РҚАО-ның ескертпесі!
Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаларды қарау, мақұлдау және іске асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 26 маусымдағы
№ 841 қаулысымен
бекітілген
Парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған
жобаларды қарау, мақұлдау және іске асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаларды қарау, мақұлдау және іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзірленген және парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаларды қарау, мақұлдау және іске асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) мүдделі тарап – мүддесі жобаны әзірлеуді және енгізуді қозғайтын не оны талқылауға қызығушылық білдірген жеке немесе заңды тұлға;
2) жобаға өтініш беруші – парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және сіңіруге бағытталған жобаға қатысушы, оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қарауына және мақұлдауына ұсынушы;
3) жобаның инвесторы – парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаға қатысушы, жобаның операторымен жасалған шарттың негізінде оны нысаналы қаржыландыруды жүзеге асырушы;
4) жобалық кезең – парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту тетігі бойынша жобаның нәтижелерін кезеңдік бағалау және бекіту негізінде жобалық көміртегі бірліктерін шығаратын немесе шығарылуы тиіс мерзім;
5) көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің операторы – көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;
6) жобаның операторы – парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаға қатысушы, оның іске асырылу процесін басқаруды жүзеге асырушы;
7) мониторинг жоспары – жобаға қатысушылардың парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін немесе парниктік газдар шығарындыларымен және/немесе сіңірулерімен байланысты қызмет бойынша басқа да қосымша деректерді үздіксіз немесе кезеңдік бағалауды жүзеге асыруына негіз болатын құжат;
8) жоба – парниктік газдар шығарындыларын азайтуға не олардың сіңірулерін ұлғайтуға бағытталған жоба.
3. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін азайтуға бағытталған жобалар мынадай түрлерге бөлінеді:
1) ауқымы аз жоба – қуаты 15 мегаваттқа дейін жаңартылатын энергия көздерімен байланысты не энергия тұтынуды жылына 60 гигаватт сағатқа дейін төмендете отырып, энергия тиімділігін жақсартуға бағытталған не жобалық кезең ішінде парниктік газдар шығарындыларын көміртегі диоксиді эквивалентінің 60 метрлік килотоннасына дейін төмендетуге мүмкіндік беретін жоба;
2) кәдімгі жоба – ауқымы аз, жер пайдаланудың өзгеруіне не ормандылықтың артуына жататын, байланысты болып табылмайтын жоба;
3) жер пайдаланудың өзгеруіне не ормандылықтың артуына жататын жоба – жер пайдалану тәжірибесін өзгерту не ормандылықты арттыру арқылы іске асырылатын парниктік газдар сіңірулерін ұлғайтуға бағытталған жоба түрі;
4) байланысқан жоба – неғұрлым ауқымдырақ басқа жобаның құрауышы болып табылмайтын ауқымы аз бірнеше жобаны біріктіретін жоба.
4. Парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту тетігі жөніндегі жобалар Қазақстан Республикасында экономиканың мынадай салаларында іске асырылады:
1) тау-металлургиялық (шахта метанын кәдеге жарату жобалары бөлігінде);
2) ауыл шаруашылығы;
3) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы;
4) орман шаруашылығы және көгалдандыру;
5) жерлердің тозуын болдырмау;
6) жаңғыртылатын энергия көздері;
7) коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу;
8) көлік;
9) энерготиімді құрылыс.
5. Жобаларды қарау рәсімін жеңілдету мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган экономиканың тиісті салалары бойынша уәкілетті мемлекеттік органның келісімімен жобалардың басым түрлерінің тізбесін анықтайды.
6. Жобалардың басым түрлерінің тізбесі, жобалық құжаттаманың нысандары және парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту тетігі шарттарында жобаларды әзірлеуге және іске асыруға мүмкіндік туғызатын өзге ақпарат қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның веб-сайтына орналастырылады.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін мақұлдаған барлық жобалардың жобалық кезеңі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2015 жылғы 31 желтоқсаннан кейін мақұлдаған барлық жобалар үшін жобалық кезең тиісті кезеңге квоталарды бөлудің ұлттық жоспарына сәйкес анықталады.
