Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 9-бабы 3-тармағының 2-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу өлшемдері бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 47, 586-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туралы ережеде:
13-тармақ мынадай мазмұндағы 44-1) және 44-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«44-1) жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу өлшемдерін әзірлейді;
44-2) жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесін әзірлейді;».
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 13 сәуірдегі
№ 459 қаулысымен
бекітілген
Жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық
өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық
өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу өлшемдері
Өндіріс объектілерін орналастыру үшін жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде ұсынылатын отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының тізбесіне енгізу үшін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын іріктеу мынадай өлшемдер жиынтығы бойынша жүзеге асырылады:
1) Қазақстанның республикалық немесе өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген кәсіпорын өңдеуші өнеркәсіп саласына тиесілі;
2) кәсіпорынға шетелдің қатысу үлесі жоқ;
3) кәсіпорын заңнамада белгіленген тәртіппен өндіріс объектілерін мемлекет меншігіндегі жер учаскесіне орналастырады.