Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 34 Қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 13 қаңтардағы
№ 34 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Кейбiр нұсқаулықтарды бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысында:

      1) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесiнде iс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта:

      13-4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат ЭЦҚ тексерілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 сәуірдегі № 430 қаулысымен бекітілген Электрондық құжат айналымы ережесiне сәйкес тіркеледі және Кеңсе басшылығының қабылдау бөлмелері мен құрылымдық бөлімшелеріне электрондық форматта жіберіледі.";

      19-тармақтың 1) тармақшасының тоғызыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "шығуға дейін 3 күн бұрын ақшалай қаражат бөле отырып, министрліктердің, ведомстволардың, республикалық бюджет есебінен ұсталатын басқа да орталық мекемелер басшыларының, облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің іссапарға шығуға рұқсат алуға байланысты өтініштері;";

      21-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкіметтің және Премьер-Министр Кеңсесінің басшылығы құжаттарды қарағаннан кейін қабылдау бөлмелерінің қызметкерлері оларды адресаттарға кейіннен жөнелту үшін басшылықтың ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат форматында жасалған тапсырмаларымен бірге (қажет болған жағдайда қағаз жеткізгіште) Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі қызметтік хат-хабар секторының қызметкеріне береді.";

      мынадай мазмұндағы 48-1 және 48-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "48-1. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке және тікелей тапсырмаларын орындау жөніндегі есептік ақпаратқа Премьер-Министр (оның мiндеттерін орындайтын тұлға) немесе Премьер-Министрдің осы тапсырмаларды орындау тапсырылған орынбасары қол қойылады.

      48-2. Үкіметтің немесе Кеңсенің Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы Президент Әкімшілігіне жіберетін есептік ақпаратына Премьер-Министр (оның мiндеттерін орындаушы тұлға) немесе Премьер-Министрдің жетекшілік ететін бағыты (мәселесі) жөніндегі орынбасары не Кеңсе Басшысы қол қояды.";

      мынадай мазмұндағы 134-1-тармақпен толықтырылсын:

      "134-1. Қазақстан Республикасы Президентінің, Премьер-Министрдің, Президент Әкімшілігі басшыларының, Премьер-Министрдің орынбасарларының сондай-ақ Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысының тапсырмалары бар жобаларды қоспағанда, мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын Кеңсеге ағымдағы жылғы 20 желтоқсанға дейін енгізеді.";

      144-тармақтың бірінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "құрылымдық бөлімшелердің қолда бар ескертулерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын тікелей сүйемелдейді және пысықтайды және құжаттың уақытлы, толық әрі сапалы орындалуына жауап береді.";

      мынадай мазмұндағы 149-1-тармақпен толықтырылсын:

      "149-1. Сырттай дауыс беру нәтижелері бойынша Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің орындаушылары бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасы бойынша Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беру нәтижелерін есепке алу парағын жасайды.";

      150-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "150. Жоба бойынша сырттай дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізуді Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүзеге асырады.

      Бұл ретте, Кеңсе Басшысы қағаз және электрондық жеткізгіштердегі жобаларға тиісті тапсырмаға қол қояды, осыдан кейін үкіметтік шешімдерді шығару секторының қызметкері Үкімет мүшелерін ЭҚАБЖ бойынша тиісті тапсырма туралы хабардар етеді. "Қызмет бабында пайдалану үшін" жобалары фельдъегерлік немесе арнайы байланыс арқылы қағаз тасығышта жіберіледі.";

      2) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Премьер-Министрде, оның орынбасарларында, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысында өткен кеңестер хаттамаларының тармақтарын, сондай-ақ Премьер-Министр орынбасарларының, Кеңсе Басшысының тапсырмаларын бақылауға қоюды Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары бойынша Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүзеге асырады.

      Бұл ретте, бақылауға қою туралы ұсыныстар бақылау секторына құрылымдық бөлімшелердің басшылары (олардың міндеттерін орындайтын тұлғалар) қол қойған қағаз жеткізгіште немесе ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық форматта ЭҚАБЖ арқылы беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 28-тармақпен толықтырылсын:

      "28. Президент, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Үкімет, Президент Әкімшілігі мен Кеңсе басшыларының актілері мен тапсырмаларын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың орындау сапасына бақылау жүргізуге, сондай-ақ Президент Әкімшілігі бекітетін жыл сайынғы кестеге сәйкес Экономикалық даму және сауда министрлігіне қорытындыларды беруге Премьер-Министр Кеңсесінің мынадай құрылымдық бөлімшелері жауапты болып табылады:

      1) орталық мемлекеттік органдар бойынша – Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі;

      2) жергілікті арқарушы органдар бойынша – Ұйымдастыру жұмысы және аумақтық даму бөлімі.".

