Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің спорт саласында мамандандырылған мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 525 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің спорт саласында мамандандырылған мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидалары бекітілсін.
      2. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің спорт саласында мамандандырылған мемлекеттік мекемелерінің өздерінің жарғылық мақсатына сәйкес келетін және негізгі қызметіне жатпайтын қызметтерді көрсету және мұндай қызметтер көрсетуді іске асырудан түскен ақшаны пайдалану тәртібін айқындайтын ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 қарашадағы № 1110 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 жыл, № 40, 561-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 26 сәуірдегі
№ 525 қаулысымен 
бекітілген     

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің спорт саласында
мамандандырылған мемлекеттік мекемелерінің тауарларды
(жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы
қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды,
      көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарулы Күштердің спорт саласында мамандандырылған мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабына және «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Қарулы Күштердің спорт саласында мамандандырылған мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау тәртібін регламенттейді.
      2. Осы Қағидалардың қолданысы:
      1) дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерін;
      2) Қарулы Күштерге ведомстволық тиесілігі жоқ жеке және заңды тұлғалармен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметтерді (жарыстарды, арнайы кешенді спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу);
      3) спорттық мүкәммалды беру жөніндегі қызметтерді;
      4) спортшылар мен жаттықтырушылардың өзге де дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға ауысу жағдайларын кейіннен іске асыра отырып, оларды даярлау жөнінде қызметтер көрсету үшін спорт саласында мамандандырылған Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелеріне (бұдан әрі – мемлекеттiк мекемелер) таралады.
      3. Қызметтер мемлекеттiк бюджет шеңберінде қаржыландырылатын негізгі қызметтің орнына көрсетілмейдi.
      4. Қызметтер көpceтуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар шарттық негiзде жүзеге асырады.

2. Ақылы қызмет түрлерін көрсетуді ұйымдастыру тәртібі

      5. Мемлекеттiк мекемелердiң қызметтердi өткізуден түскен, өздерінің иелiгiнде қалатын ақша мемлекеттік мекемелер ақшаны есепке алу үшiн бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашатын қолма-қол ақшаның бақылау шотына есепке алынады және осы Қағидаларға сәйкес пайдаланылады.
      6. Мемлекеттік мекемелер мекеме аумағында (үй-жайында) арнайы бөлінген орында мынадай ақпаратты орналастырады:
      1) мемлекеттік мекемелер көрсететін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерінің тізбесі;
      2) қажетті құжаттар тізімі, ұсынылатын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) арналған баға прейскуранты.
      7. Мемлекеттік мекемелер жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтініші (өтініш үлгісі – еркін) негізінде өз қызметіне сәйкес келетін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсетеді.
      8. Өтініштер мен тиісті құжаттар қабылдауды мемлекеттік мекеменің жауапты лауазымды адамы жүзеге асырады.
      9. Өтініштер мыналарды көрсете отырып, өтініш иесіне тиісті құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат беру арқылы арнайы тіркеу журналында тіркеледі:
      1) өтініштің тіркеу нөмірі және қабылданған күні;
      2) ақылы негізде көрсетілетін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі қызмет түрі;
      3) қоса берілген құжаттар саны және атаулары;
      4) өтінішті қабылдаған жауапты лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты.
      10. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлері демалыс және мереке күндерін қоспағанда, мемлекеттік мекемеде белгіленген күн тәртібіне сәйкес күн сайын ұсынылады.
      11. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрін ұсыну үшін күтуге және қажетті құжаттарды дайындауға тиісті жағдай жасалады – құжаттарды толтыруға арналған орындар қажетті құжаттардың тізбесімен және оларды толтыру үлгілері бар стенділермен жарақталады.
      12. Клиенттерден қолма-қол ақшаны қабылдау фискалдық жадысы бар кассалық-бақылау машиналарын міндетті түрде қолданып және клиентке бақылау чегін бере отырып, мемлекеттік мекемелердің кассалары арқылы, ақшасыз есеп айырысу бойынша мемлекеттік мекеменің «ақылы қызметтер шоты» қолма-қол ақшаның бақылау шотына аудару жолымен жүргізіледі.
      13. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ақылы негізде алған клиентке мемлекеттік мекеме шот-фактура ұсынады.
      14. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсетуден түскен қаражатқа салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      15. Мемлекеттік мекемелер өз иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден алатын ақша есебінен операциялар жүргізу үшін жыл сайын мемлекеттік мекеме өз иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден алатын ақшаның түсімдері мен шығыстары жоспарын жасайды.
      16. Мемлекеттік мекемелер бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне 3 данада мемлекеттік мекеменің басшысы және мемлекеттік мекеменің тиісті құрылымдық бөлімшесінің басшысы қол қойған түсіндірме жазбаны және бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының әрбір ерекшелігі бойынша кірістер мен шығыстар бойынша негізделген есептерді қоса бере отырып, жоспарларды бекітуге ұсынады.
      17. Мемлекеттік мекемелер тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсетуден алған қаражат:
      1) дене шынықтыру және спорт жөніндегі сауықтыру топтарының жаттықтырушыларына еңбек ақы төлеуге, осы топтарды ұйымдастыруға байланысты шығыстарды жабуға;
      2) спорт құрылыстары мен ғимараттарын ұстауға, жөндеуге, арнайы жабдықтар мен мүкәммал, спорттық киім нысанын сатып алуға, оқу-жаттықтыру жұмыстарын қамтамасыз етуге, жарыстарға қатысуға, спорттық іс-шараларды өткізуге, әкімшілік-басқару және шаруашылық шығыстарына;
      3) спорттық мүкәммал мен жабдықты жөндеуге;
      4) автомобиль және арнайы көлікті ұстауға, арнайы техника мен жабдықты жөндеуге және қызмет көрсетуге;
      5) спорттық іс-шараларға қатысушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, спорт төрешілері мен медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, мәдени-көпшілік және сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру жөніндегі шығыстарды жабуға;
      6) қызметтік іссапарларға;
      7) спортшыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсартуға, әкімшілік, шаруашылық, ұйықтайтын және қосалқы үй-жайлар үшін жиһаз сатып алуға;
      8) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің спортшыларымен оқу-жаттықтыру және жарыстар үдерісін ұйымдастыру үшін үй-жайлар мен жабдықты жалдау ақысын төлеуге;
      9) заттай мүлік заттарын және басқа да нысанды және арнайы киім-кешек сатып алуға, тігуге және жөндеуге;
      10) коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтеріне ақы төлеуге;
      11) шарт бойынша заңды және жеке тұлғалар көрсететін қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеуге;
      12) банк қызметтеріне ақы төлеуге;
      13) спорттық іс-шаралардың жүлдегерлері мен қатысушыларына жүлделерге, естелік сыйлықтарға, грамоталар мен ақшалай сыйақыларға;
      14) спорттық іс-шараларға қатысқаны үшін жарналарға;
      15) спортшылардың және құрама командалардың оқу-жаттықтыру үдерісін фармакологиялық қамтамасыз етуге жұмсалады.
      18. Мемлекеттiк мекемелердiң қызметтердi өткізуден түсетін өздерінің иелiгiнде қалатын ақшаны есепке алу және олардың жұмсалуы туралы есептілік Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.