Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 6 наурыздағы № 290 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі № 220 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.04.2015 № 220 қаулысымен.

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеу қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеудің, бекітудің және қолданылу мерзімдерінің тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1290 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 44, 400-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1290 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 ақпандағы № 170 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 8, 86-құжат).
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2012 жылғы 6 наурыздағы  
№ 290 қаулысымен    
бекітілген       

Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын (бұдан әрі – ББМЖМС) әзірлеудің тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      1) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      2) білім беру мазмұны – жеке адамның біліктілігі мен жан-жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі (кешені);
      3) білім беру қызметі – білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогтік негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс.

2. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеудің тәртібі

Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеуге қойылатын талаптар

      3. Білім беру саласындағы уәкілетті орган мынадай білім беру деңгейлері бойынша ББМЖМС әзірлеуді ұйымдастырады:
      1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту;
      2) бастауыш білім беру;
      3) негізгі орта білім беру;
      4) орта білім беру (жалпы орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру);
      5) орта білімнен кейінгі білім беру;
      6) жоғары білім беру;
      7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.
      4. ББМЖМС әзірлеу сатысында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі.
      5. ББМЖМС әзірлеу мүдделі мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың, ғылыми-әдістемелік орталықтардың, кәсіпорындардың, салалық бірлестіктер мен жұмыс берушілердің кәсіптік қауымдастықтарының өкілдерін тарта отырып жүзеге асырылады.

Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының құрылымы

      6. ББМЖМС-ның құрылымы білім беру деңгейлері бойынша мынадай бөлімдерден тұрады:
      1) білім берудің мазмұнына қойылатын талаптар;
      2) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар;
      3) білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптар.
      7. «Білім берудің мазмұнына қойылатын талаптар» деген бөлімде білім беретін оқу бағдарламаларында айқындалатын білім беру мазмұнына қойылатын талаптар көрсетіледі:
      1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары қызмет түрлерінің мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленуге және әр баланың талабын, бейімділігін, қабілетін, дарынын іске асыруға әрі даму ерекшеліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дара әдіс негізінде оны бастауыш білім берудің білім беру бағдарламасын меңгеруге даярлауға бағдарлануға тиіс;
      2) бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын дамытуға бағытталуға тиіс;
      3) негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталуға тиіс;
      4) жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық және басқа бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып, білім беру мазмұнын саралау, интеграциялау және кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленуге тиіс;
      5) техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларында олардың мазмұнына және білім алушылардың даярлық біліктілігінің деңгейіне қарай мыналар көзделуге тиіс:
      техникалық және қызмет көрсету еңбегінің бұқаралық кәсіптері бойынша кадрлар даярлау;
      экономиканың барлық салаларында жоғары технологиялармен және кәсіптік қызметпен байланысты жұмыстарды орындаудың күрделі (аралас) кәсіптері мен практикалық дағдыларын меңгеру;
      орта буын мамандарын даярлау;
      6) орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары орта (жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік) білімі бар азаматтар қатарынан техникалық, қызмет көрсету және басқару еңбегінің мамандарын даярлауға бағытталуға тиіс;
      7) жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары біліктілікті және (немесе) «бакалавр» академиялық дәрежесін бере отырып, мамандар даярлауға, олардың кәсіптік даярлығының деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталуға тиіс;
      8) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары біліктілігі жоғары ғылыми және педагог кадрлар даярлауға, олардың ғылыми және педагогикалық даярлық деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталуға тиіс.
      8. «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар» деген бөлімде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі айқындалады:
      1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту – аптасына 24 сағат;
      2) бастауыш білім беру – аптасына 24 сағаттан 29-ға дейін;
      3) негізгі орта білім беру – аптасына 33 сағаттан 38-ге дейін;
      4) жалпы орта білім беру – аптасына 39 сағат;
      5) техникалық және кәсіптік білім беру – күндізгі оқу нысаны кезінде аптасына кемінде 36 сағат міндетті оқу жүктемесін қоса алғанда, аптасына 54 сағаттан артық емес;
      6) орта білімнен кейінгі білім беру – күндізгі оқу нысаны кезінде аптасына кемінде 36 сағат міндетті оқу жүктемесін қоса алғанда, аптасына 54 сағаттан артық емес;
      7) жоғары білім беру – бүкіл оқу кезеңіне кемінде 129 кредит;
      8) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру:
      бүкіл оқу кезеңіне ғылыми және педагогикалық магистратура бойынша кемінде 51 кредит, 1,5 жылдық бейіндік магистратура бойынша кемінде 38 кредит, 1 жылдық бейіндік магистратура бойынша кемінде 26 кредит;
      бүкіл оқу кезеңіне докторантура бойынша кемінде 60 кредит.
      Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын игерудің нормативті мерзімін, каникулдардың ұзақтығын қамтуға тиіс.
      9. «Білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптар» деген бөлімде білім берудің оқу бағдарламаларын аяқтағаннан кейін білім алушылар мен тәрбиеленушілер меңгеруі тиіс қажетті алған білімі, дағдысы, білігі мен құзыреттеріне қойылатын талаптар жазылады:
      1) мектепке дейінгі оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын игерген тәрбиенушілерде оқудың, жазудың, есептеудің және тілдік қатынас тәжірибесінің қарапайым дағдылары қалыптастырылуға тиіс;
      2) бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын игерген білім алушыларда негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, берік дағдылары тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің тәжірибесі болуға тиіс;
      3) негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын игерген білім алушыларда ғылым жүйесінің базалық негіздерін, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениеті, тұлғалық өзін-өзі анықтауы және кәсіптік бағдарлануы қалыптасуға тиіс;
      4) жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын игерген білім алушылар кәсіптік бағдарын айқындауға тиіс;
      5) техникалық және кәсіптік кәсіптік оқу бағдарламаларын игерген білім алушыларға:
      нақты кәсіп бойынша кәсіптік біліктіліктің белгіленген деңгейі (разряд, сынып, санат);
      нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейі;
      орта буын маманының біліктілігі беріледі.
      6) орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын игерген білім алушыларға қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігі беріледі;
      7) жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын игерген білім алушыларға біліктілік және (немесе) «бакалавр» академиялық дәрежесі беріледі;
      8) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын игерген білім алушыларға «магистр» академиялық дәрежесі және (немесе) «философия докторы (PhD)», «бейін бойынша доктор» ғылыми дәрежесі беріледі.