Алқабилерді қатыстырып қылмыстық істерді қарауды реттейтін заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 23 тамыздағы № 4 Нормативтік Қаулысы

Жаңартылған

      Айыпталушылардың істі соттың алқабилердің қатысуымен қарау құқығын және алқабилер қатысатын істер бойынша іс жүргізуді реттейтін заңнама нормаларын дұрыс әрі біркелкі қолдану тәжірибесін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы  етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды алып тастағанда, оларды жасағаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істер, айыпталушыдан істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш түскен жағдайда, алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта (бұдан әрі - соттар) қаралады.
      Адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) бірнеше баптарында көрсетілген қылмыстарды жасады деп айып тағылған жағдайда, олардың ішінде біреуі ҚПК-нің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды алып тастағанда, оларды жасағаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыс болса және ол қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш мәлімделсе, сондай-ақ егер оны жасағаны үшін ҚПК-нің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды алып тастағанда, қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыс жасады деп бірнеше адам айыпталса және олардың ең болмағанда біреуі қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш мәлімдесе, оларға қатысты қылмыстық істі қарау ҚІЖК-нің 14-бөлімінде көрсетілген қағидалар бойынша жүргізіледі.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. ҚПК-нің 634-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, істiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде, сондай-ақ келесi кезеңде де, оның iшiнде сотта iстi алдын ала тыңдауда, бiрақ сот басты сот талқылауын тағайындау туралы шешімді қабылдағанға дейiн күдіктінің, айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат мәлiмдеуге құқығы бар.
      ҚІЖК-нің 297-бабына сәйкес, күдікті, айыпталушы қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті ауызша да, жазбаша да беруге құқылы.
      Егер күдікті, айыпталушы қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті ауызша мәлімдесе, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам оның мазмұнын іс материалдарымен таныстыру хаттамасына енгізеді. Жазбаша өтініштің түскені туралы хаттамада көрсетіледі және өтініш іске тіркеледі.
      Қылмыстық істі прокурорға жіберу, айыпталушыны сотқа беру кезінде мәлімделген өтінішті күдікті, айыпталушы жазбаша түрде береді және ол қылмыстық істі қарайтын сотқа дереу жіберіледі.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы күдіктінің, айыпталушының өтінішхаты болуына немесе болмауына қарамастан ҚПК-нің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тыңдауды өткізу міндетті болғандықтан, оны өткізу барысында мұндай өтінішхат болған жағдайда, судья сотталуышыдан оның өз өтінішхатын қолдайтындығы туралы сұрайды. Мұндай өтінішхат болмаған жағдайда, судья сотталушыға істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатты тікелей осы сот отырысында мәлімдеуге оның құқығы бар екендігін түсіндіреді.
      Сотталушы өз өтінішін растаған жағдайда немесе осындай өтініш алдын ала тыңдау барысында мәлімделсе, судья сотталушыға алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің құқықтық салдарымен қоса сот актілеріне шағым жасау ерекшеліктерін де түсіндіруге міндетті.
      Судья қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті қанағаттандыру туралы шешімді істі алдын ала тыңдаудың қорытындылары туралы шығарылған қаулыда көрсетеді.
      Судья істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Прокурор алдын ала тыңдау барысында айыптауды өзгертсе, бұл соттылықтың өзгертілуіне әкеп соқса, ҚІЖК-нің 321-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, iс айыптау актісін қайта жасау және iстi соттылығы бойынша жiберу үшiн прокурорға жолдауға жатады.
      Мемлекеттік айыптаушы сот отырысының барысында айыптауды жеңілдетіп өзгерткен не айыптаудан ішінара бас тартқан жағдайда, судья істі жаңа айыптау бойынша талқылауды алқабилердің қатысуымен жалғастыру туралы қаулы шығарады.
      Прокурор сот талқылауы сатысында айыптаудан толығымен бас тартқан жағдайда, ҚПК-нің 649-бабына сәйкес, төрағалық етуші алқабилерді сот талқылауына қатысудан босатады және жеке дара қылмыстық істі қысқарту туралы қаулы шағарады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      5. Судья алқабилердің қатысуымен басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда келушілердің саны кемінде жиырма бес адам болатындай етіп сот отырысына шақырылуға тиісті алқабиге кандидаттардың жалпы санын анықтайды.
      Судьяның өкімі бойынша ҚІЖК-нің 638-бабына сәйкес, сот отырысының хатшысы алқабиге кандидаттарды соттағы бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерден алдын ала кездейсоқ таңдау жүргiзу арқылы іріктеп алады.
      Алқабиге кандидаттардың уақытында келуін қамтамасыз ету, қажетті жағдайларда алқабиге кандидаттардың өз міндеттерін орындауына кедергі жасаған адамдарға және сотқа келуден себепсіз бас тартқан алқабиге кандидаттарға жауапкершілік шараларын қолдану, сот талқылауын ұйымдастырудың басқа да мәселелерін шешу мақсатында соттар ҚІЖК-нің 638-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, алқабиге кандидаттарға сотқа келетiн күнi мен уақыты көрсетілген хабарламаны сот отырысы басталғанға дейiн жетi тәулiктен кешiктiрмей тапсыруға тиіс.
      Егер сотқа келген алқабиге кандидаттар саны жиырма бестен кем болса, судьяның өкімі бойынша сот отырысының хатшысы қосалқы тізімнен алып, олардың қатарын осы санға дейін толықтырады.
      Сотқа келген кандидаттардан алқабилерді іріктеу жөніндегі сот отырысы ҚІЖК-нің 350-363-баптарының, сондай-ақ 639-644-баптарының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
      Егер жергілікті атқарушы органдар жасаған тізімде көрсетілген алқабиге кандидаттардың жеке басы туралы мәліметтер келген адамның төлқұжаттағы мәліметтеріне сай келмеген жағдайда, төрағалық етуші осы адамды кандидаттар санынан шығарып, алқабилер алқасын қалыптастыруға қатысудан босатады.
      Алқабиге кандидаттардың міндеттерін атқаруына кедергі келтірген адам, сондай-ақ алқаби міндетін атқаруға шақырылып, дәлелсіз себеппен сотқа келуден бас тартқан кандидат «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 5-тармағына сәйкес (бұдан әрі - «Алқабилер туралы» Заң) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 655-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      6. Алқабилер қатысатын сот отырысының дайындық бөлігі ҚІЖК-нің 639-644-баптарының, 645-бабының бірінші бөлігінің және 646-бабының талаптары ескеріле отырып, осы кодекстің 43-тарауымен белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      Төрағалық етуші алқабилерді іріктеу басталар алдында тараптарға ҚІЖК-нің 64, 65, 71-77-баптарында, 639-бабының төртінші бөлігінде, 642-бабында, 643-бабының екінші бөлігінде, 651-бабында, 653-бабының екінші бөлігінде, көзделген құқықтарын түсіндіреді.
      ҚІЖК-нің 639-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, төрағалық етуші судьяның (бұдан әрі – судья) қойған сұрақтарына алқабиге кандидаттың шынайы жауап беруi және алқабидің өзi және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушы басқа адамдармен қарым - қатынастары жөнінде өзге де ақпараттарды беруі туралы олардың міндеттерін түсіндіруі, сондай-ақ алқабиге кандидаттардан қылмыстық істі қарауға алқабилер ретінде қатысуға кедергі келтіретін мән-жайлар туралы сұрауы алқабилер алқасын және соттың заңды құрамын қалыптастырудың міндетті шарты болып табылатындығына соттардың назары аударылсын.
      Сонымен қатар, судья алқабиге кандидаттарға алқаби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін мәліметтерді жасырып қалуы, олар алқабилер алқасының құрамына енгізілген жағдайда істі қарауға қатысуы шығарылған үкімнің күшін жою үшін негіз болатынын түсіндіруге міндетті.
      Сонымен қатар, судья алқабиге кандидаттарға сұрақтар қою барысында тараптардың алқабиге кандидаттың осы қылмыстық істі қарауға қатысуына кедергі келтіруі мүмкін мән-жайларды анықтауға байланысты сұрақтарының түсінікті және нақты болуын және «Алқабилер туралы» Заңның 10-бабының 2-тармағында көрсетілген себептер бойынша (шығу тегі, дінге қатысы, нанымы және т.б.) алқабиге кандидаттардың құқықтарын шектеуге тиіс емес екендігін қамтамасыз ету үшін шара қолдануға міндетті.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      7. Алқабиге сұрақ қою барысында ҚІЖК-нің 640-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған жағдайда судья алқабиге кандидатты бұл туралы жазбаша немесе ауызша арызы болған кезде алқаби міндеттерін атқарудан босата алады.
      ҚПК-нің 639-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, алқабиге қандидатты істі қарауға қатысудан босату туралы мәселені объективті шешу мақсатында прокурор, жәбірленуші, айыпталушы және оның қорғаушысы судьяға алқабилер алқасын қалыптастыру үшін маңызды сұрақтарды жазбаша түрде ұсынады. Төрағалық етуші процеске қатысушылардың жазбаша сұрақтарымен қатар басқа да сұрақтарды қоя алады.