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:

      50-тармақтың 2) тармақшасында:

      жетінші абзацтағы "болмауы." деген сөз "болмауы;" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы сегізінші абзацпен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын жобаларды қоспағанда, Кеңсе Басшысы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 25-1-32қбпү/22п-қбпү бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесінде беруге рұқсат етілген қызметтік ақпарат тізбесіне сәйкес ақпараттық жүйесінде жобаларды және оларға материалдарды "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесі арқылы Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына беру мүмкіндігі.";

      мынадай мазмұндағы 50-1-тармақпен толықтырылсын:

      "50-1. Қазақстан Республикасы Президентінің, Премьер-Министрдің, Президент Әкімшілігі басшыларының, Премьер-Министрдің орынбасарларының сондай-ақ Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысының тапсырмалары бар жобаларды қоспағанда, мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын Кеңсеге ағымдағы жылғы 20 желтоқсанға дейін енгізеді.";

      51-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "51. Жобаға ілеспе хатқа мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын жобаларды қоспағанда, Кеңсе Басшысы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 25-1-32қбпү/22п-қбпү бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесінде беруге рұқсат етілген қызметтік ақпарат тізбесіне сәйкес ақпараттық жүйесінде жобаларды және оларға материалдарды "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесі арқылы Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына беру мүмкіндігін көрсете отырып, әзірлеуші мемлекеттік органдардың басшысы қол қояды.";

      54-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның жұмыс тәртібімен пысықтау мерзімі 20 жұмыс күнінен аспауға тиіс.";

      70-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкімет қаулыларының жобалары оларды Үкімет мәжілісінде қарағаннан кейін екі күннің ішінде Премьер-Министрдің қол қоюына ұсынылуы тиіс. Үкімет қаулылары жобаларының Кеңседе өтуінің жалпы мерзімі 20 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Үкімет Басшылығының тапсырмасы бойынша әзірленген шұғыл жобалар бойынша олардың Кеңседе өтуінің өзге қысқартылған мерзімі белгіленеді.";

      70-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "70-1. Үкімет мәжілісінде қабылданған (сырттай дауыс беру тәртібімен) қаулылардың жобаларына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары (тиесіліге қарай), Кеңсе Басшысы бұрыштама қояды және Премьер-Министрге қол қоюға беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 132-1-тармақпен толықтырылсын:

      "132-1. Үкімет орындаушысы болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамалық тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасау кезінде Премьер-Министрдің жетекшілік ететін бағыттар бойынша тиісті орынбасарының жетекшілігі көзделеді.";

      133-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "133. Үкіметтің және Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарларының және Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар мынадай бақылауға қойылған актілер мен тапсырмаларды орындау кезінде жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға:

      1) "өте шұғыл" деген белгісі бар шұғыл бақылауға - тапсырма түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде, "шұғыл", "жеделдетілсін" деген белгілері барлары - егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, үш жұмыс күнінен кешіктірмей;

      2) қысқа мерзімді бақылауға - егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, белгіленген орындалу мерзіміне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей;

      3) орта мерзімді бақылауға - егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, белгіленген орындалу мерзіміне дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей;

      4) ұзақ мерзімді бақылауға - егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, белгіленген орындалу мерзіміне дейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей өз ұсыныстарын электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжаттар форматында Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы жібереді.";

      134-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Президенттің Үкіметке және (немесе) Премьер-Министр Кеңсесіне арналған актілерін және/немесе тапсырмаларын бақылаудан алу және орындау мерзімдерін ұзарту мәселелерін Президент Әкімшілігі қарайды.";

      мынадай мазмұндағы 148-1 және 148-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "148-1. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке және тікелей тапсырмаларын орындау жөніндегі есептік ақпаратқа Премьер-Министр (оның мiндеттерін орындайтын тұлға) немесе Премьер-Министрдің осы тапсырмаларды орындау тапсырылған орынбасары қол қойылады.

      148-2. Үкіметтің немесе Кеңсенің Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы Президент Әкімшілігіне жіберетін есептік ақпаратына Премьер-Министр (оның мiндеттерін орындаушы тұлға) немесе Премьер-Министрдің жетекшілік ететін бағыты (мәселесі) жөніндегі орынбасары не Кеңсе Басшысы қол қояды.";

      Регламентке 1-қосымшада:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасына түсіндірме жазба мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "

10*

Материалдарды (үзінді көшірмелерді) Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесі арқылы беруге рұқсат етіледі


      * Кеңсе Басшысы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 25-1-32қбпү/22п-қбпү бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесінде беруге рұқсат етілген қызметтік ақпарат тізбесін ескеріп, әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша.".

      3. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 532-құжат):

      4-тармақ мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің аумақтық органдары — мемлекеттік мекемелерінің тізбесі;";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ережеде:

      1-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Министрліктің облыстарда, Астана және Алматы қалаларында, аудандарда, қалаларда және қалалардағы аудандарда аумақтық органдары және ведомстволары бар: Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті, Зияткерлік меншік құқығы комитеті, Сот актілерін орындау комитеті.";

      осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің аумақтық органдары — мемлекеттік мекемелерінің тізбесімен толықтырылсын.

      4. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 14.03.2019 № 108 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 13 қаңтардағы
№ 34 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2004 жылғы 28 қазандағы
№ 1120 қаулысымен
бекiтiлген

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің аумақтық органдары — мемлекеттік мекемелерінің тізбесі

      1. Ақмола облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      2. Ақтөбе облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      3. Алматы облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      4. Атырау облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      5. Шығыс Қазақстан облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      6. Жамбыл облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      7. Батыс Қазақстан облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      8. Қарағанды облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      9. Қызылорда облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      10. Қостанай облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      11. Маңғыстау облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      12. Павлодар облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      13. Солтүстік Қазақстан облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      14. Оңтүстік Қазақстан облысының Сот актілерін орындау департаменті.

      15. Астана қаласының Сот актілерін орындау департаменті.

      16. Алматы қаласының Сот актілерін орындау департаменті.