«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 10 тамыздағы
№ 1041 қаулысымен
бекітілген
Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидалары
Осы Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) газ – тауарлық газ және (немесе) сұйытылған мұнай газы;
2) газды артық жұмсау – газды жеткізудің (тұтынудың) тәуліктік нормасынан асып кететін көлемде тұтынушының газды іріктеп алуы;
3) газ құбырындағы газдың технологиялық қоры – газды тасымалдаудың жұмыс режимін қамтамасыз ету үшін газ құбырындағы қажетті газдың ең аз көлемі;
4) газ қабылдау (жеткізу) пунктi – жеткізуші, газ тасымалдаушы, газ таратушы ұйымдар мен тұтынушы арасындағы шарттарда айқындалатын, әдетте, газды есепке алу аспаптарымен жабдықталған газ жеткізу (тасымалдау) пункті;
5) газ жеткізудің (тұтынудың) орташа тәулiктiк нормасы – шартпен белгіленген бір айдағы газ көлемін тиісті айдың күнтізбелік күндеріне бөлу жолымен айқындалатын газ көлемі;
6) газ тасымалдау жүйесі – газ тасымалдау, газ тарату ұйымының меншiгіндегі немесе өзге де заңды негіздердегі магистральдық газ құбырларын, газ тарату жүйесін қамтитын газ құбырларының жүйесі;
7) газды жеткізудің (тұтынудың) тәулiктiк нормасы – тараптардың келісімі бойынша диспетчерлік кестемен белгіленген тәуліктік газ көлемі;
8) газ тұтыну броні – отынның резервтік түрлерін барынша пайдаланған жағдайда тұтынушыларға газ жеткізу Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес газ жеткізудің тоқтатылуы немесе осы шектен азайтылуы мүмкін емес тұтынушыларды үздіксіз және авариясыз технологиялық жабдықтау жұмысы үшін қажетті ең аз газ тұтыну көлемі;
9) диспетчерлік кесте – жеткізушінің тасымалдаушыға берген өтініміне сәйкес газ жеткізудің сағаттық кестесі;
10) есеп айырысу кезеңі – берілген газдың көлемі анықталатын, жеткізуші, газ тасымалдау, газ тарату, газ желісі ұйымдары арасындағы берілген газ үшін өзара есеп айырысу жүргізілетін кезең. Тараптармен келісілген есеп айырысу кезеңі шартта көрсетіледі;
11) жеткізу – газды бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызмет;
12) жеткізуші – Заңмен және осы Қағидалармен белгіленген жағдайларда газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлға;
13) тасымалдаушы – газ тасымалдау немесе газ тарату ұйымы;
14) техникалық жағдайлар – газбен жабдықтау жүйесінің объектілерін салуға, тұтынушыны сұратылатын (есеп айырысу) параметрлерге қосуға, газбен жабдықтау жүйесі объектісінің бастапқы жобалық шешімін өзгертуге газ тарату немесе газ желісі ұйымы беретін құжат;
15) тұтынушы – тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық немесе өнеркәсіптік тұтынушы;
16) уәкілетті орган – газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ елді мекендердің шекаралары шегінен тыс тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады.
2. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізу тәртібі
2. Мыналар тауарлық газды тұтынушыларға жеткізушілер болып табылады:
1) ұлттық оператор;
2) газ тарату ұйымдары;
3) авто газ толтыру компрессорлық станцияларының иелері;
4) газ тұтыну жүйелері магистральдық немесе жалғастырушы газ құбырына тікелей қосылған өнеркәсіптік тұтынушыларға тауарлық газ бөлшек саудада өткізілген жағдайда, тауарлық газды өндірушілер, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері.
3. Өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар тауарлық газды жеткізушілерден Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарттардың негізінде сатып алады.
4. Жеткізушілер мен тұрмыстық тұтынушылар арасында жасалған тауарлық газды бөлшек саудада өткізу шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі шартқа сәйкес жасалады.
