі - Биржаның ережесі) әзірлейді және бекітеді.
      3. Осы Үлгі ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) ашу бағасы - биржалық сауда басталатын баға не нақты биржалық саудада нақты биржалық тауар (тауарлар тобы) бойынша бірінші биржалық мәміле жасалған баға;
      2) биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінім - Үлгі ережеге сәйкес биржалық мәміле жасау үшін қажетті барлық жағдайларды қамтитын биржалық сауда-саттықтарға қатысушының биржалық тауарды сатып алу (сату) туралы ұсынысы (оферта) немесе биржалық сауда-саттықтарға қатысушының биржалық тауарды сатып алу (сату) туралы ұсынысты қабылдауы туралы хабарламасы (акцепт);
      3) биржалық брокер (бұдан әрі - брокер) - сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган беретін лицензия негізінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тауар биржасында өз қызметін жүзеге асыратын, акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және клиенттің тапсырмасы бойынша соның есебінен және мүддесі үшін биржалық тауармен мәмілелер жасайтын заңды тұлға;
      4) биржалық дилер (бұдан әрі - дилер) - сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган беретін лицензия негізінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тауар биржасында өз қызметін жүзеге асыратын, акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және өзінің мүддесі үшін және өзінің есебінен, сондай-ақ клиенттің тапсырмасы бойынша биржалық тауармен мәмілелер жасайтын заңды тұлға;
      5) биржалық тауар - айналымнан алынып тасталмаған немесе айналымда шектелмеген тауар, оның ішінде жылжымайтын мүлікті және зияткерлік меншік объектілерін қоспағанда, тауар биржасы биржалық саудаға жіберген мерзімді келісімшарт;
      6) биржалық сауда-саттық - биржалық тауарлар бойынша мәмілелер жасауға бағытталған Биржа ережесі шеңберінде жүргізілетін процесс;
      7) биржалық алым - тауар биржасы биржалық сауда-саттықты ұйымдастыру үшін алатын комиссия;
      8) есептік ұйым - банк немесе онымен тауар биржасы және (немесе) клирингтік орталық биржалық сауда-саттық өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі және биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша есептерді жүзеге асыру туралы шарттар жасаған банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асырушы ұйым;
      9) клиент - биржалық тауармен мәмілелер жасау үшін брокер және (немесе) дилер көрсететін қызметтерді пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
      10) классикалық сауда режимі – бірін-бірі білетін сатып алушылар мен сатушылар арасында биржалық тауардың шарттық бағасы бойынша атаулы мәмілелер жасалатын сауда режимі;
      11) қосарланған қарсы аукцион режимі – сатушылар мен сатып алушылар бәсекелестігі нәтижесінде биржалық мәмілелер жасырын түрде жасалатын, ал биржалық тауарға баға сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдік деңгейінде белгіленетін сауда режимі;
      12) маклер - биржалық сауда-саттықтарға қатысушылар жасаған биржалық мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыруға уәкілетті тауар биржасының қызметкері;
      13) мерзімді келісімшарт – орындау мерзімі кейінге қалдырылған базалық активті шартсыз немесе шартты сатып алу-сатуға арналған келісімшарт, оған фьючерс, опцион жатады;
      14) опциондық мәміле – объектісі опцион болып табылатын биржалық мәміле;
      15) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - сауда қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      16) сауда режимі - өтінімдерді жариялау және тауар биржасының сауда жүйесінде мәмілелер жасасу шарттарының жинағы;
      17) стандартты аукцион режимі - сатып алушы (сатушы) – аукцион бастамашысы үшін ең тиімді баға бойынша төмендетуге немесе жоғарылатуға арналған аукцион барысында биржалық мәмілелер жасалатын сауда режимі;
      18) тауар биржасының сауда жүйесi – тауар биржасындағы сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы биржалық тауарлармен мәмiлелер жасай отырып, сауда-саттық соларды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын тауар биржасының материалдық-техникалық құралдары, электрондық сауда жүйесі, iшкi құжаттары және өзге де қажеттi активтер мен рәсiмдер кешенi;
      19) электрондық сауда жүйесi – электрондық биржалық сауда-саттықты өткізуге қажетті және биржалық мәмілелер мен клиринг жасасу, сондай-ақ ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ашу процесін автоматтандыруды қамтамасыз ететін, тауар биржасының есептеу құралдары, бағдарламалық қамтамасыз етіледі, дерекқорлар, телекоммуникациялық құралдар және басқа да жабдықтар кешені;
      20) тауар биржасы - акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сауда-саттықтарды ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді тауар биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып тікелей жүргізу жолымен жүзеге асыратын заңды тұлға;
      21) трейдер - биржалық сауда-саттыққа қатысушының, онымен биржалық сауда-саттыққа қатысушының атынан мәмілелерді жасасуға байланысты тауар биржаларының әрекеттерін тауар биржасының сауда жүйесінде жүзеге асыруға өкілдік берілген және белгілеген тәртіппен тауар биржасында тіркелген қызметкер;
      22) дауыс биржалық сауда-саттықтар – биржалық сауда-саттықтардың қатысушылары қолдар белгілер немесе дауыспен назарын аудару арқылы мәмілелерді өткізу келісілетін арнайы орында биржалық сауда-саттықтардың қатысушылардың жинауы түрінде жүзеге асырылатын биржалық сауда-саттықтарды өткізу процесі;
      23) электрондық биржалық сауда-саттықтар – электрондық сауда жүйесіне берілген электрондық өтінімдер негізінде биржалық мәмілелерді жасайтын биржалық брокерлердің (биржалық дилерлердің) авторландырылған трейдерлері қатысатын биржалық сауда-саттықтарды өткізу процесі;
      24) кросс-мәміле – брокер түрлі екі клиенттің тапсырмасы бойынша іс-әрекет ете отырып не өзі үшін тапсырманы орындай отырып, сатушы тарапынан да, сатып алушы тарапынан да әрекет ететін биржалық мәміле;
      25) атаулы мәміле – биржалық тауардың сатып алушысы мен сатушысының алдын ала екіжақты уағдаластығы бойынша жасалған биржалық мәміле;
      26) фьючерстік мәміле - есеп айырысулар клиринттік орталық арқылы кепілді төлей отырып жүргізілетін, сауда-саттыққа қатысушылар мәміле жасалған сәтте белгіленген баға бойынша биржалық тауардың белгілі бір санын болашақта белгілі бір кезеңде беруге (қабылдауға) өзіне міндеттеме қабылдай отырып, тауар биржасында мерзімді келісімшартпен жасалатын биржалық мәміле.
      4. Биржа ережесі биржалық сауда-саттықтардың барлық қатысушылары үшін міндетті болып табылады.
      5. Тауар биржасы биржалық сауда-саттықтардың барлық қатысушыларына биржалық мәмілелердің жасалуы бойынша тең шарттарды қамтамасыз етеді.