      Алқабиге кандидат өзінің жеке басына байланысты деректерді жария етпеу мақсатында төрағалық етушіге жасырын түрде жауап беруге құқылы.
      Сот немесе құқық қорғау органдары туралы өздерінде үстірт пікір қалыптастыруы немесе объективті болмау ықтималдығы туралы күмән тудыруы мүмкін фактілер болған жағдайда, алқабиге кандидат алқабидің міндеттерін орындаудан босатылады. Осы ретте соттар алқабиге кандидатты алқабидің міндеттерін орындаудан босатуға оның әкімшілік жауапқа тартылуының кез келген оқиғасы емес, сот тәртібімен әкімшілік қамауға алыну фактісі ғана негіз бола алатынын ескергендері жөн.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      8. «Алқабилер туралы» Заңның 13-бабының 4-тармағына және ҚІЖК-нің 645-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, судья ҚІЖК-нің 647-бабының төртінші бөлiгiмен белгiленген шектеулердi сақтамаған алқабиді басты сот талқылауының кез келген кезеңінде iске одан әрi қатысудан шеттете алады.
      ҚІЖК-нің 639-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, өздiгiнен бас тартулар мен алқабиге кандидаттарға мәлiмделген қарсылық білдiрулердi және алқабиге кандидатты босатуға байланысты басқа да мәселелердi, сондай-ақ ҚІЖК-нің 645-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, алқабидi істі қараудан шеттету туралы мәселелерді судья тараптардың қатысуымен кеңесу бөлмесiне кетпей-ақ жеке-дара шешедi, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      9. Алқабилер қатысатын соттағы сот тергеуінің ерекшеліктері ҚІЖК-нің 640-бабының 562-бабымен айқындалады.
      ҚІЖК-нің 648-бабының екінші және үшінші, 650-бабының бесінші және алтыншы бөліктерімен белгіленген шектеулерді қоспағанда, іс бойынша анықталған нақтылы деректер алқабилердің қатысуымен зерттелуге жатады.
      Осыны, сондай-ақ ҚІЖК-нің 650-бабының ережелерін ескере отырып, судья сот талқылауын айыпталушыға тағылған айыптың шегінде ғана өткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тараптардың алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауы және істі талқылаудан алып тасталған дәлелдемелерге сілтеме жасамауы керек екенін ескеруге тиіс.
      Судья осындай мән-жайлар анықталған жағдайда тараптардың мұндай сөздерін үзіп тастап, алқабилерге шешім қабылдаған кезде осы мән-жайларды есепке алмауға тиіс екендігін түсіндіреді.
      Судья жарамсыз дәлелдемелерді және алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды зерттеу тәртібін оның ескертуіне қарамастан тараптар бірнеше мәрте бұзған жағдайда, оларды сотты құрметтемегені үшін ӘҚБтК-нің 653-бабының тәртібімен әкімшілік жауапкершілікке тарта алады.
      Сот жарамсыз деп танымаған, сондай-ақ істің шешілуі үшін елеулі маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді тараптардың зерттеуінен бас тартуды олардың құқықтарын шектеу деп, яғни ҚІЖК-нің 662-бабына сәйкес, үкімнің күшін жоюға әкеп соғатын қылмыстық іс жүргізу заңын бұзу ретінде бағалау керек.
      Онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар жасады деп айыпталған сотталушылардан кінәсін мойындауы туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат түскен кезде, төрағалық етуші ҚПК-нің 628-бабында көзделген әрекеттерді орындайды. Кінәсін мойындау туралы процестік келісім жасалған жағдайда бұл сотталушыларға қатысты іс жеке өндіріске бөлініп шығарылады және келісімдік іс жүргізуде қаралады. Басқа сотталушыларға қатысты іс алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылатын сот ісін жүргізу үшін көзделген ережелер бойынша қаралады. Егер кінәсін мойындау туралы процестік келісім жасалмаса, істі қарау бұрынғы тәртіпте жалғастырылады.
      Сотталушыдан ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы жазбаша түрде өтінішхат түскен жағдайда, төрағалық етуші өтінішхатты ҚПК-нің 619-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, ҚПК-нің 619-бабының алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттерді орындауы үшін прокурорға жібереді. Егер бұл ретте сот талқылауын жалғастыру мүмкін болмаса, сот істі талқылауды белгілі бір мерзімге кейiнге қалдыру туралы ҚПК-нің 341-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қаулы шығарады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      10. Сот басты сот талқылауы барысында айыптаушы және қорғаушы тараптар ғана ұсынған дәлелдер зерттелетінін ескере отырып және соттың сот талқылауы барысында объективтілікті және бейтараптылықты сақтауы туралы заңның талаптарына сәйкес, тергеу әрекеттерінің хаттамаларын, сарапшылардың қорытындыларын, жәбірленушілердің, куәлердің айғақ хаттамаларын және іске тігілген басқа да құжаттарды бұл туралы өтінішті мәлімдеген тараптардың жария етуін қамтамасыз етуі қажет.
