«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасы бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1371 қаулысының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 50, 632-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1371 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 25 ақпандағы № 124 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 18, 142-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 820 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 14-тармағы.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 1103 қаулысымен
бекітілген
Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болуын ретке келтіру мақсатында әзірленді және тиісті тәртіпті айқындайды.
2. Мемлекетке сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқығын беру туралы шешімді мүліктің меншік иесі қабылдайды және заңнамада белгіленген тәртіппен ресімделуі тиіс.
Cыйға тарту шарты бойынша мемлекетке берілетін мүліктің меншік иелері жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар болып табылады.
2. Сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке мүлік құқығын беру тәртібі
3. Мемлекеттік меншікке берілетін мүліктің меншік иесі сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке мүлік құқығын беру туралы ұсыныспен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға не оның аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі – Аумақтық бөлімше) не облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) өтініш жасайды.
Аумақтық бөлімше мүліктің меншік иесінің өтініші түскен кезде үш жұмыс күні ішінде аталған өтінішті мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
4. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің меншік иесінің өтініш алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқығын мемлекеттік меншікке алуының қажеттігі туралы қорытынды ұсыну үшін орталық атқарушы органдарды немесе жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдар уәкілеттік берген жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарды (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке мүлік құқығын беру жөніндегі қолда бар ұсыныс туралы хабардар етеді.
5. Мемлекеттік органдар тиісті ұсынысты алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқықтарына ие болу қажеттілігі (қажетінің жоқтығы) туралы қорытынды дайындайды және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
6. Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі мәселесін қарау кезіндегі негізгі өлшемдер:
1) мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудың экономикалық орындылығы;
2) мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдағаннан кейінгі мақсаты мен пайдаланылуы;
3) берілетін мүліктің қаржылық қамтамасыз етілуі болып табылады.
Мемлекеттік органның қорытындысында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүлік тиістілігінің белгіленген нормативтері мен лимиттерін ескере отырып, көрсетілген мүлікті бекітіп беру көзделетін мемлекеттік мекеме немесе мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – мемлекеттік заңды тұлға), сондай-ақ қабылданатын мүлікті ұстау және пайдалану бойынша қаржы шығындары көрсетілуі тиіс.
Құқығы сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке берілетін мүліктің меншік иесінің аталған мүлікті беру үшін нақты мемлекеттік заңды тұлғаны айқындауы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органдардың орындауы үшін міндетті болып табылмайды.
7. Мүлік республикалық немесе коммуналдық меншікке қабылданады.
Орынды болған жағдайда, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардың республикалық меншікке берілетін мүлкі бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.
Бұл ретте, егер акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалар мүлкінің құны айлық есептік көрсеткіштің 30000 еселенген мөлшерінен артық болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі қажет.
Мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғаларға тиесілі, республикалық меншікке берілетін акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сыйға тарту шарты бойынша алу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Коммуналдық меншікке берілетін мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардың мүлкі бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
Сыйға тарту шарты бойынша мүлікті болашақта мемлекеттік меншікке қабылдау туралы шешім осы Қағиданың 3-тарауында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қабылданады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2014 № 120 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8. Жеке тұлғалардың мүлкін бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Ақша мен бағалы қағаздар бағалаушыны тартпастан, номиналы бойынша бағаланады.
9. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер мүлкінің құны теңгерімнен үзінді көшірмемен немесе бағалаушы жасайтын бағалау туралы есеппен расталады.
10. Осы Қағиданың 7, 19-тармақтарында көзделген шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік жиырма күннен аспайтын мерзімде мемлекеттік меншікке берілетін мүліктің меншік иесі мен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не оның аумақтық бөлімшесі немесе жергілікті атқарушы органдар арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес сыйға тарту шарты жасалады.
Сыйға тарту шарты сыйға тарту шарты тараптарының әрқайсысы үшін бірдей заң күші бар екі данадан қазақ және орыс тілдерінде төрт данада жасалады.
11. Мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау кезінде сыйға тарту шартында белгіленген мерзiмде қабылдау-беру актісі (беру актісі) ресiмделедi.
12. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
Заңнамалық актілерде көрсетiлген жағдайлардан басқа жылжымалы мүлiкке құқықтарды тiркеу талап етiлмейдi.
13. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар құқығын мемлекет сыйға тарту шарты бойынша иеленген мүлікті есепке алуды мемлекеттік мүлік тізіліміне ол туралы мәліметтерді енгізу жолымен жүргізеді.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 N 391 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
14. Бағалы қағаздар нарығының объектілерін беру мен тіркеу осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін не меншік иесінің болашақта мүлік құқығын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында белгіленген күн басталғаннан кейін бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
15. Ақша түріндегі мүлік тиісті бюджеттің кірісіне есептеледі. Шетел валютасы осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешім қабылданған күні не меншік иесінің болашақта мүлік құқығын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын шартта белгіленген беру күні айқындалған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша тиісті бюджеттің кірісіне есептеледі.
Бюджетке салықтық емес түсімдер болып табылатын көрсетілген ақшалай қаражатты тиісті бюджетке аударуды меншік иесі осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік жиырма күн ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық мемлекеттік орган бекітетін Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың тиісті кодтарына жүргізеді. Меншік иесінің болашақта мүлік құқығын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты бойынша ақшалай қаражатты аудару сыйға тарту шартында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.
16. Сыйға тарту шартының негізінде жер учаскелерін жеке меншіктен мемлекеттік меншікке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
17. Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншік құрамына жалпы пайдалы мақсаттарда беру (қайырмалдық) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 516-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
18. Мемлекеттік органдар мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау қажеттігінің жоқ екендігі туралы қорытындылар ұсынған жағдайда, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің меншік иесіне мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудан бас тартуды жазбаша түрде жібереді.
3. Сыйға тарту шарты бойынша болашақта мемлекетке мүлік
құқығын беру тәртібінің ерекшеліктері
19. Орынды болған жағдайда, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, меншік иесінің мүлік құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.
Бұл ретте, егер акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалар мүлкінің құны айлық есептік көрсеткіштің 30000 еселенген мөлшерінен артық болған жағдайда, меншік иесінің мүлік құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі қажет.
Меншік иесінің акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты бойынша алу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Меншік иесінің мүлік құқығын болашақта коммуналдық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2014 № 120 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
20. Меншік иесінің мүлік құқығын болашақта мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты осы Қағиданың 10-тармағына сәйкес жасалады.
Меншік иесінің мүлік құқығын болашақта мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не оның аумақтық бөлімшесінің немесе жергілікті атқарушы органның сыйлық мемлекетке берілгенге дейін кез келген уақытта одан бас тарту құқығы көрсетіледі.
21. Меншік иесінің мүлік құқығын болашақта мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында белгіленген мүлік құқығын меншік иесі мемлекетке іс жүзінде берген күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын мемлекеттік меншік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің меншік иесінен мүліктің құны туралы және үшінші тұлғалардың мүлікке құқығын жоқ екендігі туралы мәліметтерді сұратады.
22. Мемлекет мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің құны туралы және үшінші тұлғалардың мүлікке құқығының жоқ екендігі туралы мәліметтерді алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде мемлекеттің осы мүлік құқығына ие болу қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растауды ұсыну үшін мүлік туралы құжаттарды мемлекеттік органдарға жолдайды.
23. Құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде мемлекеттік орган мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растауды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органдарға жолдайды.
24. Мемлекеттік орган мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растауды ұсынған кезде растауды алған сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде мүлікті қабылдау-беру актісі (беру актісі) ресімделеді.
Егер мемлекеттік орган мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растамаған жағдайда, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не оның аумақтық бөлімшесі немесе жергілікті атқарушы орган сыйдан бас тартады және бас тартуды жазбаша нысанда ресімдейді. Егер сыйға тарту шарты тіркелген болса, сыйдан бас тарту да мемлекеттік тіркелуге жатады.
Егер меншік иесінің мүлік құқығын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жасалса, мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау қажеттілігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растамаған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімінің күші жойылды деп тану бойынша шаралар қабылдайды.
Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.02.2014 № 120 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).