2. Тауар биржасына мүшелікке қабылдаудың, мүшелікті тоқтата тұрудың және тоқтатудың шарттары мен тәртібі

      6. Тауар биржасының мүшелері тауар биржалары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар биржасының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен биржалық тауармен мәмілелерді жүзеге асыруға құқығы бар брокерлер және (немесе) дилерлер болып табылады.
      7. Биржа мүшелерінің саны жетеуден кем болмауға тиіс.
      Тауар биржасымен үлестес заңды тұлғалар тауар биржасының мүшелері бола алмайды.
      8. Тауар биржасына мүшелік Заңға сәйкес биржалық сауда-саттыққа қатысуды құқығын береді.
      9. Тауар биржасының мүшелігіне қабылдау үшін үміткер тауар биржасына мына құжаттарды ұсынады:
      1) мынадай мәліметтер көрсетілген тауар биржасы мүшелігіне қабылдау туралы өтініш:
      толық атауы;
      орналасқан орны, телефон және факс нөмірі, электрондық почта мекенжайы;
      салық төлеушінің тіркеу нөмірі (бизнес-сәйкестендіру нөмірі);
      әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күні мен нөмірі;
      мәміле бойынша есеп айырысу жүзеге асырылатын осы шот өзінің шоты болып табылатын-табылмайтыны көрсетілген банктік шоттардың деректемелері;
      2) жарғының көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқалар берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған);
      3) уәкілетті орган берген тауар биржасында биржалық брокер/дилердің қызметін жүзеге асыру бойынша лицензия туралы мәліметі;
      4) мүшелік кіру жарнасын төлегені туралы түбіртек;
      5) тауар биржасына қызмет көрсететін клирингтік ұйыммен немесе клирингті өткізу үшін тиісті құрылымдық бөлімше бар болса тауар биржасының өзімен клирингтік қызмет көрсету шарты.
      10. Үміткерді тауар биржасының мүшелігіне қабылдау туралы шешімді Үлгі ереженің 9-тармағында көрсетілген өтініш пен құжаттарды қабылдаған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде тауар биржасы қабылдайды. Үміткерге қабылданған шешім туралы жазбаша хабарланады.
      11. Үлгі ереженің 9-тармағында көрсетілген құжаттардың толық көлемде ұсынылмауы және (немесе) дұрыс емес ақпаратты қамтитын құжаттардың ұсынылуы тауар биржасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту үшін негіздеме болып табылады.
      12. Тауар биржасына мүшелікті тоқтата тұру мынадай негіздер бойынша:
      1) мынадай мәліметтерді:
      мүшелікті тоқтату себебін;
      тоқтата тұру мерзімін;
      биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша барлық міндеттемелердің орындалғанын көрсете отырып, өтініш берген тауар биржасы мүшесінің тілегі бойынша.
      Тауар биржасы мүшелікті тоқтата тұру туралы өтінішті өтініш қабылданған сәттен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды. Биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша орындалмаған міндеттемелер анықталған жағдайда, тауар биржасы өтінішті қарауға биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша барлық міндеттемелер орындалғанға дейін қабылдамайды.
      2) тауар биржасындағы биржалық брокер/дилер қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның әрекетін тоқтата тұруы;
      3) белгіленген мүшелік жарналар бір рет төленбеген жағдайда;
      4) тауарлар биржасы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақталмаған жағдай бойынша жүзеге асырылады.
      13. Тауар биржасына мүшелікті тоқтату мынадай негіздер:
      1) тауар биржасы мүшесінің тілегі бойынша мынадай мәліметтер көрсетілген өтінішті ұсыну:
      мүшелікті тоқтату себебін;
      биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша барлық міндеттемелердің орындалғанын көрсете отырып, өтініш берген тауар биржасы мүшесінің тілегі бойынша.
      Бұл ретте тауар биржасы мүшелікті тоқтату туралы өтінішті ол қабылданған сәттен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарастырады. Биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша орындалмаған міндеттемелер анықталған жағдайда, тауар биржасы өтінішті қарауға биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша барлық міндеттемелер орындалғанға дейін қабылдамайды;
      2) уәкілетті орган берген тауар биржасындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия әрекетінің тоқтатылуы;
      3) қойылған мүшелiк жарналар және басқа төлемдердiң жүйелi түрде төленбеген жағдайда;
      4) тауар биржасы мүшесі таратылған жағдайда;
      5) тауарлар биржалары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар бір жыл ішінде қайтадан сақталмаған жағдай бойынша жүзеге асырылады.
      14. Тауар биржасындағы мүшелікті тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешімді тауар биржасы Биржа ережесінде көзделген тәртіппен қабылдайды.

