Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, квота шегінде педагогтік, медициналық және ветеринариялық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура) бойынша және философия докторлары (РҺD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы азаматтардың жұмысты өтеуі жөніндегі міндеттен босату немесе міндетті тоқтату қағидаларын бекіту және "Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 Қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.07.2014 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулының тақырыбын жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 5)22-2) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      1. Қоса беріліп отырған Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, квота шегінде педагогтік, медициналық және ветеринариялық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура) бойынша және философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы азаматтардың жұмысты өтеуі жөніндегі міндеттен босату немесе міндетті тоқтату қағидалары бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.07.2014 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      2. "Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 24-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы";
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Қоса беріліп отырған Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесі бекітілсін";
      көрсетілген қаулымен бекітілген Білім беру грантын беру ережесінде:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесі";
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "Осы Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленген және жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын берудің тәртібін айқындайды.";
      2-тармақтың 4), 5) және 6) тармақшалары алынып тасталсын;
      5-5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5-5. Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 70, ал "Жалпы медицина" мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша - кемінде 4 балл жинау қажет.";
      6 және 6-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "6. Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде:
      1) "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдардың;
      2) дербес білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар адамдардың;
      3) тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.
      6-1. Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында окуына болатын жағдайда I және II топтағы мүгедектердің, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.
      Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орта балдары бар тұлғаларға беріледі.
      Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.";
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "7. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін, I және II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін конкурс көрсетілген санаттар арасындағы бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен бекітілген квоталар бойынша өткізіледі.
      Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысушы тұлғалар үшін бекітілген қабылдау квотасы барлық өтініш білдірілген мамандықтарға қолданылады.";
      8-1-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Халықаралық келісімдер бойынша келген шетелдік тұлғаларға білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын тағайындау бойынша шешімді Комиссия қабылдайды.";
      8-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "8-2. Комиссия шешімінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығы шығарылады және білім беру грантын тағайындау туралы куәлік ресімделеді.
      Білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
      Білім беру грантын иеленуші өзі жоғары оқу орнына қабылданғанға дейін одан бас тартқан жағдайда, білім беру грантын беру туралы куәліктің күші жойылады, ал білім беру гранты осы Ережеде белгіленген тәртіппен беріледі.";
      8-5 және 8-6-тармақтар алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 8-7-тармақпен толықтырылсын:
      "8-7. Жоғары білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттарын беру жазғы және қысқы каникул кезеңінде конкурстық негізде бар бос орындарға мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) ақылы негізде білім алушы жоғары оқу орны басшысының атына одан әрі білім беру гранты бойынша оқуға өтініш береді;
      2) жоғары оқу орны өтінішті конкурстық негізде қарап, ғылыми кеңесінің шешімімен бірге ағымдағы жылғы 5 тамыз бен 15 қаңтарға дейінгі мерзімде шешім қабылдау үшін оны білім беру саласындағы уәкілетті органға жібереді. Білім алушының өтінішіне оқу кеңесінің шешімімен қоса, үміткердің сынақ кітапшасынан немесе транскриптінен үзінді, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және жоғары оқу орнынан шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (түпнұсқа) қоса беріледі;
      3) білім беру саласындағы уәкілетті орган түскен жылын ескере отырып, оқыту мамандығы, нысандары мен мерзімдері бөлінісінде құжаттарды қарайды және мәселе оң шешілген жағдайда білім беру грантын беру туралы бұйрық шығарады;
      4) білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде білім беру грантын беру туралы куәлік ресімделеді;
      5) білім беру грантын беру туралы берілген куәлік негізінде жоғары оқу орнының басшысы білім беру гранты бойынша одан әрі оқуға бұйрық шығарады.";
      "Маманды ауылдық жерге жұмысқа жіберу және өз бетімен жұмысқа тұру құқығын беру тәртібі" деген 3-бөлім алынып тасталсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 390 қаулысымен  
бекітілген     

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қағиданың тақырыбын жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын
беру, квота шегінде педагогтік, медициналық және ветеринариялық
мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан
шыққан азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы
негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат,
интернатура, резидентура, магистратура) бойынша және философия
докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға
түскен білім алушы азаматтардың жұмысты өтеуі жөніндегі
міндеттен босату немесе міндетті тоқтату қағидалары

      Ескерту. Қағиданың атауы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.07.2014 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

