Тұқым шаруашылығы саласындағы кейбір субъектілерді аттестаттау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 қарашадағы № 1393 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Бірегей және элиталық тұқым, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді және тұқым өткізушілерді аттестаттау қағидалары;
      2) Байқаудан өткізушілерді аттестаттау қағидалары;
      3) Тұқым сарапшыларын аттестаттау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 30 қарашадағы
№ 1393 қаулысымен
бекітілген   

Бірегей және элиталық тұқым, бірінші, екінші және үшінші
көбейтілген тұқым өндірушілерді және тұқым өткізушілерді
аттестаттау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бірегей және элиталық тұқым, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді және тұқым өткізушілерді аттестаттау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына сәйкес әзірленген және бірегей және элиталық тұқым, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірушілерді және тұқым өткізушілерді аттестаттау тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аттестаттау - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың тұқым шаруашылығы субъектісінің мәртебесіне сәйкестігін анықтау (растау);
      2) аттестаттау туралы куәлік - мемлекеттің тұқым шаруашылығы саласындағы аттестатталған субъектілердің қызметін тануын растайтын, өз құзыреті шегінде тұқым шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган немесе облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы берген құжат;
      3) бірегей тұқымдар - ауыл шаруашылығы өсімдігі сортының авторы, ол уәкілдік берген адам немесе сорттың оригинаторы өсіріп шығарған және элиталық тұқымдарды өндіруге арналған тұқым;
      4) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдар - тұқымдар элитасының жылдар бойынша кейіннен өсіріп-өндірілуі: бірінші жыл - бірінші көбейтілген тұқым, екінші жыл - екінші көбейтілген тұқым, үшінші жыл - үшінші көбейтілген тұқым;
      5) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдар өндіруші (бұдан әрі - тұқым өсіру шаруашылығы) - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі - жергілікті атқарушы орган) аттестаттаған, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдарды өндіру мен сатуды жүзеге асыратын, шаруашылық жүргізуші субъект;
      6) суперэлиталық тұқымдар - бірегей тұқымдарға жататын, өсіріп-өндіру көшеттігінің өнімінен алынған, тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік стандарттар мен өзге де нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін және элиталық тұқымдарды өндіруге арналған тұқымдар;
      7) тұқым өндіруші - тұқым шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлға;
      8) тұқым өткізуші - жергілікті атқарушы орган аттестаттаған, ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының партияларын өткізу және (немесе) тұқым несиесін беру жөніндегі қызметті жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлға;
      9) элиталық тұқымдар - ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің бірегей немесе суперэлиталық тұқымнан алынған және Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңнамасының талаптарына сай келетін тұқымдар;
      10) элиталық тұқымдар өндіруші (бұдан әрі - элиталық тұқым өсіру шаруашылығы) - жергілікті атқарушы орган атестаттаған, элиталық тұқымдарды өндіру мен сатуды жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект.
      3. Аттестаттау осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сай келетін барлық жеке және заңды тұлғалар үшін тең негізде және жағдайда жүргізіледі.
      4. Жеке және заңды тұлғаларға бірегей тұқым өндіруші, элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өткізуші мәртебесін беру жергілікті атқарушы органның шешімімен жүзеге асырылады.
      Жергілікті атқарушы органның ауыл шаруашылығы саласындағы тиісті құрылымдық бөлімшесі жергілікті атқарушы органның жұмыс органы болып табылады.
      5. Элиталық тұқым өсіру шаруашылығы мәртебесіне ие және бірегей тұқым өндірушіге қойылатын талаптарға сай келетін шаруашылық жүргізуші субъект бір мезгілде бірегей тұқым өндіруші мәртебесін алуға үміттене алады.
      6. Элиталық тұқым өсіру шаруашылығы мәртебесіне ие және тұқым өсіру шаруашылықтарына қойылатын талаптарға сай келетін шаруашылық жүргізуші субъект бір мезгілде тұқым өсіру шаруашылығы мәртебесін алуға үміттене алады.
      7. Элиталық тұқымды, бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдарды өндіру және сату жүргізілетін ауыл шаруашылығы өсімдігінің сортын сол ауыл шаруашылығы өсімдігінің басқа сортына ауыстыру аттестаттау туралы куәлікте көрсетілген сорттар саны шегінде жүргізіледі.
      Ауыл шаруашылығы өсімдігінің сортын ауыстыру тұқым шаруашылығы субъектісін қайта аттестаттауға негіз болып табылмайды.

2. Бірегей тұқым өндірушілерге, элиталық тұқым өсіру
шаруашылықтарына, тұқым өсіру шаруашылықтарына, тұқым
өткізушілерге қойылатын талаптар