3. Биржалық сауда-саттықтарды өткізу тәртібі, оның ішінде атаулы және кросс-мәмілелерді жасасу ерекшеліктері

      15. Биржалық сауда-саттықтың қатысушылары, брокерлер және/немесе дилерлер болып табылады. Биржалық сауда-саттық тауар биржасы белгілеген нысан бойынша қолданылатын сауда режимінің ерекшелiктерiн есепке алумен биржалық сауда-саттыққа қатысушылар берген биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдер негізінде жүргізіледі.
      16. Биржалық сауда-саттықтар сауда күнінiң iшiнде жүргiзiледi. Сауда күнінiң басталу және аяқталу, сауда алдындағы мерзiм (ол өткізілген жағдайда), сауда сессиясы және клирингтiң уақытын сауда биржасы айқындайды.
      17. Биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) ниеті бар биржалық сауда-саттыққа қатысушы тауар биржасына биржалар саудалық сессия iшiнде сауда биржасына биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінім береді.
      Биржалық тауарды сатуға арналған өтінімде бағаны төмендету мүмкіндігі көрсетілуі мүмкін, биржалық тауарды сатып алуға арналған өтінімде - оны көтеруге, сондай-ақ биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдерде биржалық сауда барысында биржалық мәміленің басқа да келісу мүмкіндіктері көрсетілуі мүмкін.
      18. Биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдері Биржа ережесінде белгіленген мерзімдерде және тәртіппен беріледі.
      19. Өтінімдерді қабылдаудан бас тарту үшін:
      1) өтінімнің дұрыс ресiмделмеуi, өтінімді берудің белгіленген мерзімдерінің және тәртіптерінің бұзылуы. Бұл ретте өтінімді ресімдеу тәртібі Биржа ережесімен айқындалады;
      2) биржалық мәмілелер қамтамасыз етіле отырып жасалған жағдайда міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің болмауы;
      3) биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың биржалық алымдарды төлемеуі негіз болып табылады.
      20. Дауыс беру түрінде өткізілетін сауда-саттықта биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) өтінімді қабылдаудан бас тартқан жағдайда, тауар биржасы бұл туралы биржалық сауда-саттықтардың қатысушысы биржалық сауда-саттықтар басталғанға дейiн, ал электрондық түрде сауда-саттықтар өткізілген жағдайда мұндай өтінім берілгеннен кейін бірден хабардар етіледі.
      21. Биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдерді беруі осы өтінімдерде көрсетілген шарттарда биржалық сауда-саттықты жасаумен олардың сөзсіз келісуін білдіреді.
      22. Биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) қабылданған өтінімдер тауар биржасында тіркеу және Биржа ережесінде белгіленген тәртіппен тауар биржасының сауда жүйесіне қосуға тиіс.
      23. Биржалық сауда-саттыққа қатысушы өтінімнің шарттарын өзгерте немесе оның Биржа ережесінде қойылған мерзiмдерiнде және тәртіппен қайтара алады.
      24. Тауар биржасы биржалық сауда-саттық басталғанға дейін:
      1) биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдер тізілімін құрайды. Тізілім тауар биржасы бекіткен нысан бойынша жасалады;
      2) трейдерлерді тіркейді;
      3) биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдердің қалыптастырылған тізілімі туралы трейдерлерді хабардар етеді;
      4) ашылу бағасын, бағалық дәлізді, бағаның қадамын белгілейді және биржалық сауда-саттыққа қатысушыларға хабарлайды.
      Электрондық биржалық сауда-саттықты дайындау осы тармақтың 1) және 3) тармақшаларында көзделген iс-әрекеттер жүзеге асырылмайды.
      25. Өтінімдердің тізіліміне енгізілген биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) өтінім берген трейдер, қашықтан қолжетімділікті қолдана отырып өткізілетін биржалық сауда-саттықты (абоненттік жүйелердің жергілікті желілермен өзара әрекеттесуі аумақтық коммуникациялық желілер арқылы жүзеге асырылғанда) қоспағанда, биржалық сауда-саттықты өткізген кезде операциялық биржа залында қатысады. Тауар биржасын алдын ала хабардар етпей биржалық сауда-саттықта трейдердің қатыспауы Биржа ережесінің бұзылуы болып табылады.
      26. Биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелерден бір жақты бас тартуға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, өзге заңнамалық актілерінде немесе тараптардың келісімінде көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
      27. Биржалық сауда-саттықта белгілі биржалық тауармен жасалған мәмілелердің міндеттемелері бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттері осы биржалық тауармен мәмілелер бойынша шарттармен айқындалады.
      28. Мүдделік жанжалдар туындаған жағдайда, тауар биржасының мүшелері мәмілені өз мүддесінен емес, клиент мүдделерінің басымдығын ескере отырып жасайды.
      29. Биржалық мәмілелерді тауар биржасының атынан және есебінен жасауға болмайды.
      30. Тауар биржасының қызметкерлеріне биржалық мәмілелерге қатысуға, сондай-ақ коммерциялық ақпаратты өз мүдделерінде пайдалануға тыйым салынады.