5. Тұрмыстық тұтынушылар заңнамада белгіленген тәртіппен пәтер иелері кооперативімен немесе кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын өзге де жеке немесе заңды тұлғаға шарт жасасу жөніндегі өз өкілеттіктерін беруге құқылы. Бұл ретте шарт жасасу жөніндегі өкілеттіктерді беру, әдетте, жеткізушінің мекенжайына жіберілетін тұрмыстық тұтынушының (тұрмыстық тұтынушылардың) өтінімімен не кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасымен ресімделеді.
6. Тұтынушыларды газдандыру мүмкіндігін магистральдық газ құбыры мен газ тарату желісінің өткізу қабілетін ескеріп тасымалдаушы айқындайды.
7. Газды тиісінше жеткізу үшін құқықтық және техникалық (технологиялық) шарттардың болуы тауарлық газды бөлшек саудада өткізу шартын жасасу жағдайлары болып табылады, оның ішінде:
1) тұтынушы тарапынан – газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету шартын жасасқан, газ тұтыну жүйесін (техникалық шарттар, газбен жабдықтау жобасы, газ тұтыну жабдығының паспорттары) пайдалану жөніндегі рұқсат құжаттарының болуы;
2) жеткізуші тарапынан – газдың тиісті көлемі туралы растау құжатының болуы (газ сатып алу шарты).
Техникалық шарттарды беру тәртібін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
8. Осы Қағидалардың 7-тармағында белгіленген жағдайлар болмаған кезде тараптар шарт жасаспайды не оның қолданысын осындай жағдайлар туындағанға дейін тоқтата тұрады.
9. Олар үшін резервтік (авариялық) ретінде отынның басқа түрлері белгіленген коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушылармен жасалған шарттарда, тұтынушының газ шығынын күз-қыс кезеңінде газды тұтыну броні деңгейіне дейін қысқарту көзделеді.
10. Тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету бірыңғай газ желілері объектілерін, аспаптар мен жабдықтарды пайдалану кезінде тұтынушылар қауіпсіздік шараларын сақтағанда, газ құбырларының, жабдықтардың, құрылыстар мен есепке алу аспаптарының техникалық жай-күйі дұрыс (жарамды), сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына, стандарттары мен нормативтеріне сәйкес болған кезде жүргізіледі.
11. Жеткізуші газ жеткізудің белгіленген орташа тәуліктік нормасының шегінде бір ай ішінде тең көлемде, ал қажет болған жағдайда тараптар мен тасымалдаушының келісімімен диспетчерлік кесте бойынша жеткізеді, ал тұтынушы (тұрмыстық тұтынушыны қоспағанда) оны алады (іріктеп алады).
12. Күз-қыс кезеңінде температураның ауытқуына қарай газ жеткізудің (тұтынудың) орташа тәуліктік нормасының асып кетуі газ қоймасындағы газдың технологиялық қоры есебінен, сондай-ақ газ иесімен (егер жеткізуші иесі болып табылмаса) және тасымалдаушымен келісім бойынша жеткізушінің басқа да көздері есебінен жабылуы мүмкін. Мұндай жағдайда газды нормативтен артық іріктеп алу газ жеткізудің (тұтынудың) орташа тәуліктік нормасының 5 %-нан асып кетуі мүмкін емес.
13. Газды бөлшек саудада өткізудің (тұтынудың) орташа тәуліктік нормасы 5 %-дан асқан жағдайда тасымалдаушыға жеткізушінің келісімі бойынша осы туралы тұтынушыны ескерткен сәттен бастап үш сағат өткеннен кейін газ жеткізудің (тұтынудың) орташа тәуліктік нормасына дейін газды жеткізуге мәжбүрлі түрде шектеу жүргізуге құқық беріледі.
14. Ай сайын газ жеткізудің (тұтынудың) әркелкілігіне оны тұрмыстық тұтынушыларға жеткізу кезінде ғана жол беріледі.