      8. Бірегей тұқым өндірушіге қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
      1) бірегей тұқымдарды өндіруге қойылатын талаптарға сәйкес оларды өндіруді жүргізу үшін егістік алаңның (суармалы жерлерде - сумен қамтамасыз етілген ауыспалы егістіктің) болуы;
      2) бірегей тұқым өндіру жүргізілетін, ауыл шаруашылығы өсімдігінің ерекшеліктерін ескере отырып, нақты топырақты-климаттық аймаққа арналған ғылыми негізделген ұсынымдарға сәйкес салынған және бірден кем емес айналымнан өткен, игерілген тұқым шаруашылығы ауыспалы егістерінің болуы;
      3) жалпы егіс алаңының 30 пайызынан кем емес тұқым шаруашылығы егістіктерінің болуы;
      4) бірегей тұқым өндірісі (бастапқы тұқым шаруашылығы) бойынша 6 жылдан кем емес жұмыс тәжірибесінің болуы;
      5) нақты топырақты-климаттық аймаққа арналған ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша ғылыми негізделген ұсынымдарға сәйкес сорттық агротехниканың болуы;
      6) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы растаған бірегей тұқым өндірушінің аумағында карантиндік объектілердің болмауы, бұл ретте карантиндік объектілер бірегей тұқым өндірушінің аумағында аттестаттау сәтіне дейін кемінде үш жыл кезеңінде де болмауы тиіс;
      7) дақыл жөнінде бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар кемінде бір маман-селекционердің болуы немесе ауыл шаруашылығы өсімдіктері селекциясы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғамен бірегей тұқым өндірісі бойынша бірлескен жұмысты жүзеге асыруға шарттың болуы;
      8) кемінде бір агроном-тұқымшының және әр дақыл бойынша маманның сондай-ақ, дақыл мен сорттың тұқым шаруашылығы жөніндегі жұмыстың ерекше әдістерін меңгерген техникалық персоналдың кемінде үш адамының болуы;
      9) дақыл мен сорттың биологиялық белгілері мен қасиеттерін ескеретін сызбаларға қатаң сәйкестікте бірегей тұқым өндірісін қамтамасыз ету;
      10) кейіннен элиталық тұқым өндірісін қамтамасыз ету мақсатында бірегей тұқымның жоспарланған көлемін өндіруге қажетті ассортиментте және көлемде сорттың тұқымдық материалының (жеміс, жидек дақылдарының және жүзімнің көшетін өндірушілер үшін аналық екпе ағаштардың) болуы;
      11) мынадай:
      бастапқы буындардың негізін қалау үшін - 100 пайыз;
      суперэлита үшін - 50 пайыз қажеттілікте тұқым сақтандыру қорларының болуы;
      12) бірегей тұқым өндірісі жүргізілетін ауыл шаруашылығы өсімдіктері түрлерінің бірегей тұқымын өндіру жөніндегі жұмыстар кешенін қамтамасыз ету үшін меншік құқығында, лизингке немесе мүліктік жалға (ұзақ мерзімде жалгерлік) алынған арнайы селекциялық және тұқым шаруашылығы техникасының болуы;
      13) тұқымдар партияларының араласуына жол бермей орналастыруға мүмкіндік беретін мамандандырылған қырмандардың, асфальтталған жабық алаңдардың, қоймалық үй-жайлардың (жеміс, жидек дақылдары мен жүзімге арналған кему алаңдарының), арнайы ыдыстың болуы;
      14) бірегей тұқым өндірісі жүргізілетін ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің әр сорты бойынша өндірілген, сатылған және өз шаруашылығында пайдаланылған бірегей тұқымның саны мен сапасына, шыққан тегіне (себу, іріктеу, сорттық, түрлік және фитопатологиялық отаулар (тазалаулар), егістіктерді қабылдау және (немесе) байқаудан өткізу, бірегей тұқымды жинау, кіріске алу, тазалау және өңдеу, сату актілері, тұқымдарды есепке алу журналы (ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторымен нөмірленуге, тігілуге, қолы қойылуға тиіс), тұқымдардың кондициялығы туралы куәлік, тұқымдардың аттестаты) есеп жүргізу;
      15) сортты шығару әдісін, ата-аналық нысандар, сорт белгілерінің ерекше сипаттамалары туралы мәліметтерді көрсететін сорт жөніндегі құжаттаманы жүргізу;
      16) тұқым шаруашылығы жөніндегі есеп материалдарының алты жылдан кем емес мерзім ішінде сақталуын қамтамасыз ету.
      9. Элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
      1) элиталы тұқым өндіру жүргізілетін және кемінде бір ротациядан өткен ауыл шаруашылығы өсімдігінің ерекшеліктерін ескере отырып, нақты топырақты-климаттық аймаққа арналған ғылыми негізделген ұсынымдарға сәйкес салынған, игерілген тұқым шаруашылығы ауыспалы егістерінің болуы;
      2) нақты топырақты-климаттық аймаққа арналған ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша ғылыми негізделген ұсынымдарға сәйкес сорттық агротехниканың болуы;
      3) жалпы егіс алаңының 25 пайызынан кем емес тұқым шаруашылығы егістіктерінің болуы;
      4) соңғы үш жылдағы өнімділіктің орташа облыстық көрсеткіштен жоғары болуы;
      5) тұқым шаруашылығы бойынша жұмыс тәжірибесі төрт жылдан кем болмауы;
      6) жалпы өндіріс көлеміндегі қызметтің негізгі түрінің (элиталық тұқым шаруашылығы) үлес салмағын қамтамасыз ету 25 пайыздан кем болмауы;
      7) тұқым шаруашылығы жүргізілетін егілетін дақылдардың саны 4-тен көп болмауы;
      8) аттестаттау мәніне сәйкес тұқым шаруашылығы жүргізілетін әр дақыл бойынша сорттардың саны 3-тен көп болмауы;
      9) суперэлиталық тұқымды егуге қажетті тұқымның сақтандыру қоры - 50 пайыз болуы;
      10) дақылдар мен сорттар бойынша сорт жаңарту жоспарының болуы;
      11) аудандастырылғандар тізбесіне енгізілген тұқым сорттарын өсіру схемасының болуы;
      12) тұқым материалдарын өсіру жұмыстарының барлық түрлері мен оның сапалық көрсеткіштері көрсетілетін құжаттаманы жүргізу және есепке алуды ұйымдастыру;
      13) элиталық тұқымның жоспарланған мөлшерін өндіру үшін түр-түрде және көлемде негізгі тұқым материалының (бірегей тұқым) аудандастырылған және перспективті сорттарының болуы;
      14) аттестаттауға өтініш берген сәттен бастап кемінде екі жыл мерзімге элиталық тұқымның жоспарланған мөлшерін өндіру үшін түр-түрде және көлемде аудандастырылған және перспективті сорттардың бірегей немесе суперэлиталық тұқымдарын жеткізу туралы бірегей тұқым өндірушімен жасалған шарттың болуы;
      15) ауыл шаруашылығы өсімдіктері селекциясы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғамен элиталық тұқым өндірісін ғылыми сүйемелдеу туралы шарттың болуы;
      16) элиталық тұқымның жоспарланған көлемін өндіру жөніндегі жұмыстар кешенін қамтамасыз ету үшін меншік құқығындағы, лизингке немесе мүліктік жалға (ұзақ уақыттық жалгерлік) алынған тұқым тазалайтын техниканы және тұқымды дәрілейтін техниканы қоса алғанда ауыл шаруашылығы техникасының болуы;
      17) тұқымдар партияларының араласуына жол бермей орналастыруға мүмкіндік беретін мамандандырылған қырмандардың, асфальтталған жабық алаңдардың, қоймалық үй-жайлардың болуы;
      18) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің әр сорты бойынша өндірілген, сатылған және өз шаруашылығында пайдаланылған тұқымның саны мен сапасына, шыққан тегіне (себу, егістіктерді қабылдау және (немесе) байқаудан өткізу, тұқымды жинау, кіріске алу, тазалау және өңдеу, сату актілері, тұқымдардың аттестаттары, тұқымдардың конденциялығы туралы куәлік, тұқымдарды есепке алу журналы (ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторымен нөмірленуге, тігілуге, қолы қойылуға тиіс) есеп жүргізу;
      19) тұқым шаруашылығы бойынша есеп материалдарының кемінде бес жыл сақталуын ұйымдастыру;
      20) жоспарланған жұмыс көлемін білікті түрде орындау үшін штат кестесінде көзделген тиісті білімі бар мамандар санының, оның ішінде кемінде бір агроном-тұқымшының болуы;
      21) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы растаған элиталық тұқым өсіру шаруашылығының аумағында карантиндік объектілердің болмауы, бұл ретте карантиндік объектілер элиталық тұқым өсіру шаруашылығының аумағында сондай-ақ аттестаттау сәтіне дейін кемінде үш жыл кезеңінде болмауы тиіс.
      10. Тұқым өсіру шаруашылықтарына қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
      1) тұқым шаруашылығы бойынша жұмыс тәжірибесінің екі жылдан кем емес болуы;
      2) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдарды өндіруге қойылатын талаптарға сәйкес олардың өндірісін жүргізу үшін егістік алаңның (суармалы жерлерде - сумен қамтамасыз етілген ауыспалы егістіктің) болуы;
      3) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндіру жүргізілетін ауыл шаруашылығы өсімдігінің ерекшеліктерін ескере отырып, нақты топырақты-климаттық аймаққа арналған ғылыми негізделген ұсыныстарға сәйкес енгізілген тұқым шаруашылығы ауыспалы егістерінің болуы;
      4) жалпы егіс алаңының 20 пайызынан кем емес тұқым шаруашылығы егістіктерінің болуы;
      5) тұқым шаруашылығы жүргізілетін өңделетін дақылдардың саны  - 3-тен көп болмауы;
      6) аттестаттау мәніне сәйкес тұқым шаруашылығы жүргізілетін әр дақыл бойынша сорттардың саны - 3-тен көп болмауы;
      7) аттестаттауға өтініш берген сәттен бастап кемінде үш жыл мерзімге бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым ендіру үшін элиталық тұқым жеткізу туралы элиталық тұқым өсіруші шаруашылықпен жасалған шарттың болуы;
      8) ауыл шаруашылығы өсімдіктері селекциясы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғамен бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым өндірісін ғылыми сүйемелдеу туралы шарттың болуы;
      9) нақты агроэкологиялық аймақ үшін ұсынылған ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсіру агротехнологиясын сақтау;
      10) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы растаған тұқым өсіру шаруашылығы аумағында карантиндік объектілердің болмауы, бұл ретте карантиндік объектілер тұқым өсіру шаруашылығының аумағында сондай-ақ аттестаттау сәтіне дейін кемінде үш жыл кезеңінде болмауы;
      11) кемінде бір агроном-тұқымшының болуы;
      12) дақылдар мен сорттар бойынша сорт жаңарту жоспарының болуы;
      13) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқым сорттарын өсіру схемасының болуы;
      14) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымның жоспарланған мөлшерін өндіру үшін түр-түрде және көлемде негізгі тұқым материалының болуы;
      15) бірінші, екінші және үшінші көбейтілген тұқымның жоспарланған көлемін өндіру жөніндегі жұмыстар кешенін қамтамасыз ету үшін меншік құқығындағы, лизингке немесе мүліктік жалға (ұзақ мерзімді жалгерлік) алынған тұқым тазалайтын техниканы және тұқымды дәрілейтін техниканы қоса алғанда ауыл шаруашылығы техникасының болуы;
      16) тұқымдар партияларының араласуына жол бермей орналастыруға мүмкіндік беретін мамандандырылған қырмандардың, асфальтталған жабық алаңдардың, қоймалық үй-жайлардың болуы;
      17) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің әр сорты бойынша өндірілген, сатылған және өз шаруашылығында пайдаланылған тұқымның саны мен сапасына, шыққан тегіне (себу, егістіктерді қабылдау және (немесе) байқаудан өткізу, тұқымды жинау, кіріске алу, тазалау және өңдеу, сату актілері, тұқымдардың аттестаты, тұқымдардың куәлігі, тұқымдардың конденциялығы туралы куәлік, тұқымдарды есепке алу журналы (ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы нөмірлеуге, тігуге, қолы қоюға тиіс) есеп жүргізу;
      18) тұқым шаруашылығы бойынша есеп материалдарының кемінде үш жыл сақталуын қамтамасыз ету.
      11. Тұқым өткізушілерге қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
      1) тұқым өткізу бойынша жоспарланған жұмыс көлемін орындау үшін тиісті білімі бар штат кестесінде көзделген мамандар санының, оның ішінде кемінде бір агроном-тұқымшының болуы;
      2) кейіннен сату үшін ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымын жеткізу туралы тұқым өндірушілермен (тұқым жеткізушілер тұқымды шетелдік жеткізушілерден сатып алған (импорт бойынша) жағдайда) жыл сайын жасалатын шарттың болуы;
      3) тұқымдар партияларының араласуына жол бермей орналастыруға мүмкіндік беретін мамандандырылған қырмандардың, асфальтталған жабық алаңдардың, қоймалық үй-жайлардың (жеміс дақылдары мен жүзімге арналған көму алаңдарының), арнайы ыдыстың болуы;
      4) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын сақтау, тазалау және өткізу жөніндегі барлық жұмыстар кешенін қамтамасыз ету үшін меншік құқығындағы, лизингке немесе мүліктік жалға (ұзақ мерзімді жалгерлік) алынған арнайы техниканың болуы;
      5) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымының әр партиясы бойынша саны мен сапасының, өткізілетін тұқымның шыққан тегінің, тұқымды құжаттандырудың, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы нөмірлеген, тігілген және қолы қойылған тұқымдарды есепке алу журналын жүргізу;
      6) тұқымдарды сақтау және өткізу материалдарының кемінде үш жыл сақталуын қамтамасыз ету;
      7) Қазақстан Республикасы қорғалатын өсімдіктер сорттарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттарының тұқымдарын сатқан жағдайда «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңына сәйкес патент иесі (лицензиар) тұқым өткізушіге (лицензиатқа) селекциялық жетістікті уақытша пайдалану құқығын беретін лицензиялық шарттың болуы;
      8) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы растаған карантиндік объектілердің болмауы.