      31. Тауар биржасында осы Үлгі ережелерде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, биржалық мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуді ұсына отырып және мұндай қамтамасыз етуді ұсынбай-ақ биржалық мәмілелер жасалуы мүмкін.
      32. Тауар биржасында:
      1) халықаралық іскер операциялармен өзара байланысты мәмілелерді қоса алғанда, спорт-тауарға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара бере отырып жасалған мәмілелер;
      2) фьючерстік мәмілелер;
      3) опциондық мәмілелер;
      4) қойма құжаттарына қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара бере отырып мәмілелер жасалады.
      33. Тауар биржасында фьючерстік және опциондық мәмілелерді жасау құқығына тек қана брокерлер және (немесе) дилерлер ие.
      34. Биржалық сауда-саттықтар мынадай сауда режимдерінде өткізіледі:
      1) стандартты аукцион режимі;
      2) классикалық сауда режимі;
      3) қосарланған қарсы аукцион режимі.
      35. Стандартты аукцион режимінде биржалық сауда-саттық төмендетуге не көтеруге аукцион түрінде өткізіледі, оның барысында сауда-саттыққа қатысушы – аукцион бастамашысы мен сауда-саттыққа қатысушы – аукцион жеңімпазы арасында биржалық мәміле жасалады.
      36. Стандартты аукцион режиміндегі биржалық сауда-саттық дауыстық не электрондық биржалық сауда-саттық түрінде өткізіледі.
      37. Стандартты аукцион режимінде дауыстық биржалық сауда-саттық түрінде өткізілетін сауда-саттық әр аукцион бойынша қатысушылар саны кемінде бес қатысушыны құрағанда ғана өткізілді деп танылады.
      38. Төмендетуге не көтеруге аукцион өткізу туралы хабарландыру аукцион өткізу күніне дейін бес күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
      39. Дауыстық биржалық сауда-саттық түріндегі стандартты аукционды өткізген кезде аукционға барлық қатысушылар қол қоятын және олардың мөрлерімен куәландырылатын тиісті қағаз хаттамасын ресімдеу міндетті. Қағаз хаттамасы стандартты аукционға әр қатысушы үшін бір данадан және тауар биржасы үшін бір данадан есептегенде бірнеше данада жасалады және мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
      1) тауар биржасының хаттамаларын есепке алу журналына сәйкес хаттаманың жасалған күнін, уақытын, орнын және оның нөмірін;
      2) аукционға тапсырыс беруші – брокердің және оның клиентінің атауын;
      3) аукцион түрін (төмендетуге немесе көтеруге);
      4) сатып алынатын тауар параметрлерін, оның санын, бастапқы бағасын;
      5) аукционды өткізу барысындағы бағаның өзгеру қадамын;
      6) аукцион тапсырыс берушісінің аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын;
      7) аукционға жіберілген аукцион қатысушылары – брокерлер мен олардың клиенттерінің атауын, СТН (БСН, ЖСН);
      8) аукционды өткізу процесінде аукционға қатысушылардың сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдері туралы ақпаратты;
      9) аукцион жеңімпазы туралы ақпаратты (брокер мен оның клиентінің атауы, СТН (БСН, ЖСН);
      10) аукцион жеңімпазының сатуға (сатып алуға) арналған өтінімінің шарттарын.
      40. Классикалық сауда режимі мен қосарланған қарсы аукцион режиміндегі сауда-саттық электрондық биржалық сауда-саттық түрінде өткізіледі.
      41. Классикалық сауда режимін барысында тек бірін-бірі танитын сауда-саттыққа қатысушылар және олардың клиенттері арасында атаулы мәмілелер жасалатын биржалық сауда-саттық өткізіледі.
      42. Атаулы мәміле биржаның сауда-саттық күні барысында сауда-саттыққа қатысушылардың трейдерлері арасындағы келіссөздер нәтижелері бойынша анықталатын шарттық баға бойынша жасалады.
      43. Сауда-саттыққа қатысушылардың трейдерлері арасындағы келіссөздер нәтижелері атаулы мәміле жасасқан кезде сауда-саттыққа қатысушылармен міндетті түрде құжатталуы тиіс. Сауда-саттыққа қатысушылардың келіссөздер нәтижелерін қағаз және/немесе электрондық түрде құжаттауға жол беріледі.
      44. Қосарланған қарсы аукцион режиміндегі биржалық сауда-саттық сауда-саттыққа қатысушылардың биржаның сауда жүйесіне қарсы өтінімдер арасында ең жақсы баға бойынша сату (сатып алу) және биржалық мәміле жасасуға анонимді өтінімдерді ұсыну арқылы өткізіледі.
      45. Қосарланған қарсы аукцион режиміндегі биржалық сауда-саттықа қатысу сауда-саттыққа қатысушылар тауар биржасына немесе оның клирингтік орталығына сауда-саттыққа қатысушылардың осы сауда режимінде жасалған биржалық мәміле бойынша өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ететін кепілдік қамтамасыз етуді алдын ала енгізген жағдайда ғана мүмкін.
      46. Қосарланған қарсы аукцион режимінде атаулы және кросс мәмілелерін жасасуға жол берілмейді.
      47. Сауда режимдерінде биржалық сауда-саттықты өткізудің тәртібі мен ерекшеліктері Үлгі ереженің осы тарауының ережелерін есепке ала отырып, айқындалады.

