Жануарлардың санын реттеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 1 ақпандағы № 186 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жануарлардың санын реттеу қағидалары
бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2012 жылғы 1 қаңтардағы
№ 185 қаулысымен
бекітілген   

Жануарлардың санын реттеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарлардың санын реттеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және жануарлар санын реттеу тәртібін айқындайды.

2. Жануарлардың санын реттеу тәртібі

      2. Жануарлардың санын реттеу мынадай негіздерде:
      1) жануарлар дүниесінің объектілері таратушылары болып табылатын ауруларды халықтың, ауыл шаруашылығы мен үй жануарларының жұқтыруы немесе олармен ауруы қатері төнгенде;
      2) экономикаға едәуір нұқсан келу қатері төнгенде;
      3) жануарлар дүниесінің мекендеу ортасында оның қалыптасқан табиғи теңгерімінің бұзылып, бұл оның жекелеген түрлері санының қысқаруына және басқа да теріс зардаптарға әкеп соққанда;
      4) су айдындарының және (немесе) учаскелерінің гидрохимиялық және өзге де режимдерінің су бетінің қатып қалуына әкелуі мүмкін бұзылу қатері төнгенде жүзеге асырылады.
      3. Республика аумағында жануарлардың санын реттеу үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің (бұдан әрі - Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті) бұйрығымен, ал белгілі бір облыстың аумағында - оның аумақтық бөлімшелерінің бұйрықтарымен, балықтың және өзге де су жануарларының түрлерін қоспағанда, жануарлар санын реттеу жөнінде комиссия құрылады.
      4. Балықтың және өзге де су жануарлары түрлерінің санын реттеу үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелерінің (бұдан әрі - Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері) бұйрықтарымен балықтың және өзге де су жануарлары түрлерінің санын реттеу женінде комиссия құрылады.
      5. Көрсетілген комиссиялардың құрамына тиісті Комитеттің немесе оның аумақтық бөлімшесінің, жергілікті атқарушы органдардың, қоршаған ортаны қорғау, ветеринариялық қадағалау саласындағы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың (Комиссияны шақырудың негізіне байланысты) өкілдері кіреді.
      Комиссияның төрағасы тиісті Комитеттің немесе оның аумақтық бөлімшесінің бірінші басшысы немесе орынбасары болып табылады.
      Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және бес адамнан кем болмауға тиіс.
      6. Комиссияның қорытындысы көпшілік дауыспен қабылданады, дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы - шешуші дауыс.
      7. Комиссия:
      1) жеке және заңды тұлғалар, қоршаған ортаны қорғау, ветеринариялық қадағалау мемлекеттік органдары, жергілікті өкілді, атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар жазбаша өтініш жасаған жағдайларда;
      2) ғылыми ұйымдардың мониторингтік зерттеулерінің нәтижелері бойынша;
      3) Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің немесе оның аумақтық бөлімшелерінің және Балық шаруашылығы комитеті аумақтық бөлімшелерінің мониторингтік зерттеулерінің нәтижелері бойынша шақырылады.
      8. Комиссия осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген, берілген материалдарды зерделеу нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 1-тармағында көзделген негіздер анықталған жағдайда бір жұмыс күні ішінде қорытынды шығарады және тиесілігі бойынша Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
      Жануарлардың санын реттеу қажеттігінің негізі болмаған жағдайда Комиссия тиесілігі бойынша Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелеріне тиісті қорытынды жібереді.
      9. Осы Қағидалардың 8-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қорытындыда мынадай мәліметтер қамтылады:
      1) жануарлар санын реттеудің мақсаты мен негіздері;
      2) жануарлар дүниесі объектілерінің тізбесі мен саны;
      3) учаскенің ауданы (аумағы) мен шекарасы;
      4) жануарлар санын реттеу тәсілдері.
      10. Комиссияның қорытындысы негізінде екі жұмыс күні ішінде Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті республика аумағындағы жануарлар санын реттеу туралы шешім қабылдайды, ал белгілі бір облыстың аумағында жануарлар санын реттеу туралы шешімді оның аумақтық бөлімшелері не Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері:
      1) халық денсаулығын сақтау;
      2) ауыл шаруашылығы және үй жануарларының ауруын болдырмау;
      3) экономикаға нұқсанның алдын алу;
      4) биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында қабылдайды.
      11. Осы Қағидалардың қолданысы жұқпалы аурулар жұқтырушылар мен таратушыларға қарсы бағытталған тұрмыстық және медициналық дератизация мен дезинсекция оқиғаларына таратылмайды.
      12. Жануарлардың санын реттеу кезінде мынадай тәсілдер пайдаланылады:
      1) қауіпті жұқпалы ауруларды таратушылар болып табылатын жануарлар дүниесі объектілерінің санын реттеу үшін не індет пен эпизоотияның пайда болу немесе экономикаға едәуір нұқсан келу қатері төнген кезде улы химикаттарды және басқа арнаулы тәсілдерді пайдалана отырып жою (белгілі бір аумақта);
      2) аң аулау мен балық аулау немесе шаруашылық мақсаттарда пайдалану объектілері болып табылатын жануарларды олжалау (ату, ұстау) мерзімдерін, тәсілдерін, орындарын және көлемдерін өзгерту;
      3) жануарлар санын реттеудің басқа тәсілдерін пайдалану мүмкіндігі болмайтын жағдайларда аң аулау немесе шаруашылық мақсаттарда пайдалану объектілері болып табылмайтын жануарларды ату, аулау;
      4) жануарларды қайта қоныстандыру немесе қолда не жартылай еркін жағдайда бағып-күту және өсіру үшін ұстау (тірідей ұстау);
      5) реттеудің басқа тәсілдері тиімсіз немесе пайдалануға болмайтын жағдайларда жануарлар санын реттеу үшін жануарлардың баспаналары мен ұяларын бұзу, жұмыртқаларын жинап алу;
      6) жануарлардың немесе олардың жекелеген түрлерінің саны қысқарған кезде мораторий, күзет режимін белгілеу, жануарларды жерсіндіруді (қоныс аударуды) жүзеге асыру.
      13. Жануарлардың санын реттеу Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті немесе оның аумақтық бөлімшелері немесе Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жануарлар санын реттеу туралы қабылданған шешімге сәйкес берген рұқсаттың негізінде жүзеге асырылады.
      14. Саны реттелуге жататын жануарлар түрлерін алуға рұқсат Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру қағидаларында белгіленген нысан бойынша беріледі.