Аэроклубтар туралы үлгі ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 399 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 23) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Аэроклубтар туралы үлгі ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                        К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 7 сәуірдегі
№ 399 қаулысымен  
бекітілген      

Аэроклубтар туралы үлгі ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Аэроклубтар туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Үлгі ереже) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Үлгі ереже аэроклубтың құқықтық мәртебесін, оның ұйымдық құрылымын, аэроклуб аумағында орналасқан жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған функциялары мен міндеттерін белгілейді.
      3. Аэроклуб пайдаланушылармен жасалған шарттарға сәйкес бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде авариялық хабар беруді қамтамасыз етеді, сондай-ақ пайдаланушыларға әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі саласындағы заңнамада көзделген басқа да қызмет түрлерін ұсынады.
      4. Аэроклуб ұсынатын қызметтер көрсетуге пайдаланушылармен жасалған шарттардың есебін аэроклуб жүргізеді.
      5. Аэроклуб өзінің қызметін еріктілік пен тең құқылық қағидаттарының негізінде жүзеге асырады.
      6. Осы Үлгі ережеде мынадай терминдер пайдаланылады:
      1) аэроклуб - әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды меншік құқығында не өзге де негіздерде пайдаланатын және жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылардың қызметін қамтамасыз ететін заңды тұлға;
      2) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушы - әуе кемесін жалпы мақсаттағы авиация мақсатында ұшу үшін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
      3) жалпы мақсаттағы авиация - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың меншігіндегі және әуе тасымалдарын, авиациялық жұмыстарды орындау, іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, дүлей зілзалалар болған жағдайда ақысыз және жалдаусыз көмек көрсету мақсатында, сондай-ақ оқу, спорттық, мәдени-ағарту іс-шараларын жүргізу, техникалық шығармашылықты дамыту, әуе кемесін пайдаланушының жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында пайдаланылатын азаматтық авиация.

2. Аэроклубтың ұйымдық-құқықтық мәртебесі

      7. Аэроклубты жеке және (немесе) заңды тұлғалар заңды тұлға құра отырып, дербес ұйым ретінде құрады (бекітеді).
      8. Жылына кемінде бір рет шақырылатын аэроклуб мүшелерінің жалпы жиналысы жоғары органы болып табылады.
      9. Құрылтайшылардан және аэроклуб мүшелерінің жалпы жиналысымен сайланатын аэроклуб мүшелерінен тұратын аэроклуб кеңесі басқару органы болып табылады.
      10. Кейіннен қайта сайлану мүмкіндігімен аэроклуб кеңесі 1 жылға сайлайтын және аэроклубтың жалпы жиналысында бекітілетін аэроклуб басшысы атқарушы органы болып табылады.
      11. Аэроклубтың жарғысы құрылуының нақты шарттарын, мүмкіндіктері мен оның жұмысының ерекшеліктерін негізге ала отырып, осы Үлгі ереже негізінде әзірленеді.
      12. Аэроклубтың дербес балансы, банк мекемелеріндегі есеп айырысу және өзге де шоттары, мөрі, мөртабаны, өзінің атауы бар бланкісі болады.
      13. Аэроклуб эмблеманы, ту мен рәмізді қолданады.

3. Аэроклубтың құрылымы

      14. Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылардың қызметін жүзеге асыру үшін аэроклубта мыналар болады:
      1) авиациялық байланыс, соның ішінде дыбыс зорайтқыш құралдарымен жабдықталған әуеайлақ (тікұшақ айлағы) және диспетчерлік пункт;
      2) әуе кемелері үшін дайындалған тұрақ орындары;
      3) әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған өндірістік орындар;
      4) оқу және техникалық-пайдалану базасы, қажетті жабдық, авиациялық-техникалық мүлік, құтқару құралдары;
      5) ұшу құрамының алдын ала және ұшу алдында дайындықтан өтуіне арналған үй-жайлар;
      6) қажетті метеорологиялық жабдық.
      15. Аэроклуб ұсынатын қызмет түрлері сертификаттауға жататын жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификациялық тексеріп қарауды тиісті сертификаттарды беру арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізеді.
      16. Аэроклубта тіркелген әуе кемелерін пайдаланушылар өздерінің меншік нысанына және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, өз қызметін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырады.

4. Аэроклубтың міндеттері

      17. Аэроклубтың міндеттері:
      1) жалпы мақсаттағы авиацияның әуе кемелерін пайдаланушыларға орналасу, ұшуды ұйымдастыру және орындау үшін мүмкіндік беру;
      2) авариялық хабарлауды қамтамасыз ету;
      3) өз қызметтерін пайдаланатын пайдаланушыларға (иелеріне) метеорологиялық және аэронавигациялық ақпаратты, ұшу жарамдылығын қолдау, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу, авиация персоналын кәсіби даярлау, жауапкершілік аймағы шегінде әуе кемелеріне қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсыну;
      4) оқу, спорттық, мәдени-ағарту, техникалық шығармашылықты дамыту іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу;
      5) авиациялық туризмді дамыту;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған және аэроклубтың жарғысында көзделген өзге де қызметтерді жүзеге асыру болып табылады.

5. Аэроклубтың қызметі

      18. Аэроклубқа басшылық жасауды аэроклуб кеңесі жүзеге асырады, оның мүшелері аэроклуб кеңесінің төрағасын таңдайды. Аэроклуб кеңесі мынадай міндеттерді шешеді:
      1) аэроклубты құру, қайта ұйымдастыру және тарату;
      2) аэроклуб басшысының лауазымына кандидатура іріктеу және тағайындау;
      3) аэроклубтың ұйымдық-штаттық құрылымын бекіту;
      4) аэроклубқа бөлінетін үй-жайды, авиациялық және басқа да техниканы, жабдық пен мүлікті пайдалану тәртібін айқындау және бақылау;
      5) авиация персоналын даярлауды қамтамасыз ету;
      6) кіру және мүшелік жарналар мөлшерін белгілеу;
      7) аэроклубтың жұмыс жоспарын қалыптастыру;
      8) аэроклубтың оқу-ұшу және қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысын қарау;
      9) аэроклуб мүшелерінің жалпы жиналыстарын дайындау мен өткізуді және аэроклубтың ұйымдық қызметін нығайтуға бағытталған басқа да іс-шараларды жүзеге асыру;
      10) өзге де ұйымдастыру, шаруашылық және техникалық мәселелерді жүзеге асыру.
      19. Аэроклубты ағымдағы басқаруды аэроклуб кеңесінің мүшесі болып табылатын аэроклуб басшысы жүзеге асырады.
      Аэроклуб басшысының кандидатурасын аэроклуб кеңесі немесе жалпы жиналысы ұсынуы мүмкін.
      Аэроклуб басшысы авиациялық қызмет мәселелерінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызметі саласындағы заңнаманы, шаруашылық-қаржылық қызметі мәселелерінде - аэроклуб кеңесінің шешімдерін басшылыққа алады.
      20. Аэроклуб басшысы мынадай функцияларды орындайды:
      1) ұйымдар мен мекемелерде аэроклубтың мүддесін білдіреді, аэроклубтың мүлкі мен қаражатына иелік етеді, аэроклубтың барлық штаттық қызметкерлері мен мүшелері үшін міндетті болатын бұйрықтар, өкімдер және нұсқаулықтар шығарады;
      2) аэроклуб кеңесінің келісімімен қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзінің орынбасарларын және аэроклуб қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) өзінің орынбасарлары арасында міндеттерді бөледі, аэроклуб қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді және өзге де міндеттерді атқарады;
      4) аэроклубтың авиациялық қызметін өзі және өзінің орынбасарлары арқылы ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және басшылық жасауды жүзеге асырады;
      5) осы Үлгі ереже мен аэроклуб жарғысынан туындайтын өзге де функцияларды орындайды.
      Аэроклубтың басшысы болмаған жағдайда, оның функцияларын оның орынбасарларының бірі орындайды.
      21. Аэроклуб:
      1) Өз қызметінің барлық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын Заңдардың, осы Үлгі ереженің және аэроклуб жарғысының ережелерін сақтауды;
      2) аэроклуб жарғысында белгіленген негізгі міндеттерді орындауды;
      3) шарттық міндеттемелерін орындауды;
      4) жұмысты жоспарлауды және авиация персоналын сапалы даярлау жөніндегі жоспарларды уақтылы орындауды және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
      5) әуе кемелерін нормативтік құқықтық және пайдалану құжаттамасының талаптарына сәйкес техникалық пайдалануды;
      6) аэроклубта орналасқан пайдаланушылар мен әуе кемелерінің саны туралы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға уақтылы хабарлап отыруды;
      7) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды тексеру қағидасына сәйкес аэроклуб аумағында орналасқан пайдаланушылардың әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғалар туралы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді.
      22. Мүше болу ерікті негізде жүзеге асырылады. Азаматтығына, жынысына, нәсіліне және ұлтына қарамастан азаматтар, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар мүше бола алады
      23. Аэроклуб мүшелері аэроклуб жұмысының барлық мәселелерін талқылауға қатысады, аэроклубтың басқарушы органдарының құрамына сайланады, аэроклуб инфрақұрылымын, жабдықты, оқу құралдарын ортақ негізде пайдаланады, сондай-ақ аэроклуб өткізетін авиациялық-бұқаралық іс-шараларға қатысады.

6. Аэроклуб меншігі

      24. Аэроклуб меншігінде ғимараттар, құрылыстар, тұрғын үй қоры, жабдық, мүкәммал, қаржы, соның ішінде валюта қаражаты, акциялар және басқа да бағалы қағаздар, сондай-ақ аэроклуб қызметінің мәні мен мақсаттарын материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мүлік болуы мүмкін.
      25. Аэроклубтың қаржы қаражаты оның мүшелері арасында қайта бөлінбейді және жарғылық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін пайдаланылады.

7. Аэроклубты қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Аэроклубты қайта ұйымдастыру және тарату құрылтайшымен келісілген аэроклубтың жалпы жиналысының шешімі бойынша немесе құрылтайшының немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      27. Аэроклубты тарату кезінде есеп айырысудан қалған мүлік аэроклубтың жарғылық мақсатына пайдаланылады.