4. Биржалық сауда-саттықта тауарлармен жасалған мәмілелер
бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру тәртібі

      48. Тауар биржасымен биржалық саудаға қатысушылардың есебі Биржа ережесіне және биржалық қызмет көрсетуге арналған шарттарға сәйкес жүргізіледі.
      49. Тауар биржасында жасалған мәмілелер бойынша биржалық тауар төлемі мен оларды жеткізу мынадай тәсілдермен, бірақ олармен шектелмей жүзеге асырылады:
      1) тауар биржасымен немесе клирингтік ұйыммен биржалық сауда-саттық нәтижелері бойынша тиісті мәміле жасалған клиринг жүзеге асыратын Биржа ережесіне көзделген биржалық тауарларды жеткізуді растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда ашылатын биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыратын есептік ұйымның қатысуын көздейтін шарт жасалған клирингтік ұйымның есепті ұйымда шотты ашу жолымен биржалық тауарға төлем жасау;
      2) қарапайым немесе екі жақты қойма куәлігін (кепілді куәліктен бөлек қойма куәлігі) немесе биржалық тауардың болуы немесе тиеу-түсіру фактісін растайтын Биржа ережесінде айқындалған өзге де құжаттардың тиісті мәмілесі жасалған Биржа ережесінде айқындалған мамандандырылған ұйымда шарттарды сақтауға беру кезінде «төлемге қарсы жеткізу» шарттарында шот ашпай-ақ есептік ұйым арқылы биржалық тауарларға төлем жасау;
      3) сатып алушының биржалық тауарға алдын ала ақы төлем жасау шарттарында биржалық тауарды жеткізу;
      4) сатушымен биржалық тауарды алдын ала жеткізу шарттарында биржалық тауарларға ақы төлеу.
      50. Биржа ережесінде биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша есеп айрысудың бір немесе бірнеше тәсілдері көзделуі мүмкін.
      51. Егер Биржа ережесінде белгілі бір сауда режимінде биржалық сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысудың бірнеше тәсілі көзделген болса, тараптар өтінім беру кезінде есеп айырысу кодын көрсету арқылы мәмілелерді жасасу кезінде осындай тәсілдердің бірін таңдайды.
      52. Қамтамасыз етуді ұсыну арқылы биржалық мәмілелер негізінде жасалған шарттар бойынша есеп айырысу мынадай жағдайларда тауар биржасының және/немесе оның клирингтік орталығының есебі пайдаланыла отырып жүргізіледі:
      1) егер биржалық мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету сатушы немесе сатушы мүддесін білдіруші ретінде көрінетін, биржалық сауда қатысушысы және шарт талаптары бойынша ұсынылса, есеп айырысулар алдын ала төлеу нысанында жүргізіледі;
      2) егер биржалық мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету биржалық сауда-саттықтарының қатысушы ретінде көрінетін, биржалық сауда қатысушысы және шарт талаптары бойынша ұсынылса, тауарды жеткізу оның төлеміне дейін жүзеге асырылады.
      53. Тауар биржасы онда жасалатын фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында клирингтік орталықтар арқылы есеп айырысу қызметін көрсетуді ұйымдастырады.
      54. Клирингтік орталық:
      1) фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуына және осы мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалмауы не тиісінше орындалмауы нәтижесінде пайда болған зиянды өтеуге кепілдік беретін жарналардың түрлерін, мөлшерін және оларды алу тәртібін белгілейді, сондай-ақ осы мәмілелерге қатысушылардың басқа да қаржылық міндеттемелерін айқындайды;
      2) фьючерстік және опциондық мәмілелерге кепілдік беру үшін шаралар қабылдайды;
      3) тауарлармен мәмілелер жасау нәтижесінде жүзеге асырылатын есеп айырысуларға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен міндеттемелерінің есебін жүзеге асырады.
      4) талап анықтайды (немесе) және фьючерс және опцион мәмiлелерi бойынша тараптардың мiндеттемесi, есептеулер ол бойынша ұйымдастырады.
      Клирингтік орталықтар орталық қарсы уәкiл ретінде әрекет ете алады - әрбiр сатып алушы үшiн әрбiр сатушы және сатушы үшiн сатып алушының болып табылуы.
      55. Тауар биржасы қойма құжаттарына қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беру мәмілелері және тауар биржасының ішкі құжаттарына сәйкес спорт-тауарға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беру мәмілелері бойынша есеп айырысуды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
      56. Биржалық сауда қатысушысы биржалық мәмілелер бойынша орындалуы көрсетілген құралдармен қамтамасыз етілген, міндеттемелерді орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда биржалық мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету қаражаты тауар биржасы және/немесе клирингтік ұйымымен белгіленген тәртіппен биржалық мәміле бойынша жәбірленуші тарапқа аударылады.

5. Тауар биржасындағы сауда-саттықты тоқтата тұрудың және қайта жаңартудың шарттары мен тәртібі

      57. Тауар биржасының сауда жүйесінде техникалық ақаулар туындаған және биржалық сауданы ұйымдастыруға байланысты қызметтер көрсетуді жалғастыруға мүмкіндік бермейтін жағдайларда, тауар биржасы техникалық ақаулар журналында техникалық ақау фактісі мен уақытын тіркейді, қызметтер көрсетуді тоқтатады және мыналарға бағытталған шараларды тез қабылдайды:
      1) техникалық ақауларға әкелетін себептерді анықтау және жою;
      2) ақаулардың техникалық, салдарын жою;
      3) тауар биржасының сауда жүйесінде орналасқан ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету және техникалық ақаулар нәтижесінде жойылған ақпаратты қалпына келтіру.
      58. Биржалық сауда-саттықтың жеке қатысушысының жұмысына кедергі келтіретін техникалық ақаулар жағдайында, ақаулардың себебі биржалық сауда-саттыққа қатысушының күшімен және қаражатымен, егер ақаулар тауар биржасына байланысты емес себептерден туындаса, өзге жағдайларда - тауар биржасының күшімен және қаражатымен жойылады.
      59. Ақауларды жедел жою мүмкін болмаған кезде, биржалық сауда-саттық қатысушысы телефондық байланыс құралы арқылы тауар биржасына ол жариялаған өтінімді алып тастауға өтініш беруі мүмкін. Телефон бойынша өтініш ұсынылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей көрсетілген өтініш жазбаша немесе электронды нысанда тауар биржасына жіберіледі. Тауар биржасы телефон бойынша өтініш алынғаннан кейін тауар биржасының сауда жүйесінен осы биржалық сауда-саттық қатысушысы жариялаған өтінімдерді жояды.
      60. Тауар биржасының сауда жүйесінде ақаулар анықталған кезде тауар биржасы сауда-саттықты тоқтату туралы шешім қабылдайды, бұл туралы сауда-саттық қатысушыларына тауар биржасының сауда жүйесін пайдаланумен немесе басқа да қол жетімді тәсілмен хабарланады. Сауда жүйесінің жұмысқа қабілеттілігі қалыптасқаннан кейін сауда-саттық қайта басталады.
      61. Егер сауда жүйесінің жұмысқа қабілеттілігін қалыптастыру мүмкін болмаса, сауда биржасы сауда-саттықты мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды. Аталған шешімді тауар биржасының сауда-саттық жүйесін пайдаланып немесе басқа қол жетімді тәсілмен барлық биржалық сауда-саттық қатысушыларына хабарлайды.
      62. Тауар биржасы алдыңғы сауда-саттық нәтижесінде қалыптасқан бағаларға сүйене отырып, бір сауда күні шеңберінде нақты биржалық тауарға арналған бағалар деңгейінің ең төменгі немесе барынша жоғары шектерден асқан жағдайда, сауда-саттықты тоқтата алады.