3. Бірегей тұқым өндірушілерді, элиталық тұқым өсіру
шаруашылықтарын, тұқым өсіру шаруашылықтарын, тұқым
өткізушілерді аттестаттау тәртібі

      12. Бірегей тұқым өндіруші, элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өткізуші мәртебесін алу үшін жеке және заңды тұлғалар жергілікті атқарушы органға мынадай құжаттар ұсынады:
      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі өтініш;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) жер учаскесіне арналған сәйкестендіру құжатының көшірмесі (тұқым өткізушілер тапсырмайды). Бұл ретте жер учаскесін жалға алу шарты бойынша жалға алу мерзімі он жылдан кем болмауы тиіс;
      4) жеке немесе заңды тұлғаның осы Қағидалардың 2-тарауында баяндалған талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар;
      5) тұқым өндірумен тікелей айналысатын мамандардың тізімі.
      13. Жергілікті атқарушы органның бұйрығымен құрамы кемінде бес адамнан тұратын (комиссияның төрағасы және төрт мүшесі) сараптамалық комиссия құрылады.
      Сараптамалық комиссияның құрамына ауыл шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы органның, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының, аграрлық бейіндегі ғылыми және қоғамдық ұйымдардың (келісім бойынша) өкілдері кіреді.
      Сараптамалық комиссия жеке немесе заңды тұлғаның аттестаттау туралы өтініші түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды зерделейді және орналасқан жеріне бару арқылы жеке немесе заңды тұлғаның бірегей тұқым өндірушілерге, элиталық тұқым өсіру шаруашылығына, тұқым өсіру шаруашылығына, тұқым өткізушіге қойылатын талаптарға сәйкестігі дәрежесін анықтайды.
      14. Сараптамалық комиссия тексерісі негізінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке немесе заңды тұлғаның бірегей тұқым өндірушіге, элиталық тұқым өсіру шаруашылығына, тұқым өсіру шаруашылығына, тұқым өткізушіге қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру актісі жасалады.
      15. Сараптамалық комиссия көпшілік дауыспен жеке немесе заңды тұлғаның бірегей тұқым өндірушіге, элиталық тұқым өсіру шаруашылығына, тұқым өсіру шаруашылығына, тұқым өткізушіге қойылатын талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешім қабылдайды.
      16. Сараптамалық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған сараптамалық комиссия мүшелерінің барлығы қол қояды.
      17. Бірегей тұқым өндіруші, элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өткізуші мәртебесін беру туралы жеке немесе заңды тұлғаның өтінішін қараудың жалпы мерзімі жиырма жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      18. Сараптамалық комиссияның оң қорытындысын алған жеке және заңды тұлғаларға жергілікті атқарушы органның бұйрығымен бірегей тұқым өндіруші, элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өткізуші мәртебесі беріледі және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау туралы куәлік беріледі.
      19. Жеке немесе заңды тұлға бірегей тұқым өндірушілерге, элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына, тұқым өсіру шаруашылықтарына, тұқым өткізушілерге қойылатын талаптарға сәйкес болмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мерзім ішінде аттестаттау туралы куәлікті беруден бас тартудың себептерін көрсетіп, жазбаша түрде дәлелді жауап береді.
      Сараптамалық комиссиясының шешіміне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
      20. Жергілікті атқарушы орган бірегей тұқым өндіруші, элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өткізуші мәртебесі берілгеннен кейін бес жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ақпарат жолдайды (ақпаратты жіберу және алу фактісін растайтын тәсілмен).
      21. Жергілікті атқарушы орган бірегей тұқым өндірушілердің, элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарының, тұқым өсіру шаруашылықтарының, тұқым өткізушілердің тізілімін жүргізеді.
      22. Бірегей тұқым өндіруші, элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өткізуші мәртебесін алуға үміткер жеке немесе заңды тұлға сараптамалық комиссияның аттестаттау туралы куәлік беруден бас тарту туралы шешімі қабылданған күннен кейін алты ай өткен соң аттестаттау туралы куәлік беруден бас тартуға әкелген себептерді жойған жағдайда, қайта аттестаттаудан өтуге құжаттарын тапсыра алады.
      23. Тұқым шаруашылығы субъектілерін қайта аттестаттау осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес аттестацияның қолданылу мерзімі өткеннен кейін:
      бірегей тұқым өндірушілер үшін - бес жылда бір рет; элиталық тұқым өсіру шаруашылықтары үшін - үш жылда бір рет; тұқым өсіру шаруашылықтары үшін - үш жылда бір рет; тұқым өткізушілер үшін - екі жылда бір рет өткізіледі.
      24. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта аттестаттауға өтінішті бірегей тұқым өндіруші, элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өсіру шаруашылығы, тұқым өткізуші аттестаттау туралы куәлігінің қолдану мерзімінің аяқталуына күнтізбелік отыз күн қалғанда береді.

