Жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу өлшемшарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 459 Қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.11.2017 № 766 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 9-бабы 3-тармағының 2-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу өлшемдері бекітілсін.

      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.09.2014 № 995 қаулысымен.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 13 сәуірдегі
№ 459 қаулысымен
бекітілген

Жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық
өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық
өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу өлшемдері

      Ескерту. Іріктеу өлшемдеріне өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.11.2017 № 766 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Өндіріс объектілерін орналастыру үшін жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу мынадай өлшемдер жиынтығы бойынша жүзеге асырылады:

      1) индустрияландыру картасына немесе өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізілген кәсіпорын өнеркәсіптің өңдеуші салаларына тиесілі;

      2) кәсіпорынға шетелдің қатысу үлесі жоқ;

      3) кәсіпорын заңнамада белгіленген тәртіппен өндіріс объектілерін мемлекет меншігіндегі жер учаскесіне орналастырады.