Концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызы бар жобалардың санатына жатқызу критерийлерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 457 Қаулысы

Қолданыстағы

     «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызы бар жобалардың санатына жатқызу критерийлері бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 13 сәуірдегі
№ 457 қаулысымен  
бекітілген      

Концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызы бар жобалардың
санатына жатқызу критерийлері

      1. Осы концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызы бар жобалардың санатына жатқызу критерийлері (бұдан әрі – критерийлер) «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының  8-бабына сәйкес әзірленді.
      2. Концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызы бар жобалардың санатына жатқызу концессионердің пайдалану шығындарын мемлекеттің ықтимал өтеуі мақсатында жүзеге асырылады.
      3. Критерийлер – концессиялық жобаның оның қоғамға бағытталғандығын көрсететін белгілері (қоғамдық инфрақұрылым объектілерін салу, пайдалану арқылы қоғамдық мүдделерді қанағаттандыру).
      4. Мыналар концессиялық жобаларды әлеуметтік маңызы бар жобалардың санатына жатқызу критерийлері болып табылады:
      1) мына:
      әлеуметтік қамтамасыз ету, қызмет көрсету және халықты қорғау;
      денсаулық сақтау;
      жалпы орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту;
      коммуналдық шаруашылық салаларының бірінде концессиялық жобаларды іске асыру;
      2) мына:
      әлеуметтік қамтамасыз ету, қызмет көрсету және халықты қорғау объектілерінің;
      денсаулық сақтау объектілерінің;
      жалпы орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту объектілерінің;
      коммуналдық шаруашылық объектілерінің санын ұлғайтуға алып келетін концессиялық жобаларды іске асыру.