      Алқабилердің қатысуымен іс жүргізу шешімі – қылмыстық істі қозғау туралы қаулы, айыпталушы ретінде тарту туралы қаулы, сондай-ақ жәбірленушілерді, куәлерді мәжбүрлеп әкелу, процеске қатысушыларға қарсылық білдіру сияқты сот талқылауы жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер мен өтініштер, бұлтартпау шарасына қатысты мәселелер және алқабилердің құзыретіне кірмейтін әрі сотталушы мен процестің басқа да қатысушыларына қатысты теріс түсінік тудыруы мүмкін басқа да құқық мәселелері алқабилердің қатысуымен зерттеуге жатпайды.
      Сотталушылардың алдын ала тергеу барысында өздеріне күш қолданылғаны немесе психикаға әсер етілгені, оның алынған дәлелдемелерге ықпал еткені туралы арыздары алқабилердің қатысуымен қарауға жатпайды.
      11. ҚІЖК-нің 650-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, сотталушының жеке басы туралы деректер ол айыпталып отырған қылмыс құрамының жекелеген белгілерін анықтау үшін қажет шамада ғана алқабилердің қатысуымен зерттеледі.
      Сотталушыға қатысты бұрынғы соттылық фактілері, сондай–ақ сотталушыны сипаттайтын, алқабилердің теріс пікірін тудыруы мүмкін басқа да деректер олардың қатысуымен зерттелмейді.
      Сот талқылауы барысында сотталушының есі дұрыс емес екендігі анықталған жағдайда, судья ҚІЖК-нің 659-бабының талаптарына сәйкес, қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарауды тоқтату туралы қаулы шығарады және оны ҚІЖК-нің 11-бөлімінде көзделген тәртіппен соттың қарауына жібереді.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      12. ҚІЖК-нің 637-бабына сәйкес, дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп танылған нақты деректердi iс материалдарынан алып тастау алқабилердің қатысуымен сот отырысын тағайындау кезінде алдын ала тыңдаудың қорытындылары бойынша шығарылатын шешімдердің ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Судья жарамсыз дәлелдемелерді алып тастау туралы мәселені тараптардың өтініші не өз бастамасы бойынша шешеді.
      Егер дәлелдеме ҚІЖК-нің 112-бабында көрсетілген заң нормалары бұзылып алынса, сот оны жарамсыз деп таниды.
      ҚІЖК-нің 636-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, дәлелдемелер ретiнде жарамдылығын тексеру үшiн iс материалдары қажет жағдайда алдын ала тыңдауда жария етілуі мүмкiн.
      Дәлелдемелерді жарамсыз деп тану туралы өтініштерді қарау тәртібі ҚІЖК-нің 362-бабының үшінші бөлігімен және «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 5-тармағымен реттелген. Сот осы нормаларға сәйкес, сот талқылауы тараптарының пікірін тыңдай келіп, дәлелдемені жарамсыз деп тану туралы әрбір мәлімделген өтінішті қарауға және оны қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелді қаулы шығаруға тиіс.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      13. ҚІЖК-нің 648-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, дәлелдемелердің жарамдылығы туралы мәселе сот талқылауы кезінде алқабилердің қатысуынсыз шешіледі. Тараптар осы норманың мағынасы бойынша өздерінің қолдарындағы заңдық сипаттағы өтініштердің мазмұнын ашпастан олардың бар екендігі туралы судьяға алқабилер қатысып отырғанда хабарлайды.
      Істі алқабилердің қатысуымен қарау кезінде тараптар соттың шешімі бойынша бұрын шығарылып тасталған дәлелдемелердің істе бар екені туралы судьяның рұқсатынсыз алқабилерге хабарлауға құқылы емес.
      Судья ҚІЖК-нің 648 және 650-баптарын басшылыққа ала отырып, алқабилердің жарамсыз дәлелдемелермен танысу, сондай-ақ олардың құзыретіне жатпайтын мәселелерді зерттеу мүмкіндігін болдырмайтын қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
      Егер жарамсыз дәлелдемелер зерттелсе, онда оларды заңдық күші жоқ, ал оларға жасалған зерттеулерді жарамсыз деп тану туралы мәселені талқылау алқабилердің қатысуынсыз жүргізіледі де кейін оларға қабылданған шешімнің мәні түсіндіріледі.