2. Жобаларды қарау және мақұлдау тәртібі
8. Жобаға өтініш беруші ретінде жоба инвесторы не операторы қатыса алады.
9. Егер жоба қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен жобалардың басым түрлерінің тізбесіне жатқызылған жағдайда, өтініш беруші оның жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарын беру арқылы қаралуына бастама жасайды. Өзге жағдайларда өтініш беруші жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарын тек қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жоба тұжырымдамасын (жоба идеясын) қарап, алдын ала мақұлдағаннан соң ғана ұсынады.
10. Жобаның тұжырымдамасында мыналар қамтылады:
1) жобаның қысқаша сипаттамасы (жобаның атауы, мақсаты, түрі, болжамды іске асыру орны);
2) жобаға өтініш беруші туралы ақпарат;
3) жобаның базалық жағдайы (ұсынылып отырған жоба болмаған жағдайда орын алуы мүмкін неғұрлым ықтимал технология және шығарындылардың деңгейі; оны іске асырудың қазіргі заңнамалық, экономикалық және өзге де жағдайлары);
4) парниктік газдар шығарындыларын азайту не сіңірілуін ұлғайту үшін болжанып отырған шаралар мен тәсілдер;
5) парниктік газдар шығарындыларын азайтудың немесе сіңірілуін ұлғайтудың болжанған көлемі;
6) жобаны іске асырумен байланысты тәуекелдер;
7) жобаның межеленген ұзақтығы.
11. Өтініш беруші қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жобаның тұжырымдамасын ұсынады.
12. Жоба тұжырымдамасын мақұлдау туралы шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мыналар болған жағдайда қабылдайды:
1) жоспарланып отырған жобалар бойынша парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілуін ұлғайту;
2) парниктік газдар шығарындыларын азайтуды немесе олардың сіңірілуін ұлғайтуды анықтауға арналған әдістеме.
13. Жоба тұжырымдамасын мақұлдау туралы шешім өтініш берушінің жобалау құжаттамасы мен мониторинг жоспарының тиісті жобасын әзірлеуі үшін негіз бола алады.
14. Өтініш беруші қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды әзірлеу қағидаларына сәйкес жобалау құжаттамасын және мониторинг жоспарын әзірлеуді жүзеге асырады.
15. Жобалық құжаттама мен мониторинг жоспары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қарау үшін берілгенге дейін күнтізбелік 20 күннен кешіктірмей, жобаға өтініш беруші жобалық құжаттамаға не жобалық құжаттама түйіндемесіне, сондай-ақ жобаны мүдделі тараптармен талқылау мүмкіндігін ұсыну мақсатында мониторинг жоспарына қоғамдық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
16. Жобаға өтініш беруші қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды әзірлеу қағидаларында белгіленген нысан бойынша жобалық құжаттамаларын әзірлейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
17. Жобалық құжаттама мынадай ақпаратты қамтуға тиіс:
1) жобаның атауы;
2) жобаның типі;
3) жобаны іске асыру жоспарланып отырған экономика аясы, саласы мен секторы;
4) жобаны іске асыру орны;
5) жобаны қаржыландыру кезеңін қоса алғанда, жобаны іске асыру кезеңі;
6) жобаның жалпы сипаттамасы;
7) парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жобаның базалық сценарийі, бекітілген әдістемеге сәйкес анықталған парниктік газдар шығарындыларының базалық деңгейі немесе парниктік газдар шығарындыларын сіңірудің базалық деңгейі;
8) бекітілген әдістемеге сәйкес анықталған жобалық кезең ішінде жоба нәтижесінде парниктік газдар шығарындыларын көздерден азайтудың немесе олардың сіңірілуін ұлғайтудың жоспарланып отырған көлемі;
9) жоба мақсаттарының жетістіктерін және міндеттерінің шешімдерін қамтамасыз етуі тиіс іс-әрекеттердің сипаттамасы;
10) жобада көзделген технологиялардың, өнімдердің, сондай-ақіс-шаралардың сипаттамасы;
11) парниктік газдар шығарындыларын жоспарланып отырған азайтуға немесе олардың сіңірілу деңгейіне айтарлықтай септігін тигізетін тәуекелдерді бағалау;
12) жобаның мүдделі тараптарымен жобаны талқылау нәтижелері;
13) өтініш берушінің және жобаның басқа да қатысушыларының байланыс ақпараты.
18. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ауқымы аз жобалар үшін құжаттаманың жеңілдетілген нысанын қамтамасыз ете отырып, жоба типтері бойынша жобалық құжаттаманың бөлек нысандарын әзірлейді және бекітеді.
19. Жобалық құжаттаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға берген кезде жобаға өтініш беруші оған мониторинг жоспарын, сондай-ақ ұсынылған жобалық құжаттама мен мониторинг жоспары бойынша сараптамалық қорытындыны қоса береді. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы жобалар бойынша сараптамалық қорытынды жобаға өтініш берушіге берілмейді.
20. Мониторинг жоспарын жобаға өтініш беруші қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды қарауға және мақұлдауға, есепке алуға, есептілік пен мониторингке дайындау қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес базалық сценарийге қатысты парниктік газдар шығарындыларын азайтуды немесе олардың сіңірілуін ұлғайтуды анықтау бойынша тәсілдер мен әдістерді анықтау мақсатында әзірлейді.
21. Мониторинг жоспары мониторингтің жалпы сипаттау рәсімін, мониторинг үшін пайдаланылатын деректер мен формулаларын, басқару жүйесін және мониторингті жүзеге асыру жөніндегі қызметтің сипатын қамтиды.
22. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өтініш беруші берген мониторинг жоспары мен сараптама қорытындысының белгіленген нысаны бойынша әзірленген жобалық құжаттама қоса берілген барлық жобаларды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады.
23. Жобалар бойынша шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өтініш беруші құжаттардың толық пакетін ұсынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қабылдайды.
24. Жобаны мақұлдау туралы шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды әзірлеу қағидаларына және оларды жүзеге асыруға болатын экономика салалары мен секторларының тізбесіне сәйкес дайындалған жобалық құжаттамалар мен мониторинг жоспарында ұсынылған мәліметтердің;
2) тәуелсіз аккредиттелген ұйымның сараптама қорытындысының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін бағалау негізінде қабылдайды.
25. Жоба мақұлданған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарын одан әрі іске асыру үшін бекітеді.
26. Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған құжаттар толық емес, тиісті түрде орындалмаған немесе жалған мәліметтер болса;
2) ұсынылып отырған жоба шығарындыларды ішкі азайту тетіктері жағдайында іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тиісті талаптарға сәйкес келмесе;
3) жобаны жобалық құжаттамада көрсетілген жерде іске асыру мүмкіндігі болмаған жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жоба бойынша теріс шешім қабылдайды.
27. Барлық тіркелген жобалар туралы ақпарат қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның веб-сайтында мына мәліметтерді қамти отырып орналастырылады:
1) жобаның атауы;
2) жобаға өтініш беруші мен инвесторы туралы мәліметтер;
3) жобаны мақұлдауға байланысты қабылданған шешімдер;
4) жобаны іске асыру болжанған орын туралы;
5) жоба бойынша мәлімделген парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілуін ұлғайту көлемі.
28. Жобаға өтініш берушінің келісімі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өз веб-сайтына жобаның жобалық құжаттамасы мен мониторинг жоспарын орналастырады.
3. Жобаларды іске асыру тәртібі
29. Парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту тетігі шарттарында жобаларды іске асыруды осы Қағидаларда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобаларды қарауға және мақұлдауға, есепке алуға, есептілік пен мониторингке дайындау қағидаларында белгіленген мониторинг, жобалардың нәтижелері бойынша жазба жүргізу, олардың іске асырылуы туралы есептерді ұсыну жөніндегі талаптарды сақтауды қамтамасыз ете отырып, жобаға өтініш беруші жүзеге асырады.