Тұрмыстық тұтынушылардың жылу энергиясына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ететін қазандықтар мен жылу электр станцияларына газ жеткізудің әркелкілігіне осы Қағидалардың және жеткізуші мен тұтынушы арасында жасалған шарттың талаптарымен негізделген нормалар шегінде жол беріледі.
15. Жеткізушінің келісімінсіз газ артық жұмсалған кезде тұтынушы шартта белгіленген көлемнен артық алынған (іріктеп алынған) газ көлемінің құнын және әрбір тәулік үшін газ тасымалының құнын мынадай коэффициентті қолдана отырып қосымша төлейді:
1) 15 сәуірден бастап 15 қазанға дейін – 1,2;
2) 15 қазаннан бастап 15 сәуірге дейін – 1,5.
Осы қағида тұрмыстық тұтынушылар жұмсаған газ көлемі үшін таралмайды.
16. Тауарлық газды бөлшекті саудада өткізу шарттарында көзделген газ қысымы оны тұтынушының газ жеткізудің (тұтынудың) орташа тәуліктік нормасы шегінде іріктеу жағдайында сақталады.
17. Газ толық іріктеліп алынбаған жағдайда тұтынушы кейін газды жеткізудің тәуліктік нормасының шегінде газ жеткізуді арттыруды талап ете алады.
18. Авариялық жағдайларға және басқа да тежеусіз күш жағдайларына қарай газ жеткізу шектелген жағдайда жергілікті атқарушы органдар жеткізуші ұсынған тұтынушыларды газ тарату жүйесінен ажырату кезектілігін белгілегенге дейін тұтынушыларға газ жеткізуді шектеу кестесін бекітеді. Бекітілген кестелерді жеткізушілер диспетчерлік қызметтер арқылы тұтынушыларға жеткізеді.
19. Тұтынушылар газбен қамтамасыз етудің басымдығы бойынша мынадай санаттарға бөлінеді:
1) тұрмыстық тұтынушылар;
2) коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар;
3) технологиялық процесстің үздіксіз циклі бойынша өнімдер шығару үшін газды шикізат немесе отын ретінде пайдаланатын тұтынушылар;
4) көктем-қыс кезеңінде оларды газбен жабдықтау заңнамада белгіленген тәртіппен оларды отынның резервтік түріне жартылай немесе толық көшіру жолымен реттеуі тиіс электр станциялары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар;
5) қалған тұтынушылар.
3. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу тәртібі
20. Меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді өнеркәсіптік тұтынушыларға ғана жүзеге асырады.
21. Сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушыларға бөлшек саудада өткізуді осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген тұлғалар ғана, сондай-ақ газ желісі ұйымдары жүзеге асырады.
22. Сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушыларға бөлшек саудада өткізу жаппай әдісімен (килограмм, тонна) жүзеге асырылады.
23. Сұйытылған мұнай газын тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға:
1) газ желісі ұйымдарымен – топтық резервуарлық қондырғылар арқылы және тұрмыстық баллондарда;
2) газ толтыру пункттерінің иелерімен – тұрмыстық баллондарда;
3) автогаз құю станцияларының иелерімен – көлік құралдарын газ тарату колонкалары арқылы құю жолымен жеткізу.
24. Тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу осындай тұтынушылармен жасалған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартының негізінде газ желісі ұйымы жүзеге асырады.
Бұл ретте шарттар тұрмыстық тұтынушылармен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің үлгілік шартына сәйкес жасалады.
25. Топтық резервуарлық қондырғылар арқылы тұтынушылар мен газ желісі ұйымы арасында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шарты әрбір тұтынушымен жеке және де газ желісі ұйымы шарт жағдайларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау (жария шарт) жолымен де жасалуы мүмкін.
