Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 Қаулысы.

Жаңартылған

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының 10-1-бабының 6-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 26 маусымдағы
№ 856 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй
қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж
Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою тәртібін айқындайды.

2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге
мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою тәртібі

      2. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлер тұрғын үйге мұқтаж, осы елді мекенде (тұру мерзіміне қарамастан) тұрақты тұратын және:

      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;

      1-1) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

      1-2) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын Қазақстан Республикасының азаматтары есепке қойылады. Азаматтардың көрсетілген санаттарының жиынтық орташа айлық кірісі тұрғынжай беру туралы өтінішпен жүгінердің алдындағы соңғы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуға тиіс;

      2) осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 8), 9), 11), 12) тармақшаларында көрсетілген, тұрғынжай беру туралы өтінішпен жүгінердің алдындағы соңғы он екі айда жиынтық орташа айлық кірісі отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын Қазақстан Республикасының азаматтары есепке қойылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға қолданылмайды;

      3) мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкеріне және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға;

      4) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға жататын Қазақстан Республикасының азаматтары есепке қойылады.

      Қазақстан Республикасының азаматтарын республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты тұруы талап етіледі.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 N 1090 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      2-1. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру ұйымына, медициналық немесе басқа да ұйымға келіп түскен күннен бастап немесе осындай балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленген күнінен не патронат тәрбиешімен шарт жасасқан күнінен бастап алты ай ішінде баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қояды.

      Ескерту. Қағидалар 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 N 1090 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына:

      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

      2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;

      3) 1 және 2 топтағы мүгедектер;

      4) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 қарашадағы № 1309 қаулысымен бекiтілген аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар (бұдан әрі – кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізімі);

      6) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

      7) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;

      8) оралмандар;

      9) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

      10) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      11) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

      12) толық емес отбасылар жатады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу мемлекеттік мекемедегі жұмыс орны бойынша жүзеге асырылады. Есепке осы мекеменің қызметкерлері қойылады.

      Мемлекеттік мекемелер мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізімдерін жүргізеді және тұрғынжай алған адамдардың тізімдерін олардың кезектілігін көрсете отырып, өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа тұрғылықты жері бойынша, оның отбасы мүшелерін қоса алғанда, меншік құқығында тұрғын үйі болмаған жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелерде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу мемлекеттік кәсіпорындағы жұмыс орны бойынша жүзеге асырылады. Есепке осы кәсіпорынның қызметкерлері қойылады.

      Мемлекеттік мекемелер мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізімдерін жүргізеді және тұрғынжай алған адамдардың тізімдерін олардың кезектілігін көрсете отырып, өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6-1. Жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен авариялық деп танылған азаматтарды есепке алу осы тұрғынжайдың орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, егер:

      1) есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында олардың тұрғын үйi болмаса;

      2) есепке қойған кезде және мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде осы елдi мекенде меншiк құқығында тұрғын үйі болмаса;

      2-1) өздеріне сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғынжайы болмаса;

      3) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен;

      4) өздері тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмесе;

      5) жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса;

      6) отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың (кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізімі бойынша) ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      8. Азаматтарды есепке қою үшін мынадай құжаттар ұсынылуы қажет (ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды азаматтардан талап етуге жол берілмейді):

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайдың бар немесе жоқ екенін жергілікті атқарушы органның тексеруіне келісімі көрсетілген коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайға мұқтаж азаматтарды есепке қою туралы өтініш;

      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (өтініш берушінің жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);

      3) азаматтық хал актілерін (туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің көшірмелері.

      Өтініш берушінің отбасы мүшелері деп басқа адамдар танылған жағдайларда, соңғылары өздерін өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің көшірмесін ұсынады;

      4) ауылдық округтерде тұрақты тұратын азаматтардың тұрақты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын ауыл әкiмдерінiң анықтамасы;

      5) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататынын растайтын құжатты, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне шаққанда (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелейтін отбасыларды қоспағанда) соңғы он екі айдағы кірісі туралы мәліметтерді қосымша ұсынады;

      6) мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санатына жатқызылатын азаматтар жұмыс орнынан (қызметтен) берілген анықтаманы қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін өздерінің мәртебесін растайтын құжатты ұсынады;

      7) отбасы тұратын тұрғынжай белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымы жүргізген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі берген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының түпнұсқасын қосымша ұсынады;

      8) отбасы тұратын тұрғынжай белгіленген техникалық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының (тұрғынжайды техникалық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша) түпнұсқасын қосымша ұсынады;

      9) жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екі және одан көп отбасы тұрып жатқан жағдайда, өтініш беруші өзі тұратын тұрғынжайдың техникалық паспорты мен құқық белгілейтін құжатының көшірмелерін қосымша ұсынады;

      10) отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар бар, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда өтініш беруші тиісті ауру түрін растайтын құжатты қосымша ұсынады.

      Жеке басын куәландыратын құжаттардың, некеге тұру немесе некені бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болу туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы куәліктерінің (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғынжайдың бар немесе жоқ екені туралы анықтамалардың, мекенжай анықтамаларының, басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің, көрсетілетін қызметті алушының халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттардың мәліметтері көрсетілетін қызмет берушіге тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден отбасының барлық мүшелеріне "электрондық үкімет" шлюзі арқылы беріледі.