Бірегей және элиталық тұқым, бірінші,
екінші және үшінші көбейтілген  
тұқым өндірушілерді және тұқым   
өткізушілерді аттестаттау қағидаларына
1-қосымша             

Нысан

_____________________________________________________________________
      (облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті
                     атқарушы органының атауы көрсетіледі)
_____________________________________________________________________
      (заңды тұлғаның толық атауы, жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)

ӨТІНІШ

      Аттестаттаудан (қайта аттестаттаудан) өткізуді және
_____________________________________________________________________
       (ауыл шаруашылығы өсімдігінің атауы, сорттардың саны (бірегей тұқым
            өндірушілерге сорттардың саны көрсетілмейді) көрсетіледі)
 
тұқымын өндіру және сату (тұқым өткізушілер үшін - тек тұқым сату) жөніндегі
_____________________________________________________________________
                 (берілетін мәртебе түрлерінің біреуі көрсетіледі)

мәртебесін беруді сұраймын.
      Жеке немесе заңды тұлға туралы мәліметтер:
      1. Меншік нысаны ______________________________________________
      2. Құрылған жылы ______________________________________________
      3. Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу туралы куәлік немесе жеке
тұлғаның жеке куәлігі _______________________________________________
                               (нөмірі, кім және қашан берген)
      Мекенжайы: ____________________________________________________
_____________________________________________________________________
     (индексі, қаласы, ауданы, облысы, көшесі, үйдің нөмері, телефоны, факсы,
                           электрондық мекенжайы)
      5. Басшы ______________________________________________________
                              (тегі, аты, әкесінің аты)
      6. Банктік деректемелері ______________________________________
_____________________________________________________________________
    ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі), есеп-шот №, банктің атауы және орналасқан жері)
      7. Қоса беріліп отырған құжаттар: _____________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
                        (12-тармаққа сәйкес)
      Басшы ________________________________________ ________________
                   (тегі, аты, әкесінің аты)              (қолы)
Мөр орны           20 ___ жылғы «___» _______________

Өтініш қарауға 20 ___ жылғы «__» ___________ қабылданды
_____________________________________________________________________
          (өтінішті қабылдаған жауапты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)
____________ (қолы)

Бірегей және элиталық тұқым, бірінші,
екінші және үшінші көбейтілген  
тұқым өндірушілерді және тұқым  
өткізушілерді аттестаттау қағидаларына
2-қосымша             

Нысан

Жеке және заңды тұлғалардың бірегей тұқым өндірушілерге,
элиталық тұқым шаруашылығына, тұқым шаруашылығына, тұқым
өткізушіге қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру актісі
20 __ жылғы «__» ___________ № _______

_______________________________ облысының (республикалық маңызы бар
қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының 20 ___ жылғы «__»
_________ № ____ бұйрығымен бекітілген сараптамалық комиссия
 
_____________________________________________________________________
(заңды тұлғаның толық атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі)
_____________________________________________________________________
(ауыл шаруашылығы өсімдігінің атауы, сорттардың саны (бірегей тұқым өндірушілер үшін
                сорттардың саны көрсетілмейді) көрсетіледі)
 
