«Әділет органдары туралы» 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Орталық мемлекеттік органдарда, сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдіктерде мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді тексеруді жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 14 желтоқсандағы
№ 1598 қаулысымен
бекітілген
Орталық мемлекеттік органдарда, сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдіктерде мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді тексеруді жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Орталық мемлекеттік органдарда, сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдіктерде мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді тексеруді жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Әділет органдары туралы» 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары орталық мемлекеттік органдарда, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді тексеруді жүзеге асырудың тәртібін белгілейді.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және оның аумақтық органдарының қызметкерлері тексерістерді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексін, Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» 2002 жылғы 18 наурыздағы, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Қағидаларды басшылыққа алады.
3. Тексеру:
1) мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының Конституцияға және заңнамалық актілерге қайшы келетін, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, шаруашылық жүргізуші субъектілердің және мемлекеттің заңды мүдделерін қозғайтын мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді шығару фактілерін анықтау және оларға жол бермеу;
2) орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларының күші жойылған, сот күші жоқ деп таныған, не уәкілетті органдар қолданысын тоқтата тұрған, сондай-ақ әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген не белгіленген тәртіппен жарияланбаған нормативтік құқықтық актілерді заңсыз қолдану фактілерін анықтау және оларға жол бермеу;
3) нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу саласында сапаны қамтамасыз ету және заңдылық режимін күшейту жөнінде әдістемелік көмек көрсету мақсаттарында жүргізіледі.
2. Тексеру жүргізуді ұйымдастыру
4. Орталық мемлекеттік органдарда тексерулер жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру мен үйлестіру Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесіне, жергілікті мемлекеттік басқару органдарында - облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әділет департаменттерінің (бұдан әрі - аумақтық әділет органдары) басшыларына жүктеледі.
5. Тексерулерді:
орталық мемлекеттік органдарды - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі;
жергілікті мемлекеттік басқару органдарын - аумақтық әділет органдары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жергілікті мемлекеттік басқару органдарын да тексерулерді жүзеге асырады.
Өзге мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін мән-жайлар анықталған жағдайда, тексерулер уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізіледі.
6. Тексерулер әділет органдарының бастамасы бойынша, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қолданыстағы заңнаманың белгіленген нормаларының бұзушылықтары туралы ақпарат алған кезде, сондай-ақ тексеру жоспарына сәйкес жүргізіледі.
7. Тексерулер жоспарын әділет органының бірінші басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) бекітеді.
Орталық мемлекеттік органдар және жергілікті мемлекеттік басқару органдары үшін жоспарлы тексерулердің кезеңділігі үш жылда кемінде бір рет болып белгіленеді.
8. Тексерулерді жүргізу алдында тексеруге жататын міндеттер мен мәселелер тізбесін қамтитын тексеру бағдарламасы әзірленеді және тексерілетін мәселелердің мәнін түсіне білетін және қызметті ұйымдастыруда, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жоюда консультациялық-әдістемелік көмек көрсете алатын қызметкерлердің қатарынан тексеру жүргізуге уәкілетті тұлға (лар) белгіленеді.
Тексерулер бағдарламасын әділет органының бірінші басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) немесе оның орынбасары бекітеді.
3. Тексерулерді жүргізу
9. Тексеру жүргізу үшін әділет органдарының бірінші басшысы (немесе оның міндетін атқарушы тұлға) тексеруді тағайындау туралы акті шығарады.
10. Тексеруді тағайындау туралы актіде:
1) актінің нөмірі мен күні;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілетті тұлғаның (тұлғалардың) тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда) және лауазымы;
4) оған қатысты тексеру жүргізу тағайындалған тексерілетін органның атауы (тексерілетін орган басшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі;
5) тағайындалған тексерудің мәні;
6) тексеру жүргізудің мерзімі;
7) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті
талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
8) тексерілетін кезең;
9) актіге қол қоюға уәкілетті тұлғаның қолы және мемлекеттік органның мөрі көрсетіледі.
11. Тексеру басталғанға дейін тексеруді тағайындау туралы акті және оның көшірмесі толтырылған есепке алу карточкасымен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тексеру объектісін тіркеу немесе оның өз қызметін жүзеге асыру орны бойынша тіркеледі.
Тексеруді әділет органдары тексеруді тағайындау туралы акті құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркелгеннен кейін жүргізеді.
Тексеру жүргізудің басталуы тексерілетін органға тексеруді тағайындау туралы актіні беру күні болып есептеледі.
12. Алдағы жұмыстардың көлемі, қойылған міндеттер және тексеру
жүргізуге уәкілетті тұлғалардың құрамы ескеріле отырып, 30 жұмыс күнінен аспайтын тексеру мерзімі белгіленеді.
Тексеруді тоқтатуды, тоқтата тұруды, қайта бастауды, мерзімін ұзартуды әділет органының бірінші басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) жүргізеді.
Тексеру көлемінің ауқымды болған кезде тексеру жүргізудің мерзімі отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылады.