26. Газды тиісінше жеткізу үшін құқықтық және техникалық (технологиялық) шарттардың болуы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартын жасасу жағдайлары болып табылады, оның ішінде тұтынушы тарапынан – газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі шартты жасасқан газ тұтыну жүйелерін (техникалық шарттар, газбен жабдықтау жобасы, газ тұтыну жабдығына арналған паспорттары) пайдалану жөніндегі рұқсат құжаттарының болуы.
27. Тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға автомобильдік газ толтыру станциялары арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу есепке алу бақылау аспаптары арқылы міндетті түрде шарт жасаспай-ақ жүзеге асырылады.
28. Тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға автомобильдік газ толтыру станциялары арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу көлемдік әдіспен (литрмен) жүзеге асырылады.
29. Автомобильдік газ толтыру станциясының иесі тұтынушыға сатып алынған сұйытылған мұнай газының көлемін және оның құнын растайтын құжатты (кассалық, тауарлық чек) береді.
30. Мынадай:
1) стационарлық – көлік құралдарына газ тарату колонкалары арқылы сұйытылған мұнай газын толтыруға арналған сұйытылған мұнай газды сақтау блоктарының жерастында не жер үстінде орналасуы;
2) қозғалмалы – автомобиль шассиінде, тіркемеде, бірыңғай зауыт бұйымы ретінде орындалған жартылай тіркемеде бекітілген ұтқыр технологиялық жүйе үлгісінде автомобильдік газ толтыру станциялары арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге жол беріледі.
31. Қозғалмалы үлгідегі автогаз толтыру станцияларынан сұйытылған мұнай газды бөлшек саудада өткізуге кенттерде, ауылдарда, сондай-ақ елді мекеннен тыс жерде жол беріледі.
32. Қозғалмалы үлгідегі автогаз толтыру станциялары қатты жабыны бар, жеке кіріп-шыға алатын, сондай-ақ өртке қарсы құралдармен жабдықталған алаңдарда орналасады.
Көлік құралдарын қозғалмалы үлгідегі автогаз толтыру станцияларынан сұйытылған мұнай газымен толтыру сұйытылған көмірсутекті газдарын пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
33. Тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу газ желісі ұйымдарымен және газ толтыру пункттерінің иелерімен шарт жасаспай-ақ жүзеге асырылады.
34. Мынадай:
1) зауыттан шығарылған тұрмыстық баллондарды толтыру қондырғысымен жабдықталған сұйытылған мұнай газын сақтайтын резервуарлардың жер астында орналасқан;
2) зауыттан шығарылған тұрмыстық баллондарды толтыру қондырғысымен жабдықталған сұйытылған мұнай газын сақтайтын резервуарлардың жер үстінде орналасқан стационарлық типтегі газ толтыру пункттерінің иелері тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге жол береді.
35. Автогаз толтыру станциясын және газ толтыру пунктін біріктіріп орналастыру үшін бір алаңды пайдалануға жол берілмейді.
36. Азаматтарға тұрмыстық баллондардағы газды сату өтінім бойынша шарт жасаспай-ақ жүзеге асырылады.
Газ желісі ұйымы немесе газ толтыру пунктінің иесі тұрмыстық тұтынушыға сатылатын әрбір баллонға сапа кепілдік талонын береді, баллондарды тауарлық белгімен таңбалауды жүзеге асырады, сапа кепілдік талонын береді.
37. Газ желісі ұйымы немесе газ толтыру пунктінің иесі толтырылатын газ баллондарына есеп жүргізеді, оларға нөмір береді, газ баллон қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
38. Тұтынушы тұрмыстық баллондардың дұрыс техникалық жай-күйін қамтамасыз ететін газ желісі ұйымынан немесе газ толтыру пунктінің иесінен сұйытылған мұнай газы бар тұрмыстық баллондарды сатып алады.
4. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын пайдалану
39. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын пайдалану мақсатына қарай, газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидаларының талаптарын ескере отырып, жүзеге асырылады.
40. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын пайдалану кезінде:
1) тұрмыстық тұтынушылардың газ тарату, газ желісі ұйымдарының рұқсатынсыз үйлерін (пәтерлерін, бақшадағы үйлерін) өз бетінше газдандыруға, газбен жабдықтау жүйесін өз бетінше қосуға, орнын ауыстыруға, газ жабдықтары мен есепке алу аспаптарын өз бетінше монтаждауға және бөлшектеуге, газ жабдықтарын, есепке алу аспаптарын ауыстыруға және жөндеуге, қосымша жабдықтарды, есепке алу аспаптарын монтаждауға;
2) газ тарату немесе газ желісі ұйымдарының келісімінсіз газ аспаптары орнатылған үй-жайларды қайта жоспарлауға;
3) газ аспаптарының құрылыстарына өзгерістер енгізуге;
4) түтіндік және желдеткіш жүйелерінің қондырғыларын өзгертуге;
5) желдеткіш арналарын желімдеуге, түтіндіктерді тазалауға арналған «қалталар» мен люктерді бітеуге;
6) қауіпсіздік және реттеу автоматикасын сөндіруге;
7) газ аспаптарының, автоматиканың, арматуралар мен газ баллондарының жарамсыздығы кезінде газды пайдалануға;
8) газ орнатылған пештер мен түтіндіктер дұрыс қаланбағанда, сылақтарында жарықшақтар болғанда газды пайдалануға;
9) түтіндік пен желдеткіш каналдарын тексеру және тазалау туралы актінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін газды пайдалануға;
10) газ тарату немесе газ желісі ұйымдарынан оқудан өтпей және рұқсат алмай, түтіндік пен желдеткіш каналдарын тазалауға, тексеруге, сондай-ақ газ баллон қондырғыларының баллондарын алмастыруға;
11) түтіндік пен желдеткіш каналдарының ауа тартқыштары болмаған кезде, желдеткіштер (фрамугалар), жалюзий торлары, желдеткіш каналдарының торлары жабық болғанда газ құралдарын пайдалануға;
12) үздіксіз жұмыс істеуге есептелген және осы үшін тиісті автоматикасы бар жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын қараусыз қалдыруға;
13) мектеп жасына дейінгі балалардың, сондай-ақ өз әрекеттерін бақылай алмайтын және осы құралдарды пайдалану қағидаларын білмейтін тұлғалардың газ құралдарын пайдалануына;
14) газ құбырларына жіп байлауға және газ құбырларын жүктеуге;
15) газды және газ аспаптарын мақсатқа сай емес пайдалануға, газ плиталарын үй-жайларды жылыту үшін пайдалануға;
16) газ құралдары орнатылған үй-жайларды ұйықтау және демалу үшін пайдалануға;
17) газдың жылыстауын айқындау үшін ашық отты қолдануға;
18) үй-жайлар мен жертөлелерде бос және сұйытылған мұнай газымен толтырылған газ баллондарын сақтауға;
19) газдандырылған үй-жайда сыйымдылығы 50 (55) л. болатын бір баллоннан немесе әрқайсысының сыйымдылығы 27 л. болатын екі баллоннан артық орналастыруға жол берілмейді. Баллондар газ аспаптары бар жерде тұруы тиіс;
20) газдандырылған үй-жайда жылу радиаторы мен пештен кемінде 1 м. қашықтықта газы бар баллондарды орнатуға жол берілмейді. Баллондарды жылудан қорғайтын экран орнату кезінде баллондар мен жылу құрылғыларының арақашықтығы 0,5 м. дейін азайтылуы мүмкін, ал экран мен баллондардың арақашықтығы 10 см. кем болмауы тиіс;
21) баллондарды от жанатын пештердің есіктеріне кемінде 2 м. қашықтықта қарама-қарсы орналастыруға;
22) үй-жайларда орнатылған баллондарды ауыстыру кезінде электр жарығын қосуға және ажыратуға, ашық оттарды, электр жылытқыш аспаптары мен жылыту пештерін пайдалануға;
23) көрсетілген жұмыстарды орындауға байланысы жоқ тұлғалардың қатысуымен баллондарды алмастыруға жол берілмейді.
