Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 шілдедегі № 932 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 4-бабының 10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2012 жылғы 12 шілдедегі
№ 932 қаулысымен   
бекітілген      

Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      Осы Қағидалар «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзiрлендi және электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету тәртібін айқындайды.
      1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесi – электр энергиясын есепке алу деректерiн өлшеу, жинау, өңдеу, сақтау және беру үшiн өлшеу құралдарының және аппараттық-бағдарламалық кешенiнiң жиынтығы;
      2) электр энергиясын кепілдікпен жеткізуші – энергиямен жабдықтаушы басқа ұйымдардың барлығы тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды тұтынушының кінәсінсіз тоқтатқан жағдайларда тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы ұйым;
      3) өндіру кестесі – энергия өндіруші ұйымның электр энергиясын өндіруінің тәуліктік теңгерімі;
      4) электрмен жабдықтау шарты – электрмен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға жалғастырылған желi арқылы энергия беруге мiндеттенетiн, ал тұтынушы алған электр энергиясына ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимiн сақтауға, өзінің қарамағындағы электр желiлерiн пайдалану қауiпсiздiгiн және электр энергиясын тұтынуымен байланысты олар пайдаланатын аспаптар мен жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз етуге мiндеттенетiн келісім;
      5) есеп айырысу кезеңi – шартта айқындалатын, көрсетiлген қызметтер және/немесе электр энергиясын жеткiзгенi үшiн есеп айырысу жүргiзiлетiн уақыт бөлiгi;
      6) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы - электр энергиясының бөлшек сауда нарығының субъектілері арасындағы (электр энергиясын сатып алу-сату, беру және тұтыну, сондай-ақ осыған байланысты көрсетілетін қызметтер ұсыну) шарттардың негізінде көтерме сауда нарығынан тыс жұмыс істейтін қатынастар жүйесі;
      7) тұтынушылар – шарттар негізінде бөлшек сауда нарығында электр энергиясын тұтынатын жеке немесе заңды тұлғалар;
      8) электр энергиясының бөлшек сауда нарығының субъектілері - энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы, энергия беруші ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар;
      9) техникалық шарттар – электр желілеріне қосу үшін қажетті техникалық талаптар;
      10) өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерi - өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйымның, не басқа желінің меншік иесі – бөлшек сауда нарығы субъектілерінің теңгерімде тұрған электр энергиясын беруге және (немесе) таратуға арналған қосалқы станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды жалғастыратын электр беру желiлерiнiң жиынтығы;
      11) нақты теңгерім - бөлшек сауда нарығындағы субъектiлердiң есеп айырысу кезеңінде жеткiзген және тұтынған электр энергиясы көлемiнiң атаулы бөлiнуiн белгiлейтiн, өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйым жасаған құжат.

2. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және осы нарықта қызмет көрсету тәртібі

      2. Энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында импортталатын энергияны өндіреді және береді, сондай-ақ жасалған шарттарға сәйкес жеткізеді.
      3. Энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде электр энергиясын өндіру кестесін сақтайды.
      4. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын электр желілер арқылы шарттық талаптарда беру бойынша қызмет көрсетеді.
      5. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде:
      1) электр энергиясын электр желілеріне қызмет көрсету арқылы айдау және беру көлемінің есебін жүргізеді;
      2) коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды жүзеге асырады, қызмет көрсетілетін желілерге қосылған барлық бөлшек тұтынушылардың тұтыну көлемін айқындайды және осы ақпаратты өңірлік электр желілерін пайдаланатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен энергия беруші ұйымдарға береді;
      3) өздерінің желілері бойынша берілетін электр энергиясының сапасын қамтамасыз етеді және бақылайды;
      4) жасалған шарттарға және нормативтік техникалық талаптарға сәйкес электр энергиясын беру сенімділігін қамтамасыз етеді;
      5) қызмет көрсету желілеріне және шаруашылық мұқтаждықтарына беру кезіндегі электр энергиясының технологиялық шығындарын жабу үшін электр энергиясын сатып алуды жүргізеді;
      6) өз желілеріне электр желілерін және тұтынушылар қондырғыларын қосуға арналған техникалық шарттарды беруді жүзеге асырады;
      7) электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.