6. Биржалық төрелік қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ биржалық тауарлармен биржалық мәмілелер жасасуға байланысты дауларды шешу тетіктері

      63. Биржалық мәмілелер жасасумен байланысты дауларды шешу үшін тауар биржасы әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік құрады. Биржалық төреліктің қызметі Қазақстан Республикасының аралық соттар туралы заңнамасымен реттеледі.
      64. Биржалық мәмiлелер жасасуға байланысты дауларды шешуге арналған биржалық төрелiктi тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк ретiнде тауар биржасы құрады. Тұрақты жұмыс iстейтiн биржалық төрелiктi құру үшiн тауар биржасы аралық соттың регламентiн, осы аралық сотта қызметiн жүзеге асыратын аралық судьялардың тiзiмiн бекiтуге тиiс.
      65. Тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік Қазақстан Республикасының Конститутциясына, заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес дауларды қарайды.
      66. Тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік шарт талаптарына сәйкес және іскерлік айналымының дағдысын ескере отырып, шешім қабылдайды.
      67. Дау қатынастарын реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде заңдардың жалпы бастамалары мен мағынасынан шыға отырып, дауларды шешеді.
      68. Биржа сауда-саттықтың дау аралық тараптарының арасында жасалған келісімнің, яғни тұрақты жұмыс істейтін биржалық төреліктің қарауында туындаған немесе туындауы мүмкін даулар туралы тараптардың жазбаша келісімінің болуы кезінде тұрақты жұмыс істейтін биржалық төреліктің қарауына берілуі мүмкін.
      69. Тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік қызметінің тәртібі тауар биржасы бекіткен, тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік регламентімен айқындалады.
      70. Тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік аралық талқылауды тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
      71. Қуынушы өз талаптарын тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелікке берілетін жазбаша нысандағы, талап өтініште баяндайды. Талап өтініштің көшірмесі жауап берушіге жіберіледі.
      72. Аралық келісім жасаған тараптар тұрақты жұмыс істейтін биржалық төреліктің шешімін орындау міндеттерін өзіне алады. Тараптар және тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік шешімі әділетті орындалуына бар күшін салады.
      73. Істердің мән-жайы зерттелгеннен кейін тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік құрамына кіретін аралық соттардың басым дауысымен шешім қабылдайды.
      74. Шешім тұрақты жұмыс істейтін биржалық төреліктің отырысында хабарланады.
      75. Егер аралық талқылау барысында тараптар дауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін және басқа тұлғалардың құқығы мен заңды мүдделерін бұзбайтын бейбіт келісімді жасау арқылы реттелсе, тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік талқылауды тоқтатады.
      76. Тұрақты жұмыс істейтін биржалық төреліктің шешімі аралық талқылаумен бірге қабылданды деп есептеледі және ол аралық сот (соттар) қол қойған күні күшіне енеді.

7. Биржалық сауда бойынша құжаттарды қабылдау (бекіту) тәртібі

      77. Тауар биржасы Үлгі ережеге қосымша болып табылатын үлгі нысандарға сәйкес мынадай ішкі құжаттарды:
      1) Биржа ережесін;
      2) биржалық сауда-саттыққа қатысуға арналған өтінімдердің нысанын не талаптарын;
      3) биржалық сауда-саттық мәні болып табылатын тауарлардың тізбесін (тауарлар тобын);
      4) нақты биржалық сауда-саттықта биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдер тізілімін;
      5) тұрақты жұмыс істейтін биржалық төреліктің регламентін;
      6) тауар биржасы өз мүшелерімен жасасатын қызмет көрсету туралы шарттың нысанын;
      7) сауда-саттыққа қатысушыларға жасалған биржалық мәмілелер туралы есептің мазмұнына нысанды не қойылатын талаптарды;
      8) тауар биржасымен етілетін қызметтер бойынша тарифтер;
      9) тауар биржасына оның қызметін жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құжаттарды әзірлейді және бекітеді.
      78. Тауар биржасы:
      1) тауар биржасының тауар жүйесін пайдалану талаптарын;
      2) биржалық сауда-саттық арқылы сатылатын биржалық тауардың сапасына биржалық сауда-саттыққа қатысушының талабы бойынша сараптама ұйымдастыруды;
      3) әлеуетті брокерлер мен дилерлер мүшелігінің шарттарын және тауар биржасының апта сайынғы негізде оның мүшелері болып табылатын брокерлер мен дилерлердің тізілімін жүргізуді;
      4) кейіннен уәкілетті органға хабарлай отырып, апта сайынғы негізде биржаның ресми сайтында оның мүшелері болып табылатын брокерлер мен дилерлер бойынша ақпаратты жариялауға;
      5) биржалық саудамен байланысты ұйымдастырушылық, консультациялық, ақпараттық, әдістемелік қызметтер көрсетуді;
      6) тауар биржасының сауда жүйесін пайдалануды;
      7) халықаралық биржалық сауда-саттықтарды дамытуды регламенттейтін құжаттарды қабылдай (бекіте) алады.
      79. Сауда-саттық қатысушылары үшін тауар биржасының ішкі құжаттары тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын, сауда-саттық қатысушыларының, олардың өкілдерінің немесе үшінші тұлғалардың жеке мүддесінде пайдалануға жол берілмейтін мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету шарттарын қамтуы тиіс.
      80. Биржалық сауда-саттықты өткізу тетіктерін реттейтін тауар биржасының ішкі құжаттары олар күшіне енгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей тауар биржасының мүшелеріне хабарланады, оның ішінде оларды тауар биржасының интернет-ресурсында жариялау жолымен.

