«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының 10-1-бабының 6-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 26 маусымдағы
№ 856 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй
қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж
Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге
мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою тәртібі
2. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлер тұрғын үйге мұқтаж, осы елді мекенде (тұру мерзіміне қарамастан) тұрақты тұратын және:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;
1-1) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
2) осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында көрсетілген, тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын Қазақстан Республикасының азаматтары қойылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға қолданылмайды;
3) мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға;
4) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға жататын Қазақстан Республикасының азаматтары есепке қойылады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 N 1090 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
2-1. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру ұйымына, медициналық немесе басқа да ұйымға келіп түскен күннен бастап немесе осындай балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленген күнінен не патронат тәрбиешімен шарт жасасқан күнінен бастап алты ай ішінде баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қояды.
Ескерту. Қағидалар 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 N 1090 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
3) 1 және 2 топтағы мүгедектер;
4) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 қарашадағы № 1309 қаулысымен бекiтілген аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар (бұдан әрі – кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізімі);
6) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
7) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;
8) оралмандар;
9) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
10) көп балалы отбасылар;
11) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
12) толық емес отбасылар жатады.
4. Мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу мемлекеттік мекемедегі жұмыс орны бойынша жүзеге асырылады. Есепке осы мекеменің қызметкерлері қойылады.
5. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 817 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа тұрғылықты жерi бойынша, оның отбасы мүшелерiн қоса алғанда, меншiк құқығында тұрғын үйі болмаған жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелерде жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу мемлекеттік кәсіпорындағы жұмыс орны бойынша жүзеге асырылады. Есепке осы кәсіпорынның қызметкерлері қойылады.
7. Қазақстан Республикасының азаматтары, егер:
1) есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында олардың тұрғын үйi болмаса;
2) есепке қойған кезде және мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде осы елдi мекенде меншiк құқығында тұрғын үйі болмаса;
3) осы елді мекенде олардың тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйі болмаса;
4) отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмесе;
5) жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса;
6) отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың (кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізімі бойынша) ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.
8. Есепке қою үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет (ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды азаматтардан талап етуге жол берілмейді):
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш берушіде және үнемі онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің бар немесе жоқ екенін жергілікті атқарушы органның тексеруіне келісімі көрсетілген коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою туралы өтініш.
Мемлекеттік кәсіпорынның не мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есепке қою туралы өтінішті осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша береді;
2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерін не паспорттарын;
3) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәліктерінің көшірмелерін;
4) аумақтық әділет органының анықтамасын (өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде меншік құқығында оларға тиесілі тұрғын үйдің жоқ немесе бар екендігі туралы);
5) есепке қойған жағдайда, мемлекеттік кәсіпорынның не мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар жергілікті атқарушы органның анықтамасын (өтініш берушіде және үнемі онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің бар немесе жоқ екені туралы);
6) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі не мекенжай анықтамасы, не өтініш берушінің тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасы;
7) өтініш берушінің отбасы мүшелері деп басқа адамдар танылған жағдайда алғашқысы оларды өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімін ұсынады;
8) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжатты;
9) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесіне соңғы он екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметті қосымша ұсынады;
10) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі берген мәртебесін анықтайтын құжаттарын ұсынады.
11) жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар осы фактіні растайтын анықтаманы қосымша ұсынады;
12) отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмеген немесе жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатқан немесе отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бiр үй-жайда (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаған жағдайда өтініш берушілер тиісті уәкілетті органның анықтамасын қосымша ұсынады.
Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 N 1090 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 N 1303 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2014 N 316 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
9. Жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік мекеме мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары кезегінің реттік нөмірін хабарлап және көрсете отырып, есепке қою туралы немесе есепке қоюдан дәлелді бас тарту туралы шешімді өтініш берілген күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей қабылдайды. Өтініш берушіге жазбаша түрде не почта бойынша не қолма-қол хабарланады.
10. Егер азаматтың соңғы бес жылдың iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мынадай жолдармен мұқтажға айналғаны:
1) тұрғын үй-жайын ауыстырғаны;
2) жалғыз тұрғын үйi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған ұзақ мерзiмдi жеңiлдiктi тұрғын үй кредитi бойынша сатып алынған, кепiл берушiнiң – Қазақстан Республикасы азаматының ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша мiндеттеменi орындауға қабiлетi болмаған жағдайда оның Қазақстан Республикасының белгiлi бiр елдi мекенiнде орналасуына қарамастан, өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi, жергiлiктi атқарушы орган тұрғын үйдi сатып алғаннан басқа жағдайларда, иелiгiнен шығаруы;
3) тұрғын үйдiң өз кiнәсiнен бұзылуы немесе бүлiнуi;
4) тұрған кезiнде оның мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж болмаған кезде тұрғын үйiнен кетуi;
5) жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызғаны анықталса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру үшiн есепке қоюдан бас тартылады.
11. Өтініш беруші осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру үшiн есепке қоюдан бас тартылады.
12. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған адамдардың тізімін өзекті ету үшін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізеді.
Осы мақсатта өтініш берушілер жыл сайын 1 сәуірден бастап 1 желтоқсанға дейін құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органға осы Қағидалардың 8-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады. Түгендеу мерзімі – ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап үш ай. Жергілікті атқарушы орган өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін түгендеу жүргізу туралы хабарлайды.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй
қорынан жергілікті атқарушы орган
жалдаған тұрғын үйге мұқтаж
Қазақстан Республикасының
азаматтарын есепке қою қағидаларына
1-қосымша
Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.04.2014 N 316 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Астана және Алматы қалаларының,
аудандардың және облыстық маңызы
бар қалалардың жергілікті атқарушы
органының басшысы
_____________________________________
аты-жөні
__________________ мекенжайда тұратын
_____________________________________
(тегі, аты, бар болса – әкесінің аты)
Өтініш
Мені мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге / жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қоюды сұраймын.
Менде және үнемі менімен бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің бар немесе жоқ екенін тексеруге қарсы емеспін.
Қосымша: _________________________________ (күні, қолы)
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй
қорынан жергілікті атқарушы орган
жалдаған тұрғын үйге мұқтаж
Қазақстан Республикасының
азаматтарын есепке қою қағидаларына
2-қосымша
_______________________________
мемлекеттік мекемесінің/мемлекеттік
кәсіпорнының басшысы
______________________________
аты-жөні
______________________________
мекенжайда тұратын
_____________________________
(тегі, аты, әкесінің аты)
Өтініш
Мені мемлекеттік мекеменің / мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қоюды сұраймын.
Қосымша: ______________________________
______________________________
(күні, қолы)