      6. Өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия берушi ұйымдар осы Қағидалардың 5-тармағында аталғандарға қосымша:
      1) электр энергиясын сатып алу-сату үшін жасалған шарттар мен оны беру шарттары туралы дерекқор қалыптастырады;
      2) бөлшек сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясын жеткiзу мен тұтынуының нақты теңгерiмiн жасайды;
      3) тұтынушылар мәлiмдеген электр энергиясы көлемiн берудiң техникалық мүмкiндiктерiн және олардың коммерциялық есепке алу жүйелерiнiң белгіленген талаптарына сәйкестiгiн қарайды;
      4) өңiрдiң электр желiлерiнiң перспективалық даму жоспарын әзiрлейдi және олардың негiзiнде өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерiн жоспарлы дамытуды жүзеге асырады;
      5) энергиямен жабдықтаушы ұйымның бөлшек сауда нарығынан кету немесе өңiрдегi тұтынушыларды немесе тұтынушылар тобын электрмен жабдықтауды тоқтату фактiлерiн анықтайды және ол туралы электр энергиясын кепiлдiкпен жеткiзушiге хабарлайды.
      7. Мыналарды:
      1) бірыңғай электр энергетикалық жүйедегі авариялық бұзушылықтардың алдын алуды, оқшаулауды және жоюды;
      2) бөлшек нарық субъектiлерiнің жасалған энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес электр энергиясын беру үшiн ақы төлеу талаптарын бұзуын;
      3) энергиямен жабдықтаушы ұйымның өтінімі бойынша тұтынушылармен жасалған энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес тұтынған электр энергиясы үшін ақы төлеу шарттарын бұзуын қоспағанда, энергия берушi ұйымның электр энергиясын беруді тоқтатуына (шектеуіне) жол берілмейді.
      8. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында энергия беруші ұйымдардан электр энергиясын сатып алады және оны энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес тұтынушыларға сатады.
      9. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде:
      1) жеткiзу-тұтыну режимдерiн жүргiзу бойынша энергия берушi ұйымдардың жедел өкiмдерiн орындайды;
      2) энергия берушi ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сатуға және электр энергиясын беру жөнiндегi қызметтер көрсетуге жасалған шарттар бойынша электр энергиясын жеткiзу-тұтынудың тәулiктiк кестесiн бередi;
      3) тұтынушыларға электр энергиясын беруге энергия беруші ұйымдармен шарттар жасасады;
      4) энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беру жөніндегі қызметтеріне ақы төлейді.
      10. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызмет көрсету аймағы олар жасасқан энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес желілеріне тұтынушылар қосылған энергия беруші ұйымдар желілерінің шекарасымен айқындалады.
      11. Кепілдік беріп жеткізуші энергиямен жабдықтаушы ұйымдар ішінен айқындалады, оның тұтынушылар құрамында қызмет көрсету аймағына сәйкес басқа да энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен салыстырғанда тұрмыстық тұтынушылардың көп бөлігі болады.
      12. Энергия беруші ұйымның жедел-диспетчерлiк басқармасының әрекетi таралатын аумақ және энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен электр энергиясын беруге жасалған шарттарға сәйкес энергия беруші ұйымның электр желiлерi арқылы электр энергиясын алатын барлық тұтынушылар электр энергиясына кепілдік беріп жеткізушілердің қызмет көрсету аймағы болып табылады.
      13. Кепілдік беріп жеткізушілер мен электр энергиясын тұтынушылар арасында энергиямен жабдықтау шарттары азаматтық заңнамаға сәйкес жасалады.
      14. Энергиямен жабдықтаушы ұйым өз тұтынушылары мен энергия берушi ұйымдарға және электр энергиясына кепілдік беріп жеткізушіге электрмен жабдықтау шартын бұзу туралы жазбаша (егер шарт жазбаша нысанда жасалса) немесе электрмен жабдықтау қызметтік төлеу шоттарында тиісті ақпаратты орналастыра отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ монополияға қарсы органға (егер энергиямен жабдықтаушы ұйым басым немесе монополиялық орын алатын, нарық субъектілерінің мемлекеттік нарығына енгізілсе) күнтiзбелiк екі ай бұрын хабарлайды.
      15. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен энергиямен жабдықтау шарттарын жасасуға ниет білдірген тұтынушылар шартты бұзу туралы хабарламаны (егер шарт жазбаша нысанда жасалса) алған немесе хабарландыру жарияланған сәттен бастап бір ай ішінде энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйымға өтінішпен жүгінеді.
