Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 мамырдағы № 585 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-4-бабының 4-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2012 жылғы 7 мамырдағы
№ 585 қаулысымен 
бекітілген   

Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және
сертификатты қайта ресімдеу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-4-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу тәртібін анықтайды.
      2. Есептік кезеңге арналған парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары (бұдан әрі – ұлттық жоспар) негізінде берілген парниктік газдар шығарындыларына квоталар көлемі мынадай жағдайларда қайта қаралады:
      1) есепті кезең ішінде қондырғылардың сипатында немесе жұмыс істеуінде жоспарланған өзгерістер;
      2) есепті кезең ішінде парниктік газдар шығарындыларының жаңа көздерін енгізу.
      3. Парниктік газдар шығарындыларына сертификат қондырғы операторы ауысқан (заңды тұлға иеліктен шығарылған, қайта ұйымдастырылған, ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы өзгерген) жағдайда парниктік газдар шығарындыларына бұдан бұрын берілген квоталар өзгертілмей қайта ресімделеді.

2. Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту тәртібі

      4. Осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын парниктік газдар шығарындыларына квоталарды алу үшін белгіленген құжаттарды ұсына отырып, бұдан бұрын берілген квоталар көлемін қайта қарауға өтініш береді. Бұдан бұрын берілген квота көлемін қайта қарауға өтінішті қондырғы операторы еркін нысанда жасайды.
      5. Квотаның ұлғаюына байланысты парниктік газдар шығарындыларына квоталарды қайта қарау ұлттық жоспар бекітілгенге және оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 6 ай кезеңде жүргізілген өзгертулер бойынша қаралады.
      6. Парниктік газдар шығарындыларының шығу көзі-қондырғының конструкциялық сипаттамаларының өзгеруіне байланысты емес өндіріс көлемінің ұлғаюы және парниктік газдар шығарындыларының жаңа шығу көздерін енгізу, ол бойынша бұдан бұрын парниктік газдар шығарындыларына берілген квотаны қайта қарауға негіз ретінде қаралмайды.
      7. Уәкілетті орган бұдан бұрын парниктік газдар шығарындыларына берілген квоталар көлемін қайта қарауға өтінішті өтініш беруші жүгінген күннен бастап бір ай мерзім ішінде қарайды. Берілген квотаны өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда бұдан бұрын берілген сертификат қайта ресімделеді.
      8. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар көлеміне қатысты қайта қарау туралы ақпарат ай сайын уәкілетті органның веб-сайтында жарияланады.

3. Парниктік газдар шығарындыларына
сертификатты қайта ресімдеу тәртібі

      9. Қондырғының операторы ауысқан (заңды тұлға иеліктен шығарылған, қайта ұйымдастырылған, ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы өзгерген) жағдайларда уәкілетті орган өтініш беруші жүгінген күннен бастап бір ай мерзімде жаңа оператордың атауын және мекенжайын көрсете отырып, мынадай құжаттар негізінде сертификатты қайта ресімдейді:
      1) қондырғы операторы ауысқан (иеліктен айыру) жағдайда сатып алу–сату шарты немесе қондырғыны қабылдау-тапсыру актісі;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік* немесе анықтама;
      ескертпе:
      *«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады.
      Сертификатта белгіленген міндеттемелер міндетті түрде жаңа операторға өтеді.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  27.08.2013 N 871 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Парниктік газдар шығарындыларына сертификатты қайта ресімдеу Қазақстан Республикасы көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне (бұдан әрі - мемлекеттік тізілім) тиісті жазбаларды енгізу және мемлекеттік тізілім операторының қондырғы операторына мемлекеттік тізілімге енгізілген өзгертулер туралы жазбаша растауды беру арқылы жүргізіледі.