Алматы облысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген жер учаскелерін босалқы жерге ауыстыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 10 қарашадағы № 1408 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 13-бабына және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Алматы облысының Қарасай ауданындағы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің «Іле Алатауы мемлекеттiк ұлттық табиғи паркi» мемлекеттiк мекемесiнің жалпы алаңы 29,4597 гектар жерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері санатынан босалқы жерлер санатына ауыстырылсын.
      2. Алматы облысының әкімі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, осы қаулының 1-тармағында көрсетілген жер учаскесін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына беруді қамтамасыз етсін.
      3. «Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 10 қарашадағы № 1074 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 42, 457-құжат) мынадай өзгерiс енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбесiнде:
      «Алматы облысы» деген бөлімде:
      реттік нөмірі 19-жол мынадай редакцияда жазылсын:

«

19

Іле Алатауы мемлекеттiк ұлттық табиғи паркi

199673,5

Қарасай, Талғар және Енбекшіқазақ аудандары

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті

».

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               С. Ахметов