тұқымын өндіру және сату (тұқым өткізушілер үшін - тек тұқым сату) жөніндегі
_____________________________________________________________________
            (берілетін мәртебе түрлерінің біреуі көрсетіледі)
     
мәртебесіне сәйкестігін тексеру нәтижелері туралы осы актіні жасады.
Зерттеу нәтижесінде белгілі болғаны:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
          (талаптардың әрбір тармағы бойынша сәйкестік дәрежесі көрсетіледі)
      Қорытынды:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      Комиссия төрағасы ____________ ________________________________
                           (қолы)         (тегі, аты-жөні, лауазымы)
      Комиссия мүшелері ____________ ________________________________
                           (қолы)          (тегі, аты-жөні, лауазымы)
                        ____________ ________________________________
                           (қолы)        (тегі, аты-жөні, лауазымы)
                        ____________ ________________________________
                           (қолы)         (тегі, аты-жөні, лауазымы)
                        ____________ ________________________________
                            (қолы)        (тегі, аты-жөні, лауазымы)

Бірегей және элиталық тұқым, бірінші,
екінші және үшінші көбейтілген  
тұқым өндірушілерді және тұқым  
өткізушілерді аттестаттау қағидаларына
3-қосымша             

Нысан

№ ____ АТТЕСТАТТАУ ТУРАЛЫ КУӘЛІК

_____________________________________ облысының (республикалық маңызы
бар каланың, астананың) жергілікті атқарушы органының 20 __ жылғы
«__» № ________ бұйрығы негізінде
_____________________________________________________________________
(заңды тұлғаның толық атауы немесе жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(ауыл шаруашылығы өсімдігінің атауы, сорттардың саны (бірегей тұқым өндірушілер үшін
               сорттардың саны көрсетілмейді) көрсетіледі)
 
тұқымын өндіру және сату (тұқым өткізушілер үшін - тек тұқым сату) жөніндегі
_____________________________________________________________________
                 (берілетін мәртебе түрлерінің біреуі көрсетіледі)
мәртебесі берілді.

Басшы __________________________________________________ ____________
                 (тегі, аты, әкесінің аты)                      (қолы)
Лауазымы ____________________________________________________________
_____________________________________________________________________

Берілген күні 20 __ жылғы «__» __________

Мөр орны

20 __ жылғы «__» _____________ дейін жарамды.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 30 қарашадағы
№ 1393 қаулысымен
бекітілген   

Байқаудан өткізушілерді аттестаттау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Байқаудан өткізушілерді аттестаттау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына сәйкес әзірленген және ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттық егістерін байқаудан өткізуді жүргізу құқығына жеке тұлғаларды аттестаттау (қайта аттестаттау) тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аттестаттау - жеке және (немесе) заңды тұлғаның тұқым шаруашылығы субъектісі мәртебесіне сәйкестігін анықтау (растау);
      2) байқаудан өткізуші - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ауыл шаруашылық өсімдіктерінің сортты егістерін сынақтан өткізу құқығына аттестатталған жеке тұлға;
      3) егістерді байқаудан өткізу - ауыл шаруашылығы өсімдіктері егістерінің сорттық сапаларын: сорттық тазалығын, сортқа тәнділігін, арамшөп басу, ауруға шалдығу және зиянкестермен бүліну дәрежесін анықтау;
      4) өтінім беруші - байқаудан өткізуші мәртебесін алуға үміткер жеке тұлға.
      3. Аттестаттау осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сай келетін барлық жеке тұлғалар үшін тең негізде және жағдайда жүргізіледі.

2. Байқаудан өткізушілерге қойылатын талаптар

      4. Байқаудан өткізушілерге қойылатын талаптарға:
      1) аграрлық бейіндегі немесе өсімдік шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу жөніндегі мамандықтар бойынша жоғары немесе ортадан кейінгі білімінің болуы;
      2) арнайы дайындығы туралы (байқаудан өткізуші курстары) құжаттың болуы кіреді.