      Судья істің нақты мән-жайына қатысы жоқ ақпарат, мысалы, сотталушының сотталғаны туралы, оны маскүнем немесе нашақор деп тану туралы және т.б. мәліметтер алқабилердің назарына жеткізілген жағдайда да осылай әрекет жасауға тиіс.
      Егер сот отырысы кезінде сотталушы істі алдын ала тергеу барысында оған жол берілмейтін әдістер (жауап беруге мәжбүрлеу, азаптау) қолданылғаны туралы хабарласа, сот сотталушының айғақтарын алқабилерді қатыстырмай зерттеп, ол көрсеткен адамдардан жауап алады. Егер жол берілмейтін тергеу әдістері қолданылғаны туралы факт расталмаса сот бұл жөнінде алқабилерді хабардар етеді.
      Егер жол берілмейтін тергеу әдістерінің тергеу барысында қолданылғаны расталған жағдайда судья осындай әдіспен алынған дәлелдемелерді жарамсыз дәлелдемелер деп таниды.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      14. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөздері ҚІЖК-нің 651-бабына сәйкес екі бөлімнен тұрады және сот ісін жүргізудің осы нысаны бойынша істі қараудың ерекшеліктері ескеріліп жүргізіледі.
      Тараптардың жарыссөз рәсімдерін сақтауын қамтамасыз ету судьяға жүктелгендіктен, ол жарыссөздерді алқабилердің шешуіне жататын сұрақтар шегінде ғана өткізу туралы заң талаптарын басшылыққа алуға тиіс.
      Тараптар өз ұстанымын негіздеу үшін жарыссөздің бірінші бөлігінде жарамсыз деп танылған немесе сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге не болмаса жарыссөздің екінші бөлігінде шешілуге жататын мән-жайларға сілтеме жасаған жағдайда, судья ҚІЖК-нің 563-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, процестің мұндай қатысушысының сөзін тоқтатып, кеңесу бөлмесінде шешім шығару кезінде осы мән-жайларды ескермеуге тиіс екендіктерін алқабилерге түсіндіруге міндетті.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      15. ҚІЖК-нің 653-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, сұрақтарды талқылау және тұжырымдау кезінде алқабилер сот отырысы залынан шығарылатынына соттардың назары аударылсын.
      ҚІЖК-нің 653-бабының екінші бөлігіне сай, тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өздерінің ескертпелерін айтуға, сондай-ақ жаңа сұрақтарды қою туралы ұсыныстар енгізуге құқылы. Тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы және жаңа сұрақтарды қою туралы ұсыныстар бойынша ауызша ескертпелер жасаған жағдайда, осы ескертпелер сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Егер ескертпелер мен ұсыныстарды тараптар жазбаша нысанда берсе, олар істің материалдарына тіркеледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасына белгі түсіріледі.
      Судья тараптардың ескертпелері мен ұсыныстарын назарға ала отырып, сұрақтарды кеңесу бөлмесінде түпкілікті тұжырымдап, оларды сұрақ парағына енгізеді және оған қол қояды. Сот залына оралғаннан кейін судья тараптардың және алқабилердің қатысуымен сұрақ парағын оқиды.
      ҚІЖК-нің 653-бабына сәйкес, іс бойынша сотталушылардың санына қарамастан жалғыз сұрақ парағы толтырылады.
      Судья тараптар талқыламаған сұрақтарды сұрақ парағына енгізуге құқылы емес.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      16. ҚІЖК-нің 654-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сотталушы жасаған деп айыпталатын әрекеттердiң әрқайсысы бойынша:
      - әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
      - бұл әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;
      - бұл әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме деген үш негiзгi сұрақ қойылады.
      ҚІЖК-нің 656-бабының оныншы бөлігіне сәйкес, алқабилерден әрекетті құқықтық саралауды талап ететін сұрақтар жеке не болмаса басқа сұрақтардың құрамында қойылмайды.
      Осыған байланысты, кісі өлтіру, аса қатыгездікпен кісі өлтіру, бұзақылық немесе пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіру, кенет пайда болған жан күйзелiсi жағдайында кісі өлтіру, қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған кiсi өлтіру, зорлау, қарақшылық сияқты және т.б. ерекше заң терминдерін пайдаланып, алқабилер алдында сұрақтар қоюға болмайды.
      Алқабилердің шешуіне жататын сұрақтар олар үшін түсінікті тұжырымдалып қойылуға тиіс.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      17. Сотталушыны аяқталмаған қылмыс жасады (оқталу) деп айыптаған жағдайда судья ҚІЖК-нің 654-бабында көзделген сұрақтарды, соның ішінде әрекеттің аяғына дейін жеткізілмеу мән-жайының дәлелденгені туралы сұрақтарды алқабилердің алдына түсінікті етіп тұжырымдап қоюға тиіс. Бұл ретте сұрақта сотталушыны өзінің ниетін жүзеге асыру мүмкіндігінен айырған себепке сілтеме ғана емес, сол себептің нақты мазмұны (салған кезінде пышақ жүзінің сынып қалуы, жәбірленушінің сотталушы қолындағы қаруды қағып түсіруі, жәбірленушіге білікті дәрігерлік көмектің дер кезінде көрсетілуі және т.б.) ашылып көрсетілуге тиіс.
      Сотталушының кінәлілік дәрежесін төмендететін не оны қылмыстық жауаптылықтан босатуға әкеп соғатын мән-жайлар туралы жеке сұрақтарды қою кезінде қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған басқа адамдардың кінәлілігі туралы сұрақтарды сұрақтар парағында қоюға болмайды.
      Сотталушының ауырлығы шамалы қылмысты жасау кінәсін анықтауға мүмкіндік беретін жеке сұрақтарды қою кезінде, егер осы арқылы сотталушының қорғану құқығы бұзылмаса және оның жағдайы нашарламаса, ҚІЖК-нің 566-бабының екінші бөлігімен көзделген талаптарды сақтау қажеттігін соттардың назарда ұстағандары жөн.
      Бұған қоса, тұжырымдалған сұрақтарға берілетін жауаптар сотталушыға тағылмаған не мемлекеттік айыптаушы (жәбірленуші) қолдамаған айып бойынша оны әлдеқайда ауыр әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп тануға жол бермеуге тиіс.
      Қылмысты адамдар тобы жасаған деп айып тағылған жағдайда, сұрақтардың мазмұны оларға қандай жауап қайтарылса да басқа сотталушылардың кінәлі екендігі туралы мәселені алдын ала шешпейтіндей болуы үшін, ҚІЖК-нің 566-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, шешуге жататын сұрақтар әрбiр сотталушыға қатысты жеке қойылады.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      18. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      19. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      20. ҚІЖК-нің 656-бабының талаптарына сәйкес, қойылған сұрақтар бойынша шешімді судья мен алқабилер алқасы тек кеңесу бөлмесінде шығарады. Кеңесу бөлмесінде өзге адамдардың, соның ішінде қосалқы алқабилердің болуы соттың алқабилердің қатысуымен шығарған үкімінің күшін жою үшін негіз болып табылады.
      Судья мен алқабилер дауыс беру үшін әрбір сұраққа бір таза бюллетеннен алады.
      Бұл ретте судья ҚІЖК-нің 655 және 656-баптарының талаптарына сәйкес, негізгі және қосымша сұрақтар бойынша дауыс беру жасырын түрде жүргізілетінін ескеріп, дауыс беруді жасырын түрде жүргізудің заңдылығын қамтамасыз етуге тиіс.
      Судья және әрбір алқаби құпия дауыс беру туралы заң талабын орындай отырып, басқа дауыс берушілерге көрсетпей, бюллетеньде өзінің жауабын «иә» немесе «жоқ» деген сөздерге «дәлелденді», «дәлелденген жоқ», «кінәлі», «кінәсіз» деген түсіндірме сөздерді қоса жазып, оны жәшікке салады. Бірінші сұрақ бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейін төрағалық етуші жәшікті ашады да алқабилердің қатысуымен дауыстарды санайды.
      Дауыстарды санаудың нәтижесін төрағалық етуші сұрақ парағында көрсетiлген бірінші сұрақтың тұсына жауапты және жауаптың мәнін ашатын міндетті түсіндірме сөзімен немесе сөз тіркесімен («иә, дәлелдендi», «жоқ, дәлелденген жоқ») көрсетіп жазады.
      Барлық негізгі және қосымша сұрақтар бойынша дауыс беру осындай тәсілмен жүргізіледі.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      21. Егер алқабилердің біреуінің қатысуға мүмкіндігінің жоқ екені кеңесу бөлмесінде анықталса, онда ҚІЖК-нің 645-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, судья мен алқабилер кеңесу бөлмесінен сот отырысының залына шығуға тиіс. Бұл ретте судья осы алқабиді қосалқы алқабилердің тегі көрсетілген билет жәшіктен қандай тәртіппен алынса, сол тәртіппен қосалқы алқабимен ауыстырады да кеңесу бөлмесіне кетеді.