41. Тауарлық газды оның көлемін есепке алмай өткізуге және пайдалануға жол берілмейді.
42. Тауарлық газдың көлемін өлшеу бірлігін есепке алу мақсатында Цельсий бойынша 20 градус температура және сынап бағанының 760 мм. қысымы кезінде газдың бір текше метрі қабылданады.
43. Егер сыртқы ортаның параметрлері осы Қағидалардың 42-тармағында көрсетілгендерден ерекшеленген жағдайда жеткізуші газдың жұмыс параметрлерін стандарттар шарттарына келтіру жолымен корректорларсыз есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін қайта есептеуді жүзеге асырады.
44. Сұйытылған мұнай газын қабылдау, сақтау, сату кезінде мынадай сақтау орындарында:
1) газ толтыру станциясының (газ толтыру пунктінің) сақтау базасының резервуарларында;
2) технологиялық құбыр жолдарында;
3) темір жол және автомобиль цистерналарында;
4) газ баллондарында (толтыру цехы, газ толтыру станциясындағы дайын өнімдердің қоймасы (газ толтыру пунктінде), баллондарды ауыстыру пункті мен пайдалану қызметтері);
5) топтық резервуарлық қондырғыда;
6) автогаз толтыру станцияларында оларды есепке алу жүргізіледі.
45. Сақтау орындарында сұйытылған мұнай газын есепке алу тәртібі коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган бекітетін газ толтыру станцияларында, газ толтыру пункттерінде және топтық резервуарлық қондырғыларда сұйытылған мұнай газының шығыстарын есепке алу әдістемесімен айқындалады.
46. Тұрмыстық тұтынушылармен пайдаланылатын тауарлық газдың көлемін есепке алу:
1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
2) көппәтерлі үйлерде ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
3) реттеуіш немесе газреттеуіш пункттерінің шкафтарында орнатылған көппәтерлі үйлерде ұжымдық есепке алу аспаптары бойынша;
4) табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тұтыну нормалары бойынша, - жеке немесе ұжымдық есепке алу құралдары болмаған жағдайда, олардың жарамсыздығы не газ жабдықтары параметрлеріне сәйкессіздігі жағдайында жүргізіледі.
47. Өндірістік және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:
1) тауарлық газды қабылдау (жеткізу) пункттерінде орнатылған есепке алу аспаптары бойынша;
2) газ тұтыну жабдықтарының қуаты бойынша – есепке алу аспаптары болмаған жағдайда, олардың жарамсыздығы не газ жабдықтары параметрлеріне сәйкессіздігі жағдайында жүргізіледі.
48. Топтық резервуарлық қондырғылар арқылы тұрмыстық тұтынушылар өткізетін сұйытылған мұнай газын есепке алу, көлемді әдіспен жүргізіледі:
1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
2) табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тұтыну нормалары бойынша - жеке есептеу құралдары болмаған жағдайда, олардың жарамсыздығы не газ жабдықтары параметрлеріне сәйкессіздігі жағдайында жүргізіледі.
49. Топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйытылған мұнай газын тұтынуды есептеу бірлігі текше метр болып табылады.
Өндірістік немесе коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын сұйытылған мұнай газ көлемін есепке алу:
1) жеке есепке алу аспаптары бойынша;
2) газ жабдығының қуаты бойынша – есепке алу аспабы болмаған кезде, олар бұзылған не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмеген кезде.
50. Тұрмыстық тұтынушының кінәсі бойынша дәлелді себептерсіз қатарынан екі есептілік кезең ішінде есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алу мүмкін болмаған кезде және бұл ретте тұрмыстық тұтынушы жеткізушіге өзі тұтынған газ көлемі туралы мәлімет бермесе, жеткізуші тұрмыстық тұтынушыға тұтынудың қолданыстағы нормалары бойынша есеп жүргізе алады.