      Жұмыс орны бойынша есепке қою үшін мемлекеттік кәсіпорынның не мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайға мұқтаж азаматтар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті, сондай-ақ осы тармақтың 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады. Жергілікті атқарушы органның өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайдың болуы немесе болмауы туралы мәліметтерін мемлекеттік мекемелер немесе кәсіпорындар gosreestr.kz веб-порталында орналастырылған "Мемлекеттік тұрғын үй қоры объектілерін жалдау шарттарының тізілімі" ақпараттық ресурсы арқылы алады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік мекеме мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары кезегінің реттік нөмірін хабарлап және көрсете отырып, есепке қою туралы немесе есепке қоюдан дәлелді бас тарту туралы шешімді өтініш берілген күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей қабылдайды. Өтініш берушіге жазбаша түрде не почта бойынша не қолма-қол хабарланады.

      10. Жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен авариялық деп танылған азаматтарға тұрғынжайы авариялық деп танылған елді мекеннен тыс жерде өтініш білдірген кезде, сондай-ақ, егер азаматтың соңғы бес жылдың ішінде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мынадай жолдармен мұқтажға айналғаны:

      1) тұрғын үй-жайын ауыстырғаны;

      2) жалғыз тұрғын үйi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған ұзақ мерзiмдi жеңiлдiктi тұрғын үй кредитi бойынша сатып алынған, кепiл берушiнiң – Қазақстан Республикасы азаматының ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша мiндеттеменi орындауға қабiлетi болмаған жағдайда оның Қазақстан Республикасының белгiлi бiр елдi мекенiнде орналасуына қарамастан, өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi, жергiлiктi атқарушы орган тұрғын үйдi сатып алғаннан басқа жағдайларда, иелiгiнен шығаруы;

      3) тұрғын үйдiң өз кiнәсiнен бұзылуы немесе бүлiнуi;

      4) тұрған кезiнде оның мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж болмаған кезде тұрғын үйiнен кетуi;

      5) жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызғаны анықталса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру үшiн есепке қоюдан бас тартылады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10-1. Азаматтар:

      1) егер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай берiлуi үшiн негiздер жойылған;

      2) басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастарын тоқтатқан;

      3) азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай беруді қажет ететіні туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген;

      4) жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғынжай сатып алған;

      5) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайларда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару жүзеге асырылады.

      Ескерту. Қағида 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Өтініш беруші осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру үшiн есепке қоюдан бас тартылады.

      11-1. Осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарылмайды.

      Ескерту. 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      11-2. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының, жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың, көпбалалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды бірінші кезекте алуға құқығы бар. Мемлекеттік қордан тұрғынжайларды (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайларды бөлу кезінде жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлардың немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлардың жалпы санының кемінде жиырма пайызы бөлінеді.

      Ескерту. 11-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      12. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған адамдардың тізімін өзекті ету үшін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізеді.

      Осы мақсатта өтініш берушілер жыл сайын 1 сәуірден бастап 1 желтоқсанға дейін құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органға осы Қағидалардың 8-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады. Түгендеу мерзімі – ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап үш ай. Жергілікті атқарушы орган өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін түгендеу жүргізу туралы хабарлайды.

  Мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үйге немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы
орган жалдаған тұрғын үйге
мұқтаж Қазақстан
Республикасының азаматтарын
есепке қою қағидаларына
1-қосымша
_________, республикалық
маңызы бар қалалардың және
астананың, аудандардың және
облыстық маңызы бар
қалалардың жергілікті атқарушы
органдарының тұрғын үй
қатынастары саласындағы
функцияны жүзеге асыратын
құрылымдық бөлімшесінің
атауы
  ___________________________
  мекенжайы бойынша тұратын азамат (ша)
  __________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)
  ____________________________
(жеке сәйкестендіру нөмірі)

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.


Өтініш

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 75-бабының 1-тармағына сәйкес мені отбасы құрамына сәйкес ____ бөлмелі мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжай/жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алу үшін _____ санаты бойынша тұрғынжай беру үшін есепке қоюды сұраймын.

      Отбасы құрамы:

      1. ______________________________________________________________

      (отбасы мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туыстық дәрежесі) жеке сәйкестендіру нөмірі _________________________________________;

      2. ______________________________________________________________

      (отбасы мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туыстық дәрежесі) жеке сәйкестендіру нөмірі _________________________________________;

      3. ______________________________________________________________

      (отбасы мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туыстық дәрежесі) жеке сәйкестендіру нөмірі _________________________________________.

      Менде және менімен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайдың бар немесе жоқ екенін тексеруге қарсы емеспін.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      Қосымша: 1. ________________________;

      2. ________________________.

      ___________________ (күні, қолы)

  Мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үйге немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы
орган жалдаған тұрғын үйге
мұқтаж Қазақстан
Республикасының азаматтарын
есепке қою қағидаларына
2-қосымша
  ___________________________
мемлекеттік
мекемесінің/мемлекеттік
кәсіпорнының басшысы
  ___________________________
аты-жөні (бар болса)
  ___________________________
мекенжайы бойынша тұратын
  азамат (ша)

      ___________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса))

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.01.2020 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Өтініш

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 75-бабының 1-тармағына сәйкес мені отбасы құрамына сәйкес ____ бөлмелі мемлекеттік мекеменің / мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан _____ санаты бойынша тұрғынжай беру үшін есепке қоюды сұраймын.

      Отбасы құрамы:

      1. ________________________________________________________________

      (отбасы мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туыстық дәрежесі) жеке сәйкестендіру нөмірі ___________________________________________;

      2. ________________________________________________________________

      (отбасы мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туыстық дәрежесі) жеке сәйкестендіру нөмірі ____________________________________________;

      3. _________________________________________________________________

      (отбасы мүшесінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туыстық дәрежесі) жеке сәйкестендіру нөмірі ____________________________________________.

      Менде және менімен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайдың бар немесе жоқ екенін тексеруге қарсы емеспін.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      Қосымша: 1. ________________________;

      2. ________________________.

      ___________________ (күні, қолы)