      16. Энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйым бұрынғы электрмен жабдықтаушы ұйымда энергиямен жабдықтау шартын жасау үшін қажетті, тұтынушы құжаттарының толық пакеті болған жағдайда және оның қолданысы тоқтаған сәтте бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен энергиямен жабдықтау шартының талаптарын тұтынушылар сақтаған жағдайда энергиямен жабдықтау шартын (немесе бұрынғы энергиямен жабдықтау шарты бойынша құқықтар мен міндеттемелерге көшу туралы келісім) жасайды.
      17. Бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шартын бұзу туралы хабарламаны алған немесе хабарландыру жарияланған сәттен бастап бір ай ішінде энергиямен жабдықтау шартын жасасу туралы тұтынушының өтініші болмаған жағдайда, энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйым тұтынушыға энергиямен жабдықтау бойынша қызметтерді одан әрі алу ниетін білдірген жағдайда энергиямен жабдықтау шартын жасасу қажеттілігі туралы жазбаша хабарламаны жібереді.
      18. Хабраламаны алған сәттен бастап бір ай өткен соң тұтынушыдан электрмен жабдықтау шартын жасасу туралы өтініш болмаған кезде энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйым бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушысына электр энергиясын беруді тоқтады.
      19. Энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйым бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкiлдерiмен коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерiн жазып алуды жүргiзедi және үш жақты қабылдап алу-тапсыру актiсiн жасайды, оған энергия жабдықтаушы ұйымның беретiн және алатын өкiлдерi мен тұтынушылары қол қояды. Бұл тапсыру-қабылдап алу актiсi тараптардың өзара есеп айырысуы үшiн негiз болады. Тапсыру-қабылдап алу актiсiне сәйкес бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым түпкiлiктi есептесу үшiн тұтынушыға шот бередi.
      20. Тапсыру-қабылдап алу актiсiнiң көшiрмесi электр энергиясының теңгерiмiн жасау үшiн энергия беруші ұйымға берiледi.
      21. Тұтынушылар электр энергиясын пайдалану мақсатына сәйкес электр энергиясын тек жарықтандыруға ғана және кәсіпкерлік және өндірістік қызметтермен байланысты емес басқа да мұқтаждыққа пайдаланатын тұрмыстық тұтынушылар және электр энергиясын тауарларды, жұмыстарды жасау және қызметтерді көрсету үшін пайдаланатын коммерциялық тұтынушылар болып бөлінеді.
      22. Электр энергиясын тұтынушылар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында:
      1) жасасқан шарттардың талаптарына сәйкес электр энергиясын алады және тұтынады;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен есепке алу жүйесінің сараланған тарифтері бойынша электр энергиясын тұтыну үшін төлем жүргiзедi;
      3) тұтынушының меншiгiндегi электр қондырғылары мен электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарын тиiстi техникалық күйде ұстайды;
      4) тұрмыстық тұтынушыларды қоспағанда, электрмен жабдықтау шартында белгiленген электр тұтыну режимiн сақтайды;
      5) өңірлік электр желілері компаниясының және энергиямен жабдықтаушы ұйымның персоналын коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау жұмыскерлерiн электр қондырғылары мен есепке алу аспаптарын пайдаланудың техникалық жай-күйi мен қауiпсiздiгiн бақылау үшiн жiбередi.

3. Бөлшек сауда нарығының жұмыс iстеу тәртібі

      23. Бөлшек сауда нарығында жасалатын электр энергиясын сату және беру жөнiндегi мәмiлелердi iске асыру заңнамада белгiленген тәртiппен келiсiлген алдағы тәулiктерге өтiнiмдер бойынша электр беруші ұйым қалыптастыратын тәулiктiк кестеге сәйкес жүргiзiледi.
      24. Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушылар берген тәулiктiк кестелер бойынша, сондай-ақ осы Қағидалардың 21-тармағының 4) тармақшасындағы шарттарға сәйкес электр тұтыну режимін сақтау жөнінде талаптар қойылмайтын тұтынушыларды есепке ала отырып, алдағы тәулiктерге өтiнiмдердi қалыптастырады.
      25. Тәулiктiк кестеде бөлшек сауда нарығына электр энергиясын жеткiзетiн әрбiр энергия өндiрушi ұйымның электр энергиясын жеткiзуiнiң сағаттық шамалары және әр энергиямен жабдықтаушы ұйым мен олар үшiн электр энергиясы сатып алынған тiкелей тұтынушылардың тұтынулары көрсетiледi.