Тексеру бір айдан аспайтын мерзімге бір рет тоқтатыла тұруы мүмкін.
Тексеру мерзімдері ұзартылған, тексеру мерзімдерін тоқтата тұрған немесе қайта бастаған жағдайда, сондай-ақ тексеруге қатысушы адамдардың құрамын өзгерткен кезде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тексеру тағайындау туралы акті нөмірімен, тіркелген күнімен, құжаттардың келіп түскен күніне сәйкес келетін акті тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей ресімделеді.
Тексеруді ұзарту туралы актіні ресімдеу кезінде тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзартудың себебі көрсетіледі.
Тексерілетін органды тексеруді тоқтата тұру не қайта бастау туралы хабардар ету тексеруді тоқтата тұруға не қайта бастауға дейін бір күн бұрын жүргізіледі.
Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күнінен бастап жалғасады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркелген тексеруді жүргізбеген жағдайда, оны жүргізбеу себебін көрсете отырып хабарлама жасалады.
Хабарлама құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің нақты күнінің аяқталған сәтіне дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
13. Тексеру жүргізуге уәкілетті тұлға(лар) тексерілетін органның бірінші басшысына (не оның міндетін атқарушы тұлғаға) танысу үшін тексеруді тағайындау туралы актіні ұсынады.
Олар болмаған жағдайда тексеруді тағайындау туралы актімен тексерілетін орган басшысының орынбасары не жауапты хатшы (жергілікті мемлекеттік басқару органдарында - аппарат басшысы) танысады.
14. Тексерілетін органдардың мемлекеттік тіркеуге жататын, бірақ одан өтпеген нормативтік құқықтық актілерді шығаруына және қолдануына жол бермеу мақсатында тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңде шығарылған барлық актілері тексеруге жатады.
15. Тексеру жүргізуге уәкілетті тұлға (лар):
1) нормативтік құқықтық актілердің тіркелімдерін, нормативтік құқықтық актілерді тіркеуді жүргізетін журналдарды, автоматтандырылған деректер қорын (ақпараттық жүйелер) тексеруді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерді іріктеуді жүзеге асырады;
3) азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау бөлігінде қолданыстағы заңнама талаптарының орындалуын тексереді;
4) сол немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу қажеттілігі туралы мәселелерді шешеді;
5) әкімшілік өндірісті қозғау және материалдарды сотқа тапсыру туралы шешімдер қабылдайды.
16. Тексерулерді жүргізген кезде тексеруді жүргізуге уәкілетті тұлға(лар):
1) тексерілетін органдардан тексерулерді жүзеге асыру үшін қажетті материалдар мен ақпаратты сұратады;
2) әділет органы бірінші басшысының (не оның міндетін атқарушы тұлғаның) атына әкімшілік жауапкершілікке тартылып отырған тұлғадан түсініктеме сұратады.
3) тексерілетін субъектілерге қатысты әділетсіздікке және ағат пікірге жол бермейді.
17. Тексеруді жүргізуге кедергі жасау «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінде көзделген жауапкершілікке әкеп соқтырады.
4. Тексеру қорытындыларын ресімдеу тәртібі
18. Тексеру қорытындылары бойынша ол аяқталған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей екі данада тексеріс нәтижелері туралы акт жасалады.
19. Тексеру нәтижелері туралы актіде анықталған бұзушылықтар дәйекті және объективті жазылады, олар дәлелді және құжаттардың көшірмелерімен (құжаттың күні мен нөмірі, нормативтік құқықтық актінің атауы, оның мазмұны және басқа да мәліметтер) құжаттамалы расталуға тиіс.
Тексеру нәтижелері туралы актінің мәтінінде әр түрлі кестелер мен анықтамалық деректер қамтылмайды, бұл мәліметтер бөлек қосымшамен ресімделеді.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеруді өткізуге уәкілетті тұлға(лар) қол қояды және тексерілген органның бірінші басшысына (немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға) қол қою үшін ұсынылады. Қол қойылғаннан кейін актінің бір данасы тексерілген органда қалады, екіншісі - әділет органына қайтарылады.
20. Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру барысында анықталған бұзушылықтарға тікелей кінәлі не оларға қатысы бар адамдардың түсіндірмелері де қоса беріледі.
21. Тексерілген органның бірінші басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) тарапынан тексеру нәтижелері туралы актіге қарсылықтар немесе ескертулер болған кезде, өзінің қолының алдында ескертпе жасайды және дәлелденген жазбаша түсіндірмелер мен ескертулер қоса беріледі.
22. Тексерілген органның бірінші басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) қол қоюдан бас тартқан жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жүргізіледі.
23. Тексеру барысында жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген бұзушылықтар анықталған жағдайда, тексеруші(лер) дереу әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген бүзушылықтар тексерілетін органдармен 10 жүмыс күні ішінде жойылады.
Тексерілген орган тексеріс нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жоймаған жағдайда, Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізеді.