Ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары мен өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларын кеден органдарына іссапарға жіберу қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 шілдедегі № 870 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 192-бабының 6 және 7-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары мен өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларын кеден органдарына іссапарға жіберу қағидасы бекітілсін.
      2. «Ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары мен өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларын кеден органдарына іссапарға жіберу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 7 маусымдағы № 517 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 36, 302-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К.Мәсімов

Ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары мен өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларын кеден органдарына іссапарға жіберу қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы қағида Кеден одағының кедендік шекарасының қазақстандық учаскесіндегі автомобиль өткізу пункттерінде (бұдан әрі – өткізу пункттері) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды және өсімдіктер карантині бойынша бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру үшін ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары мен өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларын кеден органдарына іссапарға жіберу тәртібін айқындайды.
      2. Осы қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жіберуші мемлекеттік орган – ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның кеден органының тиісті аумақтық бөлімшесіне қызметкерді іссапарға жіберу үшін кандидатураны ұсынатын аумақтық бөлімшесі;
      2) іссапарға жіберілген қызметкер – ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның өткізу пункттерінде ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды және өсімдіктер карантині бойынша бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру үшін кеден органының тиісті аумақтық бөлімшесіне жіберілген мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және/немесе өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы.
      3. Іссапарға жіберілген қызметкерлердің саны әрбір аумақтық кеден органында ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның бұйрығымен белгіленеді.
      Бұл ретте, іссапарға жіберілген қызметкерлердің саны олар демалыста болған, еңбекке уақытша жарамсыздық салдарынан жұмысқа келмеуі және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген басқа да мән жайлар кезеңінде өзара алмасу қағидаттары негізінде қамтамасыз етілуі тиіс.

2. Іссапарға жіберілген қызметкерлерді кеден органдарына
жіберу тәртібі

      4. Жіберуші мемлекеттік орган қызметкерді өткізу пунктінің атауын көрсете отырып, кемінде бір жыл мерзімге іссапарға жіберу туралы бұйрық шығарады және оған қол қойылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде бұйрықты және іссапарға жіберілген қызметкердің жеке парағының көшірмесін кеден органының аумақтық бөлімшесіне жібереді.
      Кеден органының тиісті аумақтық бөлімшесі іссапарға жіберу туралы бұйрықты алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметкердің іссапарға келуі туралы тиісті бұйрық шығарады.

3. Іссапарға жіберілген қызметкерлердің қызметтік жұмысы

      5. Іссапарға жіберілген қызметкерлер өздерінің қызметтік жұмысында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарын, Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Қағиданы және жіберуші мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
      6. Жіберуші мемлекеттік орган аумақтық кеден органымен бірлесіп, іссапарға жіберілген қызметкерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген еңбек жағдайымен қамтамасыз етеді.
      7. Іссапарға жіберілген қызметкерлерге жіберуші мемлекеттік органның қаражаты есебінен қызметкерлердің тиісті санаты үшін белгіленген жалақы төленеді.
      8. Іссапарға жіберілген адамдарға ветеринария және өсімдіктер карантині саласындағы органдар қызметкерлерінің мәртебесі сақталады.

4. Жұмыс уақыты және демалыстар

      9. Іссапарға жіберілген қызметкерлердің жұмыс уақыты деп кеден органдарының басшылығы бекіткен және жіберуші мемлекеттік органмен келісілген күн тәртібі шегінде олардың қызметтік міндеттерін орындау уақыты түсініледі.
      10. Іссапарға жіберілген қызметкерлердің апта сайынғы жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
      11. Іссапарға жіберілген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
      Жыл сайынғы еңбек демалысын беру кезеңін жіберуші мемлекеттік орган кеден органының тиісті аумақтық бөлімшесіне хабарлай отырып белгілейді.

5. Көтермелеу және тәртіптік жаза қолдану тәртібі

      12. Қызметтік міндеттерін адал орындағаны және бұл ретте жұмыстағы қол жеткізген оң нәтижелері үшін кеден органдарының басшылығы жіберуші мемлекеттік органның басшылығына іссапарға жіберілген қызметкерді көтермелеу туралы өтініш жасай алады.
      13. Іссапарға жіберілген қызметкер қызметтік тәртіпті бұзған, қызметтік міндеттерін адал орындамаған жағдайда кеден органының басшысы іссапарға жіберілген қызметкер бұзушылық жасаған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде бұл туралы жазбаша нысанда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешім қабылдауы үшін жіберуші мемлекеттік органды хабардар етеді.