8. Тауар биржасындағы мәмілелерді есепке алу және тіркеу тәртібі

      81. Биржалық сауда-саттыққа қатысушы биржалық мәмілелерді өзінің жеке мүддесінде не өз клиентінің бұйрығына сәйкес жасайды.
      82. Биржалық мәміле биржалық сауда-саттық барысында биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың биржалық тауарды сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдер негізінде жасалады.
      83. Дауыстық биржалық сауда-саттық барысында жасалған мәміле бойынша биржа мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс биржалық мәмілені есепке алудың жеке парағын үш данада жасайды:
      1) биржалық мәміленің күні және нөмірі;
      2) мәміле жасасқан биржалық брокерлер/дилерлердің атауы;
      3) брокерлер/дилерлер тапсырмасы бойынша әрекет еткен клиенттерінің атауы;
      4) тауардың атауы;
      5) тауар бірлігінің құны;
      6) тауар саны;
      7) мәміленің жалпы құны;
      8) төлеу және тауарды жеткізу шарттары.
      84. Биржалық мәміленің есепке алу парағы қағаз тасығышта ресімделеді және биржа мөрінің баспа-таңбасымен куәландырылады, оған биржалық мәмілені жасасқан сауда-саттыққа қатысушылардың трейдерлері және тауар биржасының уәкілетті қызметкері қол қояды. Бұл ретте биржалық мәмілені есепке алу парағының бір данасы биржалық мәміленің орындалуын кейіннен бақылау үшін тауар биржасының арнайы журналында тігіледі, ал биржалық мәмілені есепке алу парағының басқа даналары биржалық мәміле тараптарына олар тиісті шартты одан әрі ресімдеу үшін табыс етіледі.
      85. Электрондық биржалық сауда-саттық барысында жасалған мәміле бойынша биржаның сауда жүйесі және/немесе оның клирингтік орталығы автоматты түрде биржалық мәміле бойынша есепті (бұдан әрі – Биржалық мәміле бойынша есеп) дайындайды, ол мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
      1) биржалық сауда-саттыққа қатысушының атауы және оның бірегей биржалық сәйкестендіргіші (биржалық сауда-саттыққа қатысушыға берілген жеке код);
      2) мәмілені жасасу күні және уақыты;
      3) тауардың атауы немесе коды (биржалық сауда-саттық процесінде тауарды бір мәнді сәйкестендіру үшін тауар биржасы белгілеген оның белгісі);
      4) тауар бірлігінің бағасы;
      5) тауар саны;
      6) мәміленің жалпы сомасы.
      Сондай-ақ биржалық есепте мынадай мәліметтер көрсетілуі мүмкін:
      7) мәміле бойынша контрагенттің атауы және деректемелері;
      8) мәміленің жалпы сомасынан бөлінген ҚҚС сомасы;
      9) төлеу және тауарды жеткізу мерзімі;
      10) биржа мен сауда-саттыққа қатысушының келісімі бойынша өзге де шарттар.
      86. Биржалық мәміле бойынша есеп мәміле жасасқан сауда-саттыққа қатысушыға оған биржаның және/немесе оның клирингтік орталығының уәкілетті қызметкері электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қоя отырып, тауар биржасының және/немесе оның клирингтік орталығының электрондық құжат айналымы жүйесі бойынша ұсынылады.
      Биржалық мәміле бойынша есеп мәміле жасасқан сауда-саттыққа қатысушыға сауда сессиясы мен клирингтің аяқталысымен ұсынылады.
      87. Сауда сессиясының қорытындылары бойынша электрондық биржалық сауда-саттыққа қатысушыға әр биржалық мәміле бойынша жеке есепті ұсынусыз, ол сауда сессиясы барысында жасасқан барлық биржалық мәмілелер бойынша жиынтық есеп ұсыныла алады.
      88. Сауда-саттыққа қатысушының талабы бойынша тауар биржасы және/немесе оның клирингтік орталығы сауда-саттыққа қатысушыға тауар биржасының және/немесе оның клирингтік орталығының уәкілетті қызметкері қол қойған және биржаның мөрімен куәландырылған қағаздағы биржалық мәміле бойынша есепті ұсынады.
      89. Биржалық сауда-саттық қорытындылары бойынша тауар биржасының сауда жүйесінде осы сауда сессиясында жасалған биржалық сауда-саттыққа қатысушысының биржалық мәмілелерінің жиынтық тізілімі қалыптастырылады, оны тауар биржасының маклері немесе өзге уәкілетті адамы тіркейді.
      90. Дауыстық биржалық сауда-саттықты өткізудің сауда сессиясы аяқталысымен тауар биржасының сауда жүйесінде биржалық мәміле жасаған биржалық сауда-саттыққа әр қатысушысына маклер, сауда-саттыққа қатысушысының трейдері қол қоятын және тауар биржасының мөрімен куәландырылатын биржалық сауда-саттыққа қатысушысының биржалық мәмілелерінің тізілімі екі данада қалыптастырылады. Биржалық сауда-саттыққа қатысушысының биржалық мәмілелері тізілімінің бір данасы биржалық мәмілелердің орындалуын бақылау үшін тауар биржасында қалады. Биржалық сауда-саттыққа қатысушысының биржалық мәмілелері тізілімінің екінші данасы оның трейдеріне табыс етіледі.
      91. Биржалық сауда-саттыққа қатысушы трейдерінің биржалық мәмілені есепке алу парағына және (немесе) мәмілелер тізіліміне қол қоймауы Биржа ережелерін бұзу болып табылады.
      92. Электрондық биржалық сауда-саттық барысында биржалық мәмілені жасасуды растайтын құжат Биржалық мәміле бойынша есеп болып табылады. Осы мәмілені растайтын басқа құжаттарды ресімдеу талап етілмейді.
      93. Электрондық биржалық сауда-саттық барысында жасасқан биржалық мәміле бойынша тауарларды жеткізу және төлеу шарттарын (тараптардың жауапкершілігін және т.б) нақтылау қажеттілігі жағдайында мәміле тараптары мәміле жасасудың сауда күнінен кейінгі сауда күнінен кешіктірмей мәміле тараптарының және тауар биржасының электрондық цифрлық қолтаңбасын қолдана отырып, оларды биржа арқылы келісуді қамтамасыз ететін тауар биржасының электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы биржалық мәміле бойынша тиісті шартқа (бұдан әрі – электрондық шарт) қол қояды.
      94. Тауар биржасымен қағаз тасығышына көшірілген және биржа мөрімен куәландырылған электрондық шарт электрондық шарттың телнұсқасы болып танылады.
      95. Мәміле тарапының талабы бойынша тауар биржасы талап түскен күннен бір жұмыс күні ішінде тарапқа электрондық шарттың телнұсқасын ұсынады.
      Телнұсқаны ұсыну тәртібі және осы қызметті көрсету құны Биржа ережесімен белгіленеді.
      96. Дауыстық биржалық сауда-саттық барысында биржалық мәмілені жасасуды растайтын құжат биржалық мәмілені есепке алу парағы болып табылады.
      Көрсетілген биржалық мәміле бойынша тараптар үш данадағы шартқа қол қойып, осы биржалық мәміле жасалған күннен он жұмыс күні ішінде осы Үлгі ереженің 98-тармағымен көзделген тәртіппен оны тауар биржасында тіркейді.
      Осы шартқа қол қоюдан бас тарту немесе жалтару жасалған биржалық мәмілені жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылмайды.
      97. Осы Үлгі ереженің 93 және 96-тармақтарында көрсетілген шарт жасалған биржалық мәміленің мәніне қатаң сәйкес болуы тиіс және биржалық мәміленің өзін жасасқан күнінен бастап, қолданысқа енгізіледі. Көрсетілген шарттың кіріспесінде міндетті түрде көрсетілген биржалық мәмілеге сілтеме келтірілуі тиіс.
      98. Шартты тіркеу оны тауар биржасына ұсынған күнінен бір жұмыс күні ішінде шарттың әр данасына тауар биржасының тіркеу мөртабанын қойып, оны уәкілетті қызметкердің қолымен куәландыру жолымен жүргізіледі. Бұл ретте тіркелген шарттың бір данасы тауар биржасына қалады.
      99. Брокерлер мен дилерлер жасалатын биржалық мәмілелердің есепке алынуын әр клиент бойынша бөлек жүргізуге және осы мәмілелер туралы мәліметтерді мәмілелер жасалған күнінен бес жыл ішінде сақтауға міндетті.
      100. Тауар биржалары биржалық сауданы ұйымдастыру қызметімен айналысуды тоқтатқанға және көрсетілген мәліметтерді мұрағатқа тапсырғанға дейін оның электрондық құжат айналымы жүйесінде жасалған электрондық шарттар бойынша мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

