Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметін лицензиялау ережесін және сот-сараптама қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 4 маусымдағы № 511 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 36, 296-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы»;
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 20 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;
1-тармақта:
1) тармақша алып тасталсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметіне қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.»;
көрсетілген қаулымен бекітілген сот-сараптама қызметіне қойылатын біліктілік талаптары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы 2012 жылғы 31 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 қарашадағы
№ 1258 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 4 маусымдағы
№ 511 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметіне қойылатын біліктілік талаптары
1. Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптама саласында сот-сараптама қызметін қоспағанда, сот-сараптама қызметімен айналысу құқығына лицензия алуға өтініш берген жеке тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары:
1) жоғары білімінің болуы;
2) мынадай пәндерден: қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, азаматтық, азаматтық іс жүргізу заңнамасының, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың негізгі ережелері; криминалистика; сот сараптамасының құқықтық, ғылыми, ұйымдастырушылық және әдістемелік негіздері; сараптаманың нақты түрінің ғылыми-әдістемелік негіздері; сот сараптамасы қызметін ақпараттандыру негіздері; сараптаманың нақты түрінің ғылыми-әдістемелік негіздері бойынша біліктілік емтихандарын тапсырғанын растайтын біліктілік куәлігінің болуы;
3) кемінде бес жыл сот-сарапшылық жұмыс стажының болуы;
4) «Сот сараптамасының кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 7 қарашадағы № 1414 қаулысымен бекітілген сот сараптамасы өндірісі жүзеге асырылатын арнайы жарақтандырылған үй-жайларға қойылатын стандарттар мен талаптарда көзделген арнайы жабдықтардың болуы;
5) наркологиялық және психиатриялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы мәліметтердің болмауы;
6) өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы болып табылады.