1. Жалпы ережелер

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      1. Осы Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, квота шегінде педагогтік, медициналық және ветеринариялық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура) бойынша және философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы азаматтардың жұмысты өтеуі жөніндегі міндеттен босату немесе міндетті тоқтату қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 4-бабының 22-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, квота шегінде педагогтік, медициналық және ветеринариялық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура) бойынша және философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы азаматтардың жұмысты өтеуі жөніндегі міндеттен босату немесе міндетті тоқтату тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.07.2014 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген өкілі (агенті) - тапсырма шартының негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның атынан және оның есебінен және оның нұсқауларына сәйкес белгілі тапсырмаларды орындайтын тұлға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2) жас маман – педагогикалық және ветеринариялық мамандықтар бойынша жоғары білім берудің, медициналық мамандықтар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті білім беру бағдарламаларын білім беру гранты және мемлекеттік тапсырыс бойынша ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде игерген тұлға, сондай-ақ педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары білім берудің және медициналық мамандықтар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті білім беру бағдарламаларын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде игерген тұлға;
      3) философия докторы (РhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.07.2014 № 769 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

2. Жас мамандарды және философия докторларын (РhD) жұмысқа
жіберу тәртібі

      3. Педагогтік, медициналық және ветеринариялық мамандықтар бойынша ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен азаматтар жоғары оқу орнын (бұдан әрі – ЖОО) бітіргеннен кейін кемінде үш жыл ауылда, кентте, ауылдық округте (бұдан әрі – ауылдық жер) орналасқан тиісті мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде немесе мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарда жұмысты өтейді.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      3-1. Педагогтік, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша квота шегінде оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтары жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін оқыған жері бойынша өңірде кемінде үш жыл жұмысты өтейді.
      Ескерту. Қағида 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      4. Педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары ЖОО-ны бітіргеннен кейін мемлекеттік білім беру ұйымдары мен мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында кемінде үш жыл жұмысты өтейді.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қағиданы 4-1-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторы (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар оқуды аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл жоғары оқу орындарында немесе ғылыми ұйымдарда жұмысты өтейді.
      6. Жас мамандарды және философия докторларын (РhD) жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.
      7. Бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын жас мамандар және философия докторлары (РhD) оқуды аяқтайтын Қазақстан Республикасының тиісті жоғары оқу орындарының жанында құрылады.
      Бөлу жөніндегі комиссия туралы ережені білім және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) бекітеді.
      8. Жас мамандарды жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) ЖОО-лар жыл сайын түлектердің санын, тұрғылықты жерлерін, алған мамандықтары мен оқу тілін көрсете отырып:
      ауыл жастары қатарындағы азаматтарға ұсынылатын квота шегінде;
      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуға түскен ағымдағы жылдың түлектерді кейіннен жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарын ұсынуға облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
      2) облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ЖОО-лардың ұсынған өтінімдеріне сәйкес ЖОО-ларға:
      ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде не мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарда;
      мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік медициналық ұйымдарда;
      меншік нысанына қарамастан ұйымдарда кадрларға қажеттілік туралы тоқсан сайын ақпарат береді;
      3) ЖОО-лар облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ұсынған ақпаратқа сәйкес жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында олардың бос орынның сақталуы туралы кепілдік беретін әлеуетті жұмыс берушілерімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды;
      4) ЖОО-ларда жас мамандарды жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссия құрылады.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      9. Жас мамандарды бөлу жас маманның алдағы уақытта жұмысқа орналасатындығы және ол жұмыс орнына келгенге дейін бос орынның сақталатындығы туралы жұмыс берушінің қолдаухаты негізінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      10. Ағымдағы жылы оқуын бітірген жас мамандар 1 қыркүйектен кешіктірмей жұмыс орнына жолдама бойынша келеді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      11. Облыстың жергілікті атқарушы органы:
      1) жас маман келгеннен кейін бір айдың ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жұмыс орны және берілетін әлеуметтік көмек түрі туралы мәліметтерді (болған жағдайда) ұсына отырып, бөлуге сәйкес келгені туралы растау жібереді;
      2) жыл сайын, 1 қыркүйекке қарай білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне 2012 жылдан бастап жұмыс істеп жатқан жас мамандардың тізімін жібереді;
      3) жас маманның жұмыстан шығарылғаны туралы мәліметтер мен растайтын құжаттарды білім беру саласындағы уәкілетті органға жібереді.
      12. Мемлекеттік білім беру ұйымдарына және мемлекеттік медициналық ұйымдарына бірінші кезекте бөлу құқығы:
      1) жұбайы бос жұмыс орнын ұсынған елді мекенде тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан адамдарға;
      2) ата-анасының біреуі немесе екеуі де I және II топ мүгедектері болып табылатын адамдарға, сондай-ақ бос жұмыс орнын ұсынған елді мекенде тұрақты тұрып жатқан адамдардың қамқоршысы және қорғаншысы болып табылатын адамдарға беріледі.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      13. Ауылдық жерге жұмысқа жіберілген жас мамандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік кепілдіктер алады.
      14. Философия докторларын (РhD) жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тэртіппен жүзеге асырылады:
      1) ЖОО және ғылыми ұйымдар тиісті бос жұмыс орны болған жағдайда жыл сайын, 15 сәуірден кешіктірмей білім беру саласындағы уәкілетті органға жоғары оқу орындарында және ғылыми ұйымдарда кадрларға қажеттілік туралы өтінім береді;
      2) ЖОО жыл сайын, 15 сәуірден кешіктірмей білім беру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (РhD) даярлау бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен және ағымдағы жылы оқуды аяқтайтын тұлғалар тізімін жібереді;
      3) білім беру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын ЖОО-ға философия докторларының (РhD) бос жұмыс орындары бар екендігі туралы ақпарат жібереді;
      4) ЖОО-да философия докторларын (РhD) жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссиялар құрылады.
      15. Философия докторларын (РhD) дербес бөлу ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдардың кадрларға деген қажеттілік туралы өтінімдеріне сәйкес білім беру саладағы уәкілетті орган ұсынған құжаттар мен ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
      16. Жас мамандарды және философия докторларын (РhD) дербес бөлу кезінде:
      1) тұрақты тұратын орны немесе сонда бөлген қолайлы болатын елді мекен;
      2) Заңмен және осы Қағидалармен көзделген бірінші кезекте бөлу құқығын беретін жағдайлардың болуы;
      3) Заңмен және/немесе осы Қағидалармен белгіленген, жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босататын немесе жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындау мерзімін кері шегеретін жағдайлардың болуы ескеріледі.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      17. Мерзімдік әскери қызметке түскенде немесе шақырылғанда, жас маманға жұмысты өтеу мерзіміне қызметті өтеу уақытын қоспастан қызметті өтеу уақытына жұмысты өтеу мерзімі кейін шегеріледі.
      17-1. Жас мамандарды және философия докторларын (Phd) бөлген сәтке бос жұмыс орындары жоқ болған жағдайда, жұмысты өтеу мерзімінде жұмыссыз ретінде есепте болған уақытты есептей отырып, тұрғылықты жері бойынша жұмыссыз ретінде есепке қоюға жатады.
      Ескерту. Қағида 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      18. ЖОО-дағы оқуды бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір елді мекенде орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың бірі оқуын бұрын бітірсе, онда оны бөлу жалпы негіздерде жүргізіледі. Мұндай жағдайда оқуды кейін аяқтаған жұбайы (зайыбы) зайыбының (жұбайының) жұмыс орны бойынша бірінші кезекте бөлінуге құқылы.
      19. Бөлу жөніндегі тиісті комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген жас мамандар және/немесе философия докторлары (РhD) оның қатысуынсыз бөлінеді.
      20. Бірнеше жас маманды және философия докторларын (РhD) бір бос жұмыс орнына жіберуді болдырмау мақсатында Бөлу жөніндегі комиссиялар құрылған тиісті ЖОО-лардың жұмысқа жіберілген жас мамандардың және философия докторларының (РhD) алдын ала тізімдерін жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберуі арқылы оларды алдын ала бөлу жүзеге асырылады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда жас мамандарды және философия докторларын (РhD) бөлу білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісуден кейін жүргізіледі, бұл ретте оқу үлгерімінің орташа балы және ЖОО-лардың орналасқан жерінің болжамды бөлу орнына жақындығы назарға алынады.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      21. Жас мамандарды және/немесе философия докторларын (РhD) дербес бөлу тиісті Бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен жыл сайын 1 шілдеден кешіктірмей ресімделеді, соның негізінде ЖОО-лар осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмысқа жолдамаларды дайындайды. Бұл ретте, мамандарды және философия докторларын (РhD) олардың жұмысқа бөлінуі туралы хабардар етуді жұмысқа жолдамалар беру арқылы шешім қабылданған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей ЖОО-лар жүзеге асырады.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      22. Заңда және осы Қағидаларда көзделген жағдайларды қоспағанда, Заңмен көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін жас маман және философия докторы (РhD) оны оқытумен байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агенті арқылы бюджетке өтейді.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      23. Жас мамандардың және философия докторларының (РhD) жұмысты өтеу мерзімі жұмыс беруші мен олардың арасында еңбек шарты жасалған күнінен бастап есептеледі.
      24. ЖОО жыл сайын, 15 тамыздан кешіктірмей уәкілетті органдарға жас мамандарды және философия докторларын (РhD) жұмысқа бөлу туралы ақпаратты ұсынады және бөлу жөніндегі барлық материалдарды бөлу туралы шешім қабылданған күнінен бастап күнтізбелік 15 күннің ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жібереді.
      25. Жас маманмен немесе философия докторымен (РhD) жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұзғаннан кейін үш күнтізбелік күннен кешіктірмей тиісті растайтын құжаттарды ұсыну арқылы бұл туралы облыстың жергілікті атқарушы органына хабарлайды. Бұл ретте, егер олармен жасалған еңбек шарты жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуы, сондай-ақ қызметкерлер штатын немесе санын қысқарту негіздері бойынша бұзылған болса, жас мамандар және философия докторлары (РhD) қайта бөлінуге жатады.
      26. Магистратураға, резидентураға немесе докторантураға түспеген тұлғалар осы Қағидаларға сәйкес қайта бөлінуге жатады.