9. Тауар биржасының уәкілетті мемлекеттік органға есептерді ұсыну, сондай-ақ өткізілетін сауда-саттықтар туралы ақпаратты тауар биржасының интернет-ресурсында орналастыру тәртібі

      101. Тауар биржасы осы Үлгі ережеге қосымшада белгіленген есеп нысанына сәйкес байланыстың электрондық арналары арқылы уәкілетті мемлекеттік органға өткізілген биржалық сауда-саттықтар бойынша электрондық есепті ұсынады.
      102. Тауар биржасы есепті жылдың 1 қаңтарындағы, 1 сәуіріндегі, 1 шілдесіндегі және 1 қазанындағы жағдай бойынша уәкілетті мемлекеттік органға есепті тиісті есепті жылдың 31 қаңтарынан, 30 сәуірінен, 31 шілдесінен және 31 қазанынан кешіктірмей ұсынады.
      103. Тауар биржасы, оның мүшелері туралы және биржалық сауда-саттық нәтижелері туралы ақпаратты ашу мақсатында тауар биржасы оның бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етеді.
      104. Әр сауда күнінің қорытындылары бойынша тауар биржасы сауда сессиясы аяқталғаннан кейін үш сағат ішінде тауар биржасының интернет-ресурсында мынадай мәліметтерді қамтитын биржалық сауда-саттық нәтижелері туралы ақпаратты жариялайды:
      1) стандартталған тауарлар (жеткізудің бірыңғай шарттарындағы біртекті тауарлар) бойынша:
      сауда-саттықты өткізу күні;
      тауардың атауы немесе коды;
      мәмілелер саны;
      мәмілелердің ең жоғары және ең төмен бағасы;
      сауда сессиясындағы барлық мәмілелер бойынша жалпы айналым.
      2) стандартталмаған тауарлар бойынша:
      сауда-саттықты өткізу күні;
      мәмілені жасасу уақыты және оның нөмірі;
      мәмілені жасаған брокерлердің/дилерлердің атауы (электрондық коды);
      тауардың атауы;
      тауар саны;
      тауар бағасы;
      шарт бойынша жалпы құны;
      жеткізу шарттары.
      105. Заңнамалық актілермен уәкілетті мемлекеттік органға тауар биржалары есептіктердің басқа түрлерді белгілеуді мүмкін.

10. Тауар биржасы арқылы мемлекеттік және өзге сатып алуды өткізу қағидалары

      106. Тауар биржасындағы мемлекеттік сатып алу Биржа ережесінде белгіленген тәртіппен қосарлы қарсы аукцион режимінде жүзеге асырылады.
      107. Тек уәкілетті брокерлердің/дилерлердің трейдерлері ғана мемлекеттік сатып алу бойынша сауда-саттыққа қатысып, сауда жүйесіне сатуға (сатып алуға) арналған өтінімдерді ұсына алады.
      108. Тауар биржасында мемлекеттік сатып алу тек қана электрондық биржа сауда-саттықтары арқылы жүргізіледі.
      109. Тауар биржасы мемлекеттік сатып алу бойынша сауда-саттыққа қатысатын брокерлерге/дилерлерге электрондық құжат айналым бойынша қызметті және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану мүмкіндігін ұсынуы тиіс.
      110. Тауар биржасы мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде сауда-саттық кестесі түріндегі хабарландыруды биржалық сауда-саттықты өткізу күніне дейін он бес күнтізбелік күннен кешіктірмей тауар биржасының интернет-ресурсында орналастырады.
      111. Мемлекеттік сатып алуды тауар биржалары арқылы жүзеге асыру қызметтері тапсырыс берушінің тиісті жылға бюджетінде көзделген қаражат шеңберінде ақылы негізде көрсетіледі.
      112. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алудан басқа өзге сатып алу жүзеге асырылуы мүмкін.
      113. Тауар биржалар арқылы өзге сатып алу осы Үлгі ережелер және биржаның Ережелермен көзделген жалпы тәртіппен стандартты аукцион режимінде немесе қосарланған қарсы аукцион режимінде өткізілуі мүмкін.

Биржа саудасының үлгі ережесіне
қосымша            

Есептілік нысаны 

Тауар биржаларының атауы

Жасалған мәмілелердің көлемі, мың теңге

оның ішінде:

Жасалған мәмілелердің саны

Өнім түрлері бойынша

спорт-мәмілелер

мерзімді мәмілелер

жалпы

мемлекеттік сатып алу бойынша

жалпы

мемлекеттік сатып алу бойынша

жалпы

мемлекеттік сатып алу бойынша

жалпы

мемлекеттік сатып алу бойынша

1











2











3