Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ташкент қаласында 2010 жылғы 11 маусымда жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі көрсетілген Келісімнің 2-бабының 2-тармағына сәйкес осы қаулыға қосымшада көрсетілген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының атынан оны орындау жөніндегі құзыретті органдар болып табылатынын депозитарийге хабарласын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 17 маусымдағы № 664 қаулысымен бекітілген |
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
келісім (2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2012 ж., N 1, 18-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
қылмыстың, әсіресе оның ұйымдасқан нысандарындағы даму ауқымдары мен үрдістеріне алаңдаушылық білдіре отырып,
адамның өмірі мен денсаулығына, құқықтары мен бостандықтарына, ары мен абыройына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қол сұғушылықтардан сенімді қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тиімді шаралар қабылдаудағы өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
жалпыға танылған адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау саласында халықаралық ынтымақтастыққа маңызды мән бере отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын, 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын, 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді, 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Терроризмге қарсы конвенциясын, 2008 жылғы 28 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Ынтымақтастық бағыттары
1. Тараптар мынадай:
жеке тұлғаның өміріне, денсаулығына, бостандығына, ары мен абыройына қарсы қылмыстар;
террористік, сепаратистік және экстремистік қызмет;
меншікке қарсы қылмыстар;
сыбайлас жемқорлық;
экономика саласындағы қылмыстар, оның ішінде қылмыстық қызметтен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру;
қолдан жасалған ақша белгілерін, құжаттарды, бағалы қағаздарды, сондай-ақ кредит не есеп айырысу карталарын және өзге де төлем құжаттарын дайындау және өткізу;
зияткерлік меншік құқықтарын бұзуға байланысты қылмыстар;
адам, әсіресе әйелдер мен балалар саудасына байланысты қылмыстар;
қаруды, оқ-дәрілерді, жарғыш құрылғыларды, жарылғыш, улы және радиоактивті заттарды, ядролық материалдарды заңсыз дайындау және олардың айналымы;
есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың прекурсорларын заңсыз дайындау және олардың айналымы;
контрабанда;
көліктегі қылмыстар;
ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстар;
заңсыз көші-қонға байланысты қылмыстар негізгі бағыттары бойынша қылмыстардың, оның ішінде ұйымдасқан топтар жасайтын қылмыстардың алдын алуда, жолын кесуде, оларды анықтауда және ашуда ынтымақтасады.
Тараптар, сондай-ақ алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашу Тараптардың құзыретті органдарының өзара іс-қимыл жасасуын талап ететін қылмыстардың басқа түрлеріне қарсы күресте ынтымақтасады.
2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және ұстап беру мәселелерін қозғамайды. Тараптар көрсетілген мәселелер бойынша ынтымақтастықты өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын ескере отырып жүзеге асырады.
2-бап Құзыретті органдар
1. Тараптар өз мемлекеттерінің құзыретті органдары арқылы қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан нысандарына қарсы күрестегі ынтымақтастықты осы Келісімнің ережелеріне сәйкес және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен заңнамасы сақталған жағдайда жүзеге асырады.
2. Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарламаларды тапсыру кезінде депозитарийге өз мемлекеттерінің құзыретті органдарының тізбелерін береді.
Мемлекеттердің құзыретті органдары тізбесінің өзгерістері туралы Тараптардың әрқайсысы 30 күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийге жазбаша хабарлайды, бұл туралы депозитарий хабарламаны алған күннен бастап 7 күн ішінде Тараптарға хабарлайды.
3-бап Ынтымақтастық нысандары
1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мынадай:
1) осы Келісімнің 1-бабында санамаланған, дайындалып жатқан және жасалған қылмыстар және оларға қатысы бар адамдар, оның ішінде Тараптардың бір мемлекеттерінің азаматтары жасаған немесе оларға қатысты Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумағындағы қылмыстар туралы ақпарат алмасу;
2) қылмыстық қудалаудан немесе үкімді орындаудан жасырынып жүрген адамдарды, сондай-ақ хабарсыз кеткен адамдарды іздестіру;
3) жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы сұрау салуды орындау;
4) танылмаған мәйіттерді және денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлауға қабілетсіз адамдарды сәйкестендіру;
5) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер алмасу;
6) жұмыс тәжірибесімен, оның ішінде кеңестер, конференциялар және семинарлар өткізу жолымен алмасу;
7) кадрлар даярлауда, қайта даярлауда және олардың біліктілігін арттыруда жәрдемдесу;
8) ғылыми-техникалық әдебиетпен және ақпарат алмасу нысандарында ынтымақтасады.
2. Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өзара уағдаластықтар негізінде бақыланатын жеткізілім әдісін қолданады.
3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімнің мақсаттарына сәйкес келетін басқа да нысандарда ынтымақтаса алады.
4-бап Консультациялар
Осы Келісімді іске асыру шеңберінде ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажеттілігіне қарай және өзара уағдаластық негізінде консультациялар өткізеді.
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының консультациялар өткізуі туралы мәселені келісу Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы немесе Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитеті арқылы жүзеге асырылады.
5-бап Сұрау салу немесе ақпарат жіберу
1. Тараптар арасындағы ынтымақтастық мүдделі Тарап мемлекеті құзыретті органының жәрдем көрсету туралы сұрау салуының негізінде, сондай-ақ Тараптардың бірі мемлекетінің құзыретті органының бастамасы бойынша ақпараттандыру жолымен жүзеге асырылады.
2. Сұрау салу немесе ақпарат жазбаша нысанда жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу немесе ақпарат ауызша берілуі мүмкін, бірақ 72 сағаттан кешіктірілмей олар жазбаша, қажет болғанда мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалана отырып расталуы тиіс.
3. Сұрау салудың немесе ақпараттың түпнұсқалығына не олардың мазмұнына күмән туындаған жағдайда қосымша растауға немесе түсіндіруге сұрау салынуы мүмкін.
4. Сұрау салуда:
Тараптар мемлекеттерінің сұрау салатын және сұрау салынатын құзыретті органдарының атаулары;
мақсаты мен негіздемесін көрсету;
сұрау салынатын жәрдем мазмұнының сипаты;
істің мәнін баяндау, сондай-ақ сұрау салуды уақтылы және тиісті түрде орындау үшін пайдалы болуы мүмкін басқа да ақпарат;
егер бұл қажет болса, оның құпиялылығы туралы көрсету қамтылуы тиіс.
5. Жазбаша нысанда берілген сұрау салуға немесе ақпаратқа Тарап мемлекетінің сұрау салатын құзыретті органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және/немесе ол осы құзыретті органның елтаңбалы мөрімен куәландырылады.
6-бап Жәрдем көрсету туралы сұрау салуды орындау
1. Бір Тарап мемлекетінің сұрау салатын құзыретті органы сұрау салуды тез және мүмкіндігінше толығырақ орындауды қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдайды. Сұрау салу, әдетте, ол келіп түскен күнінен бастап 30 тәуліктен аспайтын мерзімде орындалады.
2. Тарап мемлекетінің сұрау салатын құзыретті органы сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оны орындауды кешіктіретін мән-жайлар туралы дереу хабардар етіледі.
3. Егер сұрау салуды орындау Тарап мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органының құзырына кірмесе, онда бұл орган сұрау салуды өз мемлекетінің оны орындауға құзыретті басқа органына береді және бұл туралы екінші Тарап мемлекетінің сұрау салатын құзыретті органын дереу хабардар етеді.
4. Тараптардың бірі мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органы, оның пікірі бойынша, сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерге сұрау салуы мүмкін.
5. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылады.
6. Бір Тарап мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органы, егер бұл сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына қайшы келмесе, өз мемлекетінің аумағында сұрау салуды орындау кезінде екінші Тарап мемлекетінің сұрау салатын құзыретті органы өкілдерінің қатысуына рұқсат етуі мүмкін.
7. Егер Тараптардың бірі мемлекетінің сұрау салынатын құзыретті органы сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін не сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, оны орындау кейінге қалдырылуы немесе оны орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
8. Егер сұрау салу келіп түскен әрекет сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмаса, оны орындаудан бас тартылуы мүмкін.
9. Егер осы баптың 7 немесе 8-тармақтарына сәйкес сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылған немесе оны орындау кейінге қалдырылған жағдайда, оны орындауға кедергі келтіретін себепті көрсете отырып, бұл туралы тиісті Тарап мемлекетінің сұрау салатын құзыретті органына жазбаша нысанда хабарланады.
7-бап Алынған ақпарат пен құжаттардың пайдаланылуын шектеу
1. Егер алынған ақпарат пен құжаттар жабық сипатта болса немесе беретін Тарап оларды жариялауды қажет емес деп есептесе, әрбір Тарап олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Ақпарат пен құжаттардың жабықтық дәрежесін оны беретін Тарап айқындайды.
2. Осы Келісімнің негізінде алынған ақпаратты немесе сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған құзыретті органның жазбаша келісімінсіз олар сұрау салынған немесе ұсынылған мақсаттардан өзгеше пайдаланыла алмайды.
3. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар алған ақпарат пен құжаттар оларды берген құзыретті органның алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беріле алмайды.
8-бап Шығыстар
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, өз мемлекеттерінің аумағында осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды Тараптар дербес көтереді.
9-бап Дауларды шешу
Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын даулы мәселелерді консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.
10-бап Басқа халықаралық шарттарға қатысы
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
11-бап Жұмыс тілдері
Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптар жұмыс тілдері ретінде орыс және қытай тілдерін пайдаланады.
12-бап Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және өзгерістер енгізу
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші хабарлама депозитарийге сақтау үшін тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.
2. Қажетті рәсімдерді кешірек орындаған, осы Келісімге қол қойған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий олардың тиісті хабарламаларын алған күннен бастап күшіне енеді.
3. Осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
13-бап Қосылу және шығу
1. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болған мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.
2. Әрбір Тарап болжамды шығу күшіне дейін алты айдан кешіктірмей, бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарлама алған күннен бастап 30 күн ішінде осы ниет туралы басқа Тараптарға хабарлайды.
3. Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оған сәйкес жүзеге асырылатын, басталған, бірақ оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін аяқталмаған қызметті қозғамайды.
14-бап Депозитарий
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 7 күн ішінде Тараптарға оның расталған көшірмелерін жібереді.
2010 жылғы 11 маусымда Ташкент қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасының | |
Үкіметі үшін | |
Қытай Халық Республикасының | |
Үкіметі үшін | |
Қырғыз Республикасының | |
Үкіметі үшін | |
Ресей Федерациясының | |
Үкіметі үшін | |
Тәжікстан Республикасының | |
Үкіметі үшін | |
Өзбекстан Республикасының | |
Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 17 маусымдағы № 664 қаулысымен қосымша |
Қазақстан Республикасының атынан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді орындайтын құзыретті органдар
Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.06.2017 № 350 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
3. Мемлекеттік күзет қызметі
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті
5. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігінің Мемлекеттік кірістер және Қаржы мониторингі комитеттері