Білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандарттарын әзірлеудің, бекітудің және қолданылу мерзімдерінің тәртібі туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі N 1290 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 6 наурыздағы № 290 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.03.06 № 290 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының "Білім туралы" 1999 жылғы 7 маусымдағы және "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" 2002 жылғы 11 шілдедегі Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      Ескерту. Кіріспе өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.02.18. N 170 қаулысымен.

        1. Қоса беріліп отырған Білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандарттарын әзірлеудің, бекітудің және қолдану мерзімдерінің тәртібі бекітілсін.
      2. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнiң 1999 жылғы     
2 қыркүйектегі        
N 1290 қаулысымен        
бекiтілген            

   Бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарын
     әзiрлеудiң, бекiтудің және қолданылу мерзiмдерiнiң
                        тәртiбi

      1. Осы Тәртiп "Бiлiм туралы", Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзiрлендi.
      Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.02.18. N 170 қаулысымен.

      2. Бiлiм берудiң тиiстi деңгейлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттары меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан барлық бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндеттi.

      3. Қазақстан Республикасының бiлiм бару саласындағы орталық атқарушы органдары конкурстық негiзде бiлiм берудiң, оның ішінде кемтар балаларға арнаулы мектепке дейінгі және жалпы арнаулы білім берудің мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарын әзiрлеудi ұйымдастырады.
      Ескерту. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.02.18. N 170 қаулысымен.

      4. Конкурсты өткiзудiң тәртiбiн, конкурстық комиссия туралы ереженi және оның құрамын Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдары айқындайды.
      Конкурстық комиссиясының құрамына бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi, сондай-ақ комиссияның бүкiл құрамының кемiнде жартысын құрайтын ғалымдар мен бiлiм беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлерi енгiзiледi.

      5. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдары стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi мемлекеттік органмен келiсiм бойынша, конкурстық комиссияның қорытындысы негiзiнде бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарын және олардың қолданылу мерзiмдерiн бекiтедi.       Бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарының қолданылу мерзiмдерiн бекiту кезiнде мiндеттi түрде бiлiм берудiң тиiстi деңгейлерiнiң бiлiм беру бағдарламаларының ерекшелiктерi ескерiледi.

     6. Бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарына өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгізу осы Тәртiппен белгiленген талаптар сақталына отырып жүзеге асырылады.