51. Жеткізушінің өкілдерімен газбен жабдықтауға өз бетінше қосылғаны, есепке алу аспабын айналып өтіп орнатылған газ жабдығының қуатын, газды тұтынуды арттырғаны, бұзылғаны, пломбаның бұзылуы, газбен жабдықтау схемасын өзгерту табылған жағдайда, тұтынушының газды санкциясыз алуына (ұрлауына) мүмкіндік тудыратын көрсеткіштерді бұрмалау мақсатында есепке алу аспабына қандай да бір әсер болғанда, оларды табу жеткізуші өкілінің бұрынғы келулерінде мүмкін болмаған кезде, жеткізуші есепке алу аспаптарын және (немесе) оларды қосу схемасын соңғы тексеру күнінен бастап өткен кезеңге, бірақ қырық мерзімі өткен күннен аспайтын кезеңде тұтынушының орнатылған газ тұтыну жабдығының қуаты бойынша газ шығысын қайта есептеуге құқылы.
52. Тұтынушы жазбаша түрде жеткізушіні жай-күйі туралы және газ тұтыну көлемі мен оны төлеуде көрсетілген деректердің өзгеруі туралы (тұратын адам санының өзгеруі, жылытылатын алаңның көлемі, газ жабдығының қуаты) хабардар етеді. Тұтынушы болған өзгерістер туралы хабарламаған жағдайда және есепке алу аспабынсыз газды тұтынған жағдайда не газ жабдығының параметрлері сәйкес келмеген жағдайда, тұтынылған газ көлемі жеткізушіде бар деректер бойынша есептеледі.
Төлемді қайта есептеуге әкеп соқтыратын барлық өзгерістер тұтынушы растау құжаттарын қоса бере отырып, тиісті өтінішін берген сәттен бастап жүзеге асырылады.
53. Есепке алу аспаптарын орнату осы Қағидалардың және қолданыстағы нормативтік техникалық құжаттардың талаптарында көзделген тәртіпте орындалады. Орнатылған есепке алу аспабы тұтынушыға тауарлық не сұйытылған мұнай газын жеткізетін газ тарату немесе газ желісі ұйымында міндетті тіркеуден өтеді, акті жасалып, онда есепке алу аспабының бастапқы көрсеткіштері, аспаптың маркасы мен басқа да қажетті мәліметтер көрсетіледі.
54. Есепке алу аспаптарында бастапқы немесе мерзімді тексеру туралы таңба болуы тиіс.
55. Есепке алу аспаптарын ұстауды, техникалық қызмет көрсетуді және тексеруді есепке алу аспабының иесі жүзеге асырады. Есепке алу аспаптарына техникалық қызмет көрсетуді меншік иесімен жасалған шарт бойынша газ тарату, газ желісі ұйымы немесе өзге де мамандандырылған ұйым жүргізуі мүмкін.
56. Есепке алу аспаптарын тексеру техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде көрсетілген мерзімде аспаптағы тексеру аралығындағы аралыққа сәйкес, сондай-ақ мүдделі тараптардың бірінің өтініші бойынша олардың көрсеткіштерінің дұрыстығына күмән болған жағдайда жүргізіледі.
57. Есепке алу аспаптарын тексеру мерзімінің уақытын өткізіп алғанда тұтынылған газдың көлемін есептеу мынадай тәртіппен:
1) тұрмыстық тұтынушылар үшін – табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тұтыну нормасы бойынша;
2) өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін – газ жабдығының қуатты бойынша жүргізіледі.
58. Газды есепке алу аспабы тұтынушыларда кіреберістерде, басқыш алаңдарында, дәлізде, жеке пәтерлерде, жеке үйлерде орнатылуы мүмкін. Тұтынушылардың газ тарату немесе газ желісі ұйымдарының қызметкерлеріне газды есепке алу аспаптарына еркін кіруге бөгет жасауларына жол берілмейді.