30. Жобаға қатысушылар жобаларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мақұлдағаннан кейін іске асыруды мыналар:
1) парниктік газдар шығарындыларын азайтуды және оның сіңірулерін ұлғайтуды мониторингілеу;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның олардың іске асырылуы туралы есепті дайындауы, верификациялауы және бекітуі;
3) жобаны іске асыру туралы бекітілген есеп бойынша шығарындыларды ішкі азайту бірлігін шығару жөніндегі іс-шараларды жүргізу арқылы жүзеге асырады.
31. Жобаға өтініш беруші парниктік газдар шығарындыларын азайту мен олардың сіңірілуін ұлғайтуға мониторингті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен мониторинг жоспары негізінде барлық жобалық кезең ішінде жүзеге асырады.
32. Парниктік газдар шығарындыларын жобалық азайтуды не сіңірілуін ұлғайтуды мониторингілеу, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органы бекіткен әдістемелерді пайдалану негізінде жүзеге асырылады.
33. Мониторингті өткізу үшін қолданыстағы бекітілген әдістеме болмаған жағдайда өтініш беруші қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан тиісті әдістемені әзірлеуді қамтамасыз етуді не осы жағдайда қолдануға болатын әдістемені анықтауды сұрауға құқылы.
34. Бекітілген жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарындағы жобаларды іске асыру кезінде кез келген елеулі ауытқулар туралы ақпарат жобаларды іске асыру туралы есепте ұсынылады.
35. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға шығарындыларды ішкі азайту тетігі шарттарында іске асыру туралы есепті әзірлеуді және ұсынуды өтініш беруші жыл сайын жүзеге асырады.
36. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға шығарындыларды ішкі азайтылу тетігі шарттарында іске асыру туралы есепті өтініш беруші келесі есепті кезеңдегі айдың 1 маусымынан 31 желтоқсаны аралығындағы кезеңде ұсынады.
37. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылғанға дейін жобаны іске асыру туралы есепті парниктік газдар шығарындыларын азайту не олардың сіңірілуін ұлғайту жобасын іске асыру нәтижесінде қол жеткізген жетістігі туралы ұсынылған деректерді растау, сондай-ақ шығарындыларды ішкі азайтудың жобалық тетігі шарттарында іске асыру үшін жобаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар мен критерийлерге сәйкес келтіру мақсатында тәуелсіз аккредиттелген ұйым верификациялауға тиіс.
38. Есепті верификациялау туралы қорытындыны жобаға өтініш беруші қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға есеппен бірге ұсынады.
39. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жобаны іске асыру туралы есепті бекіту жөнінде не бекітпеу туралы шешімді оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қабылдайды.
40. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мынадай:
1) есепте бұрыс ақпаратты ұсыну;
2) жобаға өтініш берушінің шығарындыларды ішкі азайту тетігі шарттарында іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар мен критерийлердің сақтамауының анықталуы;
3) парниктік газдар шығарындыларын азайту не олардың сіңірілуін ұлғайту көлемінің мәлімделген есепте расталмауы негіздері бойынша жобаны іске асыру туралы есепті бекітпеу туралы шешім қабылдайды.
41. Өтініш берушінің шотындағы жобаны іске асыру туралы есеп бекітілген жағдайда мемлекеттік тізілім операторы парниктік газдар шығарындыларын азайту не олардың сіңірілуін ұлғайту есебінде мәлімделген көлемде шығарындыларды ішкі азайту бірлігін шығаруды жүзеге асырады.
42. Шығарындыларды ішкі азайту бірлігін шығаруға жобаны іске асыру туралы есепті бекіту туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде Қазақстан Республикасы көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің операторы бастамашылық жасайды.
43. Жобаны іске асыру нәтижелері бойынша шығарындыларды ішкі азайту бірлігін беруді жобаға өтініш берушінің сұрауы бойынша Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің операторы жоба операторының не инвесторының шотына жүзеге асырады.
44. Жобаға қатысушылар осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген іс-шараларды өткізуге қатысты жобалық кезең ішінде оны іске асыруды аяқтайды.