      26. Энергия беруші ұйым энергия өндіруші ұйымдармен келісілген және тіркеуден өткен энергия беруші ұйымның барлық шарттары негізінде құрастырылған энергиямен жабдықтаушы ұйым мен тұтынушылардың тәулік сайынғы өтінімі негізінде бөлшек сауда нарығы жұмысының тәуліктік кестесін қалыптастырады.
      27. Келiсiлген және бекiтiлген тәулiктiк кестені энергия беруші ұйым энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға және энергия өндіруші ұйыммен тікелей шарт жасаған бөлшек тұтынушыларға орындау үшін беріледі.
      28. Энергиямен жабдықтаушы ұйым және тұтынушылар мәлімдеген электр энергиясының тәуліктік кестеде бекітілген көлемінен асып кетуі энергия беруші ұйыммен жасалған шарттарға сәйкес реттеледі.
      29. Коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша энергия беруші ұйым электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өзара есеп айырысу үшін негіз болып табылатын нақты теңгерімді жасайды. Бөлшек сауда нарығында электр энергиясын жеткізу-тұтынудың нақты теңгерімінде бөлшек сауда нарығының әрбір субъектісі бойынша мыналар көрсетіледі:
      1) энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен шарты бар тұтынушылардан басқа, бөлшек сауда нарығының әрбір субъектісінің электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясын жеткізу-тұтыну көлемдерін түзетуді ескере отырып, мәлімделген тәуліктік кесте;
      2) коммерциялық есепке алу аспаптарында тіркелген бөлшек сауда нарығына жеткізілген және тұтынылған электр энергиясының нақты саны.
      30. Электр энергиясының импортына арналған мәмiлелер бойынша бөлшек сауда нарығында туындаған қатынастар тиiстi шарттарда, Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық келісімдерде көзделген тәртiппен реттеледi.
      31. Электр энергиясының импорты, егер қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын ратификацияланған халықаралық шартпен өзгеше белгіленбесе, кеден заңнамасының талаптары орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
      32. Энергия берушi ұйымдардың не өзге де желі иелерінің электр желiлерi бойынша электр энергиясын берудегi оның нақты шығыны бөлшек сауда нарығы субъектiлерiне электр энергиясын жеткiзу нүктелерiнде орнатылған, коммерциялық есепке алу аспаптарының деректерi бойынша өндiрушi көздерден және басқа да электр желiлiк компаниялардан электр желiсiне кiрген электр энергиясының жиынтық мөлшерi арасындағы энергия беруші ұйымдардың шаруашылық қажеттерiне пайдаланылған және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тұтынушылары мен бөлшек сауда тұтынушылары алған электр энергиясы көлемдерiн алып тастағандағы айырма ретiнде анықталады.
      33. Энергия берушi электр желiлерiндегi электр энергиясының нормативтiк шамаларын анықтау «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      34. Энергия беруші ұйымдардың желiлерiндегi осы Қағидалардың 32-тармағына сәйкес есептелген электр энергиясының нақты шығынының шамалары олардың желiлерiнде оны беру жөнiндегi электр энергиясының нормативтiк шығынының шамаларынан асып кеткен жағдайда электр энергиясының осы көлемдерi энергия беруші ұйымдардың шығындарына жатады.
      35. Өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйымдардың шығындары оның желiлерi мен басқа да энергия беруші ұйымдардың желiлерiндегi электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға және бөлшек сауда тұтынушыларға беру үшiн пайдаланылатын электр энергиясының нормативтiк шығындарын өтеуге байланысты энергия беруші ұйымдардың тарифiнде есепке алынады және оларды энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен бөлшек сауда тұтынушылары заңнамада белгiленген тәртiппен төлейдi.
      36. Бөлшек сауда нарығы субъектiлерi арасындағы қаржылық өзара есеп айырысулар электрмен жабдықтау, сатып алу-сату, қызметтер көрсету шарттарында белгіленген тәртiппен, мерзiмдер мен шарттарда жүргiзiледi.
      37. Электр энергиясын беру және тарату жөнiндегi нақты көрсетiлген қызметтер үшiн қаржылық өзара есеп айырысулар табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеушi орган бекiткен тарифтер мен есеп айырысудың бір айы ішінде электр энергиясының нақты теңгеріміне енгізілген, тұтынылған электр энергиясының нақты теңгерiмiне енгiзiлген электр энергиясының мөлшерi бойынша жүргiзiледi.