      Егер мұндай алқабилерді ауыстыруға қосалқы алқабилер жетпеген жағдайда судья ҚІЖК-нің 557-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялап, алқаны таратады және ҚІЖК-нің 638-бабына сәйкес, сот талқылауын алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарады.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      22. ҚІЖК-нің 656-бабының он және он бірінші бөліктеріне сәйкес, сотталушының қылмыстық әрекетіне қылмыстық заңды қолдану және оның әрекеттерін Қылмыстық кодекстің ерекше бөлігінде көрсетілген баптармен саралау мәселелерін судья алқабилердің қатысуынсыз шешеді.
      ҚІЖК-нің 390-бабы бірінші бөлігінің 5) - 8) және 14) тармақтарымен көзделген сұрақтарды судья алқабилердің қатысуымен ашық дауыс беру арқылы шешеді.
      Егер дауыс берушілердің көпшілігі шешімді жақтап дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Он бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, егер дауыс берушілердiң сегiзi және одан да көбi осындай шешімді жақтап дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн екендігін назарда ұстаған жөн.
      Айрықша жазалау шарасы-өлiм жазасы не өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы судья мен алқабилер бiрауыздан шешiм шығарған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.
      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      23. ҚІЖК-нің 657-бабына сәйкес, сот алқабилердің қатысуымен қылмыстық істі қараудың нәтижелері бойынша айыптау немесе ақтау үкімін не ҚІЖК-нің 343-бабында көрсетілген жағдайларда істі қысқарту туралы қаулы шығарады.
      ҚІЖК-нің 657-бабының екінші тармағына сәйкес, сот алқабилердің қатысуымен ҚІЖК-нің 654-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген үш негізгі сұрақтың кем дегенде біреуіне теріс жауап берілген жағдайларда ақтау үкімін шығарады.
      Осыған сәйкес, басты сот талқылауы барысында ҚІЖК-нің 35-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар анықталған кезде, сондай-ақ прокурор қылмыстық оқиғаның, қылмыс құрамының болмауына немесе сотталушының қылмысқа қатысуының дәлелденбеуіне байланысты айыптан бас тартса (ҚІЖК-нің 337-бабының жетінші бөлігі), судья қалған тараптардың пікірлерін тыңдап, алқабилерді сот отырысына әрі қарай қатысудан босатады және қылмыстық істі ҚІЖК-нің 343 және 649-баптарына сай қысқарту туралы қаулы шығарады.
      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      24. Сотта алқабилердің қатысуымен үкім шығару кезінде судья ҚІЖК–нің 658-бабының бірінші бөлігімен көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, ҚІЖК-нің 46-тарауымен көзделген ережелерді басшылыққа алады.
      Ақтау үкімінің сипаттама-дәлелдеу бөлiгiнде сотталушыға тағылған айыптаудың мәні жазылып, ақтау негізі ретінде алқабилер алқасының шешіміне сiлтеме жасалады.
      Бұған қоса, ақтау үкімінiң сипаттама-дәлелдеу бөлiгi мен қарар бөлiгiнде алқабилер қатысқан соттың шешіміне сілтемемен қоса, судья алқабилер алқасының олардың алдына қойылған үш сұраққа берген жауаптарына сәйкес ақтау негіздемелерін нақтылауы қажет.
      Сотталушы оқиғаның (әрекеттің орын алғаны не алмағаны) дәлелденгені туралы бірінші сұраққа теріс жауап берілген жағдайда қылмыс оқиғасы болмағаны үшін ақталуға тиіс.
      Сотталушы бірінші сұраққа оң жауап беріліп, ал сотталушының қылмысты жасауға қатыстылығының дәлелденгені туралы екінші сұраққа теріс жауап берілген жағдайда оның қылмыс жасауға қатысуы дәлелденбегені үшін ақталуға тиіс.
      Сотталушы бірінші екі сұраққа оң жауап беріліп, ал үшінші сұраққа теріс жауап берілген жағдайда оның әрекетiнде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталуға тиіс.
      Ақтау үкімінде сондай-ақ мәлімделген азаматтық талап, іс жүргізу шығындары, заттай дәлелдемелер мәселесі бойынша қабылданған шешімдер де көрсетіледі.
      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      25. ҚІЖК-нің 658-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағына сәйкес, айыптау үкімінің сипаттама-дәлелдеу бөлiгiнде алқабилер алқасы сотталушыны жасағаны үшін кінәлі деп таныған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасы, жасалған қылмыстық әрекеттің ҚК-нің қандай бабымен саралануға тиіс екендігі, сондай-ақ жаза тағайындаудың себептеріне және басқа да мәселелерге қатысты (азаматтық талап қою, заттай дәлелдемелер мәселесі және т.б. бойынша) сот шешімінің негіздемелері көрсетілуге тиiс.