3. Байқаудан өткізушілерді аттестаттау тәртібі

      5. Байқаудан өткізушілерді аттестаттауды (қайта аттестаттауды) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі - жергілікті атқарушы орган) бұйрығымен құрылатын, құрамы кемінде бес адамнан тұратын (комиссияның төрағасы және төрт мүшесі) аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
      Комиссияның құрамына ауыл шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы органның, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының, ғылыми және аграрлық бейіндегі қоғамдық ұйымдардың (келісім бойынша) өкілдері кіреді.
      Жергілікті атқарушы органның ауыл шаруашылығы саласындағы тиісті құрылымдық бөлімшесі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      6. Аттестаттау (қайта аттестаттау) үшін өтінім беруші Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі өтініш;
      2) өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) өтінім берушінің осы Қағидалардың 4-тармағында баяндалған талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмесі.
      7. Комиссия өтінім берушіден аттестаттауға (қайта аттестаттауға) өтініш түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырылған құжаттарды зерделейді және осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген барлық құжаттар бар болса, өтінім берушіге аттестаттау жүргізу күні мен орнын хабарлайды.
      8. Байқаудан өткізуші мәртебесін беру үшін аттестаттау (қайта аттестаттау) туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі он бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      9. Комиссия тапсырылған құжаттарды зерделеп, сұхбаттасу өткізіп (сұхбаттасу өткізу үшін сұрақтардың тізбесін жергілікті атқарушы органның басшысы бекітеді), өтінім берушінің байқаудан өткізуші мәртебесіне сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы көпшілік дауыспен шешім қабылдайды (өтінім беруші берілген бес сұрақтың кем дегенде төртеуіне дұрыс жауап берсе комиссия сұхбаттасу қорытындысы бойынша оң шешім қабылдайды).
      Осы ретте, Комиссия өтінім берушінің сұхбаттасу өткізу үшін бекітілген сұрақтардың тізбесімен алдын-ала танысуына мүмкіндік бермеуді қамтамасыз етеді.
      10. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған Комиссияның барлық мүшелері қол қояды.
      11. Комиссияның оң қорытындысын алған өтінім берушілерге жергілікті атқарушы органның бұйрығымен байқаудан өткізуші мәртебесі беріледі және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолданыс мерзімі үш жылға жарамды аттестаттау туралы куәлік беріледі.
      12. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген немесе сұхбаттасу барысында теріс қорытынды алған өтінім берушілерге жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзім ішінде аттестаттау туралы куәлікті беруден бас тартудың себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде дәлелді жауап береді.
      Комиссия шешімі белгіленген заңнамалық тәртіпте шағымданылуы мүмкін.
      13. Жергілікті атқарушы орган байқаудан өткізуші мәртебесі берілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ақпарат жолдайды (ақпаратты жіберу және алу фактісін растайтын тәсілмен).
      14. Өтінім беруші Комиссияның аттестаттау туралы куәлік беруден бас тарту туралы шешімі қабылданған күнінен кейін алты ай өткен соң аттестаттау туралы куәлік беруден бас тартуға әкелген себептерді жойған жағдайда аттестаттаудан қайта өтуге құжаттарын тапсыра алады.
      15. Байқаудан өткізушілерді қайта аттестаттау үш жылда бір рет жүргізіледі.
      16. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта аттестаттауға өтініш аттестаттау туралы куәліктің қолданыс мерзімінің аяқталуына дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей беріледі.

Байқаудан өткізушілерді
аттестаттау қағидаларына
1-қосымша     

Нысан

_____________________________________________________________________
    (облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы
                                органының атауы)

_____________________________________________________________________
                   жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)

ӨТІНІШ

      Аттестаттау (қайта аттестаттау) жүргізіп, байқаудан өткізуші
_____________________________________________________________________
(егістерін байқаудан өткізу жоспарланып отырған ауыл шаруашылығы өсімдігін көрсету)

мәртебесін беруді сұраймын.

Жеке тұлға туралы мәліметтер:

      Мекенжайы: ____________________________________________________
_____________________________________________________________________
      (индексі, ауданы, облысы, қаласы (ауылы), көшесі, үйдің нөмірі, телефоны)

Қоса беріліп отырған құжаттар:

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
       Байқаудан өткізушілерді аттестаттау қағидаларының 6-тармағына сәйкес)

20 __ жылғы «__» ______________

___________________________________________________ _________________
     (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)                        (қолы)

Өтініш қарауға 20 __ жылғы «__» _____________ қабылданды.

______________________________________________________________ ______
   (өтінішті қабылдаған жауапты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)              (қолы)

Байқаудан өткізушілерді
аттестаттау қағидаларына
2-қосымша     

Нысан

№ ___ Аттестаттау туралы куәлік

_____________________________________ облысының (республикалық маңызы
бар каланың, астананың) жергілікті атқарушы органының 20 __ жылғы
«___» ______________ № ________ бұйрығы негізінде
_____________________________________________________________________
                  (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
    (егістерін байқаудан өткізуге рұқсат етілген ауыл шаруашылығы өсімдігінің атауы)
сорттық егістерін байқаудан өткізуді жүргізу құқығына байқаудан өткізуші мәртебесі берілді.

Басшы __________________________________________________ ____________
                 (тегі, аты, әкесінің аты)                          (қолы)
Лауазымы ____________________________________________________________
_____________________________________________________________________

Берілген күні 20 __ жылғы «__» __________

Мөр орны

20 __ жылғы «__» _____________ дейін жарамды.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 30 қарашадағы
№ 1393 қаулысымен
бекітілген     

Тұқым сарапшыларын аттестаттау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұқым сарапшыларын аттестаттау қағидалары (бұдан әрі - Қағидадар) «Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына сәйкес әзірленген және ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының сорттық және егу сапасына сараптама жүргізу құқығына жеке тұлғаларды аттестаттау (қайта аттестаттау) тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аттестаттау - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың тұқым шаруашылығы субъектісі мәртебесіне сәйкестігін анықтау (растау);
      2) өтінім беруші - тұқым сарапшысы мәртебесін алуға үміткер жеке тұлға;
      3) тұқым сараптамасы - тұқымдардың сорттық және егу сапасының техникалық регламенттер талаптарына және тұқым шаруашылығы саласындағы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкестігін анықтау бойынша іс-шаралар кешені;
      4) тұқым сарапшысы - тұқым сапасына сараптама жасау жөніндегі зертхананың уәкілеттік орган белгілеген тәртіппен тұқымдардың сорттық және егу сапасына сараптама жүргізу құқығына аттестатталған маманы.
      3. Аттестаттау осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сай келетін барлық жеке тұлғалар үшін тең негізде және жағдайда жүргізіледі.

2. Тұқым сарапшыларына қойылатын талаптар

      4. Тұқым сарапшыларына қойылатын талаптар:
      1) аграрлық бейіндегі немесе өсімдік шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу жөніндегі мамандықтар бойынша жоғары немесе ортадан кейінгі білімінің болуын;
      2) тұқым сапасына сараптама жасау жөніндегі бойынша зертханада жұмыс істеуі немесе тағылымдамадан өтуі (екі айдан кем емес) туралы құжатының болуын қамтиды.

