Реквизицияланатын мүлікті бағалау және оның құнын өтеу мөлшерін айқындау қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 қыркүйектегі № 1011 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 207-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Реквизицияланатын мүлікті бағалау және оның құнын өтеу мөлшерін айқындау қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 1011 қаулысымен 
бекітілген     

Реквизицияланатын мүлікті бағалау және оның құнын
өтеу мөлшерін айқындау қағидасы

      1. Осы Қағида "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 207-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және реквизицияланатын мүлікті бағалау және оның құнын өтеу мөлшерін айқындау тәртібін белгілейді.
      2. Реквизицияланатын мүліктің құнын Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы айқындайды.
      3. Бағалаушыны реквизициялауды жүргізетін уәкілетті орган айқындайды.
      4. Бағалау жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бағалаушы мен Штабтар бастықтары комитеті арасында жасалған бағалау жүргізуге арналған шарт негіз болып табылады.
      5. Бағалау нәтижелерін реквизициялауды жүргізу кезінде соғыс жағдайының іс-қимылдары кезеңінде жергілікті атқарушы органдар, соғыс уақытында - Штабтар бастықтары комитеті, ал жауынгерлік іс қимылдар жүргізген кезде - реквизициялауды жүзеге асыратын әскери бөлімдердің командирлері бекітеді.
      6. Реквизицияланатын мүлікті бағалауды меншік иесі немесе оның уәкілетті өкілі сот тәртібімен даулауы мүмкін.
      7. Реквизицияланатын мүлік құнын өтеу мөлшерін осы Қағидаға сәйкес жүргізілген бағалау нәтижелері негізінде Штабтар бастықтары комитеті, жергілікті атқарушы органдар және әскери бөлімдердің командирлері айқындайды.