      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      26. ҚІЖК-нің 48 және 49-тарауларының талаптарына сәйкес, соттың алқабилердің қатысуымен шығарған, заңды күшіне енбеген үкімін оған шағым берілген немесе наразылық келтірілген жағдайда қайта қарау апелляциялық сатыда жүзеге асырылады және іс кемінде үш судьяның қатысуымен қаралады.
      Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімді өзгертудің немесе күшін жоюдың негіздері ҚІЖК-нің 662-бабы екінші бөлігінің 1)-5) тармақтарында көрсетілген.
      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      27. Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күші жойылып, іс басты сот талқылауы сатысынан соттың жаңадан қарауы үшін жіберілген жағдайда іс алқабилердің қатысуымен қаралады.
      Егер үкімнің күші жойылып, іс алдын ала тыңдау сатысынан соттың жаңадан қарауына жіберілсе, онда ҚІЖК-нің 321-бабында көзделген барлық мәселелер, соның ішінде істі алқабилерді қатыстырып қарау туралы мәселе осы сатыда шешіледі.
      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      28. Прокурордың, жәбірленушінің немесе оның өкілінің дәлелдемелерді ұсыну құқығын шектеген, сондай-ақ ҚІЖК-нің 662-бабы екінші бөлігінің 5) тармағымен көзделген, атап айтқанда, судьяның алқабилер алқасын қалыптастыру, алқабилердің қатысуымен талқылануға жатпайтын мәселелерді талқылау, алқабилердің шешуіне жататын мәселелерді тұжырымдау, сот жарыссөздерін жүргізу, соның ішінде жарамды дәлелдемелерді негізсіз алып тастау кезінде заңды үкім шығаруға әсер еткен немесе әсер етуі ықтимал жағдайларды қоспағанда апелляциялық саты сотының алқабилер қатысқан соттың ақтау үкімінің күшін жоя алмайтынына соттардың назары аударылсын.
      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      29. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшiне енген ақтау үкiмi мен апелляциялық алқаның қаулысы, егер жәбірленушінің кассациялық шағымында немесе прокурордың кассациялық наразылығында ҚІЖК нормаларының елеулі бұзылуы көрсетілумен қатар ақтау үкімінің мәні де дауланса және кассациялық қарау барысында ҚІЖК-нің 664-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарымен көзделген мән-жайлар және ақтау үкімінің заңсыз екені анықталса ғана кассациялық сатыдағы соттың қайта қарауына жатады.
      Осы ретте, егер алқа құрамына «Алқабилер туралы» Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес, алқабилерге кандидаттардың бірыңғай немесе қосалқы (жылдық) тізімдеріне енгізілмеген не енгізуге жатпайтын, ҚІЖК-нің 640-бабының екінші бөлігіне сәйкес, алқаби міндеттерін атқарудан босатылуға жататын адамдар алқа құрамына енсе, сондай-ақ алқабилерді іріктеу барысында өздерінің алқабидің міндеттерін атқаруына кедергі болатын мәліметтерді жасырған алқаби алқа құрамынан анықталса, алқабилер алқасының құрамы заңсыз деп танылуы мүмкін екенін соттардың назарда ұстағандары жөн.
      Жәбірленушіні сот арқылы қорғану құқығынан айыру деп басты сот талқылауында оның ҚІЖК-нің 71-бабы алтыншы бөлігінің 2) - 4), 14) - 16) тармақтарымен көзделген құқықтарын шектеуге әкеп соқтырған, сондай-ақ, жәбірленуші немесе оның өкілі ұсынған іс бойынша маңызы бар дәлелдемелердің зерттелмеу немесе осындай дәлелдемелерді сот қарауынан заңсыз алып тастау жағдайларын түсіну керек.
      Соттың ақтау үкімінің күші жойылған жағдайда iс сотқа басты сот талқылауы сатысынан бiрiншi сатыдағы соттың жаңадан қарауына жiберiледi.
      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      30. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшiне енген үкiмдерi мен қаулыларын іс кассациялық сатыда қаралғаннан кейін ғана ҚІЖК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағымен және екінші бөлігінің 1), 2) тармақтарымен көзделген негіздер бойынша Жоғарғы Соттың алқасы қадағалау тәртібімен қайта қарауы мүмкін.
      ҚІЖК-нің 666-бабының сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу туралы талабы алқабилер қатысқан соттың заңды күшiне енген үкiмi мен қаулысы Жоғарғы Соттың алқасында қадағалау тәртібімен қайта қаралған жағдайда ғана қолданылатынына соттардың назары аударылсын.
      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының  24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      31. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                   Б.Бекназаров

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                       Д.Нұралин