Ұлттық компаниялардың күзет ұйымдарын құруы қағидасын бекіту туралы және "Күзет қызметін, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оларды жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 тамыздағы № 686 қаулысына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 тамыздағы № 909 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы Заңының 17-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық компаниялардың күзет ұйымдарын құруы қағидасы бекітілсін.
      2. «Күзет қызметін, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қызметті қоспағанда, күзет дабылы құралдарын монтаждау, ретке келтіру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оларды жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 тамыздағы № 686 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 320, 27-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген күзет қызметін жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      «3. Ұлттық компаниялардың күзет ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары мыналарды қамтиды:
      1) осы біліктілік талаптарының 1-тармағында көзделген талаптар;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында күзет қызметін бақылауды жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті органның ұлттық компаниялардың күзет ұйымдарын құру құқығына келісімі.».
      3. Осы қаулы 2012 жылғы 22 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 4 тамыздағы
№ 909 қаулысымен
бекітілген

Ұлттық компаниялардың күзет ұйымдарын құруы қағидасы

      1. Осы Ұлттық компаниялардың күзет ұйымдарын құруы қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 17-1-бабына сәйкес әзірленді.
      2. Ұлттық компания Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ұлттық компаниялар тізбесіне енген жағдайда ғана ол күзет ұйымын құруға құқылы.
      3. Ұлттық компаниялардың күзет ұйымын құруына мынадай шарттарды сақтаған жағдайда:
      1) күзет ұйымы күзет қызметінен өзге қызметті жүзеге асыратын ұлттық компанияның еншілес ұйымы болып табылса;
      2) күзет ұйымының құрылтайшылары (қатысушылары) құрылатын ұйымның күзет қызметтері көрсетілетін ұлттық компанияның құрылтайшылары не ұлттық компанияның лауазымды тұлғалары болып табылса;
      3) күзет ұйымының құрылтайшысы (қатысушысы) құрылатын ұйымның күзет қызметтері көрсетілетін ұлттық компания және олармен аффилирленген заңды тұлғалар болса жол беріледі.
      4. Ұлттық компаниялардың күзет ұйымдарын құруы Қазақстан Республикасының аумағында күзет қызметін бақылауды жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) алдын ала келісіледі.
      5. Ұлттық компания күзет ұйымын құруды келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
      1) күзет ұйымын құруды келісу үшін еркін нысандағы өтінішті;
      2) «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұлттық компания құратын күзет ұйымын құруға монополияға қарсы органның алдын ала келісімі;
      3) өтініш берушінің осы Қағиданың 3-тармағында белгіленген шарттарға сәйкестігін растайтын құрылтай құжаттардың көшірмелерін;
      4) объектілердің (атауы, орналасқан жері), оның ішінде құрылатын күзет ұйымына күзетуге беру жоспарланған еншілес ұйымдар объектілерінің тізбесі.
      6. Ұсынылған құжаттарды уәкілетті орган тізімдеме бойынша қабылдайды, оның көшірмесін өтініш берушіге береді.
      Құжаттардың толық пакеті ұсынылмаған жағдайда уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде оларды кемшіліктерді жою үшін өтініш берушіге қайтарады. Өтініш беруші кемшіліктерді жойған кезде құжаттар осы Қағиданың талаптарына сәйкес қаралады.
      7. Уәкілетті орган құжаттардың толық пакеті ұсынылған күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оларды қарайды, одан кейін ұлттық компанияға күзет ұйымын құруға келісуін немесе жазбаша түрде дәлелді бас тартуды жібереді.
      Уәкілетті орган ұлттық компанияның күзет ұйымын құруына дәлелді бас тартуды:
      1) өтініш беруші осы Қағиданың 2-тармағына сәйкес келмеген;
      2) осы Қағиданың 5-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтер шынайы ұсынылмаған жағдайларда береді.
      Күзет ұйымын құру жөнінде бас тартылған жағдайда ұлттық компания осы Қағиданың талаптарына сәйкес уәкілетті органға құжаттарды қайта ұсынуға құқылы.
      8. Ұлттық компания біреуден артық күзет ұйымына құрылтайшы бола алмайды.