Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын өтеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 тамыздағы № 1092 Қаулысы.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының 99-бабына, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңының 45, 55-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын өтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 28 тамыздағы
№ 1092 қаулысымен
бекітілген

Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын өтеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы төлеу шарттары мен тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы 2012 жылғы 16 ақпандағы "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 55-бабының 7-тармағына сәйкес өтелетін адамға (бұдан әрі – алушы) қолданылады.

      3. Ақшалай өтемақы – бұл алушыларға жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан мынадай қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына төленетін ақшалай қаражат (бұдан әрі – ақшалай өтемақы).

      4. Ақшалай өтемақы төлеу мемлекеттік органды ұстауға көзделген республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      5. Ақшалай өтемақы төлеу балансында алушы тұратын қызметтік тұрғын үй тұрған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) басшысының бұйрығы негізінде жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушыларына ақшалай өтемақы төлеу мемлекеттік орган басшысының немесе басшысы орынбасарларының бұйрығы негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.03.2015 № 159 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Ақшалай өтемақы төлеу тәртібі

      6. Алушыларға ақшалай өтемақы төлеу мынадай шарттарды сақтау кезінде жүргізіледі:

      1) жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан алушыға берілген қызметтік тұрғын үйдің болуы;

      2) 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар алушының әскери қызметте күнтізбелік есептегенде он бес және одан да көп жыл болуы;

      3) алушыда және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің меншік құқығында Қазақстан Республикасының аумағында және тұрақты пайдалану құқығында осы елді мекенде коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің болмауы.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.03.2015 № 159 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Ақшалай өтемақы мөлшері алушының өзін қоса алғанда, бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің санын тиесілі пайдалы аудан нормаларына (18 шаршы метр) және статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында жарияланатын деректеріне сәйкес орта есеппен алғанда республика бойынша ағымдағы жылғы қаңтардағы жаңа тұрғын үйді сатудың бір шаршы метрінің бағасына көбейту жолымен айқындалады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.03.2015 № 159 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Алушы белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме басшысының атына, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушысы мемлекеттік орган басшысының немесе басшысы орынбасарларының атына ақшалай өтемақы төлеу үшін баянат (өтініш) береді.

      Баянатқа (өтінішке) мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) қызметтік тізім;

      2) отбасы құрамы туралы анықтама;

      3) қызмет орнынан анықтама;

      4) қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартының көшірмесі;

      5) аумақтық әділет органының анықтамасы (алушыда және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тиесілі тұрғын үйінің бар-жоғы туралы);

      5-1) жергілікті атқарушы органның анықтамасы (алушыда және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің тұрақты пайдалануында осы елді мекенде коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің бар-жоғы туралы);

      6) әскери қызметші мен оның отбасы мүшелерінің әскери қызметшінің отбасы мүшелері бар болған жағдайда жеке басын куәландыратын құжаттардың, балаларының туу туралы куәліктерінің және неке (некені бұзу) туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелері (баянат берген күнге дейінгі 10 күн бұрын);

      7) отбасыда Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін науқастанулар тізімінде аталған кейбір созылмалы сырқаттардың ауыр түрлерімен ауыратын мүшелердің бар болуы туралы мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесінің анықтамасы қоса беріледі;

      8) жиырма үш жасқа дейінгі күндізгі оқу түрінде оқитын білім беру мекемесінен анықтама;

      9) отбасында мүгедек тобы бойынша он сегіз жасқа толмаған мүгедек бала бар болса, халықты әлеуметтік қорғау мемлекеттік мекемесінен мүгедектігі туралы анықтама;

      10) балалардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті органнан кәмелетке толмаған баланы қорғауы және қамқорлық етуі туралы анықтама;

      11) әскери қызметшінің отбасы мүшесінде оларды тану туралы соттың шешімі.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.03.2015 № 159 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды алушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушыларын қоспағанда мемлекеттік мекемеге ұсынады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушылары белгіленген тәртіппен осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды алушы қызмет өткеретін қызметтік тұрғын үйді есепке алу функциясы жүктелген бөлімшеге (бұдан әрі — бөлімше) ұсынады.

      Мемлекеттік мекеме не бөлімше баянат (өтініш) тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей алушы ұсынған құжаттарды тексеруді және оның нәтижелерін алушыға жеткізуді жүргізеді. Ұсынылған құжаттар сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік мекеме не бөлімше оларды алушыға пысықтауға қайтарады. Алушы қайтадан өтініш білдірген кезде баянат (өтініш) қайтадан тіркелген күні берілген деп есептеледі.

      Ұсынылған құжаттарды тексеру нәтижелері белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясының қарауына шығарылады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушылары ұсынған құжаттарды тексеру нәтижелері белгіленген тәртіппен алушы қызмет өткеретін мемлекеттік органның тұрғын үй комиссиясының қарауына шығарылады.

      Мемлекеттік мекеменің немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушысы қызмет өткеретін мемлекеттік органның тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасы баянат (өтініш) тіркелген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей бекітіледі.

      Мемлекеттік мекеменің немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушысы қызмет өткеретін мемлекеттік органның тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасы бекітілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілеріне ақшалай өтемақы төлеу туралы бұйрықты мемлекеттік мекеменің басшысы, ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алушыларына ақшалай өтемақы төлеу туралы бұйрықты алушы қызмет өткеретін мемлекеттік органның басшысы немесе басшысының орынбасары шығарады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.03.2015 № 159 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Мемлекеттік органның қаржы бөлімшесі ақшалай өтемақы төлеу үшін жоспарланған ақшалай қаражатты мемлекеттік мекемелерге бөледі. Ақшалай өтемақы алушыға өтемақы төлеу туралы бұйрықтың шығарылған күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей төленеді.

      11. Ақшалай өтемақы төленген алушылар ақшалай өтемақысын төлеген сәттен бастап үш айдан кешіктірмей белгіленген тәртіппен қызметтік тұрғын үйді тапсырады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.07.2017 № 417 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен

      12. Егер жұбайы және зайыбы әскери қызмет өткерген әскери қызметші болған жағдайда өтемақы әскери қызметшілердің біреуіне төленеді.

      13. Кадр қызметі ақшалай өтемақы төлеу туралы бұйрықтың көшірмесін алушының жеке ісіне қоса тіркейді және тиісті жазуды жүргізеді, ол қойылған қолмен және мемлекеттік мекеменің елтаңбалы мастикалық мөрімен расталады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.03.2015 № 159 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).