3. Өз бетімен жұмысқа тұру құқығын беру

      27. Жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссияның немесе Философия докторларын (РhD) дербес бөлу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Бөлу жөніндегі комиссиялар) шешімімен мынадай санаттар Заңда көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылады:
      1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайда адамдар;
      2) I және II топтағы мүгедектер;
      3) одан әрі оқуға магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдар;
      4) жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оны (оларды) жалғыз тәрбиелеп отырған адамдар.
      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      28. Бюджеттік қаражат есебінен оқытумен байланысты шығыстарды қайтарусыз Заңда көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндет:
      1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты;
      2) тиісті құжаттармен расталған білім алушының (жас маманның, философия докторының (РhD)) қайтыс болуына байланысты;
      3) жұмысты өтеу мерзімі кезінде I, II топ мүгедектігі белгіленген жағдайда;
      4) оның денсаулық жағдайы бұдан әрі еңбек міндеттерін орындауға кедергі жасаған немесе басқа адамдардың денсаулығына және (немесе) еңбек қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайдағы адамдарға;
      5) Заңмен және осы Қағидалардың 27-тармағымен көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндетінен босатылуына байланысты тоқтатылады.
      29. Осы Қағидалардың 121727 және 28-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар тиісті құжаттармен расталуға тиіс.
      30. Жас мамандардың және философия докторларының (РhD) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерін орындауының немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджеттік қаражат шығыстарының өтелуінің мониторингін жүргізу және бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы өкілетті  органның сенім білдірілген агентіне жүктеледі.
      31. Білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агенті өз құзыреті шегінде:
      1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерін орындауына мониторинг жүргізу мақсатында жас мамандар және философия докторлары (РhD) бойынша дерекқорды қалыптастырады және жүргізеді, ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      2) облыстардың жергілікті атқарушы органдарының және білім беру саласындағы уәкілетті органның көмегімен Бөлу жөніндегі комиссиялар шешімдерінің орындалу мониторингін жүргізеді;
      3) жас мамандар мен философия докторлары (РhD) Заңмен көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерін бұзған жағдайда олардың бюджеттің оларды оқытумен байланысты шығыстарын өтеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу
құқығын беру, квота шегінде педагогтік, медициналық
және ветеринариялық мамандықтар бойынша оқуға түскен
ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтардың,
сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде
педагогтік және медициналық мамандықтар (бакалавриат)
бойынша және философия докторлары (РhD) бағдарламасы
бойынша докторантураға оқуға түскен білім алушы 
азаматтардың жұмысты өтеуі жөніндегі міндеттен  
босату немесе міндетті тоқтату қағидаларына    
қосымша                       

Жұмысқа жолдама

_____________________________________________________________________
                        (ЖОО атауы)
___________________________________________________ мамандығы бойынша
бітіруші ____________________________________________________________
                                    (Т.А.Ә.)
Дербес бөлу жөніндегі комиссияның _________ № _____________ шешімінің
негізінде ___________________________________________________ ретінде
                              (лауазымы)
__________________________________________________________ орналасқан
                        (мекенжайы)
_________________________________________________________ жіберіледі.
                    (ұйым атауы)

      Ректор                                          Қолы

      ---------------------------------------------------------------
                              (Кесу сызығы)
Мен, _______________________________________________________________,
                                  (Т.А.Ә.)
___________________________________________ бітіруші болып табыламын,
                (ЖОО атауы)
_________________________________________________________ лауазымында
____________________________________________ мекенжайында орналасқан,
            (мекенжайы)
_______________________________ жұмысқа жолдама алғанымды растаймын.
      (ұйым атауы)

      201__ ж ___ ________                         бітірушінің қолы