"Сауда рыноктарының қызметiн ұйымдастыру ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 5 ақпандағы № 131 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қазандағы № 1245 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Сауда рыноктарының қызметiн ұйымдастыру ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 5 ақпандағы № 131 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 6, 62-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Сауда рыноктарының қызметiн ұйымдастыру ережесінде:
      1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Осы Ережеде мынадай терминдер қолданылады:
      1) сауда базары - аумақта шаруашылық қызметiн көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, маңындағы аумақтан бөлектенген, сауда қызметiне арналған және өз аумағының шекарасы шегiнде автокөлiк құралдарының тұрағы үшiн алаңмен қамтамасыз етiлген оқшауланған мүлiктiк кешен;
      2) жабық базар - тұрақты инженерлiк коммуникациясы бар, жерге iргетаспен берiк байланыстырылған күрделi ғимарат. Жабық базардағы сауда орындары мен өздерiндегi тұрақты үлгiдегi бөлiмдермен (олардағы тауарларды алдын ала сатуға дайындауды жүзеге асыратын) байланысы жоқ. Әдетте, сатушылардың күнделiктi ауысымына рұқсат берiледi, жабық базардың сауда орындарындағы тауарлық запас бiр жұмыс күнiмен шектеледi;
      3) көтерме базар - бұл әрi қарай өткiзу немесе өндiрiсте пайдалану мақсатында тауарларды партиялармен (үлкен санымен) сатып алу-сатуды жүзеге асыратын базар;
      4) бөлшек сауда - бұл қызмет көрсетудi және тұтынушылардың тiкелей өздерiне, тұрмыстық және отбасылық пайдалануына арналған тұтыну мақсатындағы тауарларды даналап немесе бiрнеше сандық мөлшерде сатып алу-сатуды жүзеге асыратын базар;
      5) сауда объектiсi – арнайы құрал-жабдықпен жарақталған, тауарлар сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын үй немесе үйдiң бiр бөлiгi, құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгi, ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
      6) сауда қызметi - тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметi;
      7) тауар - айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбастауға арналған кез келген еңбек өнiмi;
      8) дүкен - сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етiлген, тұрақты жұмыс iстейтiн күрделi құрылыс немесе оның бiр бөлiгi;
      9) дүңгiршек - сауда залы жоқ, арнайы бөлiнген жер учаскесiне орнатылған сауда жабдықтарымен жарақталған күрделi емес тасымалды құрылыс;
      10) шатыр - құрастырмалы-жинамалы конструкциядан жасалған, сауда жабдықтарымен жарақталған және арнайы бөлiнген орынға орналастырылатын жеңiл құрылатын құрылыс;
      11) сауда шағын базары (бұдан әрi - шағын базар) - бұл сауда орындарының саны 25-тен аспайтын, тауарларды зауыттық орамда (ыдыста) даналап, сондай-ақ азық-түлiк тауарлары үшiн арнайы сақтау жағдайларын талап етпейтiн тауарларды сатуға арналған базар;
      12) базардағы сауда орны - сатушының (сатушылардың) тауарларды, сауда мүкаммалын орналастыру және сатуға арналған тауарлар қорын сақтау үшiн сөрелермен жабдықталған жұмыс аймағы. Сауда орны өткiзiлетiн тауарлардың ассортиментi есепке алына отырып, қажеттi санитарлық-техникалық жағдайларға сәйкес болуы тиiс;
      13) сауда қызметiнiң субъектiсi - бұл сауда қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      14) базар әкiмшiлiгi - базар қызметiн тiкелей басқару үшiн базардың меншiк иесi (иегерi) құрған басқару аппараты;
      15) базардың меншiк иесi (иегерi) - бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ететiн, сауда қызметiн жүзеге асыру үшiн сауда орындарын беру және басқа да қызмет түрлерiн көрсету мақсатында базардың мүлiктерiн иелену, пайдалану, билiк ету құқығы бар заңды және/немесе жеке тұлға;
      16) сатушы - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес дербес құқық субъектiсi болып табылатын, өзiнiң сауда қызметiн жүзеге асыру үшiн, базар қызметтерiн пайдаланушы заңды және/немесе жеке тұлға;
      17) сауда мүкаммалы - сауда қызметiн жүзеге асыруға арналған заттар;
      18) автодүкен - сауда жабдықтарымен жарақталған мамандандырылған автокөлiк құралы;
      19) жылжымалы сөре - арнайы бөлiнген орынға орналастырылатын жеңiл құрылатын тасымалды немесе жылжымалы сауда орны;
      20) көтерме сауда - кейiннен сатуға немесе жеке, отбасылық, үй-iшiлiк және осыған ұқсас өзге де пайдалануға байланысты емес өзге де мақсаттарға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      21) бөлшек сауда – кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес, сатып алушыға жеке, отбасылық, үй iшiнде немесе өзгедей пайдалануға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      22) сауда автоматы - тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
      23) коммуналды базар – жергілікті атқарушы органдар шешімімен құрылатын, тұтынушылардың тiкелей өздерiне, тұрмыстық және отбасылық пайдалануына арналған азық-түлік тауарларын сатып алу-сатуды жүзеге асыратын сауда базары.».
      мынадай мазмұндағы 21-1, 21-2-тармақтармен толықтырылсын:
      «21-1. Жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша коммуналды базардың әкімшілігімен апта сайынғы негізде коммуналды базарда сатылатын азық-түлік тауарларына ұсынылатын бөлшек бағалар белгіленеді.
      21-2. Жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша коммуналды базардың әкімшілігімен жыл сайынғы негізде тоқсанына бір реттен кем емес түзету мүмкіндігімен көрсетілетін қызметтердің барлық түрлері бойынша (сауда алаңдарын жалға беру, тауарларды сақтау, қаттап тастау, сұрыптау және буып-түю, сонымен қатар жүк және жеңіл машиналардың кіруі және тұрақта болуы) тіркелген тарифтер белгіленеді.»;
      мынадай мазмұндағы 33-1, 33-2-тармақтармен толықтырылсын:
      «33-1. Коммуналды базарда 70%-дан кем емес сауда алаңдары азық-түлік тауарларын сатуға тиіс, олардың 10%-дан кем емес сауда орындары тікелей ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеке өнімдерін сату үшін ұсынылуға тиіс.
      Бұл ретте азық-түлік тауарларын сату үшін сауда орындарының нақты санын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін сауда орындарының нақты санын айқындауды жергілікті атқарушы органдар келісім бойынша коммуналды базар әкімшілігі жүзеге асырады.
      33-2. Коммуналды базарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының тiзбесiне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ағымдағы бөлшек бағалары туралы ақпараттық стендтер орнатылады. Ақпараттық стенді өзге де азық-түлік тауарларының ағымдағы бөлшек бағалары туралы ақпаратты да қамтуы мүмкін.».
      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары осы қаулыны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов