Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 Қаулысы.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидасы бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екінші түріне беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 қаңтардағы № 81 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 3, 38-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 қаңтардағы № 81 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 қыркүйектегі № 927 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 51, 482-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 маусымдағы
№ 616 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.11.2017 № 769 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, бұл ретте халық саны екі мың адамнан астам аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап және халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Осы Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) мүліктік кешендер ретіндегі республикалық заңды тұлғалар, республикалық меншіктегі акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері коммуналдық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің өтінішхаты негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша беріледі;

      2) республикалық заңды тұлғалардың мүлкі коммуналдық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің өтінішхаты негізінде берілетін мүлік теңгерімінде тұрған республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша беріледі;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлік коммуналдық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің өтінішхаты негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шешімі бойынша беріледі;

      3) мүліктік кешендер ретіндегі коммуналдық заңды тұлғалар, коммуналдық меншіктегі акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері республикалық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық меншікке қабылдау туралы қаулысы негізінде беріледі;

      4) коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі республикалық меншікке мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен және мүлік теңгеріміне берілетін республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы негізінде беріледі;

      коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі республикалық меншікке Ұлттық Банктің немесе оған ведомстволық бағынысты республикалық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың теңгеріміне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы негізінде беріледі;

      5) коммуналдық меншіктегі мүліктік кешендер ретіндегі жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғалары республикалық меншікке жергілікті қоғамдастық жиналысымен және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық меншікке қабылдау туралы қаулысы негізінде беріледі;

      6) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларының мүлкі республикалық меншікке мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен және мүлік теңгеріміне берілетін республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімі негізінде беріледі.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 15.05.2019 № 287 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру туралы шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) ресімделеді.

      Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлік осы Қағидалардың 2-тармағының 3) және 5) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне берілген жағдайда, қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде ресімделеді.

      Мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй түріндегі мүлік мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне берілген жағдайда, тұрғын үйді қабылдау-беру актісі мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы орган шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде ресімделеді.

      Мүлікті қабылдау-беру актісіне (табыстау актісіне) беретін және қабылдайтын тараптардың уәкілетті лауазымды адамдары қол қояды және оны мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылары (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары) бекітеді.

      Қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт данада, қабылдау-беру актісін (табыстау актісін) ресімдеуге қатысатын тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан жасалады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 15.05.2019 № 287 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 25.12.2019 № 976 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.