59. Тұтынушылар олардың пәтерлерінде немесе жеке меншік үйлерінде орнатылған есепке алу аспаптарының сақталуы мен тұтастығына жауапты болады.
60. Газды есептеу аспаптары көп қабатты үйлердің кіреберістерінде, баспалдақ торларында, дәліздерінде орнатылған кезде, олардың сақталуы мен бүтіндігі үшін жауапкершілік үй-жайлар немесе үйлердің меншік иелеріне не кондоминиумды басқару органына жүктеледі.
61. Газды есепке алу аспаптарында есептеу тетігінің қаптама бекітпесінде газ тарату немесе газ желісі ұйымының пломбасы болуы қажет.
62. Тұтынушылардың газ тарату немесе газ желісі ұйымы пломбасының тұтастығын бұзуына жол берілмейді.
63. Газды есепке алу схемасын өзгертуге немесе бұзуға байланысты жұмыстардың кез келген түрлерін жүргізген кезде тұтынушы жұмысты бастамас бұрын осы туралы жазбаша түрде газ тарату немесе газ желісі ұйымын хабардар етеді және тиісті рұқсат алады.
5. Газ беруді тоқтату шарттары
64. Газ беруді тоқтату және қайта бастау тұтынушымен жасалған шартқа және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
65. Үйдің меншік иесінің немесе кондоминиум объектісі басшысының ниеті бойынша жеке пәтерлерге, кіреберістерге газ беруді тоқтата тұруды, газ бағанын немесе көпқабатты тұрғын үйлердің жекелеген пәтерлерін газдан ағытуды олардың жазбаша өтініші бойынша газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы жүргізеді.
66. Газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы біржақты тәртіппен тұтынушыға тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді бұзылыстарды жойғанға дейін мынадай жағдайларда:
1) тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік талаптарын бұзғанда;
2) тұтынушы газ жабдығын өз еркімен қосқанда;
3) газбен жабдықтау жүйесі объектілері техникалық істен шыққанда тоқтатады.
67. Жабдықтарды жөндеу және жаңа тұтынушыларды қосу жөніндегі жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді тоқтату туралы газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы тұтынушыны ағытуға дейін кемінде қырық сегіз сағаттан кешіктірмей ескертеді.
68. Жеткізуші тұтынушыны алдын ала хабардар ете отырып, газ беруді мынадай жағдайларда тоқтатады:
1) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес берілген тауарлық және сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешектің болуы;
2) газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдерін газ құбырларына, газ жабдығы мен есепке алу аспаптарына жібермеу.
Газ беруді тоқтату жеткізуші тұтынушыға жазбаша хабарлама жіберген күннен бастап кемінде күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүзеге асырылады.
69. Газ беруді қайта бастау осы Қағидалардың 66 және 8-тармақтарында аталған газ жеткізуді тоқтатуды тудырған себептерді тұтынушы жойғаннан кейін, сондай-ақ газды бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес тұрақсыздық төлемінің берешегі өтелген соң жүргізіледі.
Жоспарлы қосатын күн туралы газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы тұтынушыны газды беруді қайта бастау туралы шешім қабылданған күні хабардар етеді. Тұтынушыны ажырату себебі жойылғаннан кейін газды беруді қайта бастаудың шекті мерзімдері газды беруді қайта бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 10 тамыздағы
№ 1041 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. «Табиғи газды жеткізу, тасымалдау және сату ережесін, Сұйытылған көмірсутекті газдарды жеткізу, тасымалдау және пайдалану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 11 маусымдағы 568 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 26, 249-құжат).
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 11 маусымдағы № 568 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 24 тамыздағы № 870 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 33, 453-құжат).
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 11 маусымдағы № 568 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 қаңтардағы № 22 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 1, 12-құжат).
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 11 маусымдағы № 568 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы № 1398 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 6, 77-құжат).