Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 қыркүйектегі № 1142 Қаулысы

Қолданыстағы

      Елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізін қалаушы қағидаттары, міндеттері мен тәсілдері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Кеңес туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2012 жылғы 5 қыркүйектегі
№ 1142 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес туралы ереже

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес қызметінің міндеттерін, функциялары мен ұйымдастыру негіздерін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) мемлекеттік және жеке сектор арасындағы әріптестік қағидаттарына негізделген Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Кеңес елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негіз қалаушы қағидаттары, міндеттері мен әдістері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін құрылады.
      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      4. Кеңестің қызметі елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді тетіктерін құру бойынша тәжірибелік ұсыныстар мен ұсынымдарды бірлесе әзірлеу мақсатында мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибелік өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған.
      Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы басқа да кеңестермен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жанындағы Елдің бәсекеге қабілеттілігіне кешенді мониторинг және талдау жөніндегі жұмыс тобымен өзара іс-қимыл жасайды.
      5. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі - жұмыс органы) болып табылады.

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

      6. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары:
      1) Қазақстанның ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері бойынша бірыңғай саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      2) Қазақстанның ұлттық экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негіз қалаушы қағидаттары, міндеттері мен тетіктері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;
      3) базалық факторлар («Макроэкономика», «Бизнес», «Технологиялар және инновациялар», «Институттар», «Адами даму») көрсеткіштерін жақсарту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      4) елдің бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі баяндаманы қалыптастыруға қатысу болып табылады.

3. Кеңестің құқықтары

      7. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға және алуға;
      2) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін Кеңестің отырыстарына шақыруға және қаралатын мәселелер бойынша тыңдауға;
      3) қажеттілігіне қарай проблемалық мәселелерді талдау және зерделеу үшін мамандарды, сарапшылар мен ғалымдарды тартуға;
      4) барлық институционалдық құрылымдармен жүйелі консультациялар беруге құқылы.

4. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      8. Кеңесті лауазымы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып табылатын төраға басқарады.
      Кеңестің төрағасы Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, Кеңес мүшелерінің келісімі бойынша отырыстардың күн тәртібін, сондай-ақ оларды өткізу уақыты мен орнын, қабылданатын шешімдердің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды айқындайды және нақтылайды, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді, Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және оның қызметі үшін дербес жауапты болады.
      Кеңес төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын Кеңес төрағасының орынбасары орындайды.
      9. Кеңестің хатшысы Кеңес отырысына қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды және Кеңес отырысының хаттамасын (бұдан әрі - хаттама) ресімдейді.
      Хатшы Кеңестің мүшесі болып табылмайды.
      10. Жұмыс органы Кеңестің жұмысын ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде:
      1) күн тәртібін қалыптастырады;
      2) Кеңестің шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді және бақылайды;
      3) Кеңес мүшелерінің және оның қызметіне тартылған мамандардың жұмысын үйлестіреді.
      11. Кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі.
      12. Кеңестің отырыстары Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болған жағдайда заңды болады. Кеңестің мүшелері оның қызметіне алмастыру құқығынсыз қатысады.
      13. Кеңес мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде жазылуға және хаттамаға қоса берілуге тиіс.
      14. Кеңес отырыстарына Кеңес мүшелері болып табылмайтын лауазымды тұлғалар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
      15. Кеңес отырыстары күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша шешімдер отырысқа қатысқан Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Кеңестің төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
      16. Кеңестің шешімі хаттамамен ресімделеді, оған міндетті түрде отырысқа қатысқан барлық Кеңес мүшелері қол қояды.

5. Кеңестің қызметін тоқтату

      17. Кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тоқтатады.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2012 жылғы 5 қыркүйектегі
№ 1142 қаулысына   
қосымша        

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес құрамы

Мәсімов                    - Қазақстан Республикасының
Кәрім Қажымқанұлы            Премьер-Министрі, төраға

Келімбетов                 - Қазақстан Республикасы
Қайрат Нематұлы              Премьер-Министрінің орынбасары,
                             төрағаның орынбасары

Әбілқасымова               - Қазақстан Республикасының Экономикалық
Мәдина Ерасылқызы            даму және сауда вице-министрі, хатшы

Байменов                   - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
Әлихан Мұхамедияұлы          қызмет істері агенттігінің төрағасы
                             (келісім бойынша)

Түсіпбеков                 - Қазақстан Республикасы Экономикалық
Рашид Төлеутайұлы            қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
                             күрес агенттігінің (қаржы полициясы)
                             төрағасы (келісім бойынша)

Қасымов                    - Қазақстан Республикасының Ішкі істер
Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы   министрі

Әбдіқалықова               - Қазақстан Республикасының Еңбек және
Гүлшара Наушақызы            халықты әлеуметтік қорғау министрі

Жәмішев                    - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
Болат Бидахметұлы

Жұмағалиев                 - Қазақстан Республикасының Көлік және
Асқар Қуанышұлы              коммуникация министрі

Жұмағұлов                  - Қазақстан Республикасының Білім және
Бақытжан Тұрсынұлы           ғылым министрі

Имашев                     - Қазақстан Республикасының Әділет
Берік Мәжитұлы               министрі

Исекешев                   - Қазақстан Республикасының Индустрия және
Әсет Өрентайұлы              жаңа технологиялар министрі

Қайырбекова                - Қазақстан Республикасының Денсаулық
Салидат Зекенқызы            сақтау министрі

Сағынтаев                  - Қазақстан Республикасының Экономикалық
Бақытжан Әбдірұлы            даму және сауда министрі

Әбдірахымов                - Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті
Ғабидолла Рахматоллаұлы      қорғау агенттігінің төрағасы
                             (Монополияға қарсы агенттік)

Нокин                      - Қазақстан Республикасы Құрылыс және
Серік Кеңесұлы               тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері
                             агенттігінің төрағасы

Оспанов                    - Қазақстан Республикасы Табиғи
Мұрат Мағауияұлы             монополияларды реттеу агенттігінің
                             төрағасы

Смайылов                   - Қазақстан Республикасы Статистика
Әлихан Асханұлы              агенттігінің төрағасы

Сыздықов                   - Қазақстан Республикасы Президентінің
Эльдар Мақсұтұлы             Әкімшілігі Стратегиялық әзірлемелер және
                             талдау орталығының меңгерушісі

Әбдірәсілов                - Қазақстан Республикасының Президенті
Болатбек Серікбайұлы         жанындағы Мемлекеттік басқару
                             академиясының ректоры (келісім бойынша)

Бейсенғалиев               - «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі»
Берік Тұрсынбекұлы           акционерлік қоғамының басқарма төрағасы
                             (келісім бойынша)

Ежов                       - «Ұлттық талдамалық орталық» акционерлік
Владислав Николаевич         қоғамының басқарма төрағасы (келісім
                             бойынша)

Мұқанов                    - «Экономикалық зерттеулер институты»
Мақсат Нұрдәулетұлы          акционерлік қоғамының президенті
                             (келісім бойынша)

Мырзахметов                - «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық
Абылай Исабекұлы             палатасының басқарма төрағасы (келісім
                             бойынша)

Шөкеев                     - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»
Өмірзақ Естайұлы             акционерлік қоғамының басқарма төрағасы
                             (келісім бойынша)

Жамаубаев                  - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Ерұлан Кенжебекұлы           Үйлестіру департаментінің директоры
                             (келісім бойынша)