3. Тұқым сарапшыларын аттестаттау тәртібі

      5. Тұқым сарапшыларын аттестаттауды (қайта аттестаттауды) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі - жергілікті атқарушы орган) бұйрығымен құрылатын құрамы кемінде бес адамнан тұратын (комиссияның төрағасы және төрт мүшесі) аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
      Комиссияның құрамына ауыл шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы органның, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының, ғылыми және аграрлық бейіндегі қоғамдық ұйымдардың (келісім бойынша) өкілдері кіреді.
      Жергілікті атқарушы органның ауыл шаруашылығы саласындағы тиісті құрылымдық бөлімшесі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      6. Аттестаттау (қайта аттестаттау) үшін өтінім беруші Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі өтініш;
      2) өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) өтінім берушінің осы Қағидалардың 4-тармағында баяндалған талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмесі.
      7. Комиссия өтінім берушіден аттестаттауға (қайта аттестаттауға) өтініш түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырылған құжаттарды зерделейді және осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген барлық құжаттар бар болса, өтінім берушіге аттестаттау жүргізу күні мен орнын хабарлайды.
      8. Тұқым сарапшысы мәртебесін беру үшін аттестаттау (қайта аттестаттау) туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі он бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      9. Комиссия тапсырылған құжаттарды зерделеп және сұхбаттасу өткізіп (сұхбаттасу өткізу үшін сұрақтардың тізбесін жергілікті атқарушы органның басшысы бекітеді), өтінім берушінің тұқым сарапшысы мәртебесіне сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы көпшілік дауыспен шешім қабылдайды (өтінім беруші берілген бес сұрақтың кем дегенде төртеуіне дұрыс жауап берсе комиссия сұхбаттасу қорытындысы бойынша оң шешім қабылдайды).
      Осы ретте, Комиссия өтінім берушінің сұхбаттасу өткізу үшін бекітілген сұрақтардың тізбесімен алдын-ала танысуына мүмкіндік бермеуді қамтамасыз етеді.
      10. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған Комиссияның барлық мүшелері қол қояды. Комиссияның оң қорытындысын алған өтінім берушіге жергілікті атқарушы органның бұйрығымен тұқым сарапшысы мәртебесі беріледі және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолданыс мерзімі үш жылға жарамды аттестаттау туралы куәлік беріледі.
      12. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген немесе сұхбаттасу барысында теріс қорытынды алған өтінім берушілерге жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзім ішінде аттестаттау туралы куәлікті беруден бас тартудың себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде дәлелді жауап береді.
      Комиссияның шешімі белгіленген заңнамалық тәртіпте шағымданылуы мүмкін.
      13. Жергілікті атқарушы орган тұқым сарапшысы мәртебесі берілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ақпарат жолдайды (ақпаратты жіберу және алу фактісін растайтын тәсілмен).
      14. Өтінім беруші Комиссияның аттестаттау туралы куәлік беруден бас тарту туралы шешімі қабылданған күнінен кейін алты ай өткен соң аттестаттау туралы куәлік беруден бас тартуға әкелген себептерді жойған жағдайда аттестаттаудан қайта өтуге құжаттарын тапсыра алады.
      15. Тұқым сарапшыларын қайта аттестаттау үш жылда бір рет жүргізіледі.
      16. Осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта аттестаттауға өтініш аттестаттау туралы куәліктің қолданыс мерзімінің аяқталуына дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей беріледі.

Тұқым сарапшыларын  
аттестаттау қағидаларына
1-қосымша      

Нысан

_____________________________________________________________________
(облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының
                                 атауы көрсетіледі)
_____________________________________________________________________
                   (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)

ӨТІНІШ

      Аттестаттау (қайта аттестаттау) жүргізуді және тұқым сарапшысы
мәртебесін беруді сұраймын.

Жеке тұлға туралы мәліметтер:

Мекен-жайы: _________________________________________________________
_____________________________________________________________________
индексі, ауданы, облысы, қаласы (ауылы), көшесі, үйдің нөмірі, телефоны көрсетіледі)

Қоса беріліп отырған құжаттар:

_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
           (Тұқым сарапшыларын аттестаттау қағидаларының 6-тармағына сәйкес)

20 __ жылғы «__» ______________

_____________________________________________________ _______________
          (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)                  (қолы)

Өтініш қарауға 20 __ жылғы «__» ___________ қабылданды.

______________________________________________________________ ______
   (өтінішті қабылдаған жауапты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)              (қолы)

Тұқым сарапшыларын  
аттестаттау қағидаларына
2-қосымша     

Нысан

№ ____ Аттестаттау туралы куәлік

_____________________________________ облысының (республикалық маңызы
бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының 20 ___ жылғы
«___» ______________ № ________ бұйрығы негізінде ауыл шаруашылығы
өсімдіктері тұқымдарының сорттық және егу сапасына сараптама жасау
құқығына
_____________________________________________________________________
                  (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты)
 
тұқым сарапшысы мәртебесі берілді.

Басшы __________________________________________________ ____________
                 (тегі, аты, әкесінің аты)                          (қолы)
Лауазымы ____________________________________________________________
_____________________________________________________________________

Берілген күні 20 __ жылғы «__» __________

Мөр орны

20 __ жылғы